Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мырзагелді Кемел. «Ақыл қалта»

Мырзагелді Кемел. «Ақыл қалта»
Мырзагелді Кемел. «Ақыл қалта»

Бальтасар Грасиан

Ақыл қалта

Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттеп, кейінгіге мәңгі мұра боларлық ақыл кітабын қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр бұрын жазылғанына қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген. Ол әлемдік пәлсапаның інжу-маржандарының бірі.


АҚЫЛ ҚАЛТА

немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның шығармаларынан алынған нақылдар жиналған


1. ҚАЗІР БӘРІ ЖЕТІЛГЕН. ӘСІРЕСЕ - ЖЕКЕ ТҰЛҒА. Ежелгінің жеті данасымен* салыстырғанда, қазіргінің бір данышпанынан көп нәрсе талап етіледі және бір кездегі тұтас халықпен дұрыс қатынаста болудан бүгінгі бір адаммен қалыпты араласу көп шеберлікті қажет етеді.

/*Ежелгінің жеті данасы деп Фалес, Питтак, Солон, Клеобул, Периандр, Хилон, Биант алынған/.

2. МІНЕЗ БЕН МӘДЕНИЕТ - бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі негіз. Бірінсіз бірінің орны толмайды. Білім аздық етеді - дарын керек. Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін, туған өлкедегі, достарының арасындағы алатын орнын білмейді.

3. ЖАСЫРЫН ӘРЕКЕТ ЕТУ. Күтілмеген жағдай - табыс кепілі. Ашық ойыннан пайда да, қуаныш та болмайды. Өз ниетіңді білдірмесең қызығушылық тудырасың, әсіресе бұл жоғары дәрежедегі адамдарға  қатысты. Тіпті түсінікті болғың келген кездің өзінде, сырыңды жайып салуға асықпа және көлденең көк аттыға өзіңнің жан дүниеңе кіруге мүмкіндік берме. Үнсіз ұстамдылық - ізгілік ордасы. Ниетіңді жариялау оны тұншықтырғанмен бірдей: онда одан күні бұрын кемшіліктер табады, ал сәтсіздікке ұшыраса екі есе бақытсыз боласың. Сонымен, өзіңе әрдайым көп көңіл бөлінсін десең, өз әрекетіңде кемелдікке ұмтыл.

4. ДАНАЛЫҚ ПЕН АЙБЫН - ҰЛЫЛЫҚ НЕГІЗІ. Аты өлмейтіндер өшпес істер сыйлайды. Адам қаншалықты көп білсе адамдығы соншалықты болмақ; көп білетін адам құдыретті. Надан үшін дүние -қараңғы түнек. Ақыл мен күш - көз бен қол; қажыр-қайратсыз даналық жеміссіз ағаш сияқты.

5. СЕНІ ҚАЖЕТ ЕТСІН: Табынатын адамды мүсінші емес, оны құдайындай көретін адам жасайды. Саған алғыс айтқаннан гөрі, сенен өтінсін. Оңбаған ризашылыққа сену - ізгі үмітті жоғалту: алғашқы тез ұмтылады, соңғысы есте сақталады. Сыпайыларға қарағанда тәуелділер пайдалырақ: шөлін қандырған соң бұлақты елемейді, сөлін сығып алған апельсинді лақтырып тастайды. Мұқтаждық біткенде достық, онымен бірге қызмет те бітеді. Өзіңе деген мұқтаждықты сақтап отыру, оны толық қанағаттандырмау сенің күнделікті бірінші ережең болсын, сені үнемі қажет етсін. Бірақ тым тұйықтықпен жақын адамыңды адасуға мәжбүр етіп, оған өз игілігің үшін жамандық жасамаған жөн.
6. АДАМНЫҢ ТОЛЫСУЫ. Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары сатысына көтеріледі, бұл талғамның нәзіктенуінен, ақылдың сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің мүлтіксіздігінен көрінеді. Бәз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ қояды, оларға әрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.

7. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДЫ ЖЕҢУДЕН САҚТАНУ. Жеңу дегеніміз -өзіңе жек көру туғызу, ал өз мырзаңды жеңу жөнсіз, тіпті қауіпті нәрсе. Өзінен басым болғанды ешкім ұнатпайды, әсіресе мәртебелі адамдар. Өз басымдығыңды қажет кезінде, әдемілікті нашар киіммен жасырғандай көрсетпеуге болады. Көп адамдар, әсіресе осы дүниенің мықтылары ақылдан басқа сәттілікке, кез келген дарынға қатысты өзгелерге жол беруге ықыласпен келіседі: ақыл бар дарынның үстінен салтанат құрады, оны аз ғана ренжіту - оның ұлылығын қорлағанмен бірдей. Кім биікте тұрса, одан да жоғарырақтан үстемдік еткісі келеді. Олардың мәртебесі басымдық емес, көмек тілейді; өздеріне берілген кеңес оларға түсініксіз нәрсені түсіндіру түрінде емес, ұмытылғанды еске түсіру ретінде айтылса ғана ұнайды. Жұлдыздар бізге көрнекі сабақ береді: күннің сәулелі перзенттері ешқашан оның шұғыласын қалқаламайды.

8. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫНА ИЕ БОЛУ - РУХТЫҢ ЖОҒАРЫ ҰЛЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАСИЕТІ. Мұның өзі рухты оған лайық емес төмен қылықтардан сақтайды. Өзіңе өзің ие болғаннан, өз құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ. Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дәрежеге жетуге жол бермеу керек: міне қамықпаудың оңай тәсілі, міне ізгі даңққа апарар қысқа жол.

9. ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІҢЕ ТӘН КЕМШІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ. Су өзі ағатын топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы мүмкін, ал адамның өзі туылған ортаға байланысты жақсы не нашар қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да басқаларға қарағанда отанына көбірек қарыздар. Әрбір халыққа, тіпті ол білімдар өнегелі болса да, қайсыбір табиғи кемшілік тән; көршілері оны әдетте әжуалай немесе табалай көрсетеді. Бұл кемшіліктен арылу немесе оны жасыру оңай шаруа емес: мұндай адамның өз жерлестері арасында өзгешелігімен даңқы шығады, ал не сирек болса, сол қымбат. Сондай-ақ, тектік, тектік-таптық, лауазымдық, жасқа байланысты кемшіліктер болады, егер осылардың бәрі жиылып, ал адам олардан құтылуға тырыспаса, онда ол кісі төзгісіз құбыжыққа айналады.

10. БАҚЫТ ПЕН ДАҢҚ. Алғашқысы қаншалықты тұрақсыз болса, соңғысы соншалықты өзгермейтін болып келеді. Бақыт осы өмірде, даңқ өлгеннен кейін келеді, біріншісі көре алмаушылықты, екіншісі ізсіз жоғалуды жеңеді. Бақытты тілейді, кейде оған қол жеткізеді; даңққа еңбек сіңіреді. Ізгі даңқты аңсауды қажыр-қайрат тудырады. Даңқ әрдайым ұлылардың еншісінде болып келді және бола береді, ол кереғарлықтың серігі: ғажайып немесе құбыжық, тамсандырады, не, жүрек айнытады.

11. ӨНЕГЕ АЛУҒА БОЛАТЫН КІСІМЕН АРАЛАСУ. Сен үшін достарыңмен араласу білім мектебі, ал әңгімелесу - ұнамды үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушының мақтауын естіп көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ әдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз, өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өздері ғана өнеге беріп қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді.

12. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕР, МАТЕРИАЛ МЕН ЖАРАТЫЛЫС. Сұлулықтың өзіне де көмектесу керек: көркем нәрсенің өзі егер оның кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып отырмаса ұсқынсыз кейіпке түседі. Табиғат бізді тағдыр тәлкегіне тастаған екен - өнерге жүгінейік! Онсыз керемет болмыс та мінсіз бола алмайды. Мәдениетсіз адам жарты абыройынан айрылады. Жақсы мектептен өтпеген кісіден дөрекіліктің иісі  шығып тұрады: оған кемелдікке жету жолында өзін үнемі жонып отыру керек.

13. НИЕТКЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ. Адам өмірі - адамның арам ойларымен күресін білдіреді. Қулық қастық ниетті қолдана отырып күреседі: күткен нәрсені жасамайды; алдарқату үшін шеберлікпен күш көрсетеді және кенеттен, ойламаған жақтан соққы береді, есін шығаруға тырысады. Қарсыласының ойын тексеру үшін басқа ниетін алға тосады, одан кейін жалт бұрылып, шалт қимылдайды да абдырап қалған жауын жеңіп тынады. Алайда сұңғыла ақыл оның тіміскілеуін көре біледі, оны қабақ астынан бағып отырады, оның сендіргеніне қарсы нәрсеге иланады да алдамшы жүрісті сезе қояды; алғашқы қаскөй шабуылдан соң екіншісін, одан кейін үшіншісін күтеді. Сыры мәлім болғанын байқаған қаскүнемдік алдау үшін шындықтың өзін пайдаланып, күшін еселей түседі. Енді ойын ережелері өзгереді, әдістер де өзгеше болады - қулық шынайылықтың киімін киіп, зұлымдық ақ көңілділіктің бет пердесін жамылады. Ондайда көмекке байқағыштық келеді; тереңде жатқан мақсатты көре білген ол беткі жарықтың арғы жағынан қараңғылықты байқайды, неғұрлым ашық жатса, соғұрлым құпия сақталатын арам ойды әшкерелейді. Пифонның түнек бұлттары* Аполлонның нұрлы сәулелерімен осылай күреседі.

/*Пифонның түнек бұлттары Аполлонның нұрлы сәулелерімен күреседі - бұл космологиялық түсінікте Күннің /Аполлон/ Жерден /Юнона/ көтеріліп, Күннің қарындасы Айды көзден қалқалайтын бұлттармен күресін бейнелейді/.

14. МӘН МЕН МӘНЕР. Істің мәні - оның жартысы ғана; істің қалай бітуі одан да маңызды. Дөрекілік бәріне, тіпті әділдік пен естілікке де зардабын тигізеді; сыпайылық барлығына көрік береді: жоқты бар, ақиқатты бал етеді, тіпті кәрілікті жасартады. Сыпайылық достық ролін табысты ойнап, өмірге сән береді.

15.АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІҢ БОЛСЫН. Билік басындағылардың бір артықшылығы - оларда төңірегіне ақылды адамдар жинауға мүмкіндік болады, бұл адамдар биліктілерді надандық қараңғылығынан алып шығады, ең қиын дауда да жеңіске жеткізеді. Даналардың көмегіне жүгіну - ұлылардың қасиеті; бұл жеңілген патшаларды құл еткен армян патшасы Тигранның тағылығынан гөрі әлдеқайда мақтарлық іс. Біздің көзі ашық заманымызда қожалық етудің жаңа түрі пайда болды - бұл табиғат дарын сыйлаған адамдарды қызметшілерге айналдыру. Қысқа ғұмырда көп білуге мүмкіндік аз, ал білімсіз өмір - өмір емес. Сондықтан білім нәрінен қиындықсыз сусындайтынның, көп жайды білетіндерге қарағанда көп үйренетіннің, бәрінің даналығына қанығатынның өнері үлкен. Кеңеске қатыса отырып, ол көпшілік атынан сөйлейді, ежелгі даналардың нақылдарын тілге тиек етеді, өзгенің төккен тері арқасында ол шешендік даңқына бөленеді. Ақылды көмекшілер оған ғылымдағы бар жақсыны сүзіп береді. Ал даналықты өзіне қызмет еттіре алмайтындар, оны достары арасынан іздесін.

16. АҚЫЛДЫ ІЗГІ МАҚСАТПЕН ҰШТАСТЫРУ - көп табыстың кепілі. Кемел ақыл мен жасық жігер зорлап қосқан жұбайлар сияқты. Арам ниет - білік абырой үшін у сияқты, ол ақылдың көмегімен зұлымдықты одан сайын шеберлікпен жасай түседі. Арам мақсаттар үшін пайдаланылған үлкен ақыл жек көруге лайық! Санасыз ақыл есуастықтан да жаман.

17. ӘДІСТЕРДІ ӨЗГЕРТІП ОТЫРУ КЕРЕК, бұл басқалардың назарын алаңдатып, бұрып әкету үшін қажет. Әрекеттің алғашқы тәсілін ұстанба -біркелкілік ойыңды біліп қоюға, тіпті ниетіңнің бей-берекетін шығаруға мүмкіндік береді. Түзу ұшып бара жатқан құсты атып түсіру жеңіл, ал айнала қалықтап ұшқанды құлату - қиынырақ. Екінші тәсілді де аяғына дейін ұстанбаған жөн, өйткені бір сәтте бар пиғылың мәлім болады. Зұлымдық қайда деме - аяқ астында. Оған шалдырмау үшін сұңғылалық қажет. Тәжірибелі ойыншы қарсыласы күтіп отырған жүріске аяқ баспайды.

18. ЫҚЫЛАС ПЕН ДАРЫНДЫЛЫҚ. Бұларсыз ұлылық мүмкін емес, ал кісі бойынан осы екі қасиет те табылған кезде ол кемелдікке кенеледі. Ынтасыз дарындылыққа қарағанда, ыждаһатты орташалық көп нәрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі; жеңіл келген нәрсе қадірсіз болады. Тіпті жоғары қызметте де ынта керек: ол әдетте кісінің қабілеттілігін көрсетеді. Жай істе бірінші орынды қанағат тұтпай, жоғарғыдан тым болмаса ортаңғы орынға ұмтылатын адамды оның ұмтылысының ізгілігі үшін кешіруге болады; бірақ қатардағы шаруада көзге түсе алғанымен, жоғарғы істегі орташа орынды қанағат ететін кісіге кешірім жоқ. Сонымен, мінез бен өнер керек, ал олардың одағын ынта нығайтады.

19. КӨП НӘРСЕДЕН ҮМІТТЕНІП БАСТАМАУ КЕРЕК. Шамадан тыс мақталған нәрсе көп жағдайда үмітті ақтамайды. Көңіл көк дөненнен де жүйрік, арманға берілу жеңіл, оған жету қиын. Қиялдың тілекпен қосылуынан өмір ауқымына сыймайтын нәрселер туады. Қол жеткен табыстар қанша татымды болғанмен, олар рухты қанағаттандыра алмайды және ерекше үміттердің билігіндегі ол қуаныш әкелуден гөрі, көңіліңді қайтарады. Үміт шындықтың өңін айналдыруға шебер; парасатың оны сабырға шақырсын. Әуелі ынта тудыру үшін біраз несие берген дұрыс, дегенмен қолдағы барыңызды жайып салмаңыз, шындық күткеніңізден асып түссін. Бірақ ақымаққа мұндай ереже жарамайды, тіпті мұнда асыра сілтеу пайдалырақ: ниет іске аспаса да бәрі риза және бұрын сұмдық көрінетін нәрсе енді қанағат етерліктей болады.

20. АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық әрқашан салтанат құра бермейді: әр нәрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сәнге байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мәңгілік;  егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның еншісіне тимек.

21. БАҚЫТТЫ БОЛУ ӨНЕРІ. Мұның бірқатар амалы бар, бірақ ақылды адамға оның бәрі бірдей жарай бермейді. Іскерлік табысқа әкеледі. Біреулер сәттіліктен үміт күтеді. Ақылдырақтары алға ұмтылады және өзіне сеніп әрекет етеді. Өйткені қажыр-қайрат қанатында бақытқа кездесуге болатынын біледі. Дегенмен бақытқа апарар төте жол - ізгілік пен ынта-ықылас жолы, өйткені ессіздіктен өткен бақытсыздық болмайтындай, саналылықтан асқан бақыт та жоқ.

22. ЖАҒЫМДЫ БІЛІМ. Саналы зиялы оқымыстылыққа ие; ол көп жайдан хабардар және нәзік мәнерде ой жүгіртеді; одан әрдайым тапқыр сөздердің, керемет істердің үлгілерін табуға болады және ол оларды орынды жерінде қолдана біледі. Адамдар көсемсіген ғибраттан гөрі, тапқыр сөздердің астарында берілген кеңесті ынтамен тыңдайды. Еркін де өнегелі әңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық жеті өнерге* қарағанда көбірек пайдасын тигізеді.

/*«Жеті өнер» немесе «ғылым» - грамматикадан, риторикадан, диалектикадан, арифметикадан, геометриядан, астрономиядан және музыкадан тұрған. Пәндердің мұндай бөлінуі алтыншы ғасырда енгізіліп, Еуропа университеттерінде он бесінші ғасырға дейін сақталды/.

23. ӨЗІҢНІҢ ЕЛЕУСІЗ КЕМШІЛІГІҢЕ ДЕ ТӨЗБЕ. Бұл кемелдіктің белгісі. Рухани немесе дене кемшіліктерінсіз адамдар сирек кездеседі, бірақ көбіміз осы кемшіліктерден арылу жолын іздемейміз. Қасиеттердің керемет үйлесуін кейде болмашы кемістік бұзатынын көру ақылды адамды қапаландырады - бір тұтам бұлт та күнді қалқалай алады. Ізгі даңқ нұрындағы дақтарды адамдар бірден байқайды және табанды түрде оларды нысанаға ала бастайды. Өз кемшілігін жасырып, оны артықшылыққа айналдыра білу өнері ерекше бағалы. Мысалы, Цезарь  басының қасқасын лавр веногымен жасыру мақсатында Сенаттан венокты күнде киіп жүруге рұқсат алған; оған дейінгі дәстүр бойынша венокты тек салтанатты жағдайларда киетін еді.

24. ӨЗ ҚИЯЛЫҢДЫ ЕРКІҢДЕ ҰСТА. Керек кезінде тежей біл, ал қажет жерінде қамшы бас өйткені ол біздің бар шаттығымыздың ұясы; сананың өзі кейде оның жетегінде болады. Ол - тиран. Армандауды қанағат тұтпай, әрекетке араласады, біздің өмірімізге қожалық етеді, оны өз қалауы бойынша қуанышты не мұңды қылады: біздің өзімізге риза -риза емес екеніміз көбіне оған байланысты. Ол біреулерді уайым-қайғыға батырады, ал басқаларды ләззат пен рахатқа бөлейді. Оны жоғары синдересис* ауыздықтамайынша, одан кез келген нәрсені күтуге болады.

/*синдересис - дұрыс интуициямен үйлесетін нәзік түсінік/.

25. КӨРЕГЕНГЕ МАДАҚ. Бұрындары ой жүгірту дағдысы бәрінен жоғары саналатын; енді бұл аздық етеді - қазір алдауды байқай білу, ең бастысы оны әшкерелей алу маңызды. Алды-артын көре білмейтін адамды ақылды деп айту қиын. Көңіл түкпіріндегіні біліп қоятын сәуегейлер болады. Біз үшін ең маңызды шындықтар тек жартылай ғана айтылады, бірақ зерек түйсік оларды тұтасымен қабылдайды. Егер саған мархабат етсе, өз сеніміңнің шылбырын бос ұста, ал егер саған жаулық ниет көрсетсе, делбеңді қағып, айдай жөнел.

26. ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛУ. Адамдарды басқару өнерінің мәнісі осы. Оған өжеттік емес, ысылғандық, адаммен тіл табыса алу дағдысы керек. Әр адамның өз құштарлығы бар және олар әртүрлі, өйткені олардың табиғи бейімділіктері бірдей емес. Барлық адамдардың өз ардақтысы болады: біреулер қадір-құрметті ұнатады, біреулер - пайданың құлы, ал көпшілігі рахатқа берілгенді қалайды. Мәселенің мәнісі кімнің нені ұнататынын білуде және осыған орай оның көңілін табуда. Алғашқы себепті ізде: ол әрқашан жоғары мәнге ие бола бермейді, өйткені парасатты кісілерден гөрі, әдепсіз адамдар көп. Кісінің үстінен аңдаусызда шығып, оның жанды жерін таба білу және шабуылды нақ сол құштарлығына қарай бағыттау керек, сонда өз дегенімен жүретін адамды да жеңіп шығасың.

27. БІРДЕН КӨП НӘРСЕГЕ ҰМТЫЛМАЙ, ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАУ. Ұлылықтың мәні санда емес, сапада. Асыл нәрсе әрқашан сирек кездеседі; көп нәрсе қадірсіз болады. Адамдардың арасында да бойы биік алыптардың әдетте ақылы қысқа болып келеді, Кейбіреулер кітаптарды олардың көлеміне қарай бағалайды, кітаптың қолды жаттықтыру үшін емес, бастың ойлануы үшін жазылатынын ескермейді. Тек көлденеңіне қарай өссең, қарабайырлықтың ауқымынан шыға алмайсың. Әмбебап адамдардың соры сол, олар бәрінен хабардар болуға ұмтылатындықтан, түбінде ештеңені жөнді біліп шыға алмайды. Тереңдік қана шынайы басымдық береді.

28. АРЗАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ҚОЛДЫЛЫҚТАН САҚТАН. Әсіресе талғам жағынан. Оу, өзінің шығармалары көпшілікке ұнағанын білгенде қапаланған данышпан ғана ұлы*. Жаппай мадақтау ақылдының жүрегін айнытады. Хамелеондар ауамен қоректенетіні сияқты кейбір адамдар да тобырдың бас ұрғанынан ләззат алады, тобырдың жағымсыз иісі олар үшін Аполлонның саф демінен артық. Түсінік те осы сияқты: надандарды тамсандыратын немесе қорқытатын ғажайыптарға таңданба, тобыр ақымақ келеді, парасатты ойлау тек таңдаулылардың үлесі.

/*Бұл сөз Сенеканың «Луциллияға адамгершілік хаттар» деген еңбегінен алынған/.

29. ӘДІЛЕТТІ АДАМ. Ол үнемі еш қорқынышсыз әділдік жағында болады - тобырдың айғайы да, тиранның зорлығы да оны әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмайды. Табандылықтың сол фениксі қайда екен? Шындыққа табынатындар аз. Көпшілік оны мадақтаумен ғана  шектеледі, басқалар оны қауіп жоқ кезде ұстанады, ал жан алқымға келгенде оңбағандар одан тайқып шыға келеді; қу адамдар шындыққа адал болып көрінгісі келеді. Шындық достарға, билікке, өз пайдасына тайсалмай қарсы жүреді, осы сынақта көбіне оны сатып кетеді. Мекерлер жоғарғыдағылардың мүддесіне тимес үшін одан танады. Тек тура сөзді адам ғана әрбір жалғандықты сатып кету деп бағалайды; қырағылыққа қарағанда, өзінің табандылығын мақтан ететін ол әрқашан шындықты ұстанады. Егер шындық өзінің соңынан ергендерді тастап кетсе, тұрақсыз ол емес, олар; өйткені олар одан бірінші болып безіп кетті.

30. ӨЗІҢДІ БОС ІСТЕРМЕН ӘУРЕЛЕМЕУ. Әсіресе бұл қылжақбастыққа қатысты, ол құрметтен гөрі, жек көру туғызады. Еркелік шіркеуінде секталар көп, бірақ өзін қадірлейтін адам олардың бәрінен бас тартады. Әдеттен тыстың да әуесқойлары бар, естілер қашатын нәрсенің бәрі оларды тартып тұрады; олар үшін ең жақсы рахат - өзгелерге ұқсамау; рас, мұнымен олар танымал болады, бірақ құрметтің емес, күлкінің объектісіне айналады. Тіпті ілім дәрістерінде де шектен шықпаған жөн.

31. БАҚЫТТЫЛАР МЕН БАҚЫТСЫЗДАРДЫ ТАНИ БІЛ, АЛҒАШҚЫЛАРҒА ҮЙІР БОЛ, СОҢҒЫЛАРДАН АУЛАҚ ЖҮР. Жолы болмаушылық - көп жағдайда ақымақтық үшін берілетін жаза. Елеусіз бақытсыздыққа есігіңді ашудан сақтан, ол соңынан көптеген басқа, әлдеқайда ауыр бақытсыздықтарды ерте келеді. Ойындағы алғашқы ереже - картаны уақытында пайдалану: кіші күзер карта алдыңғы жолғы күзердің үлкен картасынан артық. Жол айқын болмаса, ақылды, сақ адамдардың жанында бол, ерте ме, кеш пе олар жол тауып шығады.

32. ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БЕЙІМ АДАМ БОЛЫП КӨРІНУ. Билік басындағыларға оларды қайырымды санаған тиімді: бұл монархтарды жұрт көзіне ұнамды етеді. Билеушінің жалғыз артықшылығы - ол басқа адамдарға қарағанда көбірек жақсылық жасай алады. Достасуға кім дайын болса, сол дос. Бірақ қитығып, жақсылық жасағысы келмейтін адамдар да кездеседі және олар мұны қолынан келмегендіктен емес, өздерінің өркеуделігінен солай етеді: олар ізгілерге бар тұрғыдан қайшы.

33. ЖАЛТАРА БІЛУ. Жалтара білу дағдысы өмірдегі пайдалы ереженің бірі болғандықтан, өзіңнің істерің мен маңызды адамдардың пікірін керек жерінде қабыл алмау одан да маңыздырақ. Мағынасыз істер құнды уақытты жеп тауысатын күйе сияқты; бос нәрсемен айналысқаннан гөрі ештеңе істемеген жақсы. Ақылды ешкімді жалықтырмайды, бірақ басқалар да сені жалықтырмайтындай күйді ұстану керек. Бәрінің бабын табуға тырысатын адамның өзіне уақыты қалмайды. Өзіңе, тіпті, достарыңды да үйір ете берме, ал олардан өзіңе бергеннен артықты талап етпе. Ынсапсыздықты ешкім ұнатпайды, әсіресе бұл адамдар арасындағы араласуға қатысты. Қанағат етушілік достық пен құрметті сақтайды, өйткені сыпайылылық шегінде болады. Сонымен, сүйіктіңді сүйсең де, рух еркіндігін сақта және қарым-қатынаста жақсы талғамға қарсы күнә жасама.

34. ӨЗІҢНІҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІҢДІ БІЛ: өз қабілеттеріңнің озығын дамыт, бірақ қалғанын да ұмытпа. Әркім өз артықшылықтарын жетік білсе, өмірде биік белестерге шыға алар еді. Өзіңнің басты дарыныңды анықтап, ықылас қой; біреулерде ақыл, біреулерде - күш-қайрат басым. Адамдардың көбі өз қабілеттеріне мән бермейтіндіктен, көп нәрседен құр қалады. Жеңіл табыс уақытша масайратады, бірақ бұл уақыт өте келе өкінішке ауысады.

35. ӨЗ ПІКІРІҢ БОЛСЫН. Әсіресе бұл маңызды істерде керек. Ақымақтар ойланбайтындығынан опық жейді, істің жартысын да түсінбейтін, не зиянды, не пайданы көре білмейтін олар ойдағыдай қимылдай алмайды; олар елеусіз істерге көп мән береді және бәрін керісінше бағалайды. Көбі ақылы жоқтықтан да оны жоғалтпайды. Тереңге бойлап, көңіл түкпірінде сақталуы тиіс нәрселер бар. Ақылды адамның әр нәрсеге өз пікірі болады, бірақ терең, жоғары мағынасы бар жайға ол ерекше бойлап енеді, өйткені онда өзі ойлағаннан көп сырға кездесетінін біледі. Ойлану осылай алғашқы пікірден әрі озады.

36. ӨЗ БАҚ-ТАЛАЙЫҢДЫ СЫНА - бірдеңеге қол жеткізу үшін әрекет ет. Бұл рух салмақтылығын сақтағаннан маңыздырақ. Қырықтан асқан соң денсаулық туралы Гиппократқа жалбарыну* ақымақтық болатыны сияқты, ақылды болу үшін Сенекаға жалбарыну одан да қисынсыз. Өз бақ-талайыңды қисынды басқару - ұлы өнер, дегенмен өз талайының қашан туатынын ешкім де білмейді. Жұлдыздың оңынан туғанын байқаған заматта батыл қимылда; ол батылдарды, және, арулар сияқты, жастарды ұнатады. Жолы болмайтынға талаптанып та керегі жоқ, ол үшін дұрысы шегінген, әйтпесе бақытсыздығын екі еселеп алуы мүмкін. Ал бақыт құсы қонғандар, тек алға!

/*Рим императоры Тиберийдің пікірі/.

37. ҚҰПИЯ ЖЕБЕЛЕРДІ АТУ ЖӘНЕ ТОЙТАРУ - қатынаса білудің нәзік шеберліктерінің бірі. Құпия жебелер арқылы ой-ниет тексеріледі, көңіл түкпірі жасырын әрі терең зерттеледі. Бұл жебелер кейде қауіпті, опат етуі де мүмкін, күншілдік уытымен суарылған, құштарлық уына малынған осынау көрінбес найзағайлар күтпеген жерден жасындай жалт ете қалады. Тобырдың өсегі мен жекелеген адамдардың арам ниеттерінен құрылған небір қастандықтар жағдайын шайқалтпаған қаншама адамдар болмашы сөзден масқараға ұшырап, халық құрметінен айрылды. Кейде жебелер, керісінше, пайда әкеледі, ізгі даңқты нығайтады. Білім ғана олардан сенімді қорғайды, ал күнібұрын күткен соққы онша қауіпті емес.

38. ТАБЫСТЫ ОЙЫНДЫ УАҚЫТЫНДА ДОҒАРУ. Тәжірибелі ойыншылардың ережесі. Лайықты шегіне білу батыл шабуылдағандай маңызды; қол жеткен нәрсе жеткілікті болғанда тоқтай біл. Үнемі жолы болғыштық әрқашан күдік тудырады; алма-кезек келу сенімдірек, қышқыл-тәтті тек тәттіге қарағанда дұрыстау. Бірінен соң бірі келген сәттіліктен кейін қайғыға тап болуың ғажап емес. Кейде бақ-талай құсы аз уақытқа қонғанмен, молынан қонады. Сол сияқты, жолы болғышқа үнемі кездесе беру бақытты да жалықтырады.

39. ГҮЛДЕНІП, ТОЛЫСҚАН НӘРСЕНІ ІЗДЕУ. Табиғаттың бар құбылысы белгілі бір кезеңде толысу шағына жетеді: оған дейін олар пісіп, жетіледі, соңынан бұзылады. Бірақ өнер шығармаларының мүлтіксіз болуы сирек кездеседі, оларды әрқашан одан әрі жетілдіруге болады. Жақсы талғамның артықшылығы - тек мүлтіксіз заттардан ләззат алу қабілеті; бұл қасиет екінің бірінде кездеспейді. Ақылдың да өзінің жоғары дәрежелі толысуы болады; оны тани біл, сөйтіп өзіңді дамыт.

40. ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ. Жаппай сұқтануды тудыру оңай емес, ал сүйіспеншілік сезімін ояту одан да қиын; бұл ішінара тағдырдың арқасында, көбіне тырысудың нәтижесінде орындалады; алғашқысы бастап береді, екіншісі жалғастырады. Бойдағы қасиеттердің құр өзі жеткіліксіз, кейбіреу құрметке қол жеткізген соң сүйіспеншілікке бөлену қиын емес деп ойлайды. Жұрт қастерлесін десең, ізгі істер жаса, жақсы сөздер мен істерге сараңдық жасама, сүйікті болғың келсе, сен де сүй. Сыпайылық - озық адамдардың дуалы әдісі. Әуелі әрекет ет, соңынан қолыңа қалам алсаң да болады, ұрыс майданынан қағаз бетіне көш. Өйткені жазушылар да халықтың сүйіктілері, көбісі мәңгілік сүйікті.

41. ШАМАДАН ТЫС МАСАТТАНБАУ. Жағдайды бұрмалап, ақымақ болып көрінгің келмесе шамадан тыс көтермелеме. Асыра мақтау түсінік пен талғамның шектеулі екенінің белгісі. Мақтау әуесқойлық тудырады, тілекті қоздырады, ал егер шындық сенің бағаңнан төмен болып шықса -әдетте осылай болады - алданған көңіл алданғаны үшін жек көріп өш алады: ол мақталған нәрсеге де, мақтаған адамға да бағытталады. Ақылды адам ұстамды болады, ол ысырапшылдықтан гөрі сараңдық жолын ұстанады. Қадірлі нәрсе сирек кездеседі: сүйінішің зор болса да, сабырлы бол. Шектен тыс таңырқау жалған болып та көрінеді; адамдар сенің талғамың мен ақылыңа сенуден қалады, бұл өзіңе де ұнай қоймас.

42. ТУА БІТКЕН ӨКТЕМШІЛІК ТУРАЛЫ. Бұл - мысы басудың құпия көздерінің бірі. Жорта істелген қулықтар мұнда жүрмейді. Оған өз еркінен тыс барлығы да бағынады, тіпті мұны олар сезбей де қалады, сөйтіп табиғи әміршінің құпия күшін мойындайды. Әмір беру дарынын иеленген олар қасиеті жағынан корольдер, туу құқы жағынан арыстандар; олар тағзым етуден тілі байланып қалғандардың жүрегін баурап алады. Егер басқа қасиеттері қолайынан келгенде, бұл адамдар мемлекеттік істердің бірінші жүргізушілері болады, өйткені бір ишаратымен-ақ басқалардың ұзақ сөздеріне қарағанда көп нәрсеге қол жеткізеді.

43. ОЙЫҢ АЗШЫЛЫҚПЕН, СӨЗІҢ КӨПШІЛІКПЕН БОЛСЫН. Ағысқа қарсы жүзу ниеті қауіпті. Тек Сократ қана осыған бара алды. Келіспеушілік қорлаған сияқты болады, өйткені басқалардың пікірін теріске шығарады, наразылардың қатары өседі, олардың бірі сен сынаған нәрсені мақтайды, екіншісі мақтағандарды қолдайды. Ақиқат тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Дана адамды алаңдағы сөзіне қарап тани алмайсың - ол онда өз даусымен емес, іштей келіспесе де ақымақтардың үнімен сөйлейді. Ақылды өзі айтысуы да қарсы болу да ұнамсыз: ол басқаның пікірін ынта қойып тыңдайды. Ой еркін, оны зорлауға болмайды. Ол одан да үнсіздік ордасында болсын, ал жарыққа шыға қалса тек таңдаулы ақылдыларға келсін.

44. ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БІР-БІРІНЕ КӨҢІЛІ АУУ. Қаhарманға қаhарманмен жақындасу тән; осы бір жұмбақ та керемет қасиет - табиғат ғажаптарының бірі. Көңіл мен мінездің бұл туыстығын ақылы шолақ надандар сиқырдың күші деп бағалайды. Көңілі ауу құрметтеуден басталады, одан әрі жақсы көрушілік, соңынан әбден берілушілік келеді. Ол сөзсіз сендіреді және еңбек сіңірмей-ақ баурап алады. Көңілі ауу әдетте шынайы және аяушылық түрінде болады; екеуі де биік рухты рахатқа бөлейді. Оны танып, жаулап алу оңай шаруа емес, ал осынау тылсым бейімділік жоқ жерде ешқандай табандылық көмектеспейді.

45. КӨЗДЕГЕН ЕСЕПТІҢ БОЛУЫ, БІРАҚ ОНЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНБАУ. Ішіңдегі ойыңды байқатпа; ниетің көңіл түкпірінде жатсын, оны білдіріп қойсаң жек көру туғызасың, әсіресе бұл астарлы есепке қатысты. Айнала алдау, сондықтан қапы қалма, бірақ күмәніңді сездірме, әйтпесе саған сезікпен қарайтын болады; бұл қауіпті, өйткені жаулық ниет тудыра отырып, ол, түсіңе де кірмеген зұлымдықты қоздырады. Шеберлікпен ойластырылған есеп - әрекеттегі табыс кепілі; ойлану - оның үздік көмекшісі. Істегі жоғарғы шеберлікке толық сенімділік қол жеткізеді.

46. ӨЗ ЖИРЕНІШІҢДІ БАСУ. Біз жек көру сезіміне, озық қасиеттерін көре тұрсақ та, жеңіл берілеміз. Бұл табиғи дөрекі бейімділік кейде көрнекті қайраткерлерге де тән. Мінездің бұл ерекшелігін естілік ауыздықтасын - жақсыны жақтырмаудан өткен масқаралық жоқ; жақсыны ұнату қаншалықты мақтарлық болса, оны жек көру соншалықты ұят нәрсе.

47. МІНДЕТТЕМЕ АЛУҒА АСЫҚПАУ. Естіліктің алғашқы ережелерінің бірі. Ұлы қабілеттер алға тек ұлы мақсаттар қояды; оларға апарар жол ұзақ, сондықтан да адамдар көбіне орта жолда қалып қояды, басты нәрсені тым кеш қолға алады. Міндеттемені абыроймен орындағаннан, одан жалтару әлдеқайда жеңіл. Бұл жерде жеңгеннен гөрі қашқан дұрыс. Бір міндеттеме екіншісін, одан үлкенін ала келеді, міне адам осылай түпкілікті шырмалады. Қызу мінезді адамдар болады, ондайлар өзіне міндеттемені жеңіл қабылдайды, өзін ақылға жеңдірген көп елікпейді. Ол жеңгеннен гөрі килікпегенді жөн санайды және бір ақымақ орға түскен жерде екінші болғысы келмейді.

48. АДАМ НЕҒҰРЛЫМ ТЕРЕҢ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ ТҰЛҒАСЫ БИІК. Әрқашан іштегі нәрсе сырттағыдан көп болуы тиіс. Қаржы жетпегендіктен салынып бітпеген үй сияқты адамдар бар: кіреберісі -сарай, іші - лашық. Мұндай жерге аялдауға үміттенбе, олармен мандытып әңгімелесе алмайсың: сөз кездескен кездегі сәлемнен арыға бармайды. Рас, олар алғаш бір-біріне қошемет сөз айтып, сицилия арғымақтарындай шабады, бірақ көп көсіле алмайды, ой жоқ жерде сөз тез бітеді. Олар аңғал адамдарды жеңіл баурап алады, бірақ тереңге үңіле білетін адам олардың бастары, әлгі дана мысалда айтылғандай, бос* екенін байқайды.

/*Эзоптың мысалдарынан/.

49. ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ БАЙҚАҒЫШ АДАМ. Ол жағдайға бағынбайды, қайта оларды уысында ұстайды. Көңілдің терең түкпіріндегіні жаза баспай таниды. Адамды бір қарағаннан бағалай алады. Оның ескертулері дөп түсіп жатады, ең құпия ойларды білу қабілеті дамыған. Ол айқын көреді, терең түсінеді, ақылға қонымды ой жүгіртеді; ол барлығын байқайды, қамтиды, таниды және бағалайды.

50. ӨЗІҢДІ ӘРҚАШАН ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛУ. Мұны оңаша кезіңде де сақта. Өз ұятың сенің ақтығыңның өлшемі болсын және өз шешіміңнің қаталдығы басқалардың пікірінен маңыздырақ. Адамдардың сөзінен қорқып жөнсіз нәрсе істеме, өз ақылыңның даусына құлақ сал. Өзіңді сыйлай біл, сонда саған Сенеканың қиялындағы ұстаз* керек болмайды.

/*Сенека, Адамгершілік хаттар/.

51. ТАҢДАЙ БІЛЕТІН АДАМ. Өмірде көп нәрсе талғамдылыққа байланысты, ол үшін жақсы талғам мен дұрыс ойлау керек - ыждағаттылық пен қулық мұнда жүрмейді. Іріктеу жоқ жерде мүлтіксіздік те жоқ, жақсыны іріктей алу дағдысы артықшылық береді. Дарыны тасыған, ақылы асқан әрі өте еңбексүйгіш адамдар іс іріктеп алуға келгенде аңтарылып қалады: әдейі қателескендей ең нашарына жармасады. Сонымен, бұл туа бітетін ұлы қабілеттердің бірі.

