Астанада Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған көрме өз жұмысын жалғастыруда
Астанада ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезенінің тарихи-мәдени мұрасы»көрмесі өз жұмысын жалғастыруда. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ұйымдастырды.
Көрмеге Алтын Орда кезеңіне жататын кесенелердің безендендірілген кірпіштері, сол кезеңдегі тұлғалардың балауыз мүсіндері, Жошы хан кесенесінің құббасы, Сарайшық қаласынан табылған құмыралар мен ыдыс-аяқтар, ортағасырлық бірегей монеталар, сондай-ақ, тарихи қолжазбалардың көшірмелері, карталар мен картиналар, Жошы ұлысының тарихына қатысты кітаптар және т.б. құнды жәдігерлер қойылды.
Қазіргі уақытта «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын 10-нан аса тарихи ескерткіштер сақталған.
Еске сала кетейік, Жошы ұлысының 800 жылдығын кең көлемде атап өту туралы бастаманы, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерген болатын.