Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Малайзияға қалай баруға болады?

Малайзияға қалай баруға болады?
Малайзия - Азия құрлығындағы ең көп ұлтты мемлекет. 28 миллион халқы бар бұл елде жергілікті малай халқынан бөлек қытай, үнді және т.б.этникалық топ өкілдері өмір сүреді. Сондықтан, мұнда барлық туристі жатырқамай, құшақ жая қарсы алады.

Малайзияда туризмнің дамығаны соншалық 2015 жылы бұл елге келген туристер саны 25 миллионнан асып, жергілікті халықтың санына жетуге жақындаған.

Көпшілік қазақстандық туристер Малайзияны, соның ішінде астанасы Куала- Лумпурды Азия құрлығындағы Тайланд, Камбоджа, Сингапур, Филлипин аралдары мен Индонезияға өтер транзиттік қала санайды. Ал, кейбіреулері Куала - Лумпурды Дубайға ұқсатып, бұл жерге тек шоппинг жасау үшін екі үш күнге ғана келеді. Мұнысы бекер! Олай дейтінім, бұл мемлекет өзіне арнайы көңіл бөлуге лайық. Малай елінде жылдың төрт мезгілінде де жаз маусымы. Ауа температурасының жылдық орташа көрсеткіші +25-28°C градустан төмен түспейді.

Сонымен, мұндай ғажап ел Малайзияға қалай жетеміз? Қуанышымызға орай, біздің елімізде Алматыдан Куала-Лумпурге аптасына үш рет ұшатын әуерейстер бар. Екі қала арасындағы жол ұзақтығы - 8сағат. Билеттердің барып келу бағасы 200-250 000 теңге. Егер Малайзияға саяхатыңыздың уақыты белгілі болса, билет мәселесін кейінге қалдырмаңыз. Неғұрлым ертерек қамдансаңыз, соғұрлым арзанырақ бағамен билет аласыз. Әдетте, Малай еліне екі үш ай бұрын алынған билет бағасы 150 000 теңгеге шығуы да ғажап емес.

Ал, енді билетіміз қалтада, келесі кезек визада. Қуана беріңіздер! Малайзия қазақстандықтарды визасыз ақ қарсы алатын, екі ел арасында оңтайлы достық қарым-қатынас орнаған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, егер сіз бұл елде 30 күннен артық аялдамайтын болсаңыз, виза мәселесін еш уайымдамай-ақ жолға қамдана беруіңізге болады. Тек Куала -Лумпурге кірер шекарада елге қайтар немесе келесі көрші мемлекетке өтер билетіңізді көрсетуіңіз керек болады. Сондықтан, әуежайға шығарда билетіңізді қағазға басып шығарып алуды ұмытпаңыз.

Билетіңіз алынды. Виза мәселесі оңай шешілді. Ендігі кезекте саяхатыңыздың түрі мен көру керек көрнекі орындарды анықтап алу қажет. Бір жақсысы бұл шағын мемлекетте теңіз, мұхит жағасында қыздырынып, демалатын әйгілі Реданг, Лангкави, Тиомансекілді аралдар бар. Мәселен, Реданг аралынан тура Баунти шоколадының жарнамасындағыдай көк лагуна мен аппақ құмның аясында иіліп тұрған пальманың жанында арманыңыздағыдай уақыт өткізе аласыз. Ал егер таңдауыңыз Лангкавиге түссе, сіздің жолыңыздың болғаны. Ланкгавиде әдемі жағажайлармен жүріп, теңізге шомылып қана қоймай, таулар арасындағы аспалы көпірге бармай кетпеңіз. Тау шыңы мен бұлттар арасында ұшып жүргендей күй кешу мүмкіндігі күнде бола бермейді. Ал, Тиоман аралына таңдасаңыз, тіпті керемет! Малайзияның бұл аралы әлемдегі ең әдемі аралдардың ондығына кіреді. Мұндай сұлу аралда демалудың өзі бір ғанибет.

Түсінемін, араларыңызда өзім сияқты жағажайдың жанында ұзақ жата алмайтын,белсенді демалысты жақсы көретіндер бар. Жүрген жерін зерттеп, танығанды сүйетін жиһанкездер үшін Малайзияның ұсынар кереметі көп. Ол үшін бас қала Куала Лумпурге тоқтаңыз.

Малайзияның астанасын тануды әлемдегі ең биік егіз мұнаралар Петронастан бастаңыз. Ислам сәулетінің үлгісіндегі бұл ғимарат 88 қабаттан тұрады. Қаланың қай бұрышында жүрсеңіз де мен мұндалап тұратын алып егіз мұнаралар Куала Лумпурдің символы десек те болады.Қаланы үстінен көргіңіз келсе, Менара мұнарасына барыңыз. Мұнараға кіру тегін. Алайда, ең жоғарғы қабатына шығу үшін сол жерде орналасқан мейрамханадан бір сусын сатып алу керек. Сіз үшін панорама қызықты болса, көп ойланбастан сусынға ақша шығара салыңыз. Көргеніңіз сізді еш өкіндірмейді. Әсіресе, күннің батар кезінде көтерілсеңіз, көкжиектен жалқындап батқан күнді көріп, қаланың әдемі реңге оранғанын тамашалай аласыз. Сонымен қатар, Куала Лумпурдегі үнділер ауданы Кішкентай Үндістан мен қытайлар тұратын Чайнатаунға арнайы барыңыз. Ол аудандарда өзіңіздің Малайзияда жүргеніңізді ұмытып, Қытай, Үндістан елдерінде жүргендей әсерге бөленесіз.

Бұл елде балалардың демалысы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Қаланың әр жеріндегі балалар ойынына арналған тегін, таза, күзет қызметімен қорғалатын саябақтар көп. Ол аз десеңіз, балаларды қала ішіндегі Sunway Lagoon аквапаркіне апарыңыз. Қала сыртындағы балалар мен жастарға арналған тау басындағы Гентинг Хайлендзте көңілді уақыт өткізуге болады. Сол секілді Куала-Лумпурден жарты сағаттық жерде орналасқан Шах Алам қалашығындағы I CITY орталығына келсеңіз, миллиондаған неон шамдарымен көмкерілген саябақта ертегі әлеміне еніп кетесіз. Жаныңыздағы балалар оқушы жасында болса, олар үшін Петронас мұнараларында орналасқан Дискавери танымдық орталығы қызық болатындығы сөзсіз. Сонымен қатар, балалар қала ортасындағы экзотикалық құстар бағы мен көбелектер, орхидеясаябағын аралау арқылыбілімдерін біраз толықтыруға үлкен мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, қаланың орталық вокзалына жетіп алып, сол жерден алынған билетпен Малайзияның жаңа әкімшілік орталығы саналатын, табиғатпен үйлесімділікті сақтау қағидасымен салынған өте таза, өте жайлы жаңа қала Путраджаяға баруға болады. Бұл қалашыққа жету билетінің бағасы 10 рингит. Қайтарда да солай. Табиғи жолмен түзілгеніне 400 миллион жыл болған, алдында аспанмен таласқан үндістер құдайының алып мүсіні бар Бату үңгіріне де дәл осы вокзалдан аттанасыз. Үңгірге кіру тегін. Қаладан үңгірге жету билет құны 4 рингит.

Қорықпаңыз, Малайзия еліндегі қоғамдық көлік мәселесі жолға қойылған. Электричкасы да, пойыздар да, автобустары барлығы кестемен, уақтылы жүріп, діттеген жеріңізге уақытылы жеткізеді. Куала Лумпурдің орталық вокзалынан бөлек ТБС автобустар терминалы бар. Ол жерден бас қаладан 2 сағаттық жерде орналасқан бұрын португалдардың, голландтардың, ал одан кейін британдықтардың отары болып,Малайзияның тәуелсіздік алуында біздің Ұлытаудай роль атқарған ежелгі порт қалашық Мелакаға баруға болады. Сол секілді әлемдегі әдемі шай плантацияларының бірі Камерон Хайлендзке де осы TBS автобустар терминалынан жүресіз. Жету билет құны 35 рингит.
Ал, араларыңызда квест ойынын жақсы көретіндеріңіз болса, осы вокзалдан Малайзияның Джорджтаун қаласына аттаныңыз. Бұл қаланың өзіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристердің ағылу себебі оның көшелеріндегі қабырғаларға әлемдегі әйгілі графитти шеберлері үлкен, әдемі, әркімге ой салар суреттер салуында. Сіздер де келіп көріңіздер.

Малайзиядағы саяхатымыз сәтті өту үшін сіздерді келесі нұсқаулықтармен таныстырайын.
Бұл елге өзімізбен бірге не ала жүру керек, алдымен соған тоқталайық. Малайзияда Азия еліндегі жануар, шыбын шіркейдің сексен пайызы тіршілік етеді. Көңіл күйіңізді бұзатын ол маса. Сондықтан, масадан қорғану үшін оған қарсы спрей немесе гель ала келгеніңіз дұрыс болады. Күннің ыстығынан қорғану үшін SPF кремдеріңізбен көзілдіріктеріңізді де ұмытпаңыздар. Ең бастысы бұл елде күн ыстық, ауасы ылғалды болғандықтан таксиде де, қоғамдық көліктің қай түрінде де кондиционер қосулы тұрады. Сондықтан, тұмауратып, суық тиіп қалмас үшін қаншама жылы жаққа барсаңыз да бір күртеше немесе жемпір ала келгеніңіз абзал.

Бұл елде жұмсайтын ақшаңызды доллармен әкеліп, Малайзияға жеткен соң оны жергілікті рингитке айналдырғаныңыз жөн болады. 1 рингитіңіз 83 теңге. Жергілікті халық сауда, қызмет көрсету саласында да ұсақ купюралармен жұмыс істегенді жөн көреді. Бұл елдің осал тұсы пластикалық карталармен жұмыс істеу жүйесі әлі жолға қойылмаған. Сондықтан, қолма-қол ақша әкелгеніңіз өзіңізге жақсы.

Жергілікті халық өте сыпайы. Өздері ислам дінің ұстанатын болғандықтан сіздің мұсылман екендігіңізді білсе, сізге бұрыннан бетер жылы қарайтын болады. Дегенмен, кез-келген жағдайда әдептен аспаңыз. Мешіт, ғибадатханаларына қымбат, жалт-жұлт еткен киіммен келуге болмайды. Мұндай қасиетті орындарға кірерде міндетті түрде аяқ киіміңізді шешіп кіріңіз. Амандасқан кезде әйел адамдардың қолын алмай-ақ сәлем сөзімен шектеліңіз. Тамақ ұсынған кезде тек оң қолыңызбен алыңыз. Мұсылман елі болғандықтан олар мұндай сәттерге үлкен мән береді.

Тамақ демекші, бұл елдің тағамдары өте дәмді. Алайда, біздің қазақтарға ет жемей бірнеше күн өткізуге тура келеді. Себебі, малай елінің асханасы көп жағдайда күріш пен тауықтың, не болмаса күріш пен балықтың түр-түрін ұсына береді. Күріштен жалығып, асқазаныңыз ет сағынып, мазаңыз қаша бастаса, Куала-Лумпурдің төрінде «Астана» деп аталатын тек қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын мейрамханасына келіңіз.

Малайзия - Азия елдерінің арасындағы ең қауіпсіз мемлекеттердің бірі. Дегенмен, құнды дүниелеріңізді назарыңыздан тыс қалдырып немесе түн ортасында бір өзіңіз жүретіндей босаңсуға болмайды.
Ал, ең бастысы сақтықта қорлық жоқ деген саяхат кезінде сенімді болу үшін қанша қауіпсіз ел болса да медициналық сақтандыру полисін жасатып алыңыз.