52. ЕШҚАШАН КҮЙГЕЛЕКТЕНБЕУ. Естіліктің маңызды ережесі -өзіңді ұстай білу. Үлкен сабырлылық үлкен жүрекке тән, ұлы рухты байсалды қалыптан шығару оңай емес. Құштарлықтар - рухтың гуморлары*; олардың шамадан тыс көбеюі ақылды ауруға ұшыратады, ал бұл ауыздан шығатын болса, ізгі атқа қауіп төнді дей бер. Сонымен, бақытты кезде де, бақытсыздықта да сені ұстамсыз деп жазғырмас үшін өзіңе-өзің ие бол - сонда өзгелер сенің рухыңның биіктігіне таңырқайтын болады.

/*Ежелгі және орта ғасырдағы медицинаның негізінде Гиппократ тұжырымдаған төрт гумор, немесе сөл - қан, флегма, ашық өт және қара өт туралы ілім жатты, адамның денсаулығы мен оның темпараменті олардың ара салмағына байланысты/.

53. БАТЫЛДЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ. Парасат көп толғанатын нәрсені батылдық әп-сәтте шешіп тастайды. Асығыстық - ақымақтың ісі; кедергіні көре білмейтін қарайламай қимылдайды. Ақылды, керісінше, баяулықпен титықтатады: көп көрген салмақты келеді. Ұзақ жиналудың жақсы ойды сәтсіздікке ұшырататын кезі аз емес. Шапшаңдық - табыс кепілі. Бүгінгі істі ертеңге қалдырма, сонда көп нәрсені бітіресің. Император Августың сүйікті мәтелінде айтылғандай - асықпай тездет.

54. ӨЖЕТ БОЛУ. Өлі арыстаннан қоян да қорықпайды, айбынмен қалжыңдаспайды:* батылың жетпесе бір рет шегінесің, одан кейін екінші рет шегінуге тура келеді, осылай кете береді: ақыр соңында алдыңнан сол кедергі шығады - одан да мәселені бірден шешкен дұрыс емес пе еді? Рух күші дене қайратынан басым; семсер сияқты, оны әрқашан естілік қынында дайын ұста. Ол - адамның қалқаны. Рух ынжықтығы дене әлсіздігінен зияндырақ. Көптеген қасиеттері бар қаншама адамдар батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешті. Табиғаттың араға тәтті балмен қатар шағып алар азу беруі тегін емес. Сіңір, сүйек және толған тамырдан жаралған тал бойымыздағы рух өрлігі түспесін.

/*Испанның ”махаббатпен ойнамайды” мәтелінің өзгертіліп айтылуы/.

55. КҮТЕ БІЛЕТІН АДАМ. Ол үлкен ерлік пен шыдамдылыққа ие болуы тиіс. Ешқашан асықпа және қызуланба. Өзіңді билесең - өзгелерді билейсің. Қолайлы сәтке уақыттың ұзақ жолымен келуге тура келеді. Сен сабырмен қимылдаған уақыт ішінде болашақ сәттіліктер мен құпия ойлар пісіп-жетіледі. Геркулестің кісендеулі күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетесің. Құдай таяқпен емес, өкіндіру арқылы жазалайды. Бір данышпан айтқандай: “Уақыт пен мен - кез келген жауды жеңіп шығамыз”*. Бақыттың өзі шыдамдылықты өзінің ең тәуір сыйларымен марапаттайды.

/* Император Карл V айтты делінетін сөз/.

56. ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ШАПШАҢДЫҚ. Табиғи еті тіріліктің нәтижесі. Жылдам да өжет ол үшін қиындық та, қобалжу да сөз емес. Бір адамдар көп ойланғанмен, қолға алған ісін бүлдіріп тынады; кейбіреу мұны ұзақ ойланбастан сәтті аяқтап шығады. Ақыл құрылымы ерекше адамдар бар, қиындық кезінде олар бәрінен жақсы қимылдайды. Мұндай бірегей кісілер ойланып жасағаннан гөрі, қызулықпен кіріскенде көп нәрсеге қол жеткізеді; бірден бітпеген істен болашақта үміт күтпейді. Шапшаңдардың өркені өссін, олар кереметтей ғажаптықпен бәріне үлгереді - ақылға да жылдам, іске де тыңғылықты.

57. ЖАҚСЫЛАП ОЙЛАНЫП АЛАТЫНДАР. Тез істелген тез бұзылады; ұзаққа жетсін десең көп еңбектен. Тек мүлтіксіз нәрсе ғана қуаныш әкеледі, тек сәтті жасалған нәрсе ғана қалады. Терең ой уақыт сынынан өтеді. Барлық құнды нәрсе қымбатқа түседі - асыл металдардың балқуы қиын, салмағы да ауыр.

58. ҰСТАМДЫ БОЛУ. Әсіреқызылдыққа ұмтылма, қажеттіден артық күш жұмсама. Құр бекерге тыраштануға болмайды. Тәжірибелі құсбегі саятқа керектіден артық сұңқар алмайды. Бойыңдағы барыңды жайып салма - ертең ешкімді таңдандыра алмайсың. Қайтадан көзге түсу үшін, әрқашан бірдеңені бүгіп қал: күн сайын жаңа нәрсе көрсететін адамнан көп үміт күтеді әрі ешқашан оның қазынасының шетіне шыға алмайды.

59. ЖҰЛДЫЗЫ ОҢЫНАН ТУАТЫН АДАМ. Бақыт қуанышына шаттық қақпасы арқылы кірген қайғы есігінен шығады - және керісінше. Сондықтан істің ақырын ойлан, әдемі кірудің емес, бақытты шығудың қамын же. Дабыра-даңғойлықпен басталған іс сәтсіздікпен аяқталады. Мәселенің мәнісі сол, кіру кезіндегі жұрттың қошеметіне мәз болма, мұны әркім істей алады, бастысы - сенің кеткенің туралы өкінішпен еске алатын болсын: сүйікті болу маңызды. Бақыт кетушілерге сирек ілеседі: ол қуанышпен қарсы алып, селқос шығарып салады.

60. ДҰРЫС ОЙЛАУШЫЛЫҚ. Кейбір адамдар табиғатынан парасатты болып туады, синдересистің осы сыйымен олар даналыққа дейін барады -табысқа апарар жолдың жартысын артқа тастайды. Есейіп, тәжірибенің жиналуына қарай олардың ақылы толысады; пікірлерде ұстамдылық сезіледі; олар қандай болмасын қайран қалуды ақылдың азғырушысы ретінде жек көреді, әсіресе әрбір қадамның маңыздылығы толық сенімділікті талап ететін мемлекеттік істерде жетіктік танытады. Мұндай басқарушылар іспен де, көмекпен де қолдауға лайық.

61. ЕҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕГі ҮЗДІКТІК. Көптеген қасиеттердің ішінде біреуі басты болуы тиіс. Кез келген белгілі адамның өзіне тән бір қасиеті болады; ал қарабайырлық ешкімді қызықтырмайды. Тек бір нәрседе артық болу ғана топтан шығарып, көрнекті адамдардың қатарына қосады. Қарапайым істе ерекшелену елеусіздіктен дұрыс: бірақ оңай жерде даңқ та аз болады. Ұлы істерде көзге түсу патша айбыны сияқты -таңырқату туғызып, жүректі шымырлатады.

62. ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ТАҢДАЙ БІЛУ. Біреулер оңбаған көмекшілерінің барлығын мақтан етеді. Қатал жазаға лайық қауіпті мақтаныш! Қызметшінің адалдығы мырзасының қасиетін кеміте алмайды: сәтті кездегі бар абырой да, сәтсіздіктегі бар мазақ та соған бұйырады. Даңқ бастықтарға ілеседі. Ол: “Біреудің жақсы немесе нашар қызметшілері болыпты" демейді, “Әлдекім өз ісінде ақылды не ақымақ болған екен" дейді. Сонымен, өз атыңның өшпестігін кімнің қолына сеніп тапсырасың, таңда.

63. АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШ БОЛУДЫҢ АРТЫҚТЫҒЫ. Әрі ол ұлы болса, артықтық екі еселенеді. Алғашқы жүріс басымдық береді. Егер оларды басқалар басып озбағанда, көп адам өз ісінің фениксі болар еді. Даңқты іліп әкететіндер алғашқылар, басқалардың еншісіне аянышты түйірлер ғана қалады - қанша тер төксең де еліктеуші атынан құтылмайсың. Өз қабілетіне жаңа жолдар аша білетін дарынды дұрыс істейді. Даналар жаңалықтарының сонылығымен, жолдарының саралығымен өздерінің өшпес атын қалдырып кетті. Кейбіреу бірінші қатарда екінші болғаннан, екінші қатарда бірінші болғанды қалайды.

64. ӨЗІҢДІ ҚАМЫҒУДАН САҚТАУ. Іштей мүжілуден сақтану әрі көңілге қонымды, әрі пайдалы. Естілік көп нәрседен құтқарады; ол Луцинаның* бақыты, демек - ризалығы. Ұнамсыз хабарларды таратпа да тыңдама: олардың есігіңнен кіруіне тыйым сал. Біреулер тәтті қолпашты күні-түні естуге, ал кейбіреу өсек-аяңды жалықпай тыңдауға дайын, сондай-ақ Митридаттың усыз тұра алмағаны сияқты**, күн сайын ренжіспесе көңілі көншімейтіндер де бар. Басқаға, мейлі ол ең жақсы досың болсын, жағыну үшін бір рет жасалған қылықтан өз басыңа өмір бойғы қайғы тілеп алсаң - тыныштығыңа одан өткен зиян жоқ. Кеңес беріп, өзі тысқары қалатынның ризалығы үшін өз басыңа қарсы ешқашан күнә жасама. Осындай кез келген жағдайда парасат үнін ұмытпа: соңынан өзің оңбай опық жегеннен, қазір басқа біреу ренжісін.

/*Луцина - Юнонаның лақап аты, дүниеге келетін жаңа өмірдің жебеушісі. Римдіктер ерекше құдай ретінде оның құрметіне храмдар мен алтарьлар салған/.

/**Римдіктердің қас дұшпаны, Понт патшасы Митридат VІ Евпатор денесін уға үйретіп, уланушылардан қауіптенбес үшін удың белгілі бір мөлшерін күнделікті қабылдап отырған/.

65. НӘЗІК ТАЛҒАМ. Ақыл сияқты талғам да мәдениетті қажет етеді. Кім нәзік сезіне білсе жақсыны қаттырақ аңсайды. Түсінік тереңдігі ұмтылыстың биіктігінен байқалады. Үлкен ыдысты толтыру үшін көп сұйық кетеді; қырғауыл тойымсыз қомағайлар үшін дәмді тамақ, ал нәзік талғамды адамдарға - әсемдік белгісі. Рас, батыл ойлардан қорқамыз, тіпті айқын қасиеттердің алдында күдіктенеміз: жарық жұлдыздар сирек - тым болмаса мақтауға сараң бол. Талғамдар жұққыш, қатынасу мен тұқым қуалау арқылы беріледі; сондықтан жақсы талғамды адамдардың ортасына түсу - үлкен бақыт. Дегенмен, бәрін шетінен сынауды әдетке айналдырмаған жөн - бұл, әсіресе зәрін шашудан емес, қылымсудан туса, жек көру туғызады. Біреу басқалардың таң қаларлық қиялына сүйсініп, Құдай әсемдіктің жаңа ғажаптары бар жаңа әлем* жасар ма екен депті.

/*Птоломей кестелеріндегі аспан денелері қозғалысының өте шиеленіскен жүйесімен танысқан Кастилия мен Леонның королі Альфонс Х, аңыз бойынша, егер ғаламды мен жасасам, оны әлдеқайда түсінікті етер едім депті. Әсемдіктің жаңа ғажаптары бар жаңа әлем дегенде осыған мегзелген/.

66. СӘТТІ АЯҚТАУ ТУРАЛЫ ОЙЛАНУ. Кейбіреу мақсатқа жету туралы ойланудың орнына, о баста ұстаған бағыттан ауытқымаудың қамын жейді; бірақ ойдағыдай бітпеген іс үшін жазғыру әрқашан ынта-ықыласты мадақтағанды жоққа шығарады. Жеңімпаз ақталуды керек етпейді. Көпшілік жағдайды дұрыс бағалауға қабілетсіз және тек жақсы не нашар салдарды көреді; сонымен, мақсатқа қол жеткізген екенсің, демек ізгі атыңа нұқсан келмейді. Сәтті аяқтау бәріне оң сипат береді, ал оған жету тәсілдерінің қандай болғаны онша қаперге алынбайды. Ақылдылардың ережесі - өзге жолмен бастағанды аяқтау мүмкін болмағанда, нормаға қарсы жүру.

67. МАДАҚТАЛАТЫН ІСТЕРМЕН АЙНАЛЫСУ. Өмірде көп нәрсе адамдардың пікіріне байланысты. Гүлдер римдіктердің батыс желі -фавонийды қалай керек етсе, қабілеттер де мақтауды солай қажет етеді. Бәрі құрметтейтін істер бар, сондай-ақ басқа, жоғары тұрса да онша көрінбейтін істер болады; алғашқылар бәрінің көз алдында болатындықтан, барлығы оған сұқтанады; соңғылар таңдаулы әрі сирек кездеседі, тұңғиық тереңде жатады, оларды қадірлейді, бірақ ардақтап, даңқын шығармайды. Патша ағзамдардың ішінде жеңімпаздары атақты болады, сондықтан да Арагонның жаулаушы - конкистадор корольдерінің даңқы шарықтап кетті. Ұлы қайраткер даңқ әкелетін істермен айналысады, халық мақтауы оның атын өшпестей етеді.

68. ОЙ САЛУ. Бұл еске алуға алып келгеннен күрделірек. Кейде еске салу керек, кейде кеңес беру қажет. Адамдар көбіне ойланбайтындықтан да қажетті қадамды жасамайды; бұл жағдайда достық кеңес берген орынды. Ақылдың бағалы қасиеттерінің бірі - маңызды нәрсені уақытында ұғыну. Мұндай қасиеті жоқтар көп сәтті қолдан шығарып алады. Зерек көмек берсін, аңқау оны пайдалансын; бірі пайымды, екіншісі ықыласты болсын. Ой салу өнері ол бағытталатын адамға пайда әкелген жағдайда өте құнды болады. Мұны жеңілдікпен жасау керек, бірақ қажет кезде табандылық танытқан да дұрыс. “Жоқ" деу оңай, “иә" деу қиын: көбіне таппайды, өйткені іздемейді.

69. АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ КӨҢІЛ-КҮЙГЕ БЕРІЛМЕУ. Орынсыз тілектерді уысында ұстайтын адам тегін емес. Парасат өзің туралы ойлануға, қазіргі жағдайыңды бағалап, оны түзеуге үйретеді. Өзіңді бағыттау үшін өзіңді таны.* Тұрақсыздық құбыжықтары болады, олардың көңіл-күйлері мен құштарлықтарында бүр болмайды; өзіне ие бола алмайтын олар үнемі басын тауға да, тасқа да соғып жүреді. Мұндай өзгергіштік жігерді жасытып қана қоймай, пайымдауға әсер етеді, тілекті де, түсінікті де бұрмалайды.

/*“Өзіңді өзің таны” - Дельфтағы Аполлон храмының маңдайшасындағы жазу. Нақыл Милеттік Фалеске, Лакедемондық Хилонға, сондай ақ Приендік Биантқа телінеді/.

70. БАС ТАРТА БІЛУ. Үнемі бас изей беруге болмайды. Бұл да көну, жол бере білу сияқты маңызды, әсіресе билік басындағыларға маңыздырақ. Мына жайды ұмытпа: біреулердің “жоқ" дегені басқалардың “иә" дегенінен жайлырақ естіледі, құрғақ келісуден гөрі сыпайы қайтару жанға жеңілірек. Көпшіліктің аузында әрқашан “жоқ" тұрады және ол бәріне күйініш туғызады; “жоқты" олар бірінші айтады және кейін келіскенмен, бұл енді бұрынғы реніштің әсерінен бағаланбайды. Бірден бас тартпа, біртіндеп көңілі қайтсын; үзілді-кесілді бас тартуға да болмайды, бұл қатынасқа көлеңкесін түсіреді. Үміт ұшқыны қалсын, олар қабыл алмаудың күйінішін басады. Сыпайылық рақым етудің кемшіліктерін жасырады, жақсы сөздер жоқ істерді ауыстырады. “Жоқ" не “иә" деп айта салу қиын емес, алдымен жақсылап ойланып ал.

71. ҚҰБЫЛМАЛЫ БОЛМАУ, ЕСЕРЛІКТЕН ҚАШУ - жібі түзуліктің белгісі. Есті адам тұрақты болады, бұл даналық кепілі. Ол көзқарасын себепсіз өзгертпейді. Үлкен істерде тұрақсыз болу - кемшілік. Өзіне бір күн де ұқсамайтын адамдар бар, тіпті олардың тілектері мен көңіл-күйлері тұрмақ, ақылдары да құбылмалы: кеше сізді “иә" деп қарсы алса, бүгін “жоқ" деп түнереді. Оларға адам сенуден қалады.

72. БАТЫЛ АДАМ. Батылсыздық іске шамасы келмеуден де нашар. Ағын су емес, тұрып қалған су бұзылады. Біреулер басқалар түртіп 

қалмайынша бір де қадам жасамайды; себеп ақылдың топастығында емес, босаңдығында. Қиындықты көре білу үшін ақыл керек, ал одан шығудың жолын табу үшін кемеңгерлік қажет. Біреулерді ешнәрсе де абыржытпайды, бұлар - ұлы, табанды ақылдың адамдары; олар үлкен істер үшін туылған, түсіну айқындығы іс-әрекеттің жылдамдығын қамтамасыз етеді және бар іс оларға жеңіл тиеді. Олардың кейбірі бұл дүниенің істерін бір жақты қылып, о дүниенің шаруасымен де айналысып үлгерді*. Өз жұлдызына сене отырып, олар іске бар батылдықпен, табандылықпен кіріседі.

/*Мұнда 1555 жылы тақтан бас тартып, монастырьға кеткен император Карл V айтылып отыр/.

73. ЖАЛТАРЫП КЕТУ. Парасатты адамдардың әдісі. Тапқыр әзілмен олар ең шиеленісті жағдайдан шыға алады. Олар ең бір қызу таластан күлкімен шығады. Ұлы капитандардың ұлысы* осы қасиетімен даңққа бөленді. Тікелей бас тартпаудың сыпайы тәсілі әңгіме желісін өзгерту; кейде түсінбеген сыңайда болудан артық ақылдылық жоқ.

/*Мұнда Италияда француздарға соққы беріп, испан тәжі үшін Неаполитан корольдігін басып алған жеңімпаз науқанда даңқы шыққан атақты испан қолбасшысы Гонсало Фернандес де Кордова айтылып отыр/.

74. МЕНМЕН БОЛМАУ. Халқы көп қалаларда екі аяқты хайуандар да кездеседі. Өзіне жақындатпау - өзін танымағандардың кемшілігі; құқық көп болған сайын мінез де шырт келеді. Өзіңді құрметтесін десең, тіл тигізуден бастама. Долылыққа әрқашан дайын тұратын мына бір типке көз салып көрші! Кім оған тәуелді болса, соның басынан қайғы арылмайды, онымен әңгімелесуге жолбарысқа барғандай сақтықпен жақындайды. Ол өз орнына жеткенше бәрінің бабын таба біледі, жетіп алған соң осынысының есесін қайырып, барлығының ызасына тиеді.  Қызметі жағынан олар бәрімен болуы тиіс, бірақ олардың дөрекілігі мен дандайсуы барлығын бездіріп жібереді. Мұндайлардың әдепті жазасы - олардан бойыңды аулақ ұстау.

75. БАТЫРЛЫҚ ҮЛГІСІН ТАҢДА: еліктеу үшін емес, жарысу үшін. Ұлылықтың, даңқтың тірі шежірелерінің дәлелдері аз емес. Соңынан ілесу үшін емес, басып озу үшін өз істеріңде алғы шептегілерге қара. Александр өлген Ахиллеске емес* әлі ерліктер жасамаған өзі үшін жылады. Атаққұмарлықты өзгенің даңқ кернейінің үнінен артық ештеңе қоздырмайды. Ол қызғаныш та тудырады, жігер де береді.

/*Плутархтың баяндауынша Илиондағы Ахиллестің моласына венок қойған Александр Ахиллесті бақытты санайтынын мұңая айтқан, өйткені оның өмірде - адал досы (Патрокл), өлгеннен соң - өз даңқының ұлы жыршысы (Гомер) болды/.

76. ӘРҚАШАН ӘЗІЛҚОЙ БОЛУ ЖӨНСІЗ. Парасаттылық шын істерде танылады, ол әзілқойлыққа қарағанда жоғары бағаланады. Үнемі қалжыңдайтын адам - бос адам. Мұндай адамдар өтірікшілерге ұқсайды: оған да, бұған да сенбейсің - біреуінен алданып қалудан қорқасың, екіншісі мазақ етер дейсің. Олардың әзілдеп тұрғанын не шын айтып тұрғанын ешқашан білмейсің, демек олармен әңгімең жараспайды. Үнемі қызық-думанда болу іске кедергі. Біреулер қалжыңбас атын иеленеді, бірақ ақылдылардың құрметін жоғалтады. Тамаша-сайранның өз сағаты бар, қалған уақыт - іске арналсын.

77. ӘРКІМГЕ БЕЙІМДЕЛУ. Протей ақылды еді - ғалыммен ғалымша, әулиемен әулиеше араласатын. Көңілді таба білу ұлы өнер: ұқсастық тілектестік тудырады. Мінездерді танып, соларға орай бейімделу әсіресе бағыныштылар үшін ерекше маңызды. Тұрмыстық бұл өнер көп білімді қажет етеді, ол ақылды әрі туа біткен талғамы бар әмбебап адамға қиынға түспейді.

78. БАСТАУ ӨНЕРІ. Ақымақтық ойланбастан қимылдайды, ақымақтар - шетінен батыр. Олар өздерінің аңғалдығынан істің басында кедергілерді көрмейді, есесіне соңынан сәтсіздікке көп қайғыра да қоймайды. Парасаттылық іске абайлап кіріседі, оның тыңшылары, Болжау мен Ойлау, бөгетсіз жүру үшін жолға барлау жасайды. Асығыстықты Байсалдылық сәтсіздікке бұйырған, дегенмен кейде оны Сәттілік құтқарып қалады. Терең деп ойлаған жерден сақ өт: Көрегендік су түбін сезе біледі, Парасаттылық жағалауға жетелейді. Бүгінде адамдармен араласу кезінде қайраңға шығып қалу жеңіл, лотты жиі түсіріп отыр.

79. ТАУЫП АЙТУ ДАРЫНЫ. Шамадан шықпасаң, бұл кемшілік емес, қасиет. Аздаған ащылық астың дәмін кіргізеді. Тіпті ұлы адамдар да өткір сөзбен шаншып алудан қашпайды, бірақ әдептілік пен сыпайыгершілік ауқымынан шықпайды. Біреулер әзілді амал ретінде пайдаланады, өйткені кейбіреу оларды шын қабылдағанмен, қайсыбір нәрселерге қалжың тұрғысынан қарау дағдысы бар. Рухтың мұндай сабырлылығы - жүректер үшін еліктіргіш.

80. КӨП СЕНЕ БЕРМЕУ. Басқалар туралы көргенімізден естігеніміз көп болады; біз естігенімізбен өмір сүреміз. Есту шындық үшін қосалқы есік те, өтірік үшін басты есік. Шындықты біз көбіне көреміз, бірақ аз естиміз, ал таза күйінде мүлде естімейміз дерлік: онда біреудің қоспалары болады. Әсіреқызылдық жанаған нәрсенің бәрін өз түсіне бояйды; ол үшін бастысы - әсер туғызу. Біреуді біреу мақтаған кезде, әсіресе жазғырған уақытта сақ бол. Айтушының ниетін білуге, оған не түрткі болғанын түсінуге тырысып бақ. Ойлану сені ақымақтықтан да, ұждансыздықтан да қорғасын.

81. ӨЗ АБЫРОЙЫҢДЫ ЖАҢАРТЫП ОТЫР. Феникстің артықшылығы. Ұлы нәрсе де ескіреді, онымен бірге оның даңқы да азаяды. Әдет таң қалуды кемітеді, ал жаңа қарабайырлық ескі атақты қалқалайды. Сонымен, қайта түле - айбыныңды, талантыңды, жеңісіңді, бәрін жаңарт; 

әр кезде күн сияқты жаңа нұрға бөлен, бір жерде сенің болмауың өзіңді қалаулы ету үшін, ал бір жерде сонылығың қуаныш тудыру үшін тұғырларыңды ауыстырып отыр.

82. ЖАМАНДЫҚТА ДА, ЖАҚСЫЛЫҚТА ДА ШАМАНЫ БІЛУ. Бір данышпан бар даналықты шамаға сайыпты*. Шектен шығу шындықты да бұрмалайды; апельсинді сыға берсе қышқыл ағады. Егер талантты ысырап етсе, ол тез таусылады. Ұятсыздықпен сауа берсең, сүт орнына қан шығарасың.

/*Бұл ойды ежелгі жеті данышпанның қатарына кіретін Клеобул немесе Солон айтқан болуы мүмкін/.

83. ҰСАҚ САЛАҚТЫҚТАРҒА ЕРІК БЕР. Кейбір кемшілік қасиеттеріңді ашып көрсетеді. Қызғаныш үнемі тіміскілеп жүреді. Ол кемелдікке оның мүлтіксіздігін кінә етіп қояды, ешқандай кемшілік таппағандықтан, бәрін сынауға көшеді; ол Аргусқа* айналады, кереметтен кемістік іздеп, содан алданыш табады. Жамандау, найзағай сияқты, неғұрлым биік абыройға түседі. Сондықтан да Гомер кейде қалғып алсын**, талант немесе ерлік істерде аздап ұқыпсыздыққа ерік берсін: уға біртіндеп толып, жарылып кетпес үшін ашуды тыныштандыру керек. Сен осы арқылы мәңгілікті құтқару үшін, күншілдік бұқасына шапаныңды лақтырғандай боласың.

/*Аргус - жүз көзі бар, оның жартысы әрқашан ашық тұратын аргив патшасы. Қызғаншақ Юнона оған Юпитердің сүйіктісі, сиырға айналдырылған Ионды бағуды тапсырады, бірақ Меркурий сыбызғы үнімен Аргусты ұйқтатып, оның басын алады. Сонда Юнона оның көздерін тауыстың құйрығына ауыстырады/.

/**Горацийдің сөзі/.

84. ЖАУЛАРЫҢНАН ПАЙДА КӨРЕ БІЛУ. Кез келген нәрсені дұрыс пайдалану керек: қылыштың жүзінен ұстасаң, қолыңды қанатасың, сабынан ұстасаң - өзіңді қорғайсың. Ақымаққа достарынан гөрі, ақылдыға жауларынан келетін пайда көбірек. Игі ниеттілік өте алмайтын қиындықтарды кейде дұшпандық жеңілдікпен тегістеп тастайды. Көп адамға олардың жаулары даңқ әкеледі. Жағымпаздық жек көруге қарағанда қауіптірек; бірі кемшіліктерден құтылуға көмектеседі, бірі оларды жасырады. Парасатты адам жұрттың ашу-ренішін өзіне айна ретінде пайдаланады және әшкерелеуге тойтарыс береді не кемшілігін жөндейді. Бақталастықпен, теріс ниеттілікпен көрші болғанда әрқашан абай болғын.

85. ТӨМЕНШІК БОЛМАУ. Көркем де әсем нәрсе көп қолданылса солғын тартады. Әуелі оны аңсайды, қолға түскен соң жалықтырады. Ештеңеге жарамсыз болу үлкен бақытсыздық, бірақ бәріне жағымды болуға ұмтылу одан кем түспейтін бақытсыздық; сараң болсаң, бәрін жоғалтасың, бұрын сені бағалағандар алдымен сырт айналады. Мұндай арзанқолдар кез келген істе кездеседі, бұрын оларға ғажайып ретінде сұқтанса, енді тұрпайылық сияқты жек көреді. Артық болудың бір тәсілі -көзге түсуде шаманы білу; кемелдігің кемерінен аса берсін, бірақ кербездікте ұстамдылық керек. Шырақ неғұрлым қатты жанса, соғұрлым тез өшеді. Ысыраптағы сараңдық құрметтеу проценттерімен марапатталады.

86. ЖАМАН ӨСЕККЕ ТАҢЫЛМАУ. Тобырда бас көп, демек жаман көздер мен улы тілдер де жеткілікті. Өсек бір тараса, жақсылыққа күйе жағып, масқара лақап таңады, ізгі атпен қоштаса бер. Оған кез келген ағаттық немесе күлкілі кемістік себеп бола алады, бұлар улы тілдер үшін шабыт көздері. Кейде қауіпті қарсыластар кемшіліктерді ойдан шығарып, жұртқа жайып жібереді; ғайбат ауыздар ұлы даңқты ашық батылдықтан гөрі, өсек-аяңмен жамандағанды ұнатады. Жаман атқа қалу жеңіл, ал одан құтылып көр! Есті адам мұндай қырсықтан бойын аулақ ұстайды, әдепсіз дөрекілікке сылтау бермейді, ауруды емдегеннен, оның алдын алған жеңіл.

87. МӘДЕНИЕТ ПЕН ЫСЫЛУ. Адам жабайы болып туылады: тәрбиеден соң ол өзіндегі тағылықтан арылады. Мәдениет кісіні адам етеді және ол неғұрлым көп болса, соғұрлым елеулі болады. Мәдениетті Греция басқа әлемді тағы деп атауға құқы болды. Мәдениетсіздік - надандықтан: мәдениет үшін ең алдымен білім керек, бірақ ысылудан өтпесе, оқымыстылықтың өзі дөрекі болады. Ой да, тілек те, тіл де, бойдағы бар нәрсе әсем де сыпайы болуы тиіс. Бір адамдар табиғатынан ішкі және сыртқы сұлулығымен ерекшеленеді, ойлары мен сөздері мүлтіксіз болады. Біреулер, керісінше, ысылмағандықтан, олардың бар табиғи ерекшеліктері, оның ішінде озық қасиеттері тағы тұрпайылықтың әсерінен солғын тартады.

88. ҚАТЫНАСТА САБЫРЛЫ БОЛУ, КЕҢПЕЙІЛДІК КӨРСЕТУ. Ұлы адам күнделікті тұрмыста да ұсақ болмайды. Ұсақ-түйекке араласпа; кейде, рас, оны байқаған да пайдалы, бірақ әдейі емес, аңдаусызда білгендей бол. Көзқарас кеңдігі - тәрбиелілік негізі. Басқаларды басқарғың келсе өз сезімдеріңді жасыра біл. Үй ішіндегілердің, достарыңның, әсіресе жауларыңның көп істеріне немқұрайды қара. Қазымырлықты ешкім ұнатпайды, ал мінезде ол басым болса төзгісіз болады. Ұнамсыз жайға үнемі қайта оралып, мінеп отыру көргенсіздіктің көкесі. Әдетте, әркімнің мінезі оның жүрегінің үлкендігімен анықталады.

89. ӨЗІН ӨЗІ ТАНУ. Өз мінезіңді, ақылыңды, пікірлерің мен құштарлықтарыңды таны. Өзіңді танып болмайынша, өзіңе ие бола алмайсың. Бет үшін айна бар, ал көңіл түкпірін ештеңемен көруге болмайды; осы жерде өз парасатың саған көңіл айнасы болсын. Өзіңнің сыртқы әлпетің туралы ұмытуға болады, бірақ әрқашан жан жайсаңдығын естен шығарма, оны жақсарт, жетілдір. Өз парасатыңды, іс-әрекетке қабілеттілігіңді тексер; қызбалығыңды сына, жан тереңіне бойла, қабілеттеріңді екше.

90. ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ӨНЕРІ ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР СҮРУДЕН ТҰРАДЫ. Екі нәрсе адамның шаруасын тез бітіреді: бірі - ақымақтық, бірі - азғындық. Біреулер өмірін сақтай алмағандықтан онымен қош айтысты, кейбіреу өмір сүргісі келмегендіктен де көз жұмды. Жақсылық сияпат десек, бұзықтық - жаза. Бұзықтық жағдайында өмір сүргісі келетіндер ажалын тез табады; ал өзін жақсылыққа арнағандар ешқашан өлмейді. Жан-дүние денсаулығы денеге беріледі, әділдердің өмірі істеген істерімен де, жасаған жылдарымен де ұзақ.

91. КҮМӘН ТАУСЫЛҒАН КЕЗДЕ ҒАНА ІСКЕ КӨШУ. Әрекет үстіндегінің сәттілігіне шүбәлану бақылаушының (қарсыластың) өзінің жолы болмайтынына сенімділікке айналады. Егер қызбалық кезде ақыл күдіктенсе, қызбалық тараған соң ол сенің қылығыңды ақымақтық ретінде жазғырады. Істің ақылға қонымды екеніне күмәндана отырып қимылдау -қауіпті, одан да әрекеттен тартын. Парасат сенімсіздікке жол бермейді, әрқашан ақылдың айтуымен жүреді. Әрекет ойға келген сәтте қауіптенуге ұшыраса, мұндай істен табыс күтуге бола қояр ма екен? Егер ішкі даусың құптаған іс сәтсіздікке ұшырап жатса, онда жалтақтап кіріскен шаруадан не күтуге болады?

92. ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТРАНСЦЕНДЕНТТІ - сирель бәрінен жоғары. Бұл істер мен сөздердегі бірінші маңызды ереже, әсіресе қызмет неғұрлым жоғары әрі құрметті болған сайын маңыздырақ. Дұрыс ойлаушылықтың грамы қулықтың арробынан* салмақты, ақылды атану - жоғары атақ. Ақылдылардың мақұлдауын қанағат ет, олардың даусы сенің әділдігіңе сын.

/*Арроба - испанның салмақ өлшемі, 11,5 кг-ға жуық/.

93. ӘМБЕБАП адам. Ол бар қасиетті бойына сіңірген, бір өзі көп адамға татиды. Ол өмірге зор қуаныш алып келеді. Көп қырлылық кемелдік сияқты - өмірге қуаныш сыйлайды. Бар жақсыны бойға жинау -ұлы өнер. Егер Табиғат адамды көтеру үшін оны дүниедегі бар жақсының жиынтығы етсе, өнер талғам мен ақылмен тәрбиелеу жолымен оны шағын әлем етсін.

94. РУХТЫҢ ҚҰПИЯЛЫҒЫ. Абайлағыш кісі өзін құрметтесін десе, ішкі сырын құпияда ұстайды; онымен тек танысуға болады, бірақ аяғына дейін түсіне алмайсың. Ешкім сенің мүмкіндіктеріңнің шегін білмесін, әйтпесе сұқтану түңілуге ауысады. Ешқашан сырыңды білуге мүмкіндік берме. Өзіңді білмей, тек шамаласа етене таныстықтан гөрі құрметтірек боласың.

95. ҮМІТТЕН АЙЫРМА, оны талмай қолдап отыр; сенен көп нәрсе күтсін - ірі ойнаған пайдалырақ. Алғашқы жүрістен бар мүмкіндігіңді көрсетпе. Ойынның маңызды әдісі - өз білімің мен күшіңді байқатар сәтті таңдау, сөйтіп күткен үміттен асып түсу.

96. ҰЛЫ СИНДЕРЕСИС ТУРАЛЫ. Бұл ақыл тәжі, даналық негізі; оның иесі көп нәрсеге үлгереді. Ол аспан сыйы, ең қалаулы нәрсе, өйткені оған баға жетпейді. Біз жеткен жетістіктің ең бастысы, бәрінен керектісі: синдересистен айрылған адамды ғана жынды деп атайды; кім одан құр қалса, сол шын мәнінде мақұрым болғаны. Біздің бар әрекетіміз синдересистің ықпалымен жасалады, әрбір ісіміз оның мақұлдауын керек етеді - өйткені ақыл бәріне қажет қой. Синдересистің мәні - ақылға қонымды нәрсемен әуестену.

97. ЖАҚСЫ АТТЫ БОЛУ ЖӘНЕ ОНЫ САҚТАУ. Ол даңқыңның шығуына мүмкіндік береді. Жақсы ат қымбат тұрады, оған үлкен қасиеттер керек, ал қарабайырлық қаншалықты жиі болса, олар соншалықты сирек кездеседі. Жақсы атқа қол жеткізсең, оны сақтау жеңіл. Ол көп нәрсеге міндеттейді, құрмет тудыра отырып, ұлылыққа бөлейді. Шынайы жақсы ат жағдайға тәуелді болмайды.

98. ӨЗ НИЕТІҢДІ ЖАСЫРУ. Құштарлықтар - көңіл терезесі. Өмір даналығы жасырындықты талап етеді: ашық ойнағанның ұтылу тәуекелі жоғары болады. Құпия ұстамдылық көрегеннің қырағылығымен күреске түседі: сілеусін көзге қарақаттың көзқарасы қарсы тұрады. Ниетіңді ешкім білмей-ақ қойсын, әйтпесе біреу қарсыласып, біреу жағымпазданып кедергі жасайды.

99. МӘН МЕН КЕЛБЕТ. Нәрсе туралы оның ішкі мәніне емес, сыртқы түріне қарап ой түйеді; ішке үңілетіндер аз, әдетте сырт пішінді қанағат тұтады. Бет әлпетің қулықтан хабар беріп тұрса, сенің адалдығыңнан не пайда.

100. ЕЛІКПЕЙТІН КІСІ - ақылды діндар, зиялы философ. Осындай болып көрінбеу керек, осындай болу қажет. Философиямен шұғылдану ой адамдарының басты ісі болғанмен, қазір ол құрметте емес. Парасаттылық ғылымы елемеуде. Римде оның негізін қалаған Сенеканы ұзақ уақыт құрметтесе, енді жөнсіздікке балауда. Бірақ, парасатты ақыл әрдайым даналық негізі, әділдік төрешісі болады.

101. ЖҰРТТЫҢ ЖАРТЫСЫ ҚАЛҒАН ЖАРТЫСЫНА КҮЛЕДІ -ЕКЕУІНІҢ ДЕ АҚЫМАҚТЫҒЫ БІРДЕЙ. Кез келген нәрсе біреулердің пікірінше жақсы болғанмен, басқаларға ұнамайды; біреу ұмтылатын нәрседен екінші қашады. Бәрін өз бетінше қайта жасауға тырысатын адам -ақымақ. Біреуге ұнамай қалғаннан кемелдікке зиян келмейді, талғамдар да бет әлпет сияқты алуан түрлі. Жабайы құсқа аңшы табылады, сол сияқты бірнәрсе біреуге ұнамай қалды деп қапаланба, оны бағалайтындар да кездеседі. Бірақ мақтағанға да масайрама, сынаушылар табылады. Шынайы рахаттанудың өлшемі - істің жайын білетіндердің мақтауы. Бір пікір, бір ағым, бір ғасыр - әлі бәріне өлшем емес.

