Бағлан Бәбіжан: «Көне аспаптар ұмытылып бара жатыр»

Түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарының пайда болу, шыққан тегі бір. Ежелгі түрік жазу-сызуларында аттары аталатын кейбір аспаптар түркі тілдес халықтарында күні бүгінде кезеседі. Кей аспап алғашқы нұсқасынан бірнеше замандар өте өзгерістерге ұшырай отырып дамыған. Түркі тілдес халықтардың бірінің музыкалық аспаптарының тарихи дамуын көз алдымызға толық елестету үшін оны өзге халықтардың аспаптарымен байланыста алып қарау қажет. Сонымен қатар, ән-жыр өнері де бір-біріне ұқсас болып келетін тұстары жиі кездеседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы жарық көрген болатын. Сол үлкен жобаға ат салысып, дәстүрлі ән өнерін зерттеп, өз үлесін қосқан өнер зерттеуші, әнші-композитор Бағлан Бәбіжан «Түркі әлемі» хабарында қонақта болды.

- Бағлан, музыка зерттеушісі ретінде түркі халықтарын өзара байланыстыратын қандай аспаптар деп ойлайсыз? Кей мамандарымыз «көмеймен ән айтуды ортақ ұқсастықтарымыз» дейді.

- Мысалы, «чатхан» деген аспап біздің жетігенмен туыс аспаптар. Хакас, тува, түрікмен, өзбектерде «думбрак», «думбра» деген аспаптар бар. Ол аспаппен хакастар өздерінің жырларын айтады. Олар дыбысталуы жағынан біздің домбыраға өте ұқсас, тіпті тембрі бірдей десек те болады. Музыка жағынан барлық түркі халықтарына ортақ ұқсастық «көмеймен айту» десек қате пікір болатын шығар. Себебі, біздің қазақтың жерінде көмеймен айту тек Сыр бойында, оның ішінде Қармақшы өңірінде ғана сақталған. Ол өңір көне Оғыздың жері. Ол өте көнеден келе жатқан дәстүр ғой. Сол өлке сіңген десе де болады. Ал домбыра, қобыз, сыбызғы, жетігенге ұқсас аспаптар түркі халықтарының барлығында да бар. Атаулары бөлек болғанмен, атқаратын функциялары бір. Сондықтан бізді біріктіретін, жақындастыратын осы аспаптар шығар деп ойлаймын.

- Қазақ халқы музыка аспаптарынан кенде емес. Бірақ оркестрлерде домбыра мен қобыз бірінші орында тұрса, сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы, жетіген, желбуаз деген аспаптарымыз тек шығарманы әрлеу үшін ғана пайдаланылады. Ал байқап отырсақ қырғыз бауырларымыз, қомыздарынан басқа қияқты да, демир қопузын да басқа аспаптарында қатар дамытып келеді. Неге біздің жоғарыда айтылған аспаптарымыз насихатталмай келеді? Әлде арнайы жазылған шығармалар жоқ па?

- Дұрыс айтасың. Өзің айтып отырған осы аспаптардың қайта жаңғырып, оркестр, ансамбльдерде ойналуына бірден-бір себепкер, өнер зерттеушісі Болат Сарыбаев ағамыз ғой. Сол аспаптарды шеберлер тауып, реконструкция жасатқан болатын. Одан кейін Нұрғиса Тілендиев атамыз «Отырар сазы» оркестріне қосты. Бір шығарма жазса, сол аспаптардың жеке дыбысын естірту үшін мүмкіншілік тудырған болатын. Соңғы жылдары көне аспаптар қайтадан ұмытылып бара жатыр. Оркестрлердің репертуарлары бірыңғай классикалық шығармаларды ойнауға, ән сүйемелдеуге бейімделіп кеткендей. Мына шығармада сыбызғының не болмаса шаңқобыздың үні шықсыншы деп уайымдап жүрген ешкім жоқ. Бұл да болса қазақ музыка өнерінің өзекті мәселелерінің бірі. Осыны қолға алу керек. Бұл мәселе дирижерлардың, нотаға түсіріп партитура жазатындардың, тіпті аранжировка жасайтындардың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі болу керек.

Сұхбатты жүргізген Толқын Сұлтан.