Жеңістің 80 жылдығына орай «Жабайы алма» тарихи телехикаясының түсірілімі басталды
«Қазақстан» телеарадиокорпорациясының «Алтын қоры» тағылымы мол тағы бір тарихи хикаямен толықпақ. Классик жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсірілетін туынды Жеңістің 80 жылдығына арналады. Зұлмат соғыстың ауыр зардабын, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін баяндайтын 6 бөлімді телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы облысының Ақөзек ауылында басталды.
Жобаға ауыл тұрғындарымен қатар кәсіпкер азаматтар да қолдау көрсетіп, көмегін тигізген. Соғыс кезіндегі әр шаңырақтың сағынышқа толы мұңы, қайтпас көңілі мен жығылмас төзімі. Осындай сезімді сипаттайтын «Жабайы алма» – ауқымды әрі терең мағыналы жоба. Тарихи телехикая Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлттық арнаның эфирінен көрсетіледі.