102. СӘТТІЛІКТІҢ ІРІ КЕСЕКТЕРІ ҮШІН - ҮЛКЕН ҚАРЫН. Парасаттылық денесінде үлкен асқазан соңғы рольді атқармайды, өйткені тұтастың сыйымдылығы бөліктерінің кеңдігіне байланысты. Ізгі сәттілікті одан да жоғарыға лайықтылар жеңіл қорытады; біреу тойып кететін тамақ біреудің жұмырына жұқ та болмайды. Көпшілікке патша тағамы да сіңбейді - ішек жұқа, оларға үйренбеген, жоғары қызметтер үшін туылмаған. Олардың дөрекілігі осыдан, жағымпаз қошемет бастарын айналдырады; биіктік олар үшін қауіпті: сәттілікті шамадан тыс аңсай бергендіктен, олар дандайсудан жарылып кетеді. Ал ұлы қайраткер одан да үлкенді сыйдыра алатынын дәлелдейді - ол әуелі жүрегінің шектеулі екенін көрсетуден сақтанады.

103. ӘРКІМ ӨЗ ӘЛІНШЕ ТАҚСЫР. Король болмасаң да, істерің өз ішіңдегі корольге лайық болсын; істерің өр, ойларың асқақ болсын. Әрқашан және бәрінде корольге шен жағынан болмаса да, қасиеттеріңмен ұқса, өйткені нағыз патшалық ұжданның биіктігінде; өзгенің ұлылығына өзі соның үлгісіндегі адам қызықтайды. Әсіресе, таққа жақын адамдарда шын ұлылықтан бірдеңе болуы тиіс. Олар күйбең тірліктің салтанатына емес, патшалықтың абыройына қатысты болғаны жөн; бос менменсуге жол бермей, ұлылықтың мәнін танығаны абзал.

104. ТҮРЛІ ІСТЕРДІ БАЙҚАП КӨР. Олар алуан түрлі және оларды білген маңызды, ал бұл үшін түсіну керек. Бір істе батылдық талап етіледі, бір іс нәзіктікті керек етеді. Туралық жеткілікті болатын істерде табысқа жету жеңіл; екі жүзділікті қажет ететін істер қиынға түседі. Алғашқыларды жүзеге асыруды жақсы табиғи қасиеттерің қамтамасыз етеді; соңғылар үшін асқан ыждағат пен тырысу да аздық қылады. Адамдарды басқару оңай шаруа емес, ал есуастарды, не, ақымақтарды басқару одан да қиын; басы істемейтіндерді жеңіп шығу үшін басың екеу болуы шарт. Белгілі бір уақытта және белгілі бір істе адамның тұтас берілуін талап ететін істер ауыр тиеді; тақырыптың маңыздылығы әр түрлілікпен ұштасып келетін істер ұнамды, өйткені өзгерістер ынталану туғызады. Іс басқаларға неғұрлым аз тәуелді болса, соғұрлым лайықты және керісінше, іс өзгелердің ауанына қаншалықты байланысты болса, соншалықты қадірінен айрылады.

105. БЕЙМАЗА БОЛМАУ. Кім үнемі бір іспен шапқылап жүрсе және тек бір жайды ғана талқыласа, сол адам бірінші болып шаршайды. Қысқалық жүрекке де жылы тиеді, іске де пайдалы: ол көп сөзділік жеткізбейтін нәрсеге жеткізеді. Қысқа да нұсқа болу бұдан да жақсы; қысқа қайырылған ақымақтық онша жаман емес. Бос мылжыңдықтан әңгіменің тоқ етері әлдеқайда артық. Көк мылжыңды ешкім де тыңдамайтыны белгілі, оның әңгімесінің желісі емес, жеткізетін формасы діңкелетеді. Кейбіреу бар адам айналып өтетін, лақтырып тасталған ескі-құсқы сияқты. Ақылды ығыр қылмайды, әсіресе маңызды кісілердің мазасын алмайды, өйткені олардың бұған уақыты жоқ. Қысқа да нұсқа айту олардың күнделікті дағдысы.

106. ЖАҒДАЙҒА МАСТАНБАУ. Талантқа мақтанғаннан гөрі, жағдайға менменсу көбірек түршіктіреді. Маңызды адам болып көріну қызғаныш қана емес, жек көру де туғызады. Құрмет көруге неғұрлым дәмеленгендер оны соғұрлым аз көреді; ол пікірге байланысты: құрметті күшпен ала алмайсың, оған еңбек сіңіріп, шыдамдылықпен күту керек. Жоғары лауазым үлкен беделді талап етеді. Өз міндеттемелеріңді орындау үшін, жинаған абыройыңды сақтай біл; оны пайдаланба, қайта нығайт. Міндетін атқару кезінде көп еңбектеніп қойдым деп күңкілдейтін адам, осынысымен өзінің оған лайықты емес екенін, лауазым оның мүмкіндігінен жоғары тұрғанын көрсетеді. Көзге түскің келсе жолы болғыштықпен емес, бойыңдағы қасиеттермен мақтан; тіпті корольдің өзін оның сыртқы салтанатына қарап емес, жеке басының абыройына қарай қадірлеу керек.

107. ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ РИЗА БОЛУШЫЛЫҚТЫ БАЙҚАТПАУ. Өзіңді наразы болумен қинама - бұл жасықтық, бірақ өзіңе масаттану да ақымақтық. Көп адамда паңдық надандықтан туып, ақымақ ләззатқа бөлейді, бірақ ізгі атқа ол мүлде пайдасыз. Басқаның сирек қасиеті бойынан табылмағандықтан, надан өзінің қатардағы қасиетін алданыш етеді. Табысқа жетуде ынталану үшін және сәтсіздікте көп қапаланбас үшін абайлап өмір сүру әрқашан пайдалы: тағдыр қаталдығы оған күні бұрын дайындалған адамды көп мойыта алмайды. Гомердің өзі кейде қалғып кетеді, Александр өзін алдарқату сәтінде өз шенінен төмен түседі. Кез келген іс жағдайға байланысты - орын мен уақыт ол үшін үнемі қолайлы бола бермейді. Бірақ ақымақты түзей алмайсың, оның жараспайтын паңдығы үнемі гүлдеп, үздіксіз өркен жаюда болады.

108. КІСІ БОЛУДЫҢ ЕҢ ҚЫСҚА ЖОЛЫ - достарыңды таңдай біл. Қатынасудың ықпалы зор - талғам мен әдеттер беріледі, мінез, тіпті ақыл біртіндеп өзгереді. Жылдам баяумен достассын және әркім осылай істесін; сонда ол ешқандай мәжбүр етусіз ұстамдылыққа үйренеді, ал өзін басу -үлкен нәрсе. Қарама - қарсылықтың үйлесуі дүниеге көрік береді және оның құрылымын сақтайды; ол болмыста, әсіресе адамгершілік саласында үйлесім береді. Серіктерің мен бағыныштыларыңды таңдау кезінде осы өнегелі мысалдан үйрен - кереғарлықтар өзара әрекеттескенде ақылға қонарлық ортақ шешімге келуге болады.

109. ЖАМАНДАУШЫ БОЛМАУ. Табиғи бейімділігінен айналасынан тек қылмыс көретін мінезі зәрлі адамдар бар. Олар бәрін кінәлайды -біреуді істеген ісі үшін, басқаны өзге қылығы үшін жазғырады. Бұл мінездің ең бір оңбаған белгісі. Сөге отырып, олар түймедейді түйедей етеді. Осы бір кәрлі қадағалаушылар Элизиумді* де галераға айналдырар еді. Ал бұған қызбалық қосылса, оларды ауыздықтау жоқ. Аңғалдық, керісінше, бәрін кешіреді, бұл арам ниеттен емес, жете ойламаушылықтан болады.

/*Элизиум - ежелгі грек мифологиясында ержүрек, ізгі рухтардың өлімнен соң болатын жері/.

110. УАҚЫТЫНДА КЕТЕ БІЛУ. Парасатты адам істен уақытында кетуді ереже етіп ұстанады. Өз ақырыңды да салтанатқа айналдыра біл, күн де өзінің ұяға батқанын көрсетпес үшін бұлтқа тығылады; біз оның батқан-батпағанын тек жорамалдай аламыз. Өрескелдіктен азап көргің келмесе, қайғыдан күні бұрын кет. Өзіңнен басқалардың сырт айналуын күтпе, әйтпесе қара үшін тірі болғанмен, құрмет үшін өлі боласың. Көреген атбегі далада ат құлап, жұрт шабандозды мазақ етпес үшін бәйге атын қартайғанға дейін пайдаланбайды. Сол сияқты жас сұлу да қолындағы айнасын уақытында тастағаны дұрыс, күндердің күнінде әжімді көрсетеді.

111. ДОСТАР ЖИНАУ. Достық - екінші болмыс. Әр дос өзінің досына сүйкімді; достар арасында бәрі реттеледі. Адамда басқалар оны қаншалықты бағаласа, соншалықты құн болады, ал олардың аузына апарар жол жүрек арқылы өтеді. Досыңа көрсеткен ізгі қызметің ұмытылмайды. Достыққа лайық болудың ең жақсы тәсілі - достық ниет көрсету. Бойымыздағы бар жақсылық басым бөлігінде басқаларға байланысты. Достар мен жауларыңның арасында өмір сүруге тура келеді, сондықтан күн сайын жақын болмаса да тілектес таныс тап. Сынақтан өткен олардың кейбірі уақыт өте келе сенің сырласыңа айналады.

112. КІРШІКСІЗ МАХАББАТТЫ ІЗДЕУ. Тіпті Жоғарғы Басты себеп те өзінің ұлы істерінде оған орын қалдырған. Сезім арқылы махаббат сенімге кіреді. Кейбіреу өзінің қасиеттеріне сеніп, оны жеңіп алуға ұмтылмайды, бірақ тілектестік көмектеспеген жерде қанша еңбек сіңіру керек екенін парасат қана біледі. Кіршіксіз махаббат бәрін жеңілдетеді, бәрін сыйлайды; бар қасиеттерді ғана марапаттап қоймайды, көбіне оларды өз қиялында жасап алады - айбынды, ізгілікті, ғалымдықты, тіпті ақылды ойша елестетеді; кемшіліктерді көрмейді. Әдетте ол материалдық өмірдің -мінездің, сословиенің, туыстықтың, отанның, істің ортақтығынан туады. Рух ортақтығы үшін жоғарырақ түсініктер - дарын, міндеттілік, атақ, сіңірген еңбек керек. Мұндай берілушілікті жеңіп алу қиын, оны сақтау жеңіл. Оған қол жеткізуге болады - оны пайдалануды үйрену қажет.

113. БЕРЕКЕ КҮНДЕРІ АУЫР КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДАЛ. Қысқы шанасын жазда сайлайтын адам ақылды: асықпауға болады, қайырым жеңіл жасалады, достар да көп. Ауыр күнге сақтағаның болсын: өмір қымбаттап, заттар тапшыға айналатын уақыт та келеді. Резервте достарың мен қарыздар адамдарың болсын: қысылтаяң кезде қазір бағаланбайтын нәрсе әжетке жарайды. Оңбағандықта достар болмайды - береке күндері ол оларды танымайды, ал ауыртпалықта оны мойындамайды.

114. БАҚТАЛАСТЫҚҚА ҰРЫНБАУ. Жарыс бар жерде кез келген талаптану өз зиянын тигізбей қоймайды: біреу өзін күшейту үшін басқаны даттайды. Әділ күресті таңдап алатындар сирек. Қарсыласың сыпайылықтан ұмыт болған жылан жылғы кемшіліктеріңді тауып алады; бақталасы пайда болғанға дейін көп адам құрметтеп өмір сүреді. Араздық жанжалы күні өткен масқаралықты қайта тірілтеді, ертедегі сасық былғаныштарды қазбалайды. Бірін-бірі масқаралау басталады, бұл мақсатта ештеңені аянып қалмайды. Қорлау ең жақсы әдіс болмаса да, бақталастық онымен өзінің кекшілдігін қанағаттандырады және қорлау қаруын қатты шайқайтыны сонша, бұрынғы күнәлерден ұмытылғандық шаңы ұшады. Тілектестік әрқашан бейбітшіл, ал қайырымдылық тілектестік тудырады.

115. МАҢАЙДАҒЫЛАРДЫҢ ЖАМАН МІНЕЗІНЕ КӨНУ, ұсқынсыз келбетке шыдаған сияқты, әсіресе тәуелді болсаң амал жоқ. Мінезі кәрлі адамдар бар, олармен өмір сүру де оңай емес, олардан кетіп те қала алмайсың. Осыған бет-әлпеттің көріксіздігіне көнген сияқты, бірте-бірте үйрену қажет, әйтпесе кенеттен кәрлі қаhарға ұшырауың мүмкін. Алғаш олар қорқытады, бірақ алғашқы қорқыныш біртіндеп тарайды, ал абайлау ашудың алдын алуға немесе оған төзуге үйретеді.

116. АДАЛ АДАМДАРМЕН АРАЛАСУ. Оларға сенуге болады. Олардың парасаттылығы - істердегі, тіпті айтыстардағы сенімді кепілдік, өйткені олар өздерінің болмысы бұйырған әрекеттерді істейді. Оңбағандарды жеңгеннен гөрі, адалдармен күрескен жақсы. Оңбағандықпен келісе алмайсың, ол ережелерді мойындамайды; сондықтан да оңбағандардың арасында шынайы достық болмайды, ал олардың тілектестігі ар-намысқа негізделмеген. Арсыз адамнан қаш; арын құрметтемейтіннен ешқандай ізгілік күтпе. Ар-намыс - адалдықтың алтын тағы.

117. ЕШҚАШАН ӨЗІҢ ТУРАЛЫ АЙТПАУ. Әйтпесе не өзіңді мақтайсың - бұл даңғойлық, не өзіңді даттайсың - ал бұл жасықтық; өзің туралы айту дегеніміз парасатқа қарсы күнә жасау әрі тыңдаушыларды қажыту. Мұны достардың арасында да істеме, әсіресе көпшілік алдында сөйлеуге тура келетін жоғары орында мұндай әлсіздік сені мазаққа ұшыратады. Отырғандар туралы әңгімелеу де жөнсіз; сен су астындағы екі жартастың біріне соғыласың, не жағынасың, не тілің тиеді.

118. СЫПАЙЫ АДАМНЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ БОЛУ. Осының өзі жүректерді тартуға жетіп жатыр. Сыпайылық - мәдениеттіліктің басты белгісі, маңайыңдағыларға сүйікті ететін қасиет, ал ерсілік жек көру мен түсінбеушілік туғызады. Ерсілік дандайсумен қосылғанда теріс айналдырады, ал надандықпен араласқанда - жирентеді. Әдептілік көптік етпейді. Ол жаулардың арасында олардың айбынының сенімді өлшемі. Ол көп тұрмаса да жоғары бағаланады: қадірліні құрметтейді. Сыпайылық пен намыстың артықшылығы - олар алғашқыны көрсетіп, соңғыны сақтайтын адамдарда болады.

119. ЖАУЛЫҚ ІЗДЕМЕУ. Өзіңе жек көрініш туғызудан сақтан. Көп адам неліктен екенін түсінбесе де жек көре салады. Қаскөй адалдың алдын орап кетеді. Зұлым зұлымдыққа пайдакүнем пайдаға ұмтылғаннан да бетер ұмтылады. Тіпті, кейбіреу ешкіммен жараспайтынын және жеңіл қорлай салатынын мақтаныш етеді. Жек көру жаныңды билеп алса, оны, жаман ат сияқты оңайлықпен кетіре алмайсың. Қабілетті адамдардан сақтанады, у тілділерді сүймейді, даңғойларды айналып өтеді, мазақ етушілерден қорқады, ал лайықтылармен араласады. Сонымен, өзіңді қадірлесін десең, құрмет көрсет: бейбіт өмір сүргің келсе, бейбітшіл бол.

120. ЗАМАНЫҢМЕН ТАТУ БОЛУ. Қолданыстағы білім ғана жақсы, ал оған жол жоқ жерде надан болып көрінген дұрыс. Жылдар өтеді, пікірлер мен сән өзгереді, ескішілдікті көксеме және қазіргі талғамды ұстан. Бәрі мойындаған талғам бар салада салтанат құрады. Оны ұстан және мүмкіндігінше жақсарт; өткен кезең саған ұнаса да қазіргі кезбен өмір сүріп үйрен. Тек адамгершілік саласында ғана бұл тұрмыс ережесі жарамайды, мұнда ізгілік бәрінен жоғары. Біздің уақытта шындықты айту, сөзде тұру сәннен қалған сияқты; адал адамдар ескі мейірбан заманнан келген тәрізді; оларды қазір де мақтайды, бірақ не құрметтеушілері, не еліктеушілері жоқ. О, заманымыздың ұлы қырсығы! Ізгілікке үрке қараймыз, есесіне оңбағандық етек жайған. Ақылды біз қалағандай болмаса да, шамасына қарай өмір сүрсін. Тағдыр салғанға риза болып, бермегенге қайғырмасын.

121. ІС ЕМЕСТІ ІС КӨРМЕУ. Біреулер бәрін әзілге бұрады, біреулер -айналдырады: барлығын маңызды түрмен талқылайды, әрбір болмашы нәрсе оларды мазалайды, тұс-тұстан арам ойлар мен қастық елестейді. Ал іс жүзінде кез келген жолы болмаушылықтан мағына іздеу - мәнісі жоқ іс. Бойдан серпіп тастайтын нәрсені көңілге алу өзіңді қинайды. Маңызды көрінетін нәрсе сырт айналсаң болғаны, түкке тұрғысыз болып шыға келеді; керісінше, кейбір елеусіз жай назарға қатты іліксе түймедейден түйедей болады. Қырсықпен алғашында күресу жеңіл; соңынан - қиын. Аурудың өзі кейде шипа болады. Бәрін нәрселердің өз жөніне жіберу -тұрмыстағы тәуір ереженің бірі.

122. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕРДЕГІ ҰЛЫЛЫҚ. Олар сен қайда барсаң да құрметті орынға отырғызып, басқаларға әсер туғызады. Ол бәрінен көрінеді - әңгімеден, құлшылық қылудан, тіпті жүріс-тұрыстан, көзқарастан және, әрине, тілектен сезіледі. Жүректерді баурап алу - ұлы жеңіс! Оған көзсіз ерлікпен де, қалжыңбастықпен де жете алмайсың - оған тек адамгершіліктен туып, қасиеттерге сүйенетін сыпайы сенімділік жеткізеді.

123. ЖАСАНДЫ МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫ ҚАБЫЛДАМАЙТЫН АДАМ. Адамда қасиет неғұрлым көп болса, онда жасандылық соғұрлым аз болады. Оның бір өзі бәріне тұрпайылық береді. Ол маңайдағыларға ғана емес, даңғойға да ауыр тиеді, ол өз қылықтарынан, жасанды салтанаттың ұсақ-түйегінен азап көреді. Тіпті жоғары қасиеттер де көпірмеліктен зардап шегеді, бұл жағдайда оларды бояма ретінде қабылдайды. Табиғилық әрқашан жасандылықтан ұнамды. Даңғой адамдарды олар өршелене түсіндірген саласында да ешкім білгір деп есептемейді. Ісің өрге домалаған сайын, өз еңбектерің жөнінде азырақ айт, бұл жетілгендікке табиғилықпен қол жеткенді көрсетеді. Дегенмен, бояма маңыздылықтан қаша отырып, жасанды қарапайымдылық танытпа. Парасатты адам өз қасиеттерін білетін түр көрсетпейді - оның селқостығының өзі маңайдағылардың назарын аударады. Бойына бар қасиеттерді жинай отырып, олар туралы тіс жармайтын адам екі есе ұлы; ол өзін көптің жаппай мойындауына өзгеше жолмен жетеді.

124. ҚАЛАУЛЫ БОЛУ. Бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленген адамдар сирек, ал тек парасатты кісілердің сүйіктісі болу - бұл да бақыт. Күнің бітуге жақындағанда, сені салқын шығарып салады. Ықыласқа ие болудың түрлі тәсілдері бар: сенімдісі - істерің мен қасиеттеріңмен көзге түсу, жеделі - жағыну. Өз орнына лайық адамға әрқашан сұраныс бар және ол қызметті керек қылғаннан, қызмет оны керек еткенін бәрі көреді: біреуге отырған орны көрік береді, біреу отырған орнын көріктендіреді. Егер сенен кейін орныңа ақымақ келіп, бағаңды көтерсе - ол жұбаныш емес; бұл сені ұнатқандықты емес, басқаны жек көргендікті білдіреді.

125. ЖАСЫЛ КІТАП БОЛМАУ*. Өзгенің кемшілігін ерекше байқай бастау - өз құлдырауыңның айқын белгісі. Басқаларға дақ түсіре отырып, көп адам өзіндегі күйені кетіре алмаса да жасыруға тырысады. Олар осыны көңілге медеу етеді, бірақ бұл ақымақтардың жұбанышы. Олардың аузы сасық, өйткені олар қоғам былғаныштарын жинайтын ор сияқты. Оны қазбалаған әуелі өзін былғайды. Өтірік-шын болсын әркімнен кір табуға болады: тек бейтаныс адамдардың кемшіліктері ғана белгісіз. Ақылды өзгелердің күнәсін тізуден сақтанады, әйтпесе өз жанын тірідей көметінін біледі.

/*Жасыл кітап деп христиандыққа жақында көшкен маврлар мен еврейлердің генеалогиялық жазбасы айтылған, онда атақты әулеттердің өткені мен жарамсыз жақтары да тізбеленген/.

126. АҚЫМАҚТЫҚ ІСТЕГЕН АҚЫМАҚ ЕМЕС, ОНЫ ІСТЕП АЛЫП, ЖАСЫРМАҒАН АҚЫМАҚ. Өз құштарлықтарыңды, әсіресе әлсіздіктеріңді құпияда ұста. Бәрі қателеседі, бірақ айырма мынада: қулар істеген ісінен жалтарып кетеді, ал ақымақтар жасамаған ісіне мақтанады. Жақсы атты болу мінез-құлықтан гөрі үнсіздікке байланысты; күнәлі екенсің, тым болмаса сақ бол. Ұлы адамдардың қателіктерін аспан шырақтарының тұтылуы сияқты бәрі байқайды. Өз қателіктеріңді досыңа да ашпа және мүмкін болса оларды өзің де білме. Мұнда көбірек ұмыту сияқты күнделікті тұрмыс ережесі де жарайды.

127. БАРЛЫҒЫНДА ЕРКІН БОЛУШЫЛЫҚ. Ол абыройды көтереді, сөзге дем береді, істі жандандырады, адамдағы бар жақсыны көріктендіреді. Басқа қасиеттер - бойдың көркі, ал қысылып-қымтырылмаушылық - осы қасиеттердің сәні; тіпті ой жүгіртуде де оны жоғары бағалайды. Негізінен бұл қасиет туа бітеді, ынта-ықыласпен қол жеткізу қиын, өйткені ол бар ережеден биік тұрады. Ол бар нәрседен жеңіл өтеді және ішкі еркіндікті білдіреді. Онсыз сұлулық солғын тартады, сүйкімділікте күш болмайды, ол айбыны, ақылға, даналыққа, тіпті патша ұлылығына тән. Ол қабыл алмауға жағымдылық береді, кез келген қиындықтан жеңіл шығады.

128. РУХ БИІКТІГІ. Қаhарманның негізгі белгілерінің бірі, өйткені ол ұлылықты бәріне ғашық еткізеді: талғамға нәзіктік, жүрекке кеңдік, ойға шарықтау, мінезге ізгілік береді және кісіні ұлылыққа бейімдейді. Оны қайда болмасын бірден байқайсың; тіпті күншіл тағдыр қудалағанның өзінде ол жоғары өрлейді, мүмкіндігі шектеулі болса да тілектері биік келеді. Ол - кең пейілдіктің, ізгіліктің және бар қаhармандықтың жұрт таныған бастауы.

129. ЕШҚАШАН ШАҒЫМДАНБАУ. Шағымдану әрқашан зиянын тигізеді; ол аяушылық сезімін оятқаннан бұрын ашу тудырады; ол басқа осындай жәбірге апарар жолды көрсетеді және алғашқы жәбірді білгені екінші жәбірелеуші үшін ақталу болады. Біреулер өздерінің өткенде көрген жәбір-жапасын айтамын деп табалауға ұшырайды, тіпті, жек көру туғызады. Одан да басқалардың қолтығына су бүрку ниетімен біреулердің ісін мақтау немесе өзгелерге түрткі болу үшін біреулердің сыпайылығы туралы айту ақылға қонымды. Абайлағыш адам өзінің көрген жәбірлері мен жіберген кемшіліктерін айтпайды, бірақ достарын сақтап, жауларын тежеп отыру үшін құлаққа жағымды сөздерді айтуды ұмытпайды.

130. ІСТЕГЕН ІСІҢДІ КӨРСЕТЕ БІЛУ. Әдетте ішіне үңіліп жатпайды, сыртына қарап бағалайды. Қасиеттерің болып, оларды көрсете білу -абырой: көрінбей тұрған нәрсе жоқ нәрсе сияқты. Түрі келіспей тұрса ақылдың өзі құрмет көрмейді. Өйткені көрегендерге қарағанда алданып қалатындар әлдеқайда көп; алдану басым, бар нәрсе туралы сыртқы бейнесі арқылы ой түйеді және көбі іс жүзінде ойлағандай емес. Келісті пішін - ішкі қасиеттеріңнің көрінісі болсын.

131. МІНЕЗ СҰЛУЛЫҒЫ. Жанның да өз әсемдігі бар, оның кербездігі - істелген қылықтың тартымдылығы жүректі рахатқа бөлейді. Ол жұрттың бәріне берілмеген, бұл рухтың ұлылығына байланысты. Оның алғашқы белгісі - жауы туралы жақсы пікір айту. Ол әсіресе кек алуды күткен жағдайда жарқырай көрінеді: кек қайтармақ былай тұрсын, бәрі жақсылықпен бітеді - енді өш алады дегенде, кенет ақ көңілдікпен қайран қалдырады. Ол саясатта да пайдалы, тіпті мемлекеттік резонға көрік береді. Мақтануды білмейтін ол, еңбек сіңіріп жеткен жеңісін аңқылдақтығымен жасырады.

132. ТОЛҒАНЫП АЛУ. Істің алдында ойланып алған әрқашан сенімділік береді, әсіресе бұл табысқа жетері белгісіз істе маңызды. Не бас тарту үшін, не бір тоқтамға келу үшін уақытты соз, мүмкін басыңа өз шешіміңнің пайдасына жаңа дәлелдер келер. Егер мәселе беру туралы болса, ұзақ тілегенді көбірек бағалайтынын ұмытпа. Егер қабыл алмау керек болса, онда жоқтың күйінішін жұмсарту жайлы ойла; әрі тілектің қызуы өткен соң, сұраушы басылып, бас тартқанға онша қапаланбайды. Тез беруді сұрағанға асықпай бер: үмітін суытасың.

133. ЖАЛҒЫЗДЫҚТА АҚЫЛДЫ БОЛҒАНША, КӨППЕН БІРГЕ АҚЫМАҚ БОЛҒАН АРТЫҚ, - дейді кәнігі адамдар. Бәрі ессіз болғандықтан, ешкім жазғырмайды. Ал жалғыз ақылдыны ағысқа қарсы жүзгені үшін есуас дейді. Кейде білмеген не білмеген сияқты болып көріну құтқарады. Адамдармен бірге өмір сүруге тура келеді, ал олардың көпшілігі надандар. Жалғызілік тірлік ету үшін не Құдайға, не малға ұқсау керек. Мен бұл нақылды өзгертіп, былай дер едім: “Жалғыздықта ақымақ болғанша, көппен бірге ақылды болған артық". Кейбіреуге өзінің ерсіліктерінде жалғыз болған ұнайды.

134. ӨМІРДЕГІ СҮЙЕНІШТЕРДІ КӨБЕЙТУ - өмірді еселейді. Бір ғана қамқоршың болмасын, өзіңді ешқашан жалғыз нәрсемен шектеме: бәрі, әсіресе, пайданың, рахаттың, қайырымдылықтың көздері қос-қостан болсын. Бәріне тұрақсыздықтың символы айдың өзгергіштігі әсер етеді, бұл опасыз адам еркіне байланысты істерге өте-мөте қатысты. Тұрақсыздыққа қарсы қор жинаушылық көмектеседі: игілік пен жайлылықтың қос бастауы болсын деген тұрмыстың маңызды ережесін ұмытпа. Табиғат біздің денеміздің зақымдануы жеңіл және неғұрлым  керекті мүшелерін қос-қостан жаратқаны сияқты, ақылды адам да өз жақтаушыларын біреумен шектемейді.

135. ҚАЙШЫЛЫҚ РУХЫН КӨРСЕТПЕ - ақымақ және жылауық атанасың. Оған ақылды қарсы қой. Әрине, егер тауып айта білсең, қарсы тұруға болады, бірақ қыңырлық әрқашан жөнсіз. Үнемі айтысатындар ұнамды әңгімені жанжалға айналдырады, олар басқаларға қарағанда өз жақындарына жау: балық етіндегі қылтанақтар сияқты. Осы бір қаскүнем ақымақтарда топастық долылықпен ұштасып жатады.

136. НӘРСЕНІ ҰҒЫН: кез келген істе бірден мәнін аңғару керек. Көп нәрсе жеміссіз данасынудың бұтағымен немесе қажытатын көп сөзділіктің сабағымен ағып кетеді және мағынаға жетпейді, болмаса бір нүктенің маңында шаршатып жүріп алады, бірақ ең маңыздыға жақындай алмайды. Себеп біреу - ақылдағы бұлдырлық дұрыс жолға түсірмейді. Сөйтіп, уақыт пен төзім елеусіз нәрсеге жұмсалып, басты мәселеге келгенде жетпей қалады.

137. ДАНА ӨЗІН-ӨЗІ ЖЕТЕЛЕЙДІ. Оның бар қасиеті - өзі, ол бәрін өз бойына сіңірген. Егер әмбебап дос Рим мен дүниені алмастыра алса, онда өзіңе өзің осындай дос бол - сонда сен жалғыздықта өмір сүре аласың. Көзқарас пен талғамда ешкімге еліктемейтін саған тағы кім керек? Сен тек өзіңе тәуелдісің, ал бұл жағынан Жоғарғы Иеге ұқсау - зор шаттық. Кім осылай бір өзі өмір сүре алса, сол малға мүлде ұқсамайды, көп жағынан -данаға, және бар тұрғыдан Құдайға ұқсайды.

138. АРАЛАСПАУ ӨНЕРІ. Әсіресе мұны қоғамдық немесе жанұялық теңіз алай-түлей болғанда ұстану керек. Адамдар арасындағы қатынастарда да қызбалықтың құйындары көтеріліп, дауылдары соғып тұрады; мұндай кезде қойнауда күткен дұрыс. Сырқат кейде дәріден асқынып кетеді; мұнда табиғаттың еркіне, анда - адамгершіліктің билігіне берген жөн; ақылды дәрігер дәріні жазып беруді емес, онсыз қалай амалдауға болатынын ойлайды. Тұрмыстағы ауа-райының қолайсыздығында ақылға қонымдысы дауылдың басылуын күту; қазір шегінсең, кейін жеңесің. Жылға желден де лайланады және су сенің араласуыңсыз тұнады. Шым-шытырықты өз еркіне жібергеннен артық айла жоқ, бәрі ұзамай қалпына келеді.

139. ӨЗІҢНІҢ АУЫР КҮНІҢДІ БІЛУ, оның болатынын ұмытпау маңызды. Бұл күні ештеңенің сәті түспейді, ойынды қалай өзгертсең де қорытынды бір - сәтсіздік. Мұндай күнді екі жүрісте байқап, шегіне білу керек. Тіпті, ақылдың да өз уақыты бар, ешкім де ұдайы ақылды болған емес. Қолайлы сағатта жақсы ойланасың әрі хатты да сәтті жазасың. Әр қасиеттің өз уақыты бар, сұлулықтың өзі үнемі қадірлі бола бермейді. Парасат та кейде өзіне ұқсамайды - бірде биік, бірде төмен; әр істің өз күні бар. Бір күндері ештеңенің реті келмейді, ал бір күндері бәрінің сәті түседі: ақыл айқын, көңіл-күй жоғары, жұлдызың жарқырап тұр. Онда ұста оны, сәтіңді құр жіберме. Бірақ есті адам бір жағдайға бола күнді сәтсіз не қолайлы деп бөлмейді, сәтсіздіктен соң табыс, сәттіліктен кейін жамандық келуі мүмкін.

140. БАРЛЫҒЫНДА ЖАҚСЫҒА ДЕЙІН ЖЕТУ - жақсы талғамның бақытты еншісі. Бал іздеген ара тәттіні қалай тез тапса, жылан да өз уы үшін зәhарға солай жылдам кездеседі. Адамдардың да талғамы осындай -бірі жақсыға, бірі нашарға ұмтылады. Бір тәуір нәрсе шықпайтын заттар жоқ, әсіресе ойдың жемісі - кітапта жақсы нәрселер баршылық. Кейбір адамдардың бір жаман қасиеті, мыңдаған абыройдан бір қателік тауып алса, даттап-қаралап ала жөнеледі; пікірлерде тек жамандықтарды жинайтындар ақымақтық туралы ғана түсінік береді - бұл олардың жамандықты іріктеп алғаны, ақылға лайықсыз іспен айналысқаны үшін берілетін жаза. Олардың өмірі қайғылы, зәhар ішіп, көр-жерді қорек етеді. Мұның жанында мыңдаған кемшіліктердің ішінен жалғыз сәттілікті аспаннан түскендей бірден тауып алатын талғам әлдеқайда бақытты.

141. ТЕК ӨЗІҢДІ ҒАНА ТЫҢДАМАУ. Егер басқаға ұнамасаң, өзіңе ұнағаннан не пайда, менменсу әдетте бәрінің жек көруімен жазаланады. Өзіңе қызығып қарасаң - өзгелерге сүйкімсізсің. Тек өзіңді айту және тыңдау - сүйкімсіздік; егер өзіңмен өзің әңгімелесу ақымақтық болса, онда басқалармен сөйлескенде тек өзіңді тыңдау - есуастық. Маңғаз адамдарда “Мен дұрыс айттым ба?" немесе “Солай ғой?" деп қазбалайтын нашар әдет болады; олар әр сөзінен соң мақұлдауды немесе жағынуды сығып алады, оларға ешбір шыдамдылық жетпейді. Дүрдиген даңғойлар әрбір бос сөзіне қатты жаңғырықты талап етеді, сондықтан да әр сөзі “керемет айтты" деген ақымақ қолдауды қажетсінеді.

142. ҚАРСЫЛАСЫҢ СЕНЕН ОЗЫП ТӘУІРДІ ТАҢДАП АЛҒАНЫ ҮШІН, қыңырлықпен нашарға ұмтылмау. Бұл жағдайда көп ұзамай жеңілесің және масқара болып шегінуге тура келеді. Ұстаған бағытың бұрыс болғандықтан да саған сәттілікті көру жоқ. Қарсыласың айлалы болып шықты, ол тәуір жағдайға ерте қол жеткізді, ал кешігіп қалған сенің оған қарсы нашар шептен қозғалуың ақымақтық. Сөздегі қыңырлықтан істегі қыңырлық жаман - іс сөзден қауіптірек. Қырсықтардың ақымақтығы: қарсы келуге құмар болып, шындықты көрмейді, дауласуды аңсаймын деп, пайданы байқамайды. Парасатты адам әрқашан қызбалықтың емес, ақылдың жетегінде болады, ол мұнда не бірінші болып ұмтылады, не соңынан қателігін түзейді. Егер қарсылас ақымақ болса, мұны көріп ол да орнын өзгертеді, қарсы жаққа көшеді, сөйтіп өз жағдайын нашарлатады. Ақымақты жақсыдан бездіру үшін, өзің сонда бекінуің керек: қарсыласты ақымақтық бұл жерден айдап шығарып, қырсықтығы оны құртады.

143. ДӨРЕКІЛІКТЕН ҚАШЫП, СОНЫЛЫҚҚА ТҮСПЕУ. Екеуі де ұятқа қалдырады. Ақылың сынайтын әрбір іс - жөнсіз іс. Ерекше сонылық - бұл белгілі бір дәрежеде өзіңді өзің алдау, рас, әуелі бастаманың сонылығы еліктіретіндіктен ұнамды көрінеді, бірақ соңынан ештеңе шықпай, көзің ашылғанда қатты қынжылтады. Бұл әзәзілдік сияқты, ал саясат істерінде мемлекетке зиян тигізеді. Ізгіліктің ұлы жолына түсе алмай не батылы бармай, ақымақтарды сұқтандырып сонылық соқпағына бұрғандар өздерінің сәтсіздіктерімен парасатты адамдардың әділдігін дәлелдейді. Мұндай шешімдерде өз бетімен кетушілік басым, олар дұрыс ойлаушылықтан алыс. Егер кейде олардың негізі жалған болмаса да, сенімді емес, және іс неғұрлым маңызды болса, оның күйреу қаупі де соғұрлым жоғары.

144. ӨЗГЕНІҢ ҮЛГІСІНДЕ БАСТАП, ӨЗ МӘНЕРІҢДЕ АЯҚТАУ. Бұл табыс кілті; тіпті христиандықтың оқытушылары құдай ілімдерінде осы қасиетті амалды мақұлдайды. Мұнда жасандылық танытып, өзгенің еркін баурап алған маңызды: олар өзінің ниеттерінің соңынан жүрген сияқты көрінеді, ал іс барысы оны басқа мақсатқа алып келеді. Асығыс бастап, милауытқа батып қалма. Бірінші сөзі әрқашан “жоқтан" басталатын адамдар қиындықтан қорықпас үшін, шын мақсатты жасыр; мұны әсіресе осы мақсат оларға ұнамсыз болғанда ұстану керек. Бұл кеңес арам ниеттер үшін пайдаланылмауы тиіс.

145. ЖАНДЫ ЖЕРІҢДІ ЖАСЫР, ӘЙТПЕСЕ СОЛ ТҰСТАН СОҚҚЫ АЛАСЫҢ. Оны айтып шағымданба, өйткені қастық жанды жеріңді нысанаға алатын болады. Жанды жеріңді қасығанмен ол кете қоймас, мұнымен тек жауларыңның айызын қандырасың. Қаскөй ниет әлсіз тұсыңды тіміскілеп жүреді. Ақылды өз сырқатын көрсетпейді, өйткені Бақыттың өзі ең жанды жерден соққы береді, ол жер неғұрлым сезімтал болса, соққы да соғұрлым ауыр тиеді. Сонымен, ауру жеріңді де, көңіліңді көтеретін нәрсеңді де жариялама; сонда алғашқысы тез жазылады, соңғысы ұзаққа созылады.

146. ІШКЕ ҮҢІЛУ. Көп нәрсенің сырты ішіне сай келмейді; сондықтан сырты бүтіннің іші түтін болып шыққанда қуаныш торығуға ауысады. Жалғандық өзінің тұрпайы айқайымен ақымақтарды еліктіре отырып, әрдайым алдымен келеді. Кейіннен Уақыттың соңынан ілбіп Шындық та жетеді; ақылдылар оған біздің табиғат анамыз даналықпен жұп күйінде берген сезім органдарының жартысын сақтайды*. Жалғандық әрқашан беткі жақта болатындықтан, оған аңғалдар алдымен кездеседі. Нағыз Мағына өзін ақылдылар тиісінше бағалау үшін тұйық келеді.

