Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Айман Аймағамбет: «Ең мықты режиссерлердің мектебінен өттім»

 «Өнер алаңы» хабарының кезекті шығарылымында қазақ театрының мықты режиссерлары туралы сөз қозғалады. Хабар қонағы - театрға жастайынан қадам басып, өнерге деген сүйіспеншілігі мен махаббатының арқасында талай белестерді бағындырған актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айман Аймағамбет.

- Сахнада сан жылдар тер төгіп, еліміздің ең мықты деген режиссерлерімен бірге жұмыс істедіңіз. Алдымен өзіңіз еңбек жолын бастаған кезіндегі Жезқазған облыстық Қазақ драма театрында атақты режиссер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанат Қажиевтің мектебінен өттіңіз. Жанат Әубәкірұлының қолтаңбасы деп қай қырын айтар едіңіз? 

- Мен Алматыда оқып жүргенде кезіндегі Жезқазған облыстық Қазақ драма театры гастрольдік сапармен Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрына келіп, 7-8 спектакль қойды. Біздің ұстазымыз Рахилям Машурова «сырттан келген спектаклдерден қалмаңдар. Әр театрдың ерекшеліктерін, режиссерлық шешімдерін көріп, көп нәрсе үйренесіңдер» деп үнемі айтып отыратын. Сол жолы барлығы Жезқазған театрының «Қыз Жібегі» ерекше екен. Режиссерік шешімі, киімдері де ерекше екен деген жақсы сөздер гу ете қалды. Бұл қойылымда басты рөлде Қыз Жібек пен Төлеген емес, Бекежан екен деген сөздер назарымызды бірден аударды. Студенттерге сол қызық болды. Өзім музыкалық комедия бөлімінде оқып жүрген студентпін. «Қыз Жібектің» партияларын жаттап жүрмін. Соны естігенде көңіліме біртүрлі болып қалды. Қалай «Қыз Жібек» спектаклінде Қыз Жібек басты рөль емес?! Бардым. Спектакль басталғанын білемін. Одан арғысы есімде жоқ. Қол соғуға да шамам келмей қалды. Сол кездегі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Спектакльде жарқыраған киімдер жоқ. Барлығы қоңырқай, қапшықтың материалынан тігілген костюмдер. Біздің ойымыз әрқашан Жібек байдың қызы, бар асыл үстінде деп ойлаймыз ғой. Жоқ. Бұл жерде мүлде бөлек. Спектакль көріп отырып, оның үстіне не киіп алғанына мән бермейсің. Алдыға актердың ойыны, актердың өзі шығады екен. Қарап тұрсам, осыдан 35 жыл бұрын Жанат Әубәкірұлы осындай әрекетті қолданды. Бекежанды ерекше актер Асылболат Смағұлов ағамыз сомдады. Ол кісінің Бекежан бейнесі әлі күнге жадымызда. Бұл тәсіл нағыз шебердің ғана қолынан келетін шығар. Содан не керек аудиториямызға Жанат аға келді. «Біз Арқалықтан Жезқазғанға енді ғана көшіп жатырмыз. Бізге жастар керек» дегенде Рахилям Абдрахманқызы «Міне, Жезқазғанның қызы» деп мені таныстырды. Шынымды айтсам, Жезқазғанға барғанда театр үшін емес режиссер үшін келдім. Әншілігім ешқайда қашпас, актерлық қабілетімді бір сынап көрейін деп ойладым. 

Мен бағы жанған, бақытты актрисамын. Себебі, Жанаттай ағамен жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің актермен жұмыс жасау тәсілі ерекше. Қойылымды алғаннан бастап, стол басындағы дайындықта сенімен, кейіпкеріңмен сөйлесе отырып жан дүниеңді ашып, сырласады. Кейін сахнаға шыққанда рөліңді бойыңа сіңіріп, дайын болып шығасың. 

- Айман апай, Елордамыздағы Қаллеки театрының негізін қалаушы аристердің бірісіз. Қандай да бір істің басталуы, қиын әрі қызық қой. Театрдың негізін қалаушы, ғажайып тұлға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровпен қызметтес болдыңыз. Режиссердің ерекшелігіне тоқталып, өткенге шегініс жасасақ. 

- Жақып аға, мүлде ерекше бөлек адам. Өте эмоционалды. Ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат еді. Өзі әнді тамаша орындайтын. Менің есімде Жақып аға екі қолын екі жағына жайып жүретін. Ешкімді жатсынбай барлық адамды бауырына басып, құшағына қысып, қонаққа шақырып жүретін. Естеріңізде болар 90 жылдардың басында елдер талонмен шәй, қантын алып, киерге киім таппай жүргенде Жақып аға театрға демеушілерді тартып, артистердің жағдайын жасап жүретін. Әрқайсымыздың грим бөлмелерімізде «Алматы кілемнің» керемет кілемдері төселіп тұратын. Театр десе, ішкен асын жерге қойып, жоқтан бар жасап, артистерге қамқорлық жасап жүретін. Театр жаңадан ашылған кезеңде сырттан көптеген қонақтар келетін. Асанәлі Әшімов, Маман Байсеркенов сынды ағаларымыз келсе, бізді де отырғызып қоятын. Әңгімесін естісін, ғибрат алсын деп. 

- Қазақстандық және бұрынғы кеңес театр, кино және опера режиссері, педагог, қоғам қайраткері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов сынды аңыз адамның да мектебінен өттіңіз. Әзірбайжан Мәдиұлының спектакль қою дәстүрі қандай еді? 

- Әзірбайжан Мәдиұлының келген кезі театрымыздың екінші өрлеу кезеңі десек те болады. Ол кісі керемет классикалық шығармаларды қойды. Ал жұмыс істеу әдісі мүлде ерекше. Қойылымды алғаннан кейін «учите слова» дейтін. Біз таң қалатынбыз. Сөздерін жаттап алып сахнаға шыққанда, өзінен өзі қойылым жинақталып, әркім өз орнын табатын. Ол кісі нағыз қоюшы режиссер. Жанат аға, актердің жан-дүниесіне үңілетін болса, бұл кісі сахнада қоюдың қас шебері. Біз іштей «мына кісі қызық екен. Үстелдің басында отырып, әбден оқып, бойымызға сіңірмейміз бе? Мұнысы несі?» деп таң қалатынбыз. Бірақ ол кісі сенің мақсатыңды «здача» ойламаған жерден айтатын. Ол кісі өте ірі, монументальды жұмыс істейтін. Соның бір айғағы «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымы әлі күнге театр репертуарында жүріп жатыр. Бұл спектакль Ә.Мәмбетовтың репертуарда қалған бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз спектаклі. Сондықтан, ол спектакль бәріміз үшін өте ыстық. Әзекеңнің талай қойылымында болдым, бақыттымын. 

- Қаллеки театрына сахалық режиссер Сергей Потапов келіп А.Чеховтың «Шие» қойылымын сахналады. Ол режиссердің бір ерекшелігі өте аз күнде спектакль қоюуында екен. Ол кісінің осындай жылдамдықпен қойылым қойғаны сіздерге қалай әсер етті? 

- Сен психолгиялық дүниені шығару үшін көрерменге ішіңдегі жан-дүниеңді сіңдіріп, сендіріп айту және оны бағындыру ол көп уақытты талап етеді. Режиссер тарапынан да актер жағынан да. Ал Сергей Потаповтың жұмыс істеуі тәсілі мүлде бөлек екен. А.Чеховтың атақты «Шие» спектаклін екі аптада қойды. Одан кейін сырттан келген режиссердің уақыты қашанда тығыз болады. Ол өте сұранысқа ие режиссер. Челябинскіде өткен «Человек театра» фестиваліне барғанда эксперттер ауызынан суы құрып біздің спектаклді айтты. Біздің қойылымдағы әрекеттер, оқиғалардың легі... «Жап-жас қыз Раневскаяны қалай ойнайды? Басында қабылдай алмай отырдық. Ал спектаклдің соңында қартайған кезін көргенде көзімізге жас келді, тамағымыз тығылып қалды» деді. Сол әділ-қазылардың құрамында Вислов деген кісі болды. Сол кісі «Москвада қанша рет әр театрдың қойған «Шие бағында» қойылымыны көрдім. Үнемі сәтсіз шығатын. Қанша рет барып ұнамай шығып кететінмін. Ал бүгінгі қойылымды көріп таң қалып отырмын. Қазақ театры «Шие бағын» осындай деңгейде қояды деп ойламаппын. Бұл мен үшін бақыт, ал орыс ұлтының өкілі ретінде мен үшін өкініш» деді. Бұл қойылымда Ж.Қажиев спектакльдері сияқты басты жоспарда костюм, декорация емес, адамның жан-дүниесі тұратын еді. Осы қырынан алғанда режиссер С.Потаповтан алған мектебіміз өз алдына бөлек. 

- Биыл әзербайжан ақыны, ойшыл Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы негізінде жазылған спектакльді Тәжікстаннан арнайы шақыртылған Орта Азияға танымал драматург, режиссер, театр және кино актері Барзу Абдраззақов сахналады. Ол режиссермен жұмыс қалай болды? 

- Ол кісінің өзі біздің театрдың артистер туралы «мен сіздердің театрларыңызға, әртістеріңізге тәнтімін. Бұл сирек кездесетін жағдай. Қандай жұмысты болсын істеуге құлшынып тұрады. Жұмыс жасау деңгейі өте жоғары» деді. Ол кісі тамаша қойылымды қойып кетті. Келген көрермендер риза болды. Шығыстың исі аңқып тұратын керемет, сәтті шыққан қойылым. Осы тұста айтпай кетпеуге болмайды, театрымызға Айболат Жанғалиұлы, Талғат Досымғалиұлы келгелі үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген еңбектер жасалды. Театрдақ терең де ойлы қойылымдар қойылып, сырттан режиссерлар шақырылды. Оның барлығы актерлар үшін жасалған үлкен мүмкіндік деп түсінемін. Біздің театрымыздың потенциялы өте жоғары. 

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан. 

Толығырақ бағдарламаның аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.