Ешмұратова Құралай Халекетқызы: «Театрымыздың репертуары өте бай, жағдайы жоқ»

«Өнер алаңы» хабарының қонақтары – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген артисі, қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері Ешмұратова Құралай Халекетқызы және ҚР мәдениет саласының үздігі Салтанат Мағзым.

Қуыршақ театрының жарнамасы неге аз?

-Құралай Халекетқызы: Біздің театрда жарнама бөлімі жоқ. Бірақ оған қарамастан жастарымыз әлеуметтік желілерге шамалары келгенше жарнама жасауға тырысады.

Қазақтың қуыршақ театрына арналған ең үздік шығармаларын атаңызшы.

-Қуыршақ театрында ең үздік шығарма деп айту қиын. Себебі, әр театрдың өз жолы, репертуарлық саясаты бар. Қуыршақ театры Қазақстанда 1935 жылы құрылған екен. Биыл 85 жыл толып отыр. Ол барша Қуыршақ театрларының қара шаңырағы. Соған қарап бой түзейміз.

Қуыршақ театры саласындағы Құралай Ешмұратованың қолтаңбасы немен ерекшеленеді?

-Салтанат Мағзым: Құралай Халекетқызының қолтаңбасы ерекше. Бұл кісі Кеңес үкіметі кезінде КСРО халық артисі, Ресейлік театр актері, қуыршақ театрының режиссері С.В. Образцовтың шәкірті. Театрға 20 жасынан келіп, әлі күнге дейін театрдың тізгінін ұстап отырған ұлағатты ұстаз, білікті маман. Небір кәсіби театр сыншыларының сынынан сүрінбей өткен өнер майталманы. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Қуыршақ театрының негізін қалаушы, өнердегі екінші анамыз.

Өзіңіз балаларға арналған қойылым жазған кездеріңіз болды ма?

-Құралай Халекетқызы: Болды. Балаларға арнап шығарма жазу өте қиын нәрсе. Ол үшін көңілге түйгенің көп болуы керек. Баланың психологиясын біліуің және мықты жазушы болуың керек. Өмірімде бір рет «Қыз Жібек» пьесасының желісі бойынша қуыршақ театрына «Махаббат туралы аңыз» деген қойылым жазғаным рас. Неге десеңіз - кейде жазушылар қуыршақтың техникасын білмей жатады. Мысалы, қуыршақ қандай сөз айта алады? Ол көп сөйлеп тұра алмайды. Ол үнемі қимылдап тұруы керек. Қуыршақ пластикасымен көрерменді баурап алуы тиіс. Ал жазушылар қуыршақтың осындай мүмкіндіктерін біле бермейді. Мен «Қыз Жібек» спектаклін қойғым келгендіктен ғана жаздым. Және сол театрмен елордадағы жаңа театрдың шымылдығын аштық.

Бұл заман ақпараттық, технологиялар заманы. Киноиндустриясы қарыштап дамып жатқан тұста, қуыршақ театрына сұраныс бар ма?

-Құралай Халекетқызы: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халқымыз. Біз баланың тәрбиесіне көңіл аудармаймыз. Әлде менталитетіміз сондай ма... білмедім. Балаға ең жақын – ол «қуыршақ». Ол үлкендерге айта алмағанын қуыршаққа айтады. Тілі енді шығып келе жатқан баланың өзі қуыршағына былдырлап сөйлейді, ойын айтады. Біз қуыршақ арқылы баланы тәрбиелейміз. Сондықтан, «қуыршақ театры» өте маңызды, адамзатқа керек нәрсе.

Мәдениет министрі болсаңыз, нені өзгертер едіңіз?

-Құралай Халекетқызы: Бұл әрбір өнер адамның ойына келетін нәрсе. Ең алдымен бүкіл театрларды, өнер ошақтарына барып, өз көзімен көріп, репертуарын, тыныс-тіршілігімен танысу керек. Себебі, «Мәдениет министрі» деген ол барлық мәдениет атаулының әкесі не болмаса анасы. Сондықтан өнер ошақтарына әкедей, анадай қамқор болып қарау керек. Артық айтсам, кешіріңіз. Мысалы, біздің театрдың жағдайы жоқ. Үкіметке рахмет. Осы театрдың ашылуына қолдау көрсеткеніне. Театр – ол бала. Баланы өмірге әкелгеннен кейін аяғынан тік тұруына, ер жетіп қалыптасуына көмектесу керек қой. Артистеріміздің алдының 3-4 баласы бар. Жалдамалы пәтерде тұрады. Соның барлығын ойласам, жаным ауырады. Қазір шағын ғимаратта тұрып жатырмыз. Репертуарымыз өте бай. Бергенімізден береріміз көп. Әзірге күшім барда, денсаулығым барда бойымдағының барын бергім келеді. Керемет ғимарат болса, жарығы болса, 200-300 баланы қабылдай алсақ, бар күшімді, білімімді жастарға үйретсем керемет емес пе? Бірақ, өкінішке қарай қолым қысқа. Біз бірінші қабаттамыз. Үстімізде 4 қабат тұрғын үй екенін білесіздер. Жарық өшіп қалса, ол кедергі. Музыканы қатты шығарсақ, милиция жетіп келеді. Түнгі 10-нан кейін қалып жұмыс жасағымыз келсе, төбеміздегілер «неге шулайсыңдар?» дейді. Сөздің қысқасы, Нұр-Сұлтандағы Қуыршақ театрының жағдайы өте қиын.  

Еңбектеріңізге сай жалақы төлене ме, пәтер мәселесі қалай шешілуде?

-Құралай Халекетқызы: Пәтер мәселесі де жалақыға байланысты болып тұр. Еліміздегі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына жастарымыз құжат жинап жүгіріп жатыр. Ал алатын жалақысы 100 000 теңгеге де жетпейді. Сондықтан осындай бағдарламаларға қатыса аламай отыр.

Мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға көтеріледі деп еді...

-Құралай Халекетқызы: Иә. Бұл қуанарлық жағдай. Бірақ бұл тек театр артистеріне ғана. Ал сахна сыртында артистерден кем түспей еңбек етіп жүрген қызметкерлер ше? Берілсе, бәріне бірдей беру керек.  

Хабарды жүргізген Толқын Сұлтан.