ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ: «Жалған ғылымды қойып, тікелей түпнұсқамен жұмыс істеуіміз керек!»
«Түркі әлемі» хабарының бүгінгі қонағы жазушы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.
Тұрсын Құдагелдіұлы, хабарымызға хош келдіңіз. Бүгін Сізбен түркітану ғылымы тақырыбында әңгіме өрбітсек деп отырмыз. Қазіргі қазақ даласын үлкен өркениеттердің орны, оның ішінде «түркі әлемінің бесігі» деп айтамыз. Бірақ әлі күнге дейін шетелдік ғалымдардың еңбектерін алға тартып, мысал етеміз. Европалық, Ресейлік тіпті Моңғолиялық ғалымдар түркі дүниесін өзімсініп зерттеп келеді. Түркология ғылымы неге әлі күнге дейін бір ізге түспеді? Неге біздің ғалымдар осы салада үлкен жаңалықтар аша алмай отыр?
- Бұл күрделі, шешілмеген және таяу уақыттарда шешіле қояды деп күтудің өзі де қиын сұрақтардың бірі. Себебі – мен өзім ғылыми жұмыс мәселесімен айналысып жүріп, осы сұрақтарға жауап іздеп, шешімін шешуге міндетті қызметтердің бірін атқардым. Сол атқарылған еңбек еш кетті. Неге? Бұлардың түпкілікті себебін өзің айтып отырғандай, бізде түркология ғылымына еріннің ұшымен, жалаң кеудемен қараймыз. Қазақстанда тікелей осы мақсатта құрылған кафедралар, бұл ғылымды зерттеуге арналған арнайы университеттер де, ғылыми орталықтар да ғалымдар да бар. Бұлардың алдының құрылғанына 30 жыл толып отыр. «Түркологияда» мойныңды бұрғызып қарататындай қандай түбегейлі істер атқарылды? Бұл ретте Қаржаубай Сартқожаның көне түркі жазуларының III томдық атласын атауға болады. Тікелей немесе жанай қатысым болғандықтан ашық және ашына талдап кетуге болмас, бірақ аса күйінішпен айтарым, «түркология» ғылымына үгіт-насихат, мақтан тұрғысынан қараймыз.
Жаңа мәтіндер оқылды ма? Немесе олардың тұжырымдамасы жасалды ма? Қай еңбек түркологияда «еңбек» болып есептеледі? Менің білетінім жалғыз Қаржаубай Сартқожа күні-түні, қысы-жазы тынбай еңбектеніп жүр. Мен жұмыс істейтін Еуразия Ұлттық университетінде «түркология» бөлімі де, кафедра да бар. Бірақ бізде көне сына жазуын оқи алатын жалғыз Қаржаубайға онда орын жоқ. Кезінде түрік тілін «түркология» деп оқытты. Бірақ «түрік тілі» бір басқа, «түркология» бір басқа. Өзге түгілі мына бүйрегімізде жатқан өзімізге етене, көкбауырымыз сияқты Алтай өңіріндегі түркологияға қатысты таңданарлық жаңалықтардан біз не білеміз? Біздің таңданатынымыз баяғы Европалық түркологтар. Түркология кафедраларында солардың дәрістері өтеді. Өзің моңғол ғалымдарының белсене, өзімсіне түркологияны зерттейтінін айттың. Дұрыс. Олар тереңдеп кетті. Әлем таңқаларлық жаңалықтар ашты, қазды. Әрине, өз мемлекетінің қаржысына байланысты. Егер моңғол ғалымдары түркологияға қолқанат болып, септігін тигізіп, өрісін кеңейтпегенде қазақстан ғалымдары қандай тыныспен дем алар еді? Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев сынды біздің археологтардың ашқан жаңалықтары бар. Ал басқалары қайда? Бізде 40000 беттік қолжазбалар бар. Біз соның 8-9 ғасырдағы бір мәтінді аудардық. Ал өзге ғалымдар не істеп жатыр? Бірін бірі көшіріп басады да жаңадан шығара береді. 2001-2005 жылдары бір леп пайда болған. Сол леп басылды да қайтадан көшіріп бастауға көштік. Бұл үлкен кемшілік. Біз жалған насихатты, жалған мақтанды, жалған ғылымды қойып, тікелей түпнұсқамен жұмыс істеуіміз керек! Моңғолияда ашылып жатқан жаңа ескерткіштер, жаңа жазулар бар. Алтай, Тыва, Хакас тіпті Қаратеңіз жағалауында ашылып жатқан тікелей түркологияның олжалары. Соған қай қазақ ғалымының үлесі бар? Қарап тұрсаң бәрі «түрколог». Бірақ «жалған» ғылыммен айналысады. Өкінішті. Мен бәрін жоққа шығармаймын. Бар. Бірақ «трафарет». Түркінің сына жазуын білмей тұрып қалай «түркологиямен» айналысуға болады?!
Біз сақтардың ұрпағымыз деп ұрандауға бейім халықпыз ғой. Бірақ әлі де болса тарихымызды жіті танымай жүрміз. Жамбыл Артықбаев ағамыздың «немістер біздер де сақтан тарадық десе таңқалмаңдар» дегені бар еді. «Сақтарға» жатамыз деген сөздің нақты дәлелі қандай?
