Алматыда «Тоска» операсы көрермен назарына ұсынылды
Джакомо Пуччинидің әйгілі «Тоска» операсы жаңа қойылымда көрерменге жол тартты. Спектакль Абай атындағы Қазақ ұлттық опера театрының сахнасында итальяндық режиссер Стефано Поданың жетекшілігімен қойылды. Шығарма бұған дейін Туриндегі Корольдік Реджо театрында сахналанған. Қазақстандық театрдың режиссермен келіссөзі бес жылға созылды. Махаббат, қызғаныш, сатқындық. Пуччинидің «Тоска» операсының оқиға желісі осы тақырыптардың аясында құрылған. Қойылым Алматы көрерменіне жаңа сахналық шешіммен ұсынылды. Туындыда классикалық музыка мен заманауи театр өнері үйлесім тапқан. Сахналық безендіру, жарық пен әртістердің қимыл-қозғалысы барлығы ерекше мәнге ие.
Стефано Пода қойылымның режиссері ғана емес. Ол сахнаны безендіріп, костюмдер мен жарықты тіпті хореографияны да өзі әзірлеген. Спектакльге қажетті декорациялар мен үш мыңға жуық костюм элементі мен екі жүз жұп аяқ киім арнайы Италиядан әкелінген. Операға қажетті дүниенің барлығы шығарманың көркемдік тұжырымдамасына сай әзірленген.
Операдағы оқиға әнші Флория Тоска, оның сүйіктісі Марио Каварадосси және полиция бастығы Скарпиа арасындағы тартыс жайлы. Мұндағы кейіпкерлердің тағдыры саяси оқиғалармен ұштасады. Мамандардың сөзінше, Алматыдағы қойылым халықаралық мәдени байланыстың нәтижесі. Айта кетейік, туынды қазақ сахнасында соңғы рет 2003 жылы қойылған.