Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Сұлтанова Ақтолқын Ақылбекқызы: «Алдағы жылдың басты жаңалығы - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі»

Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылғалы бері екі жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта қорға қанша қаражат жиналды, қордың жұмысы қалай жүргізіледі, азаматтар медициналық мекемелерге деген арыз-шағымын қалай жеткізеді деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Бұл туралы «Қазақ» радиосының Жаңалықтар қызметіне сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС қоры Халықпен жұмыс жөніндегі департамент менеджері Сұлтанова Ақтолқын Ақылбекқызы толығырақ айтып берді.   

Қор құрылған күннен бері төлем аударушылардан қанша қаражат жиналды?

– МӘМС қорының заңнамасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асты. Қазіргі таңда қорға жиналған қаражаттың жалпы сомасы 224 млрд.теңге (2019 жылдың 31 қазанындағы ақпарат). Қордағы ақша ҚР Ұлттық банкінің есепшотында сақтаулы тұр. Оның 215 млрд теңгесі (96%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,8 млрд теңге (4% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

МӘМС жүйесіне ақша аудару 2020 жылы 1 қаңтардан бастап барлық қызметкерге міндетті болатынын білеміз. Ал, жұмысқа ресми түрде орналаспаған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша қызмет көрсетпейтін азаматтар дәрігер қабылдауына қалай кіре алады?

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесінде әрбір азамат өзінің жалақысынан 1 пайыз жарна аударуы тиіс. Егерде азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, жұмыссыз болып, өзін айқындалмаса, өз-өзіне жарна аудармаған жағдайда әлеуметтік медициналық жүйесінде көмек ала алмайды. Бірақ кепілдендірілген медициналық көмекті ешкім шектемейді. Кепілдендірілген медициналық көмек жарна аудармағандарға да көрсетіледі.

Дербес төлем жасаушылар (самоплательщики) өз міндеттерін орындамаған жағдайда оларға медициналық көмек көрсетіле ме? Қандай деңгейде?

– Егер де дербес төлем жасаушылар өз міндетін орындамаған жағдайда олар МӘМС жүйесінде медициналық көмек алмайды. Бірақ бұрын айтып өткеніміздей, кепілдендірілген көмекке қол жеткізе алады. Бірақ дербес төлем жасаушыға қандай да бір технологиялық операциялар қажет болса (КТ, МРТ), оның барлығы МӘМС жүйесінде көрсетіледі. Сол себепті әрбір азамат қазірден бастап өзінің статусын тексеріп, 2020 жылға дейін мәселесін шешіп алуы керек.

Дербес төлем жасаушылар категориясына жататын, бірақ төлем жасамаған, жұқпалы аурумен ауыратындар қайтеді? Олар қоғамға қауіп емес пе?

– Дербес төлем жасаушылар категориясына жататын, бірақ төлем жасамаған жұқпалы аурумен ауыратын адамдар (мыс. туберкулез) кепілдендірілген медициналық көмек аясында емделеді. Бұған қоса оның ауруының қоғамға қауіптілігіне байланысты МӘМС қорының қаржысына да ем-шара алады.

Сапалы медициналық қызмет ала алмаған жағдайда пациент кімге шағымдана алатынын нақтылап өтсеңіз.

– Биыл қыркүйек айынан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 1406 байланыс орталығын іске қосты. Әрбір азамат медициналық қызмет алу барысында өзінің құқығын білуі үшін немесе қандай да бір медициналық мекемеге арыз-шағымы болса, онда 1406 нөміріне хабарласса болады.

МӘМС жүйесі аясында жеңілдік қарастырылған ба? Кімдерге жеңілдік бар?

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 санатқа жататын азаматтарға Мемлекет МӘМС қорына жарна төлейді. Оларға

1. балалар

2. «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері;

3. ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;

4. мүгедектер;

5. жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;

6. интернатта оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар;

7. техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын тұлғалар;

8. бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғалар;

9. жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдер;

10. зейнеткерлер;

11. әскери қызметкерлер;

12. арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері;

13. құқық қорғау органы қызметкерлері;

14. сот үкімімен жазасын өтеп отырған тұлғалар лица, қауіпсіздігі төмен мекемелерді қоспағанда;

15. уақытша ұстау және тергеу изоляторларында жатқан тұлғалар.

МӘМС артықшылықтары қандай?

– МӘМС жүйесінің негізгі артықшылықтары:

  • медициналық қызметтер сомасының пакеті шектелмеген және төленген жарна мөлшеріне байланысты емес.
  • Сақтандыру пакеті шеңберінде жоғары технологиялы операциялар жасауға болады.
  • Сақтандыру пакеті аурудың алдын алуға бағытталған. Ең бастысы, МӘМС мүшесіне еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді. Яғни, азаматтың медициналық мекемені өзі таңдауға құқығы бар.

Айта кетейік, кепілдендірілген медициналық көмек Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді болады. Оған жедел көмек және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді.