Адамға қай уақытта ұйықтауға болмайды?

Біздің дұрыс ұйықтауымыз – ол біздің бір күнгі сәтті өмір сүруіміздің, күніміздің табысты болуының алғышарты.Мәшһүр Жүсіп: «Адам ұйқы мен ояулықты қалпынан асырмай тәрбиелеу керек» дейді. Бізде ұйқыны тәрбиелеу деген ұғым жоқ. Біз қалай болса солай ұйықтаймыз. Ең басты нәрсе – күндіз ұйықтамау керек. Әсіресе, ақ пен қызылдың арасында. Яғни, Ақшам мен Құптанның арасында ұйықтауға болмайды – дейді Филология ғылымдарының кандидаты, Абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы Шалқар радиосы «Өнегелі отбасы» бағдарламасына берген сұхбатында.
«Діндегі тәлім бойынша бұл кезде шайтандар оянады дейді. Ата-бабаларымыз сол уақытта балаларын үйге қуып кіргізеді екен. «Жын қағып кетеді» дейді. Бұл уақытта ұйықтағанда мең-зең болып тұрасың. Өмірден түңіліп, басыңа неше түрлі суицидтік ойлар келеді. Ұйқыны тәрбиелеу үшін ерте тұру керек. Ерте тұру үшін ерте жату керек. Мынау өсу гармоны деген болады. Түнгі 10-мен түнгі 2-нің аралығында жұмыс істейді. Егер, ол кезде жатпаса, баланың өсуіне кері әсерін тигізеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша ұзақ өмір сүретіндердің барлығы аз ұйықтайтындар екен».