Бұл әнде қазақы болмыс жоқ

Ерке Есмаханның жарыққа шыға салысымен-ақ хитке айналған “Қайда?” атты әніне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, композитор Елена Әбдіхалық осылай баға берді.
Бұл туралы ақын Қазақ радиосының «Көркемдік кеңес» бағдарламасында мәлімдеді.
«Қайда» әнінің мағынасына, ойына үңілсек, бұл әнде қазақы болмыс жоқ! Біздің ішкі болмысымызда, санамызда тыйым салынған нәрселер, қазақ қыздары айтпайтын, айтпауы тиіс дүниелер бар. Кейбір дүниелерді айқайлап айтпауымыз арқылы, кейбір тыйымдарды ұстануымыз арқылы қазақ болып жүрміз. Қазақтың қызына жараспайтын, құрама сөздер, логикаға сыймайтын сөздер бар. Қазақ қызы жігіт іздеп, «Ауыл менен қала, галактикада ма, Тілегенім іздемей табыла ма?» деп жар салады.
Негізі, бұл әннің ұтып тұрғаны, халықтың есінде қалып тұрғаны қала аттарының көбірек айтылуы. Әннің бас-аяғында «жоқ» көп айтылады. Осы ұйқас па?! Осыны өлең дейміз бе?! 4 минут бойы бір «жоқты» айналдырады. Көркемдік, поэзия, ой-мағына, әдеп-иба, тіпті, қазақы болмыс мүлде жоқ! - дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.