Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

ДАРИҒА ТҰРАНҚҰЛОВА: «Халықтың тыңдауына, көруіне кедергі жасайтын тележүргізушілерден аулақ болу керек»

Саналы ғұмырын сахна, телеарна, радио сынды өнер алаңдарына шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз Дариға Тұранқұлова «Өнер алаңы» хабарының мәртебелі қонағы. 

Дариға Тұранқұлова – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Ерен еңбегі үшін», « Еңбек ардагері», «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.  

Қазіргі жас жүргізушілер сөйлемнің екпінін дұрыс қоймай не болмаса еркелеп, тістеніп, күшеніп жат қылықтар жасайтынын көріп жүрміз. , Әсіресе көшеден жаңалықтар таратқанда неше түрлі жағымсыз қылықтар көрсететіні жасырын емес. Бұл қайдан шыққан әдет? Әлде талап солай ма?  

- Соңғы кезде жастардың арасында қазақ тілінің көзін шығарып, мұрнын бұзып, тұрмыстық тілмен ғана экран алдына шығып, қалай болса, солай сөйлейтұғын адамдар көбейіп кетті. Оның үстіне біздің қазақ тілінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан үндестік заңдары бар. Оларды да дұрыс сақтамайтын әдеттер пайда болды. Сен жақсы оқы, таза айт, анық сөйле, «р» -ды анық айт, «с»-ны, «ң»-ды анық айт дегенмен, бұл білім болып қонбайды. Сондықтан менің жұмысым көбіне қара жұмысқа айналып кетеді. Өйткені мен өте көп жаттығулар жасатамын. Жаттығулар жасаған кезде байқайтыным, кейбіреулердің жағы қарысып қалған, кейбіреулер тілін тістеп сөйлейді, кейбіреулер «Р» әрпін дұрыс айтпайды, кейбіреулер «С» әрпін, кейбіреулер «Ң» дыбысын айтпайды. Қазір «Ң» дыбысын өте нашар айтып, бұл дыбысты айтпай кететұғын жастар көбейіп кетті.

Бұның барлығы мектептің жоқтығынан ғой. Мысалға, математик, есептің адамына, экономистің жұмысына өнер адамдарын апарып қойса не болар еді? Біз білімсіздігімізден халқымызды қарызға батырып, барлығын бүлдіріп, соңында сотталып кетер едік. Өзіңнің мамандығың емес нәрсеге бару үшін алдымен білім, бағыт алу керек қой. Әр арнаның, шоудың өзіндік стилі, мектебі, өзінің бағыты бар. Бізде драма, трагедия, комедия деп жанрларға бөлеміз ғой. Жанрларға бөліп тіршілікті жасау керек. Мысалға әдеби хабарды жүргізу мен жаңалық хабарды жүргізу бір бөлек. Өнер мектебінде сенің жасап жатқан жұмысыңның барлығына өзіңнің мінезің арқылы, өзіңнің түсінігің арқылы жан беруің керек. Өзің түсінбей жатып әрекет етуге болмайды. Біздің ата-бабамыз «сөз өнер дертпен тең» деп, сөз өнерін ерекше құрметтеген. Көрші мемлекеттерден алатын үлгілеріміз бар. Бірақ үлгіні аламын деп көшіріп алмай, алдымен ұғынып, жан-дүниеңмен сезіну керек. Басқа біреудің жасағанын қайталағанмен ешқашан биік жетістікке жете алмайсың.

Қалай ойлайсыз, біздің халықтың жасы да, кәрісі де, ақыны да өлең оқығанда бір сарынды көңілсіз етіп оқиды. Мысалы, орыс тілділер, тіпті балабақшадағы бүлдіршіндердің өзі бір шумақ айтса да, түсінікті етіп, актерлік шеберлікпен орындайды. Осының сыры неде? 

- Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында «сахна тілі» бойынша ірі жұмыстар атқарып жатырмыз. Бірақ біздің мұғалімдердің атқарып жатқан істері теңізге тамған тамшыдай-ақ. Бұны мен ылғи айтып жүрмін. Балабақшалар да, мектептерде мәнерлеп оқу деген бар. Егер балабақша, мектеп мұғалімдері өз білімдерін арттырғысы келсе, біз ешқандай қарсы емеспіз. Оқытып береміз. Бұл күнде балаларды ерте даму орталықтары көптеп ашылуда. Дұрыс айтасыз, халқымыз «балам аман болсын, өседі, адам болып кетеді» деген пікірде. Жапондықтар бала туғаннан кейін 5 жасқа дейін негізгі тәрбиені береді екен. Осы қалыпқа біздің де халық түсіп келеді. Ұстаздан дұрыс тәлім алған кішкентай бала бір өлеңді оқыса да ұғынып, ішіне жинақтаған түйсігін айтып, дәлелдеп бере алады.

Телеэкраннан сөйлеу бір бөлек, ал радиодан сөйлеу бір бөлек. Соның ара жігін ажыратып беріңізші.  

- Менің ұғынуымша, радио алдында сөйлейтұғын жүргізушілер микрофонмен достасады ғой. Олардың сырласатын адамы, өзінің қарым-қатынасы алдында тұрған микрофон. Яғни ол микрофонды шошытып үркітіп алмай, айғайлап кетпей, пафосқа салып дауыс ырғақтарын көтермей, шынайы сөйлеу керек. Радио жүргізушілерге өте қиын. Өйткені ешкімді көрмей тұрып, бүкіл ойыңды, санаңда тұрған нәрсені жеткізу оңай шару емес. Мен оны білем. Радиода әр сөзден кейін ентігіп демалмай, әр сөзді бөле бермей, тиянақты жеткізу керек. Жүргізушінің жүзін көрмей, тек дауысын ғана естіп отырған тыңдарманның санасына кіретіндей сөзді айту үшін радиожүргізушілер өте шебер сөйлей білу керек. Тележүргізушілерді айталық, бұлардың көбі экранда халықтың алдында кішкене ойнап, өзін-өзі көрсеткісі келіп, алдындағы мәтіннен, тақырыптан ауытқып кететін кейбір жүргізушілер болады. Бұлардың жауапкершілігі тіпті қиын. Сондықтан иықтары, мойындары сіресіп қалады, бастарын көп қозғалтады, үндестік заңдарын бұзып сөйлейді. Сөздері тым қатал болады. Халықтың тыңдауына, көруіне кедергі жасайтын тележүргізушілерден аулақ болу керек. Ол халықты көрмесе де, ол санасымен, ол өзінің алдында тірі адамның тікелей көріп-тыңдап отырғанын, оның түріне, оның сөз саптауына, оның ойына-пікіріне, айтып тұрған тақырыпты жеткізіп тұрғанына мән беріп отырған үлкен қауым бар екенін еш уақытта естерінен шығармау тиіс. Ол үшін сахна тілі деген пәннің техникалық жаттығуларынан өтіп, экранның алдына шығу керек.

Дариға апай, ел алдында жүрген ағаларымыз, апаларымыз сөйлегенде сөйлеу мәдениетінің қай деңгейде екені, тілін қаншалықты құрметтейтіні аңғарылып тұрады. Осындай ел алдында жүретін ханымдар мен мырзалардың да тілін дұрыстау керек шығар.  

- Бұл үлкен кісілер мамандардан шеберлік сабақтарын алуға болады. Олардың мүмкіндіктері көп қой. Егер біз секілді мамандарды шақыратын болса, ол кісілердің бойындағы кедергі жасап тұрған нәрсенің бәрін алып, біз бағыт бере аламыз. Өнер академиясында отырып «мені шақырса, осыны жөндеп жіберер едім» деп ойлайтыным рас. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Көпшілігі сыннан қорқады. Барлығы тек сылап сөйлегенді жақсы көреді. Кемшілігіңді түзеп алмасаң, ауруың жазылмайды ғой. Аурудың өзін көзін тауып емдемесең, ол адам өледі. Біздің тіліміз де сол әзірге дертті болып тұр.

Қазіргі телеарналар жас жүргізушілерді үлкен, салмақты хабарды жүргізуге алады. Неге соңғы жылдары тәжірибелі аға-апаларымыз эфирден шеттеліп жүр? Ақылы толыспаған бойжеткен мен бозбала өзінің «сыртқы келбетім қалай болып тұр?» дегеннен басқа көздерінен ой көрінбейді. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?  

- Мен де осыған қайран қаламын. Өмірден жинақтаған білімі мен тәжірибесі бар қаймаққа айналған адамдарды қуып жіберген дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ экран, теледидар алдына көп шыға бермеймін. Жас кезіміз емес, қажеттілік туындаған кезде ғана шығамын. Біз айтатын ой біздің замандастарымыздың бәрінде бар. Оны шеттетудің қажеті жоқ. Ойың болып тұрса, айтатын пікірің бар болса, білімің жетіп тұрса неге айтпасқа?! Біз қазір бәріне келісіп қойдық. Қазір етіміз үйренді. Мысалға, жап-жас бала кездесуге шақырып жатады, оны шығарады, бес-алты ауыз сөзден кейін аржағында айтары жоқ, әйтеуір эфирдің уақытын бітіреді.

Дариғаның ақ тілегі: Алдымен барлығына денсаулық тілеймін. Екінші, бақыт пен байлық қой. Бір-ақ ауыз сөзбен айтқанда, бақыттың ішінде әрбір ісіңнің оңалып, балаларыңмен көгеріп отырсаң, оның барлығын «бақ» деп есептеу керек. Ал одан кейінгі байлық – рухани байлық, жанның байлығы. Бұл байлық бізге артық етпейді. Өйткені, біздің халқымыз бай болып, толыққанды өмір сүруге хақы бар. Халқыма тыныштық, денсаулық, бақ, байлық тілеймін.  

Хабарды дайындаған әрі жүргізген Толқын Сұлтанова.