Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Шерхан Мұртаза. Үрей әфсанасы

Шерхан Мұртаза. Үрей әфсанасы
Үрей әфсанасы
Еуропалықтар Авиценна деп кеткен атақты Әбу Әли Сина айтқан мына бір әңгіме:
Егіз қозы. Екеуі емген емшек, жеген жем, ішкен су бірдей. Бірақ біреуі қасқырдың қарсы алдында байлаулы. Екіншісі — аулақта, қорада.
Енді бір қараса: қасқырдың алдындағы құр сүлдесі қалған. Қорадағы сеп-семіз.
Бірінші қозының күнін Құдай басқа бермесін.
Кейде ойлайсың, бірінші қозының хәлі менің басымда емес пе деп.
Кейде мен өзімді айдаһардың алдында отырған көжек сияқты сезінемін. Айдаһар талай-талай күштілерді жұтып жіберіп еді-ау.
Ақын мен ақбөкен
Екеуі де қорғансыз.
Екеуі де тағдырлас.
Ақынның аты — Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан. Бетбақтағы ақбөкен қырғыны. Ол соны өлеңмен жазды. Ақбөкенді әуелі төртаяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен — бес құралайды құлатып, сонымен тынды.
Ал енді жерде — машина, көкте тікұшақ мінген қасқырлар ақбөкен табынын қынадай қырып салды.
–Үрейден Бетбақ дала жұлды шашын,
Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.
Жаралы жалғыз қалған текті теке,
Құламай, арт жағына бұрды басын.
Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,
Құламай қалт-құлт етіп тұрып қалды.
Адамдар қуып жеткен, оқ шығармай,
Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.
Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,
Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.
Бес бірдей құралайды қанағат қып,
Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.
Болмадың қасқыр ғұрлы өр тоятты,
Басыңа ойнатар ма еді сол таяқты?!
Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,
Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.
Қырғынға куә болып құм жылады,
Аспанда Ай да жылап, қынжылады.
Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,
Пана етіп ұйықтап жатқан бір жыраны...
Бауыржан Үсенов Бетпақдала қырғынын осылай жазды.
Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Ал өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар.
Ал аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой... Бірақ сол қоғамның өзі алдымен атып жүрмесін құралайды...
Ана жылдары Сарыағашқа барып жүргенде, сондағы залдан қабырғаға ірі жазумен ілулі тұрған «Хош, Сарыағаш, нәрлі су» деген Тұманбай ақын өлеңін көріп едім. Естен шықпайды.
Ал табиғат, аңдарды қорғау мекемелері Бауыржан Үсенов өлеңдерін білсе ғой, шіркін.
Бір кем дүние.

Таскекіре
Баяғы-баяғы, соғыс жылдары, бала күнімде (егер бала күн деуге келер болса) таскекіремен талай шайқасқанбыз.
Мектеп балаларын сабақты қойғызып, арпа-бидайдың арам шөбін отауға айдап шығушы еді ғой. Сондағы таскекіре ғой. Тасмия сияқты бұл да жау...
Сол таскекіремен мына Мархабат Байғұттың әңгімесінде тағы кездесейін. Арада алпыс жыл өткеннен кейін.
Мархабаттың таскекіресі – символ. Меңзеу.
Басқалардың әйел сүюі – ләззат. Ал, Мархабаттың геройы Қалыпбек сегізінші класты бітіре салысымен – қойшының көмекшісі. Өмірі қой бағумен өткен. Жұрт сияқты ойнап-күліп, жастық шақтың қызығын көре алмай, томаға тұйық күн кешкен жан.
Оған үлгі көрсетіп, «көзін ашқан» колхоз бастық. Оның әні: «Ләді-лүккі-Ләйлім». Төрт баласын, әп-әдемі әйелін тастап, қаланың бойдақ қатынына үйленген «Ләді-лүккі-Ләйлім».
Ал содан көргенін істемек болған қойшы Қалыпбектің «жегені» таскекіре – ащы, улы, кермек кекіре.
Бір кем дүние.

«Сталинге хат» - Москвада
«Сталинге хат» пьесасын жарыққа шығарып, бағын ашқан режиссер Райымбек Сейтметов еді. Алматыда, спектакль Жастар театрында үзбей ұзақ уақыт жүрді.
1987 жылы Жастар театры осы спектакльді Москваның театрлар білімін жетілдіру институтына апарып қойғанда, сондағы ұстаз Михаил Новожихиннан бастап, барлық артистер, көрермендер – бәрі жылағаны-ай.
Жастар театрынан Райымбек қалай кетті, сол-ақ екен басқа «данышпандар» сол спектакльді репертуардан алып тастады.
Райымбек Түркістанға барып, жаңа театр ашып, «Домалақ Ананы» қойды.
Есіл азамат жалған дүниеден ерте кетіп қалды.
Оның рухын Домалақ ананың, Тұрардың әруақтары қолдай жүрсін, Алла о дүниесін жұмақтан берсін.

Тарлан Тахауи
Алматыда, «Горный гигантта» жазушыларға арналып шығармашылық үй салынды. Сонда жатып Ғабит Мүсірепов «Ұлпанды», «Жат қолындағыны» жазды.
Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесінді» жазды.
Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабын бітіріп едім.
Алмай-бермей, Тахаң мені іш тартты. Інісіндей сырласты. Мен оның 60 жылдық мерейтойына арнап «Айға шағылған найза» деген эссе жаздым.
Әңгіме құмар кісі еді, жарықтық. «Ант» атты атақты пьесасын жазғанда тарихты қалай қопарғанын айтады.
Жалаң тарих көркем пьеса болмайды ғой. Тарихқа жан бітіру керек. Әбілқайырдың Әбілқайыр екеніне, Фатиманың Фатима екеніне көрермен шыннан сенуі керек.
Ал бұл шаруа тек хас таланттың қолынан келеді.
– Әбілқайыр – трагическое лицо, – дейді Тахаң. – Ақылды. Нағыз қолбасшы. Бірақ заманы – трагедия. Тағдыр оны орыс қатын патшаға тәуелдер еді.
– Ал Әбілқайыр ханның баласы Нұралы, міне, бұл дундук, – дейді Тахаң. – Дундуктің қайдан шыққанын білесің бе?
– Жоқ, – деймін мен. – Әйтеуір, орыстар дундук деп жатады ғой.
– Ол қызық, – дейді Тахаң қыза түсіп. Қасы кейде керіліп, кейде екі қастың арасы жиырылып кетеді. – Ол былай. Анау Еділдің ар жағында қалмақ бар ғой. Сол қалмақтың Аюке деген ханы болған. Кәдімгі қиссалардағы Аюке ше?
– Иә.
– О, Аюке коварный. Біресе орыстармен дос болады. Біресе башқұрттарға жақындасады. Енді бірде башқұрттарды орыстармен бірге шабады. Қырым хандығымен де дос болады. Тіпті Осман-түрік сұлтандарымен де септеседі.
Сол Аюке өлгеннен кейін, оның ұрпақтарының бірі Дундук таққа отырып, Еділ қалмақтарын Түркияның қоластына қаратпақ болады.
Ондайды орыстар оңдыра ма? Содан кейін орыстар есалаң шатыстардың бәрін «Дундук» деп атап кеткен.
Тахаң сигарет тұтатады. Оймақтай рюмкелерді қағыстырып, аздап-аздап коньяк ұрттап қоямыз.
– Нұралы хан, оның туысы Айшуақ сұлтан орыстардың шен-шекпеніне,
сыйлықтарына мәз болып, естектерге көп обал жасады.
– Естек кім?
– Біздің жақта башқұрттарды естек дейді. Башқұрттарда Қарасақал, Батырша деген көсемдер болған. Орыс патшасына қарсы көтеріліс көсемдері.
– Салауат, – деп қаламын мен де бірдеңе білген болып.
– Ол кейін, – дейді Тахаң сөзді бөлме дегендей тыжырынып. – Патша аясын ба, естектерді қырып жіберді. Естектер бас сауғалап қазақ даласына қашпай ма? Орыстардың айдап салуымен Нұралы, Айшуақ босқын башқұртарды әбден азаптады.
Әңгіме «Анттың» қалай жазылуымен басталып, аяғы Аюке, Айшуақтарға жалғасып кеткенін байқамай қаламыз...
Бір кем дүние.