Шерхан Мұртаза. Ұлттық рух

Бауыржан мен Тахауи
Бәукең айтты:
– Осы күні «менің бабам батыр болған. Менің бабам пәлен болған, түген болған» дейтін дуайпаттар көбейді. Жарайды, болса, болған шығар. Ал сол ұлының ұрпағы бабасының тырнағына тати ма? Енді оның келер ұрпағы онымен мақтана ала ма? Соны неге ойламайды?! – деп қаһарланады.
... Ал ұрпақтары ұялмай Тахауимен мақтануына болады.
Баукеңе жағымпаздар, екіжүзділер, мақтаншақтар ұнай бермейді. Ал, Тахауи десе:
– О, ол Көтібар көкемнің тұқымы ғой. Ұқсайды бабасына, – деп қоятын.
Шынында да, аты қиын бабамыздың батырлығы, адалдығы, аңғалдығы, турашылдығы Тахаңның тұла бойында тұнып тұрғандай еді.
Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда, Тахауи қабір басында, жандүниесін ақтара, хас шешендігі еселей ашылып:
– Бауыржан мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы симай кеткен адам, – деді ғой.
Тахаң өзі де сондай еді-ау.
Қайтыс болардан біраз бұрын көңілін сұрап, үйіне бардым.
– Мына жүрекке жәрдем беретін стимулятор Германияда бар екен. Жете алмаймын. Қаржы керек. Терещенкоға хат жазып едім, жауап жоқ, – деді.
Дәл сол тұста үкімет Қазақстан қазынасын талапайға салып жатқан шақ еді.
Қазақ әдебиетінің бәйтерегі құлайын деп тұрғанда соған тіреу болуға жарамаған үкімет кімге опа береді. Келді – кетті.
Тура келген ажалға амал жоқ. Ал көпе-көрнеу сол ажалды тежей тұруға болатын сәтте қол ұшын бермеу – тасқұдайлық!
Тірі болса, биыл сексен беске толар еді.
Бетеге кетіп, бел қалар,
Бектер кетіп, ел қалар.…
Ел аман болса, Тахауи естен кетпес.
Ақындардың пырағы
Әуелі пырақ туралы. Пырақ – Мұхаммед пайғамбардың ғарышқа ұшқанда мінген аты.
Ғафу ағамыз ақындардың ішіндегі нағыз пырағы еді.
7 ноябрь. Мереке. Қарашаның қара суығы. Демонстрация. Опера және балет театрының іргесіндегі трибунаның алдынан өтуге тиіспіз.
Ұзыннан-ұзақ жалаулатқан, көсемдердің портреттерін көтерген тізбек. Жазушылар, баспагерлер, редакция қызметкерлері – Дзержинский мен Калинин көшелерінің қиылысында тұрмыз.
Күн суық. Арақ алып, жылынайық десек, магазиндер жабық. Осындай бір «қиын» сәтте «Простор» журналының бас редакторы Иван Шухов бір жуан теректің тасасында теріс қарап тұра қалып, шалбарының артқы қалтасынан әп-әдемі күміс флягін суырып алып, тығынын бұрап ашып, ішіндегіден қылқ-қылқ еткізіп, жұтып-жұтып алып, қайтадан қалтасына салып қойды. Дөңес көзілдірігін көтеріп, аузын сипап, жөткірініп алды. Сонда ап-аласа бойы ұзарып кеткендей көрінді. Соның бәрін байқап тұрған ақын Ғафу Қайырбек табан астында:
–Иван Шухов дегенің мына кісі,
Көтенінде салпаңдайды флягісі.
Иван ішіп, сен ішпей тұрған кезде,
Кісінің келеді екен жылағысы, -
деп саңқ ете қалды. Бүрсеңдеп тұрғандар жарқырап, қыран күлкіге батты.
Иван Шухов түкке түсінбей:
– Чо-чо? – дей береді.
Оған біреу Ғафудың өлеңін аударып, түсіндірген болып жатыр. Бірақ өлеңнің соңғы жолындағы «кісінің» дегенді «қазақтың» деп өзгертіп жіберді. Жалғыз сөзден мән-мағына мүлде басқа сипат алып, сайқал саясатқа бұрылып кетті.
Қайран Ғафекем, ерен жүйрік еді ғой. Ертерек кетіп қалды.
Бір кем дүние.
Тасмаңдай балықтар
Тараз шаһарында жүр едім. Жігіттер:
– Балық аулап қайтайық, – деді.
– Билікөлден бе?
– Жоқ, Сеңгірбайдан, – дейді.
Қаладан онша алыс емес (шамада, Әкім Тарази туған ауыл тұсы).
Балықшы Мамырдың айтуы бойынша, жорыққа тас қараңғы, айсыз түнде шығуымыз керек екен. Желсіз түн болса, тегі,жақсы.
Тәуекел деп қайыққа міндік.
Мамырдың маңдайында – фонарь шам. Тереңге жеткенде маңдай шамды жарқ еткізіп жағып жіберді.
Сол-сол екен, судың астынан дәу-дәу балықтар шоршып, шапшып, секіргені-ай. Мамыр найза-таяқпен шаншып-шаншып, қайықтың ішіне тастап жатыр. Есірген балықтардың кейбіреуі қайықтың ішіне өздері құлап түсіп жатыр.
– Бұл қай балық? – деймін.
– Тасмаңдай. Твердолобик, яки Толстолобик.
– Сазаны жоқ па?
– Сазан жарық түсіргенде тереңге кетеді.
– Балықтар да адамдар сияқты екен ғой. Ақылдысы бар, ақымағы бар.
Ақымағы көбірек пе, немене?..
Бір кем дүние.
Ұлттық рух
«Жаһандану! Жаһандану!» деп жалаулатқан ұран сияқты үндер үдей түскен заман.
Жалаулатқан жаһанданудың ар жағында не бар?
Үңіліп қарайын десем, бойым жетпейді. Ойым да жетпейді.
Мен білсем, бұл Жаратқан Құдіреттің әміріне кәпірстан-қарсылық.
Жаратқан Құдірет Табиғатты сан алуан етіп жаратты. Гүлдерге қараңызшы: сан алуан қызыл, жасыл сары, көк... Шұғыла-кемпірқосаққа қараңызшы: бояулардың сан түрі бар. Жан-жануар, аң құстар ше... Әрқайсысының өз үні, өз тілі бар.
Бәрін бір келкі, бір бір қалыптан шығарамын десе, Құдайдың Құдіреті жетпей қалған жоқ шығар.
Адамдар да сондай. Әр ұлттың өз тілі бар.
Ал енді Жаһандану деген «жаңа Құдайды» қолдан жасап алып, адамдар бір-ақ тілде сөйлемекші ме?
Күні кеше ғана болған сондай бір сорақы талап шығып, Советтер Одағы деген елде барлық ұлттарды бір-ақ тілде, орыс тілінде сөйлетпекші болған.
Құдай сақтап, ол Одақ тарады да, әр ұлт өз тілінде сөйлеуге еркіндік алды-ау.
Бірақ қатерлі кесел атпен келіп, жаяу қайтатын көрінеді. Орысша болып кеткен тіл әсіресе кеңселерде, үкіметте, парламентте, министрлікте әлі сіресіп тұр.
Арктиканың мұзы сияқты десе де, Мұзды мұхит та еритін көрінеді.
«Ана тілі» атты газет таяудағы бір нөмірінде елден сүйінші сұрап: «Алқа мәжілісі қазақша өтті»– деп айқайлайды. Бірақ артынша «Алайда мемлекеттік тіл биліктің күнделікті ең маңызды міндетіне айналмай отыр», – деп сыбырлады. Бұған да шүкір.
Сірә, қатерлі ауру батпандап кіріп, мысқалдап, грамдап шығатын шығар.
Бір кем дүние.