Алматыда Тәуелсіздік күніне орай көрме өтті
«Егемендік – ел ұраны». Алматыда Тәуелсіздік күніне орай осындай атаумен мерекелік әрі мәдени-танымдық шара өтті. Басты мақсат – еркіндік жолындағы ерлік пен азат елдің тарихын таныту, дейді Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкерлері.
Келушілер үшін көрме ұйымдастырылып, фотосуреттер, Желтоқсан оқиғасына қатысты құнды құжаттар мен тарихи оқиға туралы жазылған кітаптар ұсынылды. Мәдени іс-шараға Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» мектебі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанттары арнайы шақырылды.
Төл тарихымыздан сыр шерткен тағылымды көрме өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, егемендіктің қадір-қасиетін ұғынуға үндейді.