Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақ радиосының тыңдаушылары Саят Медеуовтен саясаттан кетпеуін сұрады

Қазақ радиосының тыңдаушылары Саят Медеуовтен саясаттан кетпеуін сұрады
Өткен жылдың сәуір айында жұртшылыққа танымал әнші Саят Медеуов Алматы облысы, Қарасай ауданының №14 округіне Мәслихат депутаты болып сайланған еді.

9 айдан бері депутаттық қызметте жүрген әнші тындырымды істері туралы жария еткісі келмеді. Себебі, халықтың сынына қалғысы келмейтін көрінеді.

Сұхбат барысында Саят Медеуов депутаттық мансапқа лайық еместігін тілге тиек етті.

«Бұл менің орным емес, бірақ амалдың жоқтығынан жүрген жайым бар», - дейді әнші.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері өзіҚарасай ауданының тұрғыны. Сондықтан, әншіні ел ішіндегі өзекті мәселелерді білетін болғандықтан, осы орынға ұсынған екен.

Алайда, халықтың қаңқу сөзі Саяттың сағын сындырғандай.

«Мен сайланған кезде неше түрлі сөздер болды. "Ақшасы таусылған ғой. Халықты қанайын деген ғой. Халықты жейін деген ғой" - деген сияқты небір әңгімелер болды. Сол кезде мені тағайындаған Махаббат ағаға да хабарласып: «Аға, мені бекер ұсындыңыз ғой», дедім. Сонда ол, досымсың ғой, досым болсаң шыда деп, қысқа қайырды. Амал жоқ, енді шыдап жүрмін. Өзінің қиындықтары бар. Оңай дүние жоқ. Келе салып мынаны қопарып жіберемін деген, ағысқа қарсы жүзгенмен бірдей», - дейді депутат.

Бағдарлама барысында хабарласқан тыңдармандар әншіге жігер сыйлар жалынды сөздерін жеткізді.

«Өмірде биязы болуымыз керек, өте тәрбиелі болуымыз керек. Үлкеннің жолын кеспеуіміз керек. Біреудің бетін қайтармауымыз қажет. Бірақ біздің, Қаскелең ауданында неше түрлі адамдардың шоғырланған жері. Сондықтан, мен Сізге кеңес берер едім. Бұл қызметтен қашпаңыз. Пісу керек. Әрбірінің көңіліне қарай бермеу қажет», - дейді Қазақ радиосының тұрақты тыңдарманы Гүлжамал апай!

«Мен өзім Саят Медеуовті өзімнің баламдай жақсы көремін. Айналайын, Саятжан, сен ел үшін қаншама жақсылық алып келіп жүрсің. Депутат болғанда да, сол халықтың жағдайын ойлайсың ғой. Халықтың жоғын жоқтайсың ғой. Сен депутат болсаң да, күшті Депутат боласың!», - дейді тағы бір тыңдарман!

Оңтүстік Қазақстан облысынан Үржан апай да хабарласып, өз пікірін білдірді.

«Сенің айтатын әндеріңнің бәрі мәнді. Рахаттанып тыңдаймыз. Әкім қолдап, депутаттыққа сайлап жатса, бұл деген сөз Құдайдың саған берген тапсырмасы. «Мен жастарға сенемін», - деп Жұмабаев айтып кеткен. Сонда айтады ғой, Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, Кім жанады лапылдап дейді. Сондықтан, Нағыз билік басына келетін кемел жастасың. Сенің жүрегіңде иманың толық. Халыққа сәулеңді беруің керек. Әнмен ғана емес, қоғамдағы болып жатқан нәрселерге үлесіңді қосқаның дұрыс. Хадисте бар емес пе, тек қарақан басыңды ғана ойлама, халықты да ойла», - дейді тыңдарман!

Сұхбат барысында Мәдениет саласының үздігі Саят Медеуов шәкірт тәрбиелеу ісін де дұрыс жолға қойғанын тілге тиек етті.
Ізінен ерген інілері Болат пен Ұланға жол көрсетіп, бар ақылын айтатынын жеткізді.