Шерхан Мұртаза. Тамшы

Тамшы
Қарның ашса — қайғырасың. Тамақ іздей бастайсың.Ұйқы басса — қалғисың. Ұйықтап аласың.
Шаршасаң — демаласың. Тынығасың.
Ауырсаң — емделесің. Сауығасың.
Осының бәрін сезінесің де, әрекет жасайсың. Әйтеуір, өлмеудің амалы.
Ал енді көзге көрінбейтін, тіпті еш уақытта еленбейтін бір нәрсе бар. Бірақ онсыз өмір жоқ. Сөйте тұра, елеңсіз, ескерусіз.
Әйтпесе, бір минут дем алмай шыдап көрші!
Жүрегің бір-екі минут тоқтап қалсыншы. Не болар екенсің!
Мені емханаға жатқызып қойды. «Система» дегенді салып жатыр. Ол бір-екі жүз грамдай сұйық дәрі. Білегіңе ине шаншып, сол ине арқылы тамырыңа әлгі дәріні тамшылайды.
Тамшының жиілігі медбикенің қалауына қарай: кейде жылдам, кейде баяу.
Тамшылаған дәрі жүрекке шипа дейді. Тамырлар арқылы осы тамшы жүрекке де жететін көрінеді. Нәр беретін көрінеді. Ондай шипадан айналып кетсең болмай ма! Ондай емнің зекеті болғың келеді. Жасасын тамшылар!
Бірақ сол тамшылар да таусыла бастайды. Өлшеулі ғой. Бұл ғұмырда бәрі де өлшеулі.
Әне, соңғы тамшы! Жеке жылжып барады. Соңғы тамшы! Шынымен бәрі біте ме?! Жеке жылжып барады. Жылжиды. Соңғы... Жоқ! Тоқтап қалды. Жылжымайды. Орта жолда тоқтады.
Ол менің ойым. Менің қиялым. Әйтпесе, соңғы тамшы тоқтаушы ма еді?! Тоқтамайды. Өтеді. Бәрі де өткінші.
Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек! (Абай)
Солай.
Бір кем дүние.
Жан алқымда
Шыжырылған шілде айы.Қалада күн 40 градус.
Тау алқымы имантаразылау. Сонда да ыстық аптап өртеніп тұр. Арпа, бидай пісігі әбден жеткен. Енді орақ кешіксе, төгілейін деп тұр.
Орайын десе, комбайн жоқ.
Баяғыдағы қол орақ, бел орақ дәурені өткен. Комбайн керек!
Керек, керек! Керек қайдан табылады. Шаруаның жаны мұрнының ұшына келді. Шаруа зарыға-зарыға аспанға қарайды. Алдыңғы күні оймақтай бұлт шыға келіп, лезде аспан асты түнеріп, жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап, қойдың құмалағындай бұршақ ұрды да кетті.
Шаруаның жаны алқымға келіп тірелді. Тағы да долы бұршақ ені екі километр қасқа жолақпен жосылып өтіп, лезде тыйылды. Соның өзінде жолындағы арпа мен бидайдың масағын қылжитып кетті.
Мейлі ғой. Дихан байғұс оған да шүкір дейді.
«Қырықтың бірі — Қыдыр деген, қырықтың бірі — зекет деген» деп өзін өзі жұбатады.
Ал сонда енді қанша шыдайды?
Үкімет айтты: жекеше бол деді. Мейлі. Жекеше болды. Біреудің тракторын, біреудің соқасын, біреудің тырмасын әке-көке деп сұрап алып, әрең-әрең егін салды.
Пісігі жетті. Енді комбайн жоқ!
Ал сол Үкімет осындайда неге қол ұшын бермеске? Қалай? Қалайы сол, бір кездегідей МТС (машина-трактор станциясын) ұйымдастыр!
Диханның тілегін қанағаттандыр. Тиісті ақысын ал. Құда да тыныш. Құдағи да тыныш.
Үкімет! Жеке байлардың қолжаулығы бола бермей, халықпен бірге бол! Сонда береке табасың.
Әйтпесе, бір кем дүние.
Тікен басқан тіршілік
Бір әңгіме жазбақшы болып, терезенің алдындағы үстелге отырамын.Терезе Тәңіртаудың Манас шыңына, Ақсай мен Көксай алқымына, қыбыла жақ Ақсу-Жабағылы қорығына қараған.
Қарсы алдымда — көк мұнаралы мешіт. Төңірегі соқамен жыртылған. Қопарылған топырақты ақ киімді молда кетпенмен өңдеп жүр. Бұл молданың сыбағалы жері. Азан шақырып болып, жерді баптап жүр.
Ал осы жұрт молданың айтқанын істе, істегенін істеме дейді.
Енді егер молданың дәл мына істегенін істесе, жерден жеміс терер еді. Олай емес, тиесілі жерлеріне егін екпейді. Шошқа тікен, шоңайына басып кеткен.
Ортасында бір әңгі есек қасасын шығарып, жатып ішер жалқауларға, маскүнемдерге:
– Мені есек деп қорлайсыңдар, өздерің кімсіңдер?! — деп мүлгіп тұрған сияқты.
«Елге күлкі, есекке таң» деген сөз осыдан қалған.
Бір кем дүние.
Сүмелектер
Тәңіртаудың шыңдарынан ақ жанартау атқылағандай будақ-будақ бұлт көтерілді.Егер Шақпақтың тентек желі қуалап кетпесе, жақсылап бір жайсаң жаңбыр жаумақшы. Жер-Ана имекші.
Құдай, тілекті бере гөр дейміз. Алдыңғы күні мешіттің түбінде Құдайы тамақ берілген.
Алла қаласа, аспаннан нұр жауса, жерден алтын өніп шықпақшы.
Арақ ішіп, мас болып ұйықтап қалғандар несібесінен құр қалады.
Қураған таяқ тіксең, шынар өсіп шығатын жаннатты жерден жеміс жемей, жатжұрттық алманы, өрікті, картопты, сәбізді базардан қымбатқа сатып алады.
Жібекті түте алмаған жүн қылады.
Жерді күте алмаған сұм болады.
Бір кем дүние.
Қызғалдақсыз көктем
Тышқан жылы (2008) сәуір тәуір болмады.Жас келіндей жасанған өрік ағаштары ақ гүлден бұтақтары көрінбей есіре гүлдеп еді, бір түнде үсік ұрып кетті (13 сәуір). Қарайып кеткен діндері қалды.
Далада жауқазын жоқ. Қызғалдақ шықпай қалды. Мұндай жағдай бұрын болмап еді-ау. Тәңіртаудың қызғалдағы дүние жүзіне даңқы шыққан. Қазір Голландия өсіріп, дүние жүзіне таратып, қымбатқа сатып жүрген гүлдің түпатасы осы Тәңіртаудың «Грейг» аталып кеткен біздің елдің қызғалдағы.
Құдай рахым етіп, мейірім төкпесе, бұл жыл жұтаң. Тасаттық беріп, құдайы тамақ үлестіріп жатқан мұсылмандар баршылық.
Итқызғалдақ (мак) көріне бастады. Итқызғалдақтың өмірі өте қысқа. Қыз дәурен сияқты өте шығады.
Көк көтерілмей қалды. Қыс қиын болар. Жұрт күні бұрын малын матап сатып жатыр. Асырай алмайды.
Бір кем дүние.