Жәнібек Әбдіханұлы Мұсаев: «Мәдениетті басқарып отырғандардың көксегені басқа»
Театр өнері оның дамуы, тарихи жағынан қалыптасуы, халықтың тұрмысымен, тарихымен, мәдениетімен тығыз байланысты. Театрға бара отырып, қоғамдық ой-сананың, халықтың көзқарасын бағдарлауға болады. «Өнер алаңы» хабарында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ-музыкалық драма театрының әртісі Жәнібек Әбдіханұлы Мұсаевпен театрдың тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғадық.
- Жәнібек, халық арасында актер деген жазылған дүниені орындаушы, қоғамдағы болып жатқан дүниеге өз үнін қоса аламайтын мамандық ретінде көретіндер бар. Жалпы, актерлық деген қандай мамандық?
- Көпшіліктің санасында актер дегенді сахнаға шығып дайын нәрсені ойнай салатын адам ғой. Актер деген менің түсінігімде психолог. Дәрігер адамның тәнін емдесе, ол жанын емдейді. Өзінің жанына рухани ем іздеген адам болса, ол театрға келеді. Музейге барсаң тарихтан ақпарат аласың. Әдебиет оқысаң жадыңда қалады. Актер деген сол әдебиеті де мәдениетті де бір арнаға тоғыстырып санамызға құйып беретін мамандық иесі. Демек, ол ақылсыз емес, зиялы қауым қатарына кірмейді деп айта алмаймыз. Ол өзінің рөлін шығару барысында қаншама нәрсеге тап болады. Үлкен ізденістерге барады. Оның бәрін жан дүниесінен өткізген адамды санасыз, ойлау қабілеті төмен, болмаса тұшымды ойын айта алмайтын адамдар қатарына қосуға бола ма? Сондықтан актерлар қауымы сахнада қандай қойылымдар қойылады, сол заманды зерттеуге кіріседі. Сонда тарихшы болдық па? Ол заманның киімдері қандай болды оны зерттейміз. Ол кезде дизайнер боламыз. Одан кейін ол заманның сөйлеу мәнері қандай, сөз саптауы қандай? Әдебиетші, лингвист болдық па?! Қазір жаһанданудың заманы. Заманнан қалмай қажет жерінде орыс, ағылшын, түрік тілдерінде де қойылым қойған кездер болды. Сондықтан актер деген әмбебап мамандық.
- Қаллеки театры муызкалық театр. Бірақ оркестрмен сүйемелденетін музыкалық қойылымдар өте аз. Кей қойылымдар фонограмманың көмегімен айтылып жатады. Мұның себебі неде?
- Бұл сұрағыңыз театрдың ішінде жиі көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені репертуарлық саясат бойынша көркемдік жетекшіге, көркемдік кеңеске, театр басшылығына айтып жүргелі көп болды. «Гамарджоба», «Жұбайлар жұмбағы» сынды музыкалық жақсы қойылымдар репертуардан неге алынды деп үнемі айтып жүрміз. Қазір «Сильваны» алып жатыр.
- Қаллеки театрының әртістері ән айта алмайды десе ешкім сенбес. Музыкаға өте сауатты, хорларыңыз қандай? Елорда тұрғындарына үнемі жеке концерт те беріп жүрсіздер. Сол әртістердің мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?
- Дұрыс айтасыз. Бірнеше жыл бұрын біздің хорды ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев шақыртып, екі ән айтамыз деп барып, бүкіл репертуарымызды айтып қайтқан кезіміз болған. Біздің хордың көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев Елбасының әндерін баянмен сүйемелдейтін еді ғой. Ал музыкалық қойылымдар қоя алмай жүргенімізге театрдың тарлығы да үлкен кедергі. Оркестрді отырғызатын жер таппай қаламыз.
- Биыл жаңа ғимарат салынады деп нақты шешілді. Толығырақ мәлімет беріп өтсеңіз.
- Иә. Жақсы жаңалық жетті. «Millennium Park» тұрғын үй кешенінің жанынан салынады деп белгіледі. Жақын күндері капсуласы салыну керек.
- Бұрынғы кездегі театр, филармонияның әртістері, оркестрдің музыканттары аты аңызға айналған мемлекет және қоғам қайраткері, өнер жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің істерін жиі еске алады. Ол кісі әр әртістің киіміне, жүріс-тұрысына, репертуарына мән беріп, сын көзбен қарап, ескерту жасап жүреді екен. Сіздердің басшылықпен байланыстарыңыз қалай?
- Біздің театрдың спектакліне Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасының басшысының өзі келмейді. Ол әкім, әкімнің орынбасары, Мемлекеттік хатшы келгенде ғана еріп келеді. Ал жай кезде келіп спектакль көріп, аяқталған соң «қалдарың қалай? Қандай мәселелеріңіз бар?» деп ешқашан сұраған емес. Жақында Халықаралық театр күні болды. Сол кезде басшымыз құттықтауын сөйледі, әкімнің алғыс хаттарын табыс етті де көрермен залында аз ғана отырып кетіп қалды. Соңына дейін отырған жоқ. Ал неге Тұрсынбектің концертінде соңына дейін отырады? КВН болса да үнемі соңына дейін отырғанын көреміз. Осыдан-ақ бізді кім басқарып отырғанын көруге болады. Оның санасы, деңгейі қай жерде... Шындап келгенде мәдениетті, тілді басқарып отырғандардың көксеп отырғандары басқа нәрсе. Олар егер шын жанашыр болса, басқаша әрекет етер еді. Қаржы мәселесі де сөз болмас еді. Ниет дұрыс емес.
Толығырақ аудионұсқадан тыңдай аласыздар.
Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан.