Жанғали Жүзбай: «Қазақтың музыкасы өз тіліне байлаулы»
Түркі халықтарының территориялық жағдайын Сталин реттегеннен кейін, бұрынғы бауырлас халықтар бір-біріне жат бола бастады.
«Түркі әлемі» хабарының бүгінгі қонағы – күй өнерін өміріне арқау етіп, шәкірттеріне күй құдыретін ұғындырып жүрген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.
Қаратау – Арқа күйшілік мектебінің өкілі, талай елдің ішінде жүрген небір сарындарды үйреніп халыққа жеткізген жан. Өмірде көргені көп ағамызды тек күйші ретінде ғана емес, бұл жолы өнер зерттеушісі ретінде түркі дүниесіне деген пікірін білгіміз келіп арнайы шақырдық.
- Жанғали аға, түркі халықтарының музыкасын бір арнаға тоғыстыратын қандай күш деп ойлайсыз?
- Түрік халықтарының аспаптық, вокалдық музыкасын біріктіретін бірнеше нормалары болады. Мысалы, музыкалық теоориялық көзқараспен таратқанда басқаша, тарихи әлеуметтік жағдайымен таратқанда басқаша, тіл жағынан таратқанда басқаша болады. Мысалы орта ғасырда, X ғасыр дейікші, қағанат кезіндегі мәдениет осы күнгі түріктің кіндігінен өрбіген ұлыстардың бәріне ортақ. Яғни, тіл-ортақ, саз-ортақ, тұрмыс-ортақ, салт-ортақ. Енді одан бері қарай келсек, Түрік қағанатының бөлінуі, ыдырауы, ол кездегі барлық жағдайларға осы ұлттар мен ұлыстардың араласы мейілінше бірге болды. Оны ажыратып бөлуге болмайды. Одан кейін Алтын Орда дәуірі дейік, ол кезде киіз туырылықты ұлтты біріктірем деп Шыңғысханның атқа қонған кезеңі ғой. Шыңғысхан, одан кейін Жошы ханның заманындағы Кетбұғадан басталып, біздің дәуірімізге дейінгі Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерейге дейінгі кезең бір кезең. Бұл кезеңде түрік халықтарының мәдениеті мейілінше кемелденіп, яғни, отырықшы елдің мәдениеті басқаша болып дамыса, көшпелі елдің мәдениеті өзінше дамыды. Онымен бірге сарайлы елдің Көк Орда, Ақ Орда, мысалы Сарайшық қаласы болсын, Хан сарайының музыкасы бөлекше болып дамып, керемет бір синтездер құраған кездер болған. Енді сол кезден Тәттімбет заманына дейін қарайтын болсақ, бұл сол кездегі ұлыстық өнердің ұлттық өнерге айналған кезеңі. Қазір біз ұлттық өнердің иесіміз. «Қазақ» деген халықтың жеке музыкалық мәдениеті бар. Мен басынан бастап тарқатып отырмын, себебі Түрік қағанаты кезіндегі сақ, одан кейінгі Орта ғасыр, одан кейінгі Еуропашалап айтсақ, қайта өрлеу дәуірі. Біз жалпы қазақ халқының қазіргі меншігіндегі, әуезді музыканы аспаптық және вокалдық деп екіге бөлдік. Вокалдық ән өнеріне терме, жыр жататын болса, аспаптық бағытқа домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, жетіген сияқты ұлттық аспаптар кіреді. Осылардың барлығының түп-тамыры сонау ерте кездегі сақ мәдениетінен келгенін білеміз. Сол кездегі ортақ болған мәдениеттің алтын қазығынан біз де алыс кете алмаймыз. Ал енді қазіргі кезді айтайық, әрине әр ұлт өзінше, өзінен тән музыкалық мәдениетіменен күн көріп, музыкалық жәдігерлерін тұтынып жеке ұлт болып отыр. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт, татарымыз бар, Кавказдағы Қарашай, малқар, көк оғыз бұлардың барлығының өзіне тән мәдениеттері бар. Осман түріктері, әзірбайжандардың тіпті кез келген ұлттың музыкасын естісек, біз оның қандай халық екенін жазбай танимыз. Себебі, бұлар әртүрлі аймақтық мектептерге бөлінгеннен кейін, өзінше дамыды.
- Жанғали аға, ал енді осы халықтардың бәріне ортақ мәдени қарым- қатынас бар ма?
- Кеңес дәуірінде ұлттардың арасына алғаш рет ұлттық мәдениетке сына қағу басталды. Мысалы, қазақпен татардың, башқұрттың ақыны да, шайыры да, домбырашысы да бір еді. Қазақтың «Айқап» деген газетіне ең алғаш «Қазақ күйлерінің ноталық жинағын жинауымыз керек» деген мақаланы Ғабдолла Тоқай деген азамат жазды. Яғни, Ғаболла Тоқай қазақтың күйін қазақтікі екен деп қараған жоқ. Қазақ пен татарға ортақ деп қарады. Ол кезде туысқандық көзқарас деген мықты деңгейде болатын. Әлі ажырай қоймаған. Бірақ, сол халықтардың территориялық жағдайын Сталин реттегеннен кейін, бұрынғы бауырлас халықтар бір-біріне жат бола бастады. Мысалы, қазақ елі менен татар елінің арасындағы Астрахань, Саратов сияқты жерлерді Ресей территориясына берген. Ресей меншігінен берілгеннен кейін ол екі елдің арасындағы сына болды. Түркі халықтарының түркінің кіндінен тараған туыс халықтардың, қандас халықтардың автономиялық мемлекет болып шоғырланған кейін бәрінің арасында осындай жағдайлар болды. Солай бола тұра мәдени туыстық бауырлық жағынан да тіл, музыка жағынан да салт жағынан да бөлінген емес.
- Қазақ музыкасы түркі тілдерінің негізгі арқауы бола ала ма?
- Татарларда «Алматы иырлайды» деген үлкен әндер бар. Патшалы өкімет кезінде Верный, бұрынғы Алмалық қазіргі Алматы қаласында алғаш рет сауда орталықтарында біздің бауырлас халқымыз Жетісу жерінде татар диаспорасы тұрды. Қазандағы татарлардың әлі күнге дейін «Алматының алмасы» деп үлкен поэмаларды жырлауы сахнада бұл да туысқандықты білдіретін нәрсе. Одан кейін өздеріңіз де білесіздер үлкен концерттерде, жиындарда татардың «Бала Мишка» деген биін оркестрлеріміз тартып отырады. Бұл да бір туысқандық. Одан әрі қарай Қырғызстан. Қырғызстанға жақын Алатау өңірі, Тараз өңірі. Тараз өңірінде күйлердің көбі қырғыздың қомызындағы күйлермен ұқсас. Ежелден Алатаудың төсін бір жайлаған ел ғой. Ал енді қырғыздардың «Қомуз үйрену мектебі» деген кітабы бар. Сол кітаптың бірінші бетін ашып қарасаңыз, Нұрғиса Тілендиевтің «Толғау» деген қомузда шертілетін күйі, Тәттімбеттің «Көкейкесті» деген күйі тұрады. Бұған жоғарыдан арнайы нұсқау келмеген. Бірақ өзінің бауыр екенін сезіп, отандық оқулығына енгізіп отыр. Біздің қазақтарда да солай. Н.Тілендиевтің «Бауырлаштарым» деген тамаша туындысы бар. Ілия Жақанов «Әселім, әнім», «Ыстықкөл» деген қырғыз сазымен шығарған бірнеше әндер топтамасын жазды. Яғни бұл туысқандықты білдіреді. Ал енді оңтүстік өңірді алайық. Мына жағы Ташкент мына жағы Қарақалпақстанмен шектеседі. Оңтүстік өңірдің кәсіби музыкалық білім беру саласында «Түркістан аваздары», «Түркістан күйлері» деген арнайы жанры бар. Яғни «Түркістан» деп отырғандары Сырдың бойын жайлаған елді айтады. Яғни Ташкенттің ар жағынан болғанның өзінде Сейхундария, Жейхундария, Сыр мен Әмудың арасын жайлаған елдердің музыкасын «Түркістан музыкасы» дейді. Бұл өзбек музыкасының ең алтын тұғыры болып саналады. Және ол күйлердің көп бөлігінде қазақтың ән мен билері, әлі күнге дейін өзбектің жолы түсіп, біздің жерді басатын болса, әнді «Қараторғайдан» бастайды. Сол сияқты өзбектің дуттаршылары біздің елге конкурстарға келген кезде біздің елдің күй әуендерін тартып отырады. Олар «Шертмек күй» деп атайды. Өзім талай куә болдым. Ал мен бағанадан бері Кеңестік кезеңдегі шекараны айтып отырмын. Қорқыттың заманында Түріктің екі тайпасы, тайпалық деңгейден асқан, толысқан Жумхурият болған Қыпшақ пен Оғызды айтайын. Сол қыпшақтың өзі осында қалды да қонысты кеңейту мақсатында Оғыздар Қара теңізді бетке алып кетті. Оғыз атамыздан тарағандар: түрікмендер, Осман түріктері, әзербайжандар, черкестер, олар бір дәуірдің муызыкасын, мәдениетін ала кетті. Әрине, кеткеннен кейін олардың мәдениеті басқаша дамыды да Қыпшақ тіліді ұлттардың мәдениеті өзінше дамыды. Енді қазір салыстырсақ, Осман түріктерінің ән-күйі бөлек, түрікмендердің, әзербайжандардың ән-күйі бөлек. Сөз жоқ, көрші болғаннан кейін ар жағындағы парсы мәдениеті тіліне де муызкасына да әсер еткені рас. Солай бола тұра Сыр бойындағы атақты жырау Алмас Алматовтың бір ғана мақамын тыңдайтын болсақ, Осман түріктерінің мақамын еске аламыз. Себебі, сол кездегі мәдениетпенен қазіргі кездегі ән жырдың арасында айырмашылық жоқтың қасы. Бұл да туысқандық деген сөз. Ал жалпы музыкалық туыстықтың етене жақын болуы тілге де байланысты. Себебі, қазақ әлемнің жартысын шарласа да өз тілінде сөйлеп, емін-еркін нан тауып жүре алады. Оған өзіміздің де көзіміз жетіп жүр. Мысалы, Еуропада орыс тілінде сөйлегеніңізді түсіне қоймайды. Осы сәтті пайдаланып айтып қояйын, ана тіліне шекесімен қарап жүргендерге сабақ болсын, сіз өз ана тіліңізде сөйлеп тұрсаңыз біздің әуезімізді таныған көптеген ұлттар мен ұлыстар тоқтап амандасады. Туыс тартады, бауыр тартады. Себебі олардың атасы Түрік.
- Аға, «түркітілдес» деген тіркесті жиі айтамыз ғой. Қарапайым тілмен осы сөздің мағанасын тарқатып, ашып айтып беріңізші.
- Тіл деген не? Ол да музыка сияқты бірнешеге бөлінеді. Оны әдебиетшілер жақсы тарқатып береді. Қыпшақ бұтағы деген бір тіл бар, қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз бұлар емін-еркін еш тілмашсыз сөйлесе алады. Қарлұқтар деген бар. Ол отырықшылар. Оған Қашқар мен Хорезм, соларға еніп кеткен біздің түріктің тұқымдары ұйғырлар, өзбектер сияқты. Діні өзгеріп кетсе де тілінің жақындығы бар «хазар» деген ұлт бар Ауғанстанда. «Хазар- деген Каспийден кетті» деген сөз. Музыка неге ұқсамай жеке мектеп түзеді? Неліктен? Себебі, тіл бұзылған кезде солай болады. Болмаса тілде қандай өзгешелік болса, ол міндетті түрде музыкаға әсер етеді. Себебі, музыканы туғызатын, әуезді, әнді туғызатын құрал ол - «лепес». Ол тілдегі екпін, акцент, тілдегі дыбыстардың ерекшелігі, фонемдер. Музыкада да сондай. Егер адам сөйлейтін болса, сол сөзді ішінен айтып отырып түсіреді. Сондықтан кез келген музыка ана тіліне байланып тұрады. Қазақтың күйі де өз тілінен байлаулы. Қазіргі кезде аспаптық немесе вокалдық шығарма естіп қалсаңыз, ол музыканы жаныңыз қаламай тұрса, оны жазған автор өз ана тілін білмейді деген сөз. Оған дауыңыз болмасын. Себебі, әр өнерпаз анасының сүтімен дарыған тілде жазады. Сондықтан біздің қазақ композиторлары ренжімесін, таза қазақша музыка жазамын десе «әліппе», «ана тілі» деген бірінші, екінші, үшінші сыныптарға арналған кітап бар. Осы курсты өтсе қазақ музыкасын жазуға жетіп жатыр. Бұл екінші мәселе.
Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан .