Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қысқы демалысты қайда өткізген дұрыс?

Қысқы демалысты қайда өткізген дұрыс?
Қыс кезінде қол жетімді бағамен демалуға болатын курорттың бірі – ол Бурабай. Бұл жер тек жазғы демалыс үшін қолайлы деп ойлайтындар бар. Алайда, олай емес. Бурабай курортының барлық қонақ үйлері, шипажайлары жыл бойы қонақ қабылдай береді.

Ал, курорттың айналасындағы табиғат қыспен келген сұлулық пен мүлгіген тыныштықтың арқасында келушілерге бұл жерде уақыт тоқтап қалғандай әсер сыйлайды. Бурабайға демалысқа келсеңіз, осы мекеннің әр түкіпірін жақсы білетін тәжірибелі гидтердің қызметіне жүгініп, жердің тарихымен етене танысуға мүмкіндігі бар. Ал, белсенді демалысты жақсы көретіндеріңіз, үлкен төбешіктен сырғанап немесе квадроциклді жалға алып, ұлттық паркті өз бетіңізбен аралап кетуіңізге болады.

Кішкентай балалармен келушілерге Бурабайдың үлкен сыйы бар. Ол қазақстандық Лапландия! Иә, Финляндия елінде орналасқан Санта Клаустың Лапландиясын өз елімізде де қызықтауға болады. Қалайша дейсіздер ғой. Бурабай ұлттық паркіне жетіп алсаңыздар болғаны.

Еліміздің Бурабай секілді туристік аймағында адасып Лапландияға жол таппай қаламыз деп қорқудың еш қажеті жоқ. Бұл мекендегі әр демалыс орны, қонақ үйлер бойынша қала ішінде нақты бағдарлар көрсетілген. Риксос Бурабай қонақ үйін тауып алсаңыз, жанындағы ертегі әлеміне ұқсайтын үлкен кешенді көресіз. Бұл кешенде 2012 жылы әдейі отбасылық демалыс үшін ашылған Аяз Ата резиденциясы орналасқан. Аталмыш кешен тек қыс маусымында ғана жұмыс істейді. Сондықтан, дәл осы әдемі кезеңді пайдаланып, үйіңіздегі кішкентайлармен бірге балалық шаққа саяхат жасауға Аяз Атаға қонаққа келіңіздер.

Қазақстандық Лапландияға келген бала Аяз Атаға хат жазып, сол жерде оның құлағына өз тілегін айтып арманын орындай алады. Сонымен қатар, Аяз Атаның үйінде әлемнің жеті кереметін аралап, «Эльфтар мектебі» мен «Сыйлықтар шеберханасын» көріп, сол жердегі сабақтарға қатысады. Қолөнер сабақтарында таңдаған сыйлығын жасап, өзімен бірге алып кете алады.

Осынау ғажайып әлеммен танысқаннан кейін балалар бірден сыртқа шығып, таза ауада иттерді немесе бұғыларды арбаға жегіп сырғанауына болады. Сондай ақ, Аяз Атаның ауылындағы мұз қалашығында көңілді уақыт өткізіп, шамандардың үйлерінде өмір сүрудің қандай болатынын көреді.

Айтпақшы, қарнымыз ашып қалады ау деп уайымдаудың жөні жоқ. Кешендегі мейрамханаларда өзіміздің бауырсақтан бастап, скандинавиялық асханадағы тағамдардың түр түрі бар. Бұдан бөлек, кешеннің айналасындағы қарағайлы орман, тау, көлді көріп, таза ауадағы көңілді, белсенді демалысыңыз естен кетпес ерекше әсер қалдыратындығы анық.

Қазақстандық Лапландия желтоқсан мен қаңтар аралығында жұмыс істейді. Жұмыс уақыты сағат күндізгі 11.00-ден кешкі 18.00-ге дейін Аяз Атаның резиденциясына кіру ересектерге 1500, балаларға 1000 теңге. Аяз Атамен фотоға түсу бағасы 1000 теңге.  Бұғы немесе иттерді арбаға жегіп сырғанау ересектерге де, балаларға да 2000 теңгеден.  Сырғанауға жалға коньки алатын болсаңыз, ересектерге 1000, балаларға 500 теңге.  Сол жердегі мейрамханадан түстену орта есеппен бір адамға-2000. Шамандардың үйіне кіру үшін бір мыңдықты қолға ұстатасыз.  Сонымен, Қазақстандық Лапландияда бір адамға жұмсалатын қаражат кем дегенде 10 000 теңгені құрайды.

Сондай ақ, елімізде қысқы демалысты керемет өткізуге барлық жағдай жасалған, алайда біршама қаржыны қажет ететін Шымбұлақ тау шаңғылық курортының бар екенін естеріңізге салайын. Алматы маңындағы Іле Алатау шатқалында орналасқан Шымбұлаққа Алматының өзінен такси, қоғамдық көліктерімен оңай жете аласыз. Бұл курорттың келушілер үшін бір қолайлы тұсы да осы. Қаланың дәл жанында орналасқан. Тау шаңғылық курорты 2500 метрбиіктікте орналасқан. Сондықтан, шаңғы курорты биіктіктеріне орай, көтерілудің үш деңгейіне бөлінген. Аспалы көтермелерге мініп алып, арқан жолдың бойымен жоғарыдан тау бетіндегі әдемі көріністерді тамашалап, Медеуден Талғар асуына дейін жетуге болады. Арқан жолға бет алмас бұрын әлемдегі әйгілі мұз айдындарының бірі Медеуге соқпай кетпеңіз. Медеу мұз айдының бірегейлігі сол оның әуелден таза тау суынан жасалуында. Орман тоғаймен қоршалып, айналасынан әдемі тау шыңдары көрінетін бұл жерде коньки тебудің өзі бір ғанибет. Бұл жер мұз айдынынан бөлек өзі бассейн, кинозалы, кітапханасы бар үлкен кешен.
Ал, енді Шымбұлақтың өзіне оралайық.

Бұл тау шаңғы курортының әуесқой шаңғышылардың сүйікті демалыс орны. Себебі,бұл жерде қыс кезінде қар ұзақ жатады. Оған қоса, асудан түсетін жер өте тік. Сырғанау жолдары халықаралық стандартқа сай болғандықтан, бұл жерде бірнеше рет олимпиадалар өткізілді. Бірнеше рекордтар қойылды.

Шымбұлақтың осы бір қасиетіне бола жыл сайын бұл жерге шет елдерден де туристер көп келеді. Бұл жерде алғаш келген, шаңғы тебуден еш тәжірибесі жоқ, кез келген адам өзін жайлы, ширақ сезінеді. Атам қазақ баланы жастан демей ме? Сондықтан, балаларды алып, Шымбұлақтағы шаңғышылар мектебіне қатысыңыз. Отбасы болып көңілді уақыт өткізуге үлкен мүмкіндік бар. Тау шаңғы курортында өзінің орналасқан жеріне орай ерекше көңіл күйге толы мейрамхана, ойын сауық орталықтарына барып, көңілді уақыт өткізе аласыз. Альпинизмге қызығушылығыз болса, сол жердегі жол нұсқаушылармен бірге белгілі бір биіктіктерді бағындыруда өзіңізді сынауға шешім қабылдаңыз. Гидтермен бірге Амангелді, Комсомол, Мәншүк Мәметова сынды шыңдарға жаяу жорыққа шығыңыз. Қаласаңыз сол жерде түнеп, тау шыңында мәңгі есіңізде қалып, мақтанышпен айтатын таңды қарсы алуыңыз. Міне, Шымбұлақ тау шаңғы курортындағы кереметтер осындай. Ал ең бастысы бұл жердің климаты өте жұмсақ. Бұлтсыз шуақты күндері келе қалсаңыз, бұл жерден үлкен рухани күш алып, жігерленіп қайтасыз. Тау бөктерінде орналасқан бұл курорттың қайталанбас осындай өзіндік атмосферасы демалушылардың ешқайсысын бейжай қалдырмайды.

Шымбұлақ тау шаңғы курорты қараша айынан сәуірге дейін жұмыс істейді. Күнделікті жұмыс уақыты: таңертенгі сағат 09.30 кешкі 18.00-ге дейін.  Аспалы көтермелермен жүру құны ересектерге 2500-3500-ге дейін, балаларға 1500-2000теңге аралығында.  Медеу мұз айдынында сырғанау 1 сеансы 1600 теңге төлейсіз. Конькиді 2 сағатқа жалға алу үшін 1000 теңгені ұстатасыз.  Стандартты шаңғы немесе сноуборд жиынтығы ересектерге 5000 болса, балаларға 3000 теңге.  Өзіңіздің арнайы спорттық киіміңіз болмаған жағдайда, ол киімді осы жерден жалға алуға болады. Ересектерге арналған тау шаңғы костюм жиынтығы 5000 теңге.  Шаңғы мектебінен дәріс алғыңыз келсе, оның құны ересектерге 13 500, балаларға 8000 теңге. Сол жердегі мейрамханаларда түстену бір адамға орта есеппен 5000-7000 теңгеге шығады. Студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктер бар.  Алайда, әдеткі бағаның мейрам немесе демалыс күндері қымбаттау болатыны естеріңізде болсын. Нәтижесінде, Шымбұлақ тау шаңғы курортында бір адамға жұмсалатын қаражат кемінде 30000 теңгені құрап отыр.


Иә, қымбат. Дегенмен, Францияның Куршавелі немесе Швейцарияның Интерлакен секілді қысқы курорттарынан бағасы әлдеқайда төмен.
Бұл еліміздегі қысқы демалыс орындарының қалтаға көп салмақ салмайтын бюджеттік түрімен және қомақты қаражатты қажет ететін демалыстың қымбат түрі.