- Менің ойымша өркениет тарихы, көшпелі әлемдер, ауыспалы қоныстардың ең бастысы – тіл. Көне тілдік негіздер оның түп тамыры болып табылады. Өйткені тіл – бүкіл көзқарасты, тағдырды, өмірді анықтап беретін фактор. Соған қосымша заттай айғақтар бұлар - ҰЛЫ ОЛЖА. Түркі әлемінің жалпы тарихын, бір тұжырымдап әлемдік өркениеттің құрамдас және негізгі қозғаушы күші, бөлігі ретінде қарастыратын уақыт өтіп кетті. Алғашқы бетбұрыстардың басталғанының өзіне 130-150 жыл өтіп кетті. Одан кейін дүние бірнеше рет аударылып түсті. Бірақ біз әлі В.Томсон, Н.Ядринцев, В.Радловқа тамсанумен келеміз. Біздің әлі тағдырымыз қалыптаспаған сияқты. Мен Қытай жеріндегі ғұндардың, түріктердің, қазақтардың тарихына қатысты негізгі мәдени ошақтардың, жерін, қазбаларын олардың туралы жарияланған ғылыми материалдарға көз қиығымды салдым. Адам таңқаларлық деректер бар. Мысалы, ішкі Моңғолиядан табылған таста "Кеше Асан ата жел маясына мініп, хан ордасына келді" деген жазу бар екен. Енді соны тарқатып беретін адам жоқ. Қытайда «түркітану» деген ұғым жоқ. Оларда оның барлығын «ұйғыртану» деп атайды. Олардың иероглифтерінде «түрік» деген сөз «жауыз, тағы ит» деген мағына береді. Олардың түркілерге көзқарасы иероглиф бойынша мүлде басқа. Ал сол тарихтар біраз уақыт өткен соң табылған күйінде тұңғиыққа кетеді. Ал менің қауіпім, сол тұңғиықта мәңгілік құртылып кетпесе деп ойлаймын.Түркі халықтарының ең көне қорымы қайда? Ол Бейжіңнен бес жүз шақырым жерде орналасқан. Енді зерттеуді қайдан бастау керек екенін ойланып көріңіз. Сонда түркілердің тарихын қайдан алуымыз керек? Қазақ тарихшыларында бір түсініксіз шарттылық пен бөлінушілік бар. Біз қазақ хандығының түп тамыры Моғолстанды қазақ тарихы деп есептемейміз. Егер Керей мен Жәнібек Есенбұғаға келіп, Балқаштың жағасына қоныстанбаса қазақ хандығы болар ма еді жоқ па еді?! Егер қазаққа қатысы болмаса, онда неге қазаққа хандығын берді? Неге Есім хан Түркістанды тастап жеті жыл бойы Қашқар, Ыстықкөл, Хан тәңірі, Құлжа бойында хандық құрып тұрды? Егерде Қоқан хандығы, ішкілік қырғыз, өзбек, біз 1872 жылға дейін патшаға қарағанға дейінгі тарихты толықтай қайта қарамасақ, қазақтың тарихы айдалада қалады. Егер біз шын мәнінде түркологияның түбін зерттейтін болсақ, Мәнжудің, Қиданның, Моңғолдың тарихын зерттеуіміз керек. Мен бергі Моңғолия Республикасын айтпай-ақ қояйын, Қытайдың ішкі өлкесінде, қытайға қарасты Моңғолия автономиясы бар. Ол 5 аймақтан тұрады. Соның 4 аймағында Керей (қазіргі Ордоста), Жалайыр (Мәнжур мен Ордас ойпатында), Наймандар (Найманши аймағында), Алшындар (Алшын аймағында), Қоңыраттар (қиыр шығыс Құрымбел аймағында) мекендейді. Оларды аралап, сөйлессеңіз сөздерінің 30-40 пайызы түбірлес сөздер. Мысалы: төркін, қос қоңыр.т.б. Қазірге дейін олар арбаны «қазақы арба» дейді. Ал Найманшиде қазақ хандығының бірінен кейін бірі салынған алты қорғаны тұр. Ең Ұлы қорғанда 8-9 қабат, ал мынау алты қабат. Найман хандығы екіге бөлінгеннен кейін шықты. Наймандардың тотемі «бұқа». Бұқа өзені Найманши аймағының солтүстік шығысында тұр. Осы күнге дейін олар ол өзенді киелі деп санайды.
Құрымбелде аэропорттан түскен бетте аспанмен таласқан ескерткіш тұр. Кімнің ескерткіші десек «Бөртенің ескерткіші» деді. Содан бүкіл Құрымбел жазығын «Бөрте жазығы» дейді. Найманши аймағында Тататұнға жазуының ғылыми орталығы бар. Сол жерде олар 10-15 кітап шығарыпты. Ал Ордостағы Шыңғысханның ордасын Керейлер ұстап отыр. Ең аяғы үй жинаушыларына дейін керейлер. Себебі біз соның ұрпағымыз дейді. Екінші ретте наймандар, үшінші ретте қоңыраттар. Ал ең сыртқы қорғанға жалайырлар жауап береді екен. Ал Жалайыр Мұқылайдың зираты сол жерден 200 шақырым жерде. Өзім барып тәу етіп қайтқанмын. Сондықтан да бұл түркологияны бір жиын-терінге келтіру керек. Сөзіңнің жаны бар. Түркология шашылып кеткен, әркім өзінше пікір айтып, қорытынды шығаратын шашыранды ғылым болып кетті. Бәрін біріктіретін бір тұжырым жасау керек. Әр ұлт пен ұлыс өзіне тарта берсе, «Түрік бірлігі» деген бос сөз.
Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан.