Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жұматаев Ернар Құрбанбекұлы: «Заманауи техникаларды меңгеретін мамандар керек»

«Өнер алаңы» хабарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар театрының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жұматаев Ернар Құрбанбекұлы.

Хабарды бастамас бұрын сергіту сұрақтарын қойдық. 

Өмірдегі үш жетістігіңізді атаңыз. 

-Бірінші жетістігім – ата-анамның берген тәрбиесі. Екінші жетістігім - өнерде жүргенім. Әуелі құдай одан кейін ұстаздарымның арқасы. Үшінші жетістігім – еліме, халқыма қызмет еткенім. 

Қайталап оқи беретін кітабыңыз. 

-Ілияс Есенберлин «Көшпенділер». 

Қуанышыңызды ең бірінші кіммен бөлісесіз? 

-Үй-іші, жақындарыммен бөлісемін. 

Танымалдылық мінезіңізге әсер етті ме? 

-Иә. Әсер етті. Кішіпейілділікке алып келді. 

Қазақстандық кино актерларға не жетіспейді? 

-Қазақстандық киноактерларға барлығы да жетіседі. Техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, қамтамасыз етіп, алға қарай жылжытып, үлгеріп отырсақ болды.  

Қазақстандағы үздік 5 театр режиссерды атаңыз. 

-Нұрғанат Жақыпбай, Фархат Молдағали, Асхат Маемиров, Талғат Теменов, Данияр Базарқұлов. 

Кей көрермендер «театр» ұнамайды дейді. Себебі, актерлар өте қатты айғайлап сөйлейді. Өздерін тым жасанды ұстайды дейді. Келісесіз бе? 

-Келісемін. Актерларға жұмыс жасау керек. Қазіргі формат басқа, жүріс басқа, тыныс басқа, шабыс басқа. 

Өнер академиясын, Қазақ Ұлттық Өнер университетін бітірген жастар айтады, Елодадағы Жастар театрына Нұрқанат Жақыпбай тек өз шәкірттерін алады дейді. Сол рас па? 

-Ол Нұрқанат Жақыпбайдың талабы. Сол талапқа шыдайтындар бар, шыдамайтындар бар. Бірақ, басқа да ұстаздарда оқыған актерлар жетерлік.  

Заман талабына сай театрға кроссовкамен жыртық джинсымен баруға болады дейді. Шындығында солай ма? 

-Негізінде олай болмауы керек. Театр – тәрбие орны. 

Театрға жалғыз адам бара беруге бола ма? 

-Әркім әртүрлі. Кейбіреулер жалғыз барғанды ұнатады. Өзін жоғалтып алып, өзін сол жерден тапқысы келеді. 

Заман талабына сай театрдың қандай мамандықтары қысқарды және қандай жаңа мамандықтар пайда болды? 

-Соңғы үлгідегі техникаларды меңгеретін мамандар керек.  

Адамдар инстаграмда мыңдаған селфи түсіріп, қойып жатады. Ол кімдерге қызық деп ойлайсыз? 

-Өзіне қызық. 

Рахмет, Ернар. Қонағымыз бен тыңдарман қауып бір серпіліп алсын дегеніміз ғой. Енді негізгі мақсатымызға көшсек. Кеше Нұр-Сұлтанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау кешін өткізеді. Марапат өз иелерін тапты ма? 

-Жыл соңында өтетін бұл шара Республикамыздағы барлық театрларға қолдау, демеу болды. Тек қана актерлар емес, сценографтар, жарық қоюшылар, гримерлар марапатталды. Тіпті, сахна сыртында, шымылдықтың артында қызмет жасайтын мамандар өздері күтпеген марапат болды. Сан жылғы еңбектер ақталды. Барлығы шынайы. Осы орайда Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, қазақ тактерларының әкесі Асанәлі Әшімов ағайымызға алғысымызды білдіреміз. Біздің театрдан «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының «Үздік костюм суретшісі» номинациясымен театрымыздың суретшісі Ерлан Тұяқов, сондай-ақ, «Үміт» дипломымен театрымыздың жас әрі талантты актрисасы Шехназа Қызыханова марапатталды. 

