Қазақ радиосы 1921 жылы 1 қазанда алғаш рет хабар таратты. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Бүгінде «Қазақ радиосы» радиоарнасының қатары «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиосымен толықты. «Қазақ радиолары» ЖШС құрамына біріккен төрт радио күнделікті тыңдармандарын әр қайсысы өз бағыты бойынша ақжолтай жаңалықтарымен қуантып келеді. 

Ұзақ жылдардан бері қалтқысыз қызметімен ел ақпаратының ақ мылтығына, бастау бұлағына айналған қарашаңырақ – Қазақ радиосының эфирге шыққанына 2021 жылдың 1 қазанында 100 жыл толады. Дәл осы күні алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Одан кейінгі ел астанасы болған Қызылордаға ауысып, көп ұзамай Алматы қаласына, ал 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанды. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Әр жылдары Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен ­Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғаларымыз радиода қызмет етті. Радионың «Алтын қорында» еліміздің ­танымал таланттарының дауыс­тары сақталған. Бүгінде елдікке, ерлікке және Отанды сүюге үндейтін алтын дауыстар өскелең ұрпаққа өнеге ретінде тыңдарманға ұсынылуда. Хакім Абайдың қара сөздері, академик ­жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», «Халық қаһарманы», жазушы ­Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», ­Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала Ұлағаттары», «Ой бөлістім халқыммен», «Жылдар мен ойлар», «Қазақстан жолы», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой», Елбасы жайындағы «Он делает ­историю» кітаптарының аудионұсқасы радио эфирінен беріліп келеді.