Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жеңіс Сейдоллаұлы: «Қазақтар рок-н-роллға билей алмайды екен»

«Өнер алаңы» хабарында жылдың қорытынды сұхбатын «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Сейдоллаұлы берді.

Хабар әдеттігідей сергіту сұрақтарынан басталды. 

Н.Тілендиев, Ә.Есбаев, Ш.Қалдаяқов, С.Бәйтереков, К.Дүйсекеев, Қ.Шілдебаев, Т.Мұхамеджанов сынды композиторларымыздың қазіргі кездегі ізбасарлары кім? 

-Біздің бір ағамыз айтып еді баяғыда: «Аз қалдық қой біздер» деп (күліп). Қазір ойланып шығаратын мықты жастар бар. Ғазизхан Шекербек, Бауыржан Өскенбеков, Ренат Гайсин, Бауыржан Есебаев сынды талантты жігіттер бар.  

Мәңгілік музыкалық шығарма қандай болуы керек? 

-Адам санасына әсер ететін мықты музыка болуы керек. Оған біздің халқымыздың дәстүрлі әндері жатады. 

Рок-н-ролл стилінде жазылған «Қияли қыз» әніңізді көрермен өте жақсы қабылдады. Неге осы стильді жалғастырмадыңыз? 

-Қазақтар рок-н-роллға билей алмайды екен(күледі). Сосын қоя салдым. Бізде «до-ре-ми-фа-соль-ля си-імісің» сияқты ән шығарсам деп жүрмін... 

Әнші, шенеунік, композитор. Қайсысы жаныңызға жақын? 

-Композиторлық жақын. 

Ең қымбат костюміңіз қанша тұрады? 

-250 000 теңгедей тұрады. 

Нұр-Сұлтанда Алматы сияқты шығармашылық орта қалыптасты ма?

-Қалыптасып жатыр.

Сіздің тек өзіңіздің авторлық әндеріңізді орындайсыз ба? Басқа композиторлардың әндері ұнамай ма? Әлде бұл стиль ме?

-Иә. Бір жағынан стиль деуге болады. Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтерековтердің әндерін тыңдап өстік. Ол кісілердің әндерін орындаймын.

Қазақстанда фонаграммамен ән айту жойыла ма?

-Жақын арада демеймін. ҚР мәденеиет және спорт министрі заңдарды әзірлеп жатыр. Бір-екі жылда біржақты етуге болады.

Бейнебаян түсіру әлі де өзекті ме?

-Әрине, жақсы формат болса, жақсы идея болса, түсіруге болады.

Әнші ретінде мақсатыңызға жеттіңіз бе?

-Мақсат деген биік дүние ғой. Әлі де талай дүние жасауға болады. Бірақ, әр нәрсенің өз уақыты бар. Кезінде небір ұжымдарда ән салдық. 500 орындық залдардан бастап ,15000-20000 орындық стадиондарда ән салған кезде, осы менің шыңым шығар деп ойлағанмын. Адамда арман біте ме?! Тоқтап қалмай, алға қарай ұмытыла беру керек.

Сахнада шашын бояп, сырға таққан інілеріңіз жүр. Оларды қолдайсыз ба?

-Олардың да болғаны дұрыс(күліп). Әлемдік шоу бизнестің заңдылығы. Бірақ қазақи қалпын да ұмытпаған жөн.

Сіз басшылыққа келгелі қандай өзгерістер болды?

-«Қазақстан» орталық концерт залына биыл 10 жыл болды. Мүмкіндігінше халыққа қолжетімді бағамен небір кәсіби артистердің концертін беріп жатырмыз және келген көрерменнің көңілі толып кетсе екен деп те тырысып жатырмыз. Елді аузына қарата алатын, дұрыс сөйлеп, биік деңгейде өнер көрсететін артистермен жұмыс жасап, ұсынып жатырмыз. Қайырымдылық мақсатта да түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүрміз.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы бірнеше ұжымдардан, жеке әншілерден құралған ғой. Оның ішінде «Астана Мюзикл» театрының орны бөлек. Былтыр Гиннестің рекордтар кітабына енген «Notre Dame de Paris» мюзиклін сахналадыңыздар. Одан кейін еш жерге қойылғанын байқамадық. Бұл не бір реттік қойылым ба?

-Дұрыс айтасыз. Бұл қойылымды Астана Мюзиклдің күшін көрейік, мүмкіндіктерін байқайық деп, шетелдіктермен келісім-шартқа отырып, қолға алғанбыз. Әлемде 70 жылдық, 100 жылдық тарихы бар мюзиклдер бар. Ал бізге енді келіп жатқан дүние. Астана Мюзикл құрылғанына көп болмаса да қойылымдарын шетелге апарып бағасын алып жүр. Сондықтан бұл ұжымның болашағы зор, үлкен үміт күтміз. Келер жылы еліміздің ірі қалалары Алматы мен Шымкентке апарсақ деген жоспар бар.

Сұхбатты толығырақ видео және аудионұсқадан тыңдай аласыздар.

Хабарды жүргізген Толқын Сұлтан.