Көрермен ретінде Елордалық Жастар театрымен бәсекеге түсетін ұжымдарды қарап шықсам, әзірге жоқ сияқты... Бәсекесіз өнер болмайды. Ал, өздеріңіз кімді бәсекелес санайсыздар? 

-Қарсыластың осалы болмайды. Әр театрдың өз қыры бар, ұстанған бағыты бар. Кейбір театрлар ән айтқанды ұнатпайды. Ал кейбірі мықты драмалық, психологиялық қойылымдар қойғанды ұнатады. Себебі, соны ойнайтын мықты актерлары болады. Қарсылас демей-ақ қояйын, М. Әуезов театрының жолы да жөні де бөлек. Елордамызда Қ.Қуанышбаев театры бар. Сондықтан тынбай еңбек ету керек. Сонда шыңдала береміз деп ойлаймын.  

Театр репертуарындағы Гогольдің «Ревизор», Шекспирдің «Асауға тұсау» ерекше шоқтығы биік қойылымдар. Театрдың визиттік карточкасы іспетті. Өздеріңіз ел мен жерді көп аралайсыздар. Дәл осындай жаңа формада қойылған «Ревзизор» болмаса «Асауға тұсау» бар ма? 

-«Ревизор» қойылымын Өнер академиядасында ұмытпасам 2004 жылы екінші курста оқып жүргенде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың белді актер Дәурен Серғазин үзінді етіп қою үшін алды. Ролдердің барлығы біздің курстың балаларының оң жамбасына келді. Мінездеріне сай келді. Және театрымызға көптеген табыстар әкелді.  

Жастар театрының құрылғанына 13 жылдай уақыт өтіпті. Елорда жастарының бет түзейтіні де бой түзейтіні де осы театр десек артық айтпаған болар едік. Осы жылдар ішінде бірнеше марапатқа ие болдыңыздар. Алдағы уақытта жастар театрының бағыты өзгеруі мүмкін бе? Әлде дәл қазіргідей форма, стиль сақтала ма? 

-Алда не болатыны болашақтың еншісінде. Осыдан он жыл бұрын қойған спектакльдер өз көрермендерін енді тауып жатыр. Репертуарды таңдағанда өте үлкен кеңес болады. Талқылаймыз. Спектакльді өз ішімізде қалып қоймайтындай, ғұмырлы болатындай етіп таңдаймыз. Қойылымды әуелі актерлық шеберлікті бастағандай этюдтан бастап, дамыта береміз. Соңында әлемдік стандарттарға сай спектакль болады. Кейін кез-келген мемлекетке, фестивалге барғанда сөзсіз-ақ түсінікті спектакль болып шығады. Біздің ұстанымымыз «алдыңғы шепте» жұмыс жасау.  

Театрдың көп актерларын кинодан жиі көреміз. Өзіңіз бастаған, Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Мейірғат Амангелдин, Бақыт Қажыбаев, Ербол Төлеукеновтер кино әлеміндегі танымал актерлар. Театрға танымалдықтың ықпалы бар ма? 

-Әрине бар. Біздің актерлар киноға шақырғанда оның қаржылық жағына қарамай, киноның мазмұнына, сценариіне мән беріп, зерттегеннен кейін жауаптарын беріп жатады. Көңілдеріне ұнаған, айтары бар киноларға түсіп жүр. Сонықтан олар аз түссе де, жарқ ете қалады. 

Театрдың келер жылға жоспары қандай? 

-Келесі жылы қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Соған орай, Абай әндерінен «Жас Абай» атты мюзикл жоспарлап отырмыз. Екінші қойылым Мұстай Кәрімнің «Тастама отты, Прометей!» шығармасын мюзикл етіп қоюды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ, Шекспирдің «Гамлетін» келер жылы көрермендерге ұсынамыз. 

Сұхбатты жүргізген Толқын Сұлтан.