Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев: «Буын би – қазақ билерінің бастауы»

Еркебұлан Мүлікұлы Ағымбаев - Қарағанды облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері.

Кеңес дәуірінде жұтаң саналған музыка өнерімізді індетіп бақсақ, біздің жыл санауымыз басталмай-ақ тарихқа түскен екен. Қытай тарихшылары Қаңлы мемлекетінің (б.з.д. IIғ-Vғ) өнерпаздары мен музыкалық аспаптарын хатқа түсірсе, ақындары ауыздарының суы құрып, жыр арнапты. Қаңлы өнерпаздарын аспаптарымен қоса Қытай императоры сарайына алдырып отырыпты. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбунасыр Әл-Фараби бабамыз «Музыка туралы трактаттар» деген еңбегін қалдырды. Осыдан-ақ, біздің музыка өнеріміздің тамыры тереңде жатқанын кез-келген көзі қарақты оқырман пайымдай алады. 

- Әл-Фараби: «Соғыстар мен шайқастарда пайдаланатын; би, үйлену тойы, сауық-сайран үшін қолданылатын және махаббат жырларын сүйемелдейтін аспаптар болады», – дегенінің өзін қараңызшы. Осы жазылғандар XIX ғасырға дейін жеткен жоқ па? Мысалы: аң-құс үркіту үшін қолданылатын дауылпаз, қауіпті жағдайда қағылатын дабыл, қуанышты хабардың ия патшаның салтанатын білдіретін керней аспабы. Өкініштісі, осы аспаптар біздің қолданысымыздан шығып қалды. Есесіне көрші туыс елдер өзінің ұлттық аспабына айналдырып, әлі күнге дейін қадірін арттырып келеді. Аспаптарды былай қойғанда ұлттық биіміздің өзі даулы боп қалды. Осыдан біраз жылдар бұрын «қазақта би болған жоқ» деген дау-дамайлар туындап намысымызға тиген болатын. Кеңес заманының методикасына сүйенген ансамблдік билер, би туралы ұғымыздың өрісін тарылтты. Би өнерінің жанашырлары ретінде Сіздер не айтар едіңіздер?  

- Қазақта би болғанын барлық хореографтар жазып кеткен, жазып та жүр. Суретші Ә.Исмаилов та өз суреттерінде салып кетті. Сайын даланы даланы көп жүрдім. Таңбалы тастарды, ондағы би қимылын көрсетіп жатқан суреттерді де көрдім. Демек, бабаларымыз бізде би болғандығы жөнінде өсиет қалдырып кеткені айдан анық. Ертеректе бір түріктің киносын көргенмін. XX ғасырдың басында болған оқиға. Сол киноның ішінде: «Мына кісі кім?» – деген жері бар. Сонда түрік: «Бұл біздің қазақ деген бауырымыз. Қазір сіздерге билеп өнер көрсетеді», – дейді. Ал, Түркияда жүрген қазақ оны қайдан біледі? Демек, ол ата-бабасынан келе жатқан өнерді айқындап тұр. 1985 жылы «Алтынай» би ансамблінде жұмыс істеп жүргенбіз. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз дайындыққа екі адамды ертіп келді. Біреуі елуде, бірі алпыста. Ағайынды екен. Сол ағайынды кісілер: «Бізде буын биі деген болған. Оны әкеміз де, атамыз да билеген. Соны сіздерге көрсетеміз», – деді. Сосын олар «буын биін» көрсетті. Ол тура қазіргі «қара жорға» деген бидегі қимылдар. Ұмытпасам, ол кісілер Алматыға жақын жерден келген. Кейін «Алтынай» би ансамблінде «Буын би» деген би қойылды. Оны Мәскеуден келген хореограф қойғанда онша ұқсамай кетті. Кейін қарап тұрсақ, ол қазіргі «Қара жорға» биі екен. Осы тұста Қытайдағы қандастарымызға тамаша биімізді осы күнге дейін сақтап, бізге жеткізгендері үшін рахмет айтамыз. 

Қазақтың тілінде «би» деген сөз, ұғым бар. Оны басқа бір ұлттан үйренген жоқпыз ғой. Сондықтан, қазақтың биі болған және бар. Кеңес дәуірінде сендерде ештеңе болған жоқ, би де жоқ, мәдениет те жоқ деп тәрбиелендік қой. Сол көп адамның санасына сіңіп кеткен. Мысалы, мен айтқан екі ақсақал оны қайдан біледі. Қанында бар деген сөз.  

Бізде «өкімет», «датқа», «уәзір», «әкім», «мемлекет» деген сөз бар. Оны сырттан ешкім үйреткен жоқ. Болған дүниелер. Біз бабаларымыздың жолын жалғастырушымыз. Біздің қара жорға күйі деп ойнап жүрген күйіміз де өткен ғасырдың ортасында Қытайда «Хасен-Жәмила» фильміне арнап жазылған «Салкүрең» күйі. Ал би жоқ деп жүргендер қатты қателеседі. Қазақта би бар, ол өз мәдениетіміз.  

- Еркебұлан Мүлікұлы, Қадиша Ермекбайқызы, сіздер Алматыда кез келген әртістің қолы жете бермейтін «Алтынай» фольклорлық ансамблінде қаншама жыл еңбек еттіңіздер. Білім мен тәжірибе жинақтап, кәсіби маманға айналдыңыздар. Астанаға келіп, жаңадан өнер ұжымын құру сіздерге бұйырған бақыт болды. Әркім бара бермейтін өте күрделі әрі жауапты іске жүрексінбей қалай тәуекел еттіңіздер? 

- Мен хореогроафиялық училищеде оқып жүрген кезден бастап өте арманшыл болдым. «Ресейдің эталон балетмейстері Игорь Моисеев сияқты болсам, сол кісі сияқты билер қойсам», – деп көп қиялдайтынмын. Ол үшін бір ұжым құру керек деп іштей ойланып жүретінмін. Үнемі армандарыммен сырласып, қиялға ерік беретін кездерім көп болатын. «Алтынай» фольклорлық би ансамблінде қаншама жыл еңбек етіп, тер төктік. Қабиден Кенжебекұлы Тұяқаев деген директорымыз болды. Сол кісінің және қазақ руханиятының аңызы әрі абызы Өзбекәлі Жәнібеков ағаларымыздың қолдауымен көптеген биіктерді бағындырдық. Алматыда жүріп отау құрып, бала-шағалы болдық. Ансамблмен шетелдерге шықтық. Астана енді Сарыарқаға көшіп жатқан кезде қала әкімінен ұсыныс түсті.  

- Сахналық қойылымда белгілі бір дәуірді көздейсіздер. Қару-жарақ, киім-кешек, әшекей бұйымдары секілді т.б реквизиттердің стильдік, дәуірлік және иәлеуметтік-иерархиялық жағдайына сай болуын, бір-біріне үйлесуін қадағалайсыздар ма? 

- Әрине. Астанада әшекей жасату жағы өте қиынға соқты. Сол үшін Таразға, Алматыға барып, шеберлерді шақырып, арнайы тапсырыс беріп жүрдік. Алғашқыда олар оңай нәрсе деп ойлап келсе керек. Біздің сұранысымыздың, талабымыздың мүлде басқа дүние екенін көріп: «Ойланып қайта жасап көрейін», – деп кеткен жағдайлар болды.  

Мысалы, драма театрларда ұзын-ұзын қылышқа ұқсас қаруларды алып шығып шайқаса береді ғой. Негізінде, ол ондай оңай дүние емес. Оны зерттеп барып, қажетіңді жасату керек. Мысалы, саптаманы байлар кимейді, оны тек малшылар ғана киетін. Қазір спектакльдерді қарап отырсаңыз саптаманы хан да би де, абыз да бақсы да бәрі де киіп жүреді. Тағы қайталап айтамын, оны тек малшы киеді. Тізесін жауып тұрады. Оның сыртынан шапаны түсіп тұрады. Ал соғысқанға тіпті ыңғайсыз нәрсе ғой. Бұл жағдай киноларымызда да кездеседі. Хандар, байлар, жеңіл сұлу, тартымды қысқа қонышты етіктер киген. Біз спектакльде ғана емес 3 минуттық биге де оны зерттеп барып шығамыз. 

Сұхбатасқан Толқын Сұлтан. 

Толығырақ хабардың аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.