Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жадырасын Сәдуақасов: «Кедергісіз орта қалыптастыру көп қаржыны талап етеді»

«Алаш қайраткерлерінің өмірі жайлы оқып отырып, олардың жан азабының қасында біздің физикалық тұрғыдан алған жарақатымыз түкке тұрмайтынын түсіндім»,-дейді Қазақ радиосындағы «Мың алғыс» хабарының қонағы болған «ЖОЛСТРОЙТРЕСТ» ЖШС жанындағы «ЭКОР» орталығының бас сарапшысы Жадырасын Сәдуақасов.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру керек деп елбасы биылғы жолдауында да атап өткен еді. Осы бағытта бірқатар тапсырамалар да берілді. Атап айтсақ, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған ұлттық жоспарды әзірлеу ұсынылды. Оның бірінші бағыты – мүгедектіктің алдын алу шараларын жетілдіру, екінші – инклюзивті білім беруді дамыту және 2030 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру, сапалы жұмыспен қамту сынды жұмыстар жүргізу. 

Бұл жұмыстар сізге таңсық емес деп ойлаймын. Себебі, алғашқы мүгедектер қоғамының құрылуына ықпал еткен жандардың бірегейісіз. Аталған тапсырмаларға қатысты ой-пікіріңіз қандай? 

Мемлекет басшысының 2012 жылғы жолдауында да мүгедек жандарға көмек көрсету керек екендігі айтылған. Ол кезде мен республикалық мүгедектер конфедерациясында жұмыс істеп жүрдім. Біздің басты мақсатымыз жұмыс істеуге ынтасы бар жастардың басын біріктіру болды. Елбасының сол жылғы жолдауынан кейін 300-ге жуық адам хабарласып, жұмысқа тұруға өтініш білдірді. Нәтижесінде 57 адамды қызметке алдық. Алайда, олардың 90%-ы жылдың аяғына дейін жұмыстан шығып қалды. Оның басты себебі – арнайы көліктердің жоқтығы, қарапайым үй ауласындағы кіреберістің күнделікті қозғалысқа қолайсыздығы. Осы мәселеден кейін мен оқып, іздендім. Айналып келгенде кедергісіз орта мәселесі үнемі алдымыздан шығып тұратынына көзім жетті. Тіпті Германияның Дюссельдорф қаласына арнайы шақыртумен барып осы бағыт бойынша білім алып келдім. Ұғынғаным, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі көп қаржыны қажет етеді. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау жұмысы жыл өткен сайын ілгерілеп келе ме?  

Бұрынғымен салыстырсақ айырмашылық жер мен көктей. Өзіміздің өлшеміміз бойынша жақсы дамып келеді деуге болады. Алайда, халықаралық өлшемдерге сәйкес бүгінгі нәтижеміз де нашар. Біз қолданатын әдістеме дұрыс емес. Мүгедек жандарға көмекті толыққанды көрсетуіміз керек, бұл мәселе кешенді түрде шешілуі тиіс. Мысалы, оның үйден шығуынан бастап, жұмыс орнына жетуіне дейін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Мені қуантарлығы – бүгінде Астанадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы көліктердің көптігі. Дегенмен, оның да өзіндік кемшіліктері бар. Жалпы алғанда әлі артқарар істер мен шешімін таппаған түйіткілді мәселелер аз емес.