/*Аңыз бойынша Александр Македонский дауласушыларды тыңдау кезінде алғашқының дәлелдерін бір құлағын жауып тыңдап, екінші құлағын оның қарсыластарының дәлелдеріне сақтаған екен/.

147. ТӘКАППАР БОЛМАУ. Кеңес мүлдем қажет болмайтын мүлтіксіз кемел адам жоқ. Ешкімге құлақ салмайтын кісі - түзелмейтін ақымақ. Маңдайың кере қарыс болса да, достық кеңесті тыңдай біл; тіпті жоғары мәртебелілерге де үйрену ұят емес. Адамдардың көбіне түзелмейтін себебі - менменшіл. Мүлтіксіз адамның өзіне достық көмек келетін есікті ашық ұстаған жарасады; ол әрқашан өзін ақылға шақыратын немесе тіпті ұрсып алатын досына уақыт табады; оның тілектестігі мен досының ақылы және берілгендігі туралы жоғары пікірі кеңес айтушы досына сенімділік береді. Бірақ құрмет пен сенімді ешбір талғамсыз көрсете берме, сырласыңның парасатты пікірі мен берген кеңестері үшін ризашылығыңды көңіл түкпірінде құпия ұста.

148. ӘҢГІМЕЛЕСУ ӨНЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР, өйткені әңгімелесуде адам өзін тұлға ретінде көрсете алады. Бұл қаншалықты үйреншікті болғанмен, адамның басқа ешбір ісі парасатты осынша көп талап етпейді, мұнда не бәрін жоғалтуға, не бәрін ұтуға болады. Хат жазу үшін ойланып ал, хатта, жазылған әңгімеде ойлану керек болса, ақылдың бір сәттік емтиханы жай әңгімелесу үшін қаншама парасат керек! Тәжірибелі адамдар көңіл толқынын сөзден-ақ байқап қояды, данышпандар: “Сөйле, мен сенің кім екеніңді айтайын" деп бекер айтпаған. Біреулер әңгімелесудің жоғары өнері табиғилықта дейді, сонда әңгіме қысылып, қымтырылусыз жүреді деп ойлайды. Бірақ бұл тек жақын достардың арасында жарасады, ал қадірлі адаммен әңгімелесу мазмұнды, сенің кісілігіңді ашатындай болуы тиіс. Әңгімеде ұнамды болу үшін,  сұхбаттасыңның мінезі мен ақылына бейімдел. Өзгелердің сөздерін тексеріп, сынама, тақуа атанасың, әрі айтылған ойлар мен пікірлерді мінеме, сенен қашқақтап, сырт айналатын болады. Әңгімеде шешендіктен гөрі, пайымдылық маңызды.

149. НАРАЗЫЛЫҚТЫ БАСҚАҒА АУДАРУ, оған қарсы қалқан ұстау -басқарушылардың айлалы әдісі. Әңгіме мұнда у тілділер айтқандай басқарушылардың қабілетсіздігінде емес, ерекше ішкі есепте - сәтсіздік кезінде сынға ұшырайтын, бәрінің күңкілін өзіне қабылдайтын кісі керек. Ойлаған нәрсенің бәрі іске аспайды, барлығын қанағаттандыру мүмкін емес. Сондықтан жазғырып-сөгудің нысанасы болатын қуыршақ адамың болсын, ал бұл оның атаққұмарлығының жазасы болады.

150. ТАУАРДЫ БҰЛДАЙ БІЛУ. Тауардың тәуір екені аздық етеді, оны ешкім тексеріп жатпайды. Көпшілік ығы-жығы жерге жүгіреді. Бағаны қоя білу біраз дағдыны қажет етеді; кейде мақтау керек, өйткені мақтау тілекті күшейтеді; жағымды ат беру де бағаны көтерудің жақсы тәсілі, бірақ екі жағдайда да бұрмалаушылығыңды сездірме. Тауарым білгіштерге арналған деп қолтықтарына су бүркіп қой, өйткені әркім өзін білгіш санайды, олай болмағанның өзінде әуесқойлық тілекті тудырады. Бірақ ешқашан оны күнделікті, қол жетерлік бұйым деп айтпа - мұнымен тек істі бүлдіресің. Бәрі тек ерекшеге өш келеді, оған талғам да, ақыл да құштар.

151. КҮНІ БҰРЫН ОЙЛАНУ. Бүгінде ертеңін ойлау маңызды қасиет. Көрегендігімен оған жеткілікті көңіл бөлетін адам мақтансын; алды-артын ойлағандарда кездейсоқтық, қор жинағандарда - ауыр күндер болмайды. Су алқымыңа келгенге дейін күтпе, ертерек кет; толысқан ойлармен соққылардың алдын ал. Бөрене астында оянғаннан, бөрене үстінде ұйықтаған жақсы. Біреулер істерін істеп алып ойланады - сәттілікті емес, ақталуды іздегендей болады, ал кейбіреу мүлде ойланбайды. Дұрыс жолдан таймау үшін өмір бойы ойлану керек. Ойлана отырып, алдыңдағы өмірді болжай білесің.

152. ҰТЫЛҒАН ОРТАҢНАН АЛЫС БОЛ, тым жақсыдан да, тым нашардан да қаш олардың жанында ізгі атың шықпайды. Қасиеті көп адамды көбірек құрметтейді; басты рольді ол орындайды да саған қатардағы роль тиеді, мақтау да алдымен соған бұйырады. Ай жұлдыздардың арасында сәулесін төгіп тұрады, бірақ нұрын шашқан күннің шығуымен ол не батып кетеді, не солғын тартады. Өзің көлеңкесінде қалатын адамға жабыспа, керісінше, өзіңнің қалқаңда қалатын адамдармен бол. Марциалдың ақылды Фабулласы өзінің салдыр-салақ құрбыларының арасында осылай сұлу көрінді. Дегенмен нашар ортадан да сақтан, сондай-ақ өзіңнің жақсы атыңа бола басқаға зияның тимесін. Табысқа жету үшін көрнектілермен, оған қол жеткен соң қатардағылармен аралас.

153. БОС КЕҢІСТІКТІ ТОЛТЫРУҒА ҰМТЫЛМАУ. Мұны күткендегіден асып түсетініңе сенімді болсаң ғана қолға ал. Ізашармен теңесе алу үшін, одан озар қасиеттерің екі есе көп болуы тиіс. Соңынан сені сағынышпен еске алатындай өзіңе мұрагер таба білу айлалы әдістің бірі, сондай-ақ жол салушының көлеңкесінде қалып қоймау үлкен шеберлік. Бос кеңістікті толтыру оңай емес, өйткені, өткен шақ әрдайым жақсы болып көрінеді; мұнда тең болу жеткіліксіз, онда басымдық өзіңнің алдыңдағыда болады. Оның атын ығыстыру үшін, қасиеттерің одан асып түсу керек.

154. СЕНІМ БІЛДІРУГЕ, ЖАҚСЫ КӨРУГЕ АСЫҚПАУ. Сенім білдіруде асықпау толысқан ақылды көрсетеді, жалғандық бүгінде сондай үйреншікті, онда сенім ерекше болсын. Сенім көрсету жеңіл, бірақ кейін салдары өкінішті болып жүрмесін. Дегенмен, сенбегендік түр көрсетпе -бұл сыпайы емес, тіпті көргенсіздік: сен онда сұхбаттасыңа не оның алдап тұрғанын, не - өзіңнің алданып қалғаныңды білдіресің. Бастысы тіпті бұл емес, мәселе сенімсіздік өтіріктің белгісі екенінде; өтірікшінің екі қырсығы бар - оған да сенбейді, ол да сенбейді. Ал тыңдап отырған кезде бір түйінге келуге асықпа, “Бірден жақсы көру де ақылсыздықтың белгісі” деп Цицеронның айтқанын ұмытпа. Сондай-ақ сөзбен ғана емес, іспен де алдайтыны есте болсын, бұл алдау одан да зиянды.

155. АШУДЫ БАСА БІЛУ. Парасатты ойлау мүмкіндігінше қызбалықтың алдын алсын - ақылдыға бұл қисын емес. Ашуға беріле бастағаныңды байқау оған ие болудың алғашқы қадамы, оны белгілі бір шектен асырмауды ойлау ашуыңды басуға себеп болады. Уақытында, әдеппен тоқтап дағдылан - қатты шауып бара жатқан атты ауыздықтау бәрінен қиынырақ. Ашуға булыққан кезде де ақылға тоқтай білу -парасатыңа сын. Тым қызбалық әрқашан дұрыс жолдан тайдырады: осыны еске сақтаған адам ешқашан әділдікке қиянат жасамайды, парасат шегінен шықпайды. Қызбалықты басып қана оған ие бола аласың, сонда сен бірінші “ат үстіндегі зерделі" боласың*.

/*Испан мәтелі: “Ат үстіндегі зерделі болмайды”/.

156. ДОСТАРДЫ ТАҢДАЙ БІЛУ. Досың алдымен ақыл емтиханын тапсырып, Сәттілік сынағынан өтсін: сонда оған сезіммен бірге ақыл да өз дипломын тапсырады. Дегенмен достар өмірдегі аса маңызды игілік болғанмен, көпшілік оған онша мән бермейді: күйбең тірлік өз дегенін істейді. Адамды оның достары арқылы бағалайды, ал білімді надандармен достаспайды. Іш тартудың бәрі жақын тұтуды білдірмейді, танысыңның тапқыр сөздері әсерлі болуы мүмкін, бірақ бұл оның сезімдеріне деген сенім туғызбайды. Заңды достық бар, заңсызы да кездеседі: бірі - рахат үшін, бірі - жемісті істер үшін. Шын достар сирек, көбі - жағдайдың досы. Сондықтан кездейсоқтық емес, таңдау шешуі тиіс. Ақылды адам реніштен қаша біледі, бірақ ақымақ дос оны отырғызып кетеді. Егер достарыңды жоғалтқың келмесе, оларға ұлы сәттілік тілеме.

157. АДАМДАРДЫ ТАНУДАН АЛДАНБАУ. Адасудың кең таралған осы түрі ең қауіптісі. Тауардан алданғанша, бағадан алданған жақсы; ал мұнда кісінің ойын көре білу ерекше маңызды. Өмірді түсіну мен адамдарды тану - әртүрлі нәрселер. Мінездерді танып, көңіл-күйді аңғара білу - ұлы даналық. Адамдарды да кітапты оқығандай оқи алу қажет.

158. ДОСТАРДЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Мұнда да өзінің ерекшеліктері бар: достардың бірі алыстан, бірі жақыннан жақсы; онша әңгімелесе алмайтындары хат жазуға келгенде шеберлік танытады. Қашықтық жақын араласқанда шыдатпайтын кемшіліктерді байқатпайды. Достардан рахат қана емес, пайда да алуға тырыс. Достықта шын игіліктің үш сапасы болуы тиіс, атап айтқанда, бірлік, жақсылық, шынайылық; достан осының үшеуі де табылады. Нағыз достар сирек, ал оларды таңдай білмейтіндерде шын достар одан да аз кездеседі. Дос тапқаннан оларды сақтау әлдеқайда қиын. Тұрақтыларды ізде: алғашқы таныстық, мүмкін, біртіндеп шын достыққа ұласады. Дегенмен де сынау үшін алынған мол тұзды бірге бөліскен достар ең жақсы достар екені анық. Доссыз өмір қу шөл сияқты; достық игілікті көбейтіп, қырсықты азайтады; ол - жан қуанышы, зұлым тағдырға қарсы жалғыз шипа.

159. АҚЫМАҚТАРҒА ТӨЗЕ БІЛУ. Оқымысты адамдар әдетте шыдамсыз; біліміңді көбейте отырып, төзіміңді азайтасың; ақылды жағынудан аулақ жүреді. Эпиктет* бойынша, өмірдегі аса маңызды ереже -шыдамдылық, ол: даналықтың жартысы шыдамдылықта, - деген. Иә, бар ақымақтыққа төзе білу үшін үлкен шыдамдылық керек! Кімге көбірек тәуелді болсаң, соған көбірек төзесің - мұнда өзіңе өзің ие болуға жаттығу өте маңызды. Шыдамдылық жердегі жоғарғы рахат - тыныштықтың кепілі. Ал өзіңде мұндай қасиет таппасаң, оңашалыққа көш. Осының өзіне өзіңе - өзің төзе білу қасиеті қажет.

/*Эпиктет - римдік философ-стоик, бұл жерде оның «шыда және тартын» деген белгілі сөзіне сілтеме жасалған/.

160. ӘҢГІМЕДЕ АБАЙ БОЛУ ҚАРСЫЛАСТАРЫҢНАН САҚТАНУ ҮШІН, басқалармен қатынаста - әдептілік үшін керек. Айтылған сөз -атылған оқ. Әңгіме де қалдырған өсиет сияқты - сөз аз болса, дау-шар да көп болмайды. Болмашы нәрселер туралы әңгімелесе отырып, маңыздырақ істер үшін негіз ізде. Жасырындықта жұмбақ ұлылық бар. Әңгімеде өзін жеңіл жайып салатындарды сендіріп, жеңіп шығу қиын емес.

161. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫҢДЫ БІЛУ. Мүлтік-мінсіз адам да олардан кенде емес, қайта оларды мәпелеп, күтеді. Олар біздің ақылымызда аз емес және ақыл неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсырақ байқалады. Себебі, біз оларды ұнатамыз. Дегенмен, ұсақ құштарлықтарға бой алдыру үлкен кемшілік. Олар жетілгендіктің, кемелдіктің реңін кетіретін дақтар сияқты, өзімізге қанша ұнамды болса, маңайдағыларға сонша сүйкімсіз. Олардан құтылып, өз қасиеттеріңді құтқарып қалу -игілікті іс. Әлсіздіктер бірден көзге түседі: сені енді мақтай бастаған біреу әлсіздігіңді байқаса, үнсіз қалады және қасиеттеріңе көлеңкесін түсіріп тұрған кемшіліктерді бетке басады.

162. КҮНШІЛДІК ПЕН АРАМ НИЕТТЕН БИІК ТҰРУ. Бүгінде жек көруден гөрі сыпайылықпен көбірек кек аласың. Жауы туралы жақсы сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады; қаhарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады, осы қасиеттер күншілдікті де жеңіп шығады. Өйткені сенің әр қуанышың ашу-ызаның алқымын қыса түседі; саған жұмақ, қарсыласың үшін тозақ. Оған да сол керек, өзгенің тәттісінен өзіне у жасап несі бар. Күншіл бір рет емес, қарсыласы қанша мақталса, сонша рет өледі; басқаның даңқы жер жарып жатқанда, біреудің азабы арта түседі; алғашқы рахатқа батады, соңғы қайғыда болады. Даңқ кернейі біреуге өшпес ат сыйласа, біреуге күншілдік тұзағында тұншығуды жазады.

163. БАҚЫТСЫЗДЫ АЯЙМЫН ДЕП, ЖОЛЫ БОЛҒЫШТЫҢ ҚАҺАРЫНА ҰШЫРАМАУ. Біреулердің бақыты басқалардың бақытсыздығынан басталатын кез аз емес; біреулер жеңіліс таппайынша өзгелер жоғары көтерілмейді. Жолы болмайтындар әдетте аяушылық тудырады - осы бір қайырымдылықпен біз Тағдыр жазасының орнын толтырғандай боламыз. Тасы өрге домалап тұрғанда бәріне жек көрінішті болған адам бақытсыздыққа ұшырағанда барлығының аяушылығын тудыратыны тағы бар: шарықтағанда жек көрушілік құлдырағанда аяушылықпен ауысады. Бірақ көреген адам тағдырдың не жазатынын қадағалағаны жөн. Тек жолы болмайтындармен араласу, кеше атқа мінер болғаны үшін ұнамсыз көрінгендермен жақындасу мінездің кеңпейілдігін көрсеткенмен, ақылдың парасатын білдірмейді.

164. ТАМЫРЫН БАСЫП КӨРУ. Осы амал өзіңнің ниетің қаншалықты орынды екенін білмегенде әжетке жарайды. Табысқа қол жеткізесің әрі істі бастау немесе одан бас тарту жөнінде шешім қабылдауға уақыт қалады. Өзгелердің ойы осылай анықталады және есті адам неге сүйенуі керек екенін білетін болады: бұл - өтініш жасаудағы, махаббаттағы және басқарудағы маңызды сақтық.

165. ҰРЫСТЫ АДАЛ ЖҮРГІЗУ. Парасатты кісіні де ұрысқа мәжбүр етуге болады, бірақ ол абыройсыз ұрысқа аяқ баспайды, әркім мәжбүр етуге қарай емес, өз табиғатына сай әрекет істеуі тиіс. Жарыста парасаттылық мақтарлық жай: жеңу ғана емес, сондай-ақ қалай жеңу де маңызды. Арамдықпен жеңіске жету - жеңіс емес, ұтылыс. Кең пейілділік -артықшылық. Парасатты адам біткен достық басталған жаулыққа тыққыштайтын тыйым салынған қаруды қолданбайды, яғни бұрынғы сенімді пайдаланып сатқындық жасамайды; сатып кету ізгі атқа дақ түсіреді. Ал жоғары атағы бар адамдарды болмашы дақ та ұятқа қалдырады: нағыз лайықтыны кез келген опасыздық түршіктіреді. Егер жер бетінде әдептілік, кең пейілдік және берілгендік жойылып кететін болса, оларды қайтадан сенің кеудеңнен тауып алатынын мақтаныш ет*.

/*Бұл Француз королі Франциск 1-нің сөзі/.

166. СӨЗДІҢ АДАМЫ МЕН ІСТІҢ АДАМЫ. Өзіңнің нағыз достарыңды ажырата білген сияқты, оларды айыра білген де маңызды. Істе жақсы болып, сөзге шорқақ болған нашар; бірақ сөзге ұста болып, істе ебедейсіз болу одан да жаман. Бүгінде сөзбен тойдыра алмайсың, сөз -желмен бірдей; сыпайыгершілікпен де асырай алмайсың, сыпайы алдау құстарды айнамен шағылыстырып ұстаған сияқты. Тек даңғой ғана ауаға тойынады. Істердің кепілі ретінде ғана сөздердің бағасы болады. Шірік ағаш жапырақ жайғанмен жеміс бермейді, қайсысының пайдалы екені өзөзінен белгілі емес пе?

167. ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ КӨМЕКТЕСУ. Қырсыққа ұшырағанда батыл жүректен артық жақсы жолдас жоқ, ал ол әлсірегенде оған бас көмектессін. Ерлік тағдыр соққыларын жеңіл көтереді, ал Тағдырдың жетегінде кету мүлде төзгісіз болады. Қиыншылық салмағын көтере алмасаң, оны ауырлата түсесің. Өзін білетін адам күші жетпеген жерде парасатын көмекке шақырады. Ақылды адам жазмышты да өз дегеніне көндіреді.

168. АҚЫМАҚТЫҚТАН ТУЫНДАЙТЫН РАҚЫМСЫЗДАР: Мен оларға менменшілдерді, даңғойларды, қырсықтарды, қыңырларды, маньяктарды, дарақыларды, бәлсінгіштерді, у тілділерді, өсекшілерді, даукестерді, көпшіліктен қол үзгендерді, қысқасы, шамасын білмейтін, тоқтамға келмейтіннің барлығын жатқызамын. Дененің көріксіздігінен жан кедейлігі ауыр, өйткені ол Жоғары Сұлулықтың әрін кетіреді. Бірақ адамдарды жаппай есуастықтан кім құтқарады! Парасат жоқ жерде ақылың аяқ астында қалады, кінәлағанға ұялу мен өкінудің орнына менмендік пен дандайсумен жауап береді.

169. БІР СӘТСІЗДІК ЖҮЗ СӘТТІЛІККЕ ЖҮК БОЛАДЫ. Жарқырап тұрған күнге ешкім қарай алмайды, бірақ тұтылуы мұң екен бәрі көреді. Тобыр сенің сәттіліктеріңді санамайды, есесіне әрбір сәтсіздігіңді бірден байқайды. Жақсыларды мақтағаннан гөрі нашар адамдарды көбірек біледі, әрі қаттырақ жазғырады; көп адам қылмысқа барғанша белгісіздікте болады. Сенің бар сәттіліктерің болмашы қателікті түзеуге жетпейді. Сондықтан, елікпе, арам ниет сенен жақсылықты емес, тек жамандықты көреді.

170. РЕЗЕРВ ҚАЛДЫРУ. Бұл жеңіс кепілі. Бәрін бірден шығарма, бар күшіңді сарқа жұмсама. Тіпті, білімді де запаста ұстаған дұрыс - осы арқылы оның бағасын көтересің, әрқашан жағдайға бірдеңе сақтаған жақсы. Ұрыста ер жүректіліктен гөрі резерв маңыздырақ; ол өжеттілік пен сенімділік береді. Есті адам жаза баспай тірлік істейді. Осы тұрғыда “Жарты тұтастан үлкен”* деген таң қаларлық парадокс ойға оралады.

/*Жеті данышпанның бірі Питтактың сөзі/.

171. АРҚА ТҰТАРЫҢ БОЛСЫН. Маңызды достар - маңызды істер үшін. Олардың үлкен тілектестігін ұсақ-түйекке айырбастама, босқа жұмсама - бұл қайырымдылықты ысырап етушілік болады: кемедегілер өте қажет кезде ғана қолданатын қасиетті якорьды үлкен қауіпке сақтайды. Ұсақ-түйекке көп жұмсасаң, үлкен істерге не қалады? Бүгінде қамқоршыдан керегірек ешкім жоқ: ол дүниедегі барды жасап, бұзады, тіпті дарын сыйлап, одан айырады; оның даналарға берген даңқы Тағдырдың қызғанышын туғызады. Сондықтан маңызды достарың болып, оларды сақтай білу ақшаң болғаннан артық.

172. БӘРІН ЖОҒАЛТҚАН АДАММЕН КЕРІСПЕ. Ұрыс тең болмайды. Қарсыласың ұрысқа жалтақтамай ұмтылады, өйткені оның жоғалтары жоқ, тіпті ұят та қалмаған, сондықтан ашына шабуылдайды. Ал сен жылдар бойы жинаған абыройыңды мұндай қауіпке салма, бір артық қимыл не бейпіл сөз оны айрандай төгеді. Бір тіл тигізу жетіп жатыр, сенің бар еңбегіңнен дәнеңе де қалмайды. Парасатты адам ұрысқа асықпайды, жоғалтары бар. Ол абыройын қадірлегендіктен қарсыласын бағалайды, дауға абайлап кіреді және жақсы атын сақтауға уақыт қалу үшін баяу қимылдайды. Ұрыста жеткен жеңісің оған киліккеннен туатын қырсықтардың орнын толтыра алмайды.

173. АДАМДАРМЕН АРАЛАСУДА ШЫНЫ СИЯҚТЫ МОРТ БОЛМАУ. Әсіресе - достықта. Кейбіреу іші қуыс болған соң да жеңіл шытынап шыға келеді; өзін өкпелеумен, өзгелерді ренішпен толтырады. Шыбық тимес, шыңқ етерлер болады; оларға әзілдеп те тиісе көрме. Мұндайлармен үш есе сақ бол, олардың әлсіз жері есте болсын, өркөкіректігін ая - абыройына түскен титтей сызат оларды құтыртып шыға келеді. Мұндайлар көбіне есерсоқ болады, өздерінің абыройы үшін бәріне дайын, олар тәкаппарлықтың құлы. Асыл тастардың ішінде алмас өзінің ұзаққа шыдайтынымен және беріктігімен құнды.

174. АЛДАҒЫҒА АСЫҚПАУ. Бәрінің өз уақыты бар және бәрі саған қуаныш сыйлайды. Бақыт тым қысқа болатындықтан да, көп адамдарға, өмір өте ұзаққа созылатын сияқты: қуанышты ерте қолдан шығарып алады, мейлінше сайрандамайды, соңынан қайтарып алғысы келгенмен, жете алмайды. Олар желіп бара жатқан уақытқа өздерінің асығыстығын қосады; өмір бойы қорыта алмайтынын бір күнде жұтуға дайын; қуаныштарды жылдар бұрын көргісі келеді, асығыс-үсігісте жүреді, және бәрін ысырап етеді. Тіпті білімде де мөлшерді білген дұрыс, білуге тұрмайтын білімдер бар. Өміріміз рахатқа толы сағаттардан әлдеқайда ұзаққа созылады. Асықпай рахатқа кенел, бірақ шабан қимылдама. Іс бітсе жақсы; қуаныш таусылса жаман.

175. ТИЯНАҚТЫ АДАМ. Мұндай адам жеңілтек адамдарды ұнатпайды. Жоғары қызметте тиянақтылық болмаса қырсық жолдас болды дей бер. Адам сияқты көрінетіннің бәрі - адам емес; орындалмас қиялдан бастап, сандырақтар тудыратын елес қуушы адамдар болады; соларға ұқсас, оларды қолдайтындар да бар; бұлар шындықтың дұрыс, бірақ аз пайдасынан гөрі жалғандықтың қате, есесіне қомақты түсімін артық көреді. Ақыр аяғында орынсыз тілектердің күлі көкке ұшады, өйткені адалдыққа негізделмеген. Тек шындық қана ізгі даңқ, тиянақтылық қана -пайда әкеледі. Бір алдау соңынан екіншісін ерте келеді, бірақ бар ғимарат орындалмас қиялдан, іргетасы ауадан қаланғандықтан, ол міндетті түрде күйреп құлайды. Қисынсыздық қартайғанша өмір сүрмейді; жомарт уәделер көп ұзамай күдік туғызады, ал дәлелдің көптігі шүбә келтіреді.

176. ӨЗІҢ БІЛУ НЕ БІЛЕТІНДЕРДІ ТЫҢДАУ. Өзіңнің не өзгенің ақылынсыз өмір сүре алмайсың; дегенмен көп адам өзінің білмейтінін білмейді, ал біреулер білмесе де білемін деп ойлайды. Ақымақтық дертінің жазылмайтын себебі, надандар өздеріне жетіспейтінді іздемейді. Біреулер ғалым болдым деп ойламағанда, ғалым болып шығар еді; өзіне риза олар даналық бастауын табу қиын екенін білгенмен табысқа масаттанып, ешкімді тыңдамайды. Кеңес сұраудан қысылма - бұл сенің кісілігіңді кішірейтіп, ақылыңа ұят келтірмейді: кеңесті тыңдай білу ақылдан хабар береді. Бәрін таразылап қана ақылға қонымды іс бітіресің.

177. АҒАЙЫНШЫЛДЫҚТАН ҚАШУ. Өзің де орынсыз арсалаңдама, басқаларға да жол берме. Ағайыншылық парасатты адамға тән артықшылықты, соңынан оған деген құрметті жояды. Шырақ алыстан жақсы көрінеді. Ғажайып қастерлеуді талап етеді, қатардағы көзге түспейді: неғұрлым көбірек көрсе, соғұрлым азырақ бағалайды; байқалмайтын кемшіліктер жақын араласқанда көрінеді. Ешкіммен жақын қатынаспа; бұл жоғары тұрғандармен қауіпті, төмендегілермен - ұнамсыз, әсіресе ақымақтықтан арсыз келетін тобыр өзіне көрсетілген қайырымдылықты болуы тиіс нәрсе ретінде қабылдайды. Қатынаста тым қарапайым болуға болмайды.

178. ЖҮРЕККЕ СЕНУ. Әсіресе тәжірибелі жүректің айтқанына тоқтай біл. Онымен айтыспа, маңызды істерде ол шындықты көре біледі: бұл үйдегі көріпкелің. Көпшіліктің түбіне өздері қауіптенген нәрсе жетті -қырсықтан сақтануға тырыспаса, қауіптенуден не пайда? Табиғаттың  ерекше сыйы - аян беретін жүректер бар, ол әрқашан ескертеді, ал тар жол, тайғақ кешуде дабыл көтереді, құтқарар әрекетке асықтырады. Қырсыққа мойынсұнып көнуге болмайды, жоқ, оларды жеңіп шығу үшін күреске түсу керек.

179. ҰСТАМДЫЛЫҚ - МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ. Ашық көңіл жайылған карта сияқты. Үлкен құпиялар тереңде орналасады, өйткені онда бар құндылықтар сақталатын тұңғиықтар бар. Ұстамдылық өзіне-өзі ие болудан келеді, өз қызбалығыңды жеңу үлкен жеңіс. Сырыңды кімге ашсаң, соған жан басылық төлейсің. Ішкі тыныштық парасатқа шипа. Тұйықтыққа мезі етушілік өш: ол шыдамнан шығару үшін ұстамдылықтың жынына тиіп бағады. Істеу керек нәрсе туралы айтып керегі жоқ; ал айту керек нәрсені істеп қажеті жоқ.

180. ҚАРСЫЛАСЫМДЫ ӨЗІМ БІЛЕМГЕ САЛЫНБАУ. Ақылсыз ешқашан ақылды ойлағандай іс жасамайды, өйткені ақымақ қалай істеуді түсінбейді. Зерек күткендегіден өзгеше қимылдайды. Сондықтан әрбір істі өзіңе тартпай, екі тұрғыдан қарастыру керек, екі жақ үшін талқылау қажет. Адамдардың шешімдері әртүрі; сендегі біреуге іш тартуды білмейтін әділдік безбені болуы тиіс нәрселерді ғана емес, сондай-ақ болуы мүмкін құбылыстарды да ескерсін.

181. ӨТІРІК АЙТПАУ ӘРІ БАР ШЫНДЫҚТЫ ЖАРИЯЛАМАУ. Шындыққа жеңіл қарауға болмайды, ол жүректен шығады. Шындықты айту мен ол туралы үндемей қалу біраз дағдыны қажет етеді. Адал адамға атын жоғалту үшін бір рет өтірік айту жеткілікті. Алданып қалғанды аңқау, алдаушыны оңбаған дейді, соңғы алдыңғыдан әлдеқайда жаман. Бар шындықты айтуға болмайды: бірін өзің үшін, бірін - өзге үшін жасыр.

182. БӘРІНДЕ ӨЖЕТТІК ҰШҚЫНЫ БОЛУ - парасаттың маңызды өсиеті. Адамдар туралы ұстамдылықпен ой түй, оларды тым жоғары қойма, қиялың жүректі қорқытып жүрмесін. Біреулер жақын танығанша Құдайдай көрінеді; жақын таныстық көбіне құрметтен гөрі түңілушілік туғызады. Әлі ешкім адамдықтың тар ауқымынан шыққан емес; әркімнің өз “бірағы" бар, біреудің дарыны ақсап жатады, біреудің мінезінен кемшілік табасың. Лауазым сыртқы абыройды ғана береді, оған жеке бастың қасиеті сирек ұштасады: тағдыр әдетте жоғары орын үшін жанның бишаралығымен өш алады. Біздің қиялымыз алға жүгіргенді, бәрін асыра суреттегенді ұнатады: бар нәрсені ғана емес, болуы мүмкін жайды да қамтып жатады. Демек, тәжірибелі ақыл түзету жасауы керек. Бірақ түсінбеушілік батылдыққа ие болып, ізгілік жасқаншақ болып жүрмесін. Егер өзіне сенушілік ақ көңілдікке көмектессе, оның сіңірген еңбек пен білімге қаншалықты жәрдемдесетіні айтпаса да түсінікті болады.

183. ҚАСАРЫСПАУ. Барлық ақымақтар - қыңырлар, барлық қыңырлар - ақымақтар және пікір неғұрлым дұрыс болса, қыңырлық соғұрлым күшті. Тіпті айқын жағдайдың өзінде жол беру артық етпейді, сенің туралығың онсыз да түсінікті, сыпайылығың мойындауға тұрады. Айтыста қасарысып жеңгенмен ештеңе ұтпайсың, сен шындықты емес, өзіңнің тәрбиесіздігіңді қорғайсың. Тоңмойындар болады, оларды бетінен қайтара алмайсың; ал қыңырлық есерсоқтықпен ұштасқанда, оларға міндетті түрде ақымақтық қосылады. Қайтпас қайсарлық пікірдің емес, еріктің белгісі болуы тиіс. Рас, ерекше жағдайлар бар: өзіңді құтқару керек болғанда, өзіңді айтыс пен істе екі рет жеңуге жол бермеу қажет болады.

184. БӘЛСІНГІШ БОЛМАУ. Сарайдағы этикеттің сақталуын өте қатал қадағалаған Арагон королі Педро ІV-нің паңдығы да дарақылық ретінде мазаққа ұшырады. Көкірегін көтерген ешкімге жақпайды, осы әлсіздік етек жайған тұтас халықтар кездеседі. Ақымақтық жасауы тәкаппарлық жібінен тігіледі. Қадірлегенге ұмтылу - мақтауға тұрады, бірақ бәлсінгіш атану абырой әпермейді. Бұл үшін биік қасиеттер керек екені сөзсіз. Сыпайылықты асыра сілтеуге де, оған немқұрайды қарауға да болмайды. Ұсақ-түйекшіл өзінің ұсақтығын көрсетеді.

185. БІР ҒАНА ТАЛАПТАНУМЕН ШЕКТЕЛМЕ: өйткені егер оның сәті келмесе, сенің істі жеңбегенің болады. Бір рет, әсіресе алғашқыда, қателесу жеңіл: адамның әрқашан жолы бола бермейді, әр нәрсенің өз уақыты бар. Сонымен, тағы бір талаптанып көр, егер мұның сәті түссе, алғашқы соңғының өтемі болады. Әрдайым жақсыға ұмтыл, дегеніңе жет. Кез келген іс көп жағдайға байланысты болады, табыс - жиі келмейтін бақыт.

186. ЕШТЕҢЕДЕН ҚАЙМЫҚПАЙ КЕМШІЛІКТЕРДІ КӨРЕ БІЛУ. Әділ көздерден ешқандай кемшілік таса қалмайды, ол алтынға оранып, мәуітіге малынып алса да білінбей қала алмайды. Қошемет көрсеткен адамы қанша жоғары болғанмен, жағымпаздықтың өзі мүсәпір күйде қалады. Кемшіліктерді ажарлап қоюға болады, бірақ олар ешкімге көрік бермейді. Бір мықты осындай да осындай істер жасапты дейді, бірақ олардың қалай жасалғанына көңіл аударылмайды. Дегенмен, жоғары тұрғанның үлгісі дәлелді көрінетіні сонша, ол лайықсызды да тартымды етеді: жарамсақтық ұлылыққа бет-әлпетінің ұсқынсыздығы жағынан да еліктейді, бірақ ұлылыққа жарасатын нәрсенің мүсәпірде жиренішті көрінетінін ескермейді.

187. ҰНАМДЫНЫ ӨЗІҢ, ҰНАМСЫЗДЫ ӨЗГЕЛЕР АРҚЫЛЫ ЖАСАУ. Бірінші сені сүйкімді етсе, екінші жек көру туғызбайды. Ізгі жандарға жақсылықты қабылдағаннан оны жасаған ұнамды, олар осыдан ләззат алады. Ұнамсыздықты істей отырып, біз оны не аяушылықтан, не ұялғандықтан өз басымыздан өткізбегенімізді, сирек болса да, сезінеміз. Жоғарғы себептердің әрекеттері мойындаушылық пен наразылықты қатар туғызады, олар жақсылықты тікелей, жамандықты жанама жасасын. Сонда наразылықтың жек көру мен жазғыру жебелеріне арналған нысана болады. Құтырған ит сияқты тобыр себептерді түсінбей жатып соған бас салады және басты кінә онда болмаса да, нысана соққыларды өзіне қабылдайды.

188. МАҚТАУҒА ТҰРАРЛЫҚТЫ АСЫРА МАҚТАУ. Бұл жақсыға тәрбиеленген, оны бағалай білетін талғамның куәсі. Мінсізді көрген ғана оның мінсіз екенін айыра алады. Мұндай адам әңгімелесу мен еліктеуге тұратын нәрселерді ұсынады әрі бір мезгілде ұнамды мағлұматтардан хабардар етеді - бұл да отырғандардың абыройын көтерудің бір тәсілі. Басқалар, керісінше, тек кінәлауға бейім және отырғандарды мақтап, келмегендерді даттап отырады; мұндай жағынуға үстірт адамдар ғана мәз болады. Біреулер бүгінгі қарабайырларды кешегі шамшырақтардан әдейі жоғары қояды. Бірақ көреген кісі жылпостардың бұл әдісін бірден біледі, оны біреудің асыра мақталуы таңырқатпайды, өзін көкке көтергенге де немқұрайды қарайды, ол бұл адамдардың өзінің жауларына да ертең осындай қылық көрсететінін түсінеді, тек онда бәрі керісінше айтылады.

189. ӨЗГЕНІҢ ІСІ ТҮСУІН ПАЙДАЛАНУ. Реті келген тұста бұл - кез келген істі ашатын ең жақсы кілт. Философтар мүддеге мән берген емес, ал саясатшылар оны құрметтейді және қалай пайдалануды біледі. Біреулер өз мақсатына жету үшін басқалардың ниеттерін өзіне баспалдақ етеді. Олар жағдайды мүлт жібермей пайдаланады. Олар салқын ұстамдылықтан гөрі, қызу ұмтылыстан көп үміт күтеді - ындынын құртқан нәрсе алыстаған сайын олардың тілегі қоза түседі. Ниетіңді жүзеге асырғың келсе, өзіңе деген қажеттікті қолдап отыр.

190. БӘРІНІҢ ӨЗ ЖҰБАНЫШЫ БАР. Мүсәпір, бейшаралар оны алданыш етеді. Жаманның да өз жақсысы болады, ақымақтар сәттілікті көңілге медеу тұтады - “бақыт ақымақтарға" деп текке айтпаған ғой. Құнсыз болсаң ұзақ өмір сүресің, сызаты бар ыдысқа тозу жоқ, әрі ол қарауға көріксіз де! Тәрізі, Тағдырдың өзі көрнекті адамдарды күндейтін сияқты, өйткені мүсәпірлерге ұзақ өмір, ұлыларға қысқа ғұмыр сыйлайды. Керек адамдар бұл өмірден тез кетеді, есесіне түкке тұрғысыздар ғасырды босқа өткізеді. Кейде бишараға бақыт пен өлім өзара сөз байласып, мұны ұмытып кеткен сияқты көрінеді.

191. ӘСІРЕ СЫПАЙЫГЕРШІЛІККЕ СЕНБЕУ. Бұл алдаудың бір түрі. Біреулер фессалия шөптерінсіз* де арбай біледі - ақымақтарды, менменшіл даңғойларды қалпақпен ұрып алады. Олар сенің абыройыңның бағасын өздері белгілеп, төлемін желдей ескен жарамсақ сөздермен төлейді. Бәрінен емексіту - құр дәметтіру; уәделер аңғалдарға арналған тор. Шын сыпайылық - борыш; жасанды, әсіре сыпайылық - алдамшылық, ол әдептіліктің емес, жеке бас ерекшелігінің қамын жейді. Жағымпаз саған емес, сенің жағдайыңа жағынады, қасиеттеріңе қошемет көрсете отырып, өзінің пайдасы туралы ойлайды.

/*Ежелгі Грецияның бір облысы Фессалия өзінің бақсы-балгерлігімен аты шыққан/.

192. БЕЙБІТШІЛДІҢ ӨМІРІ ҰЗАҚ. Тыныш өмірді қаласаң, өзгелердің өмір сүруіне кедергі жасама. Ынтымақшылдар өмір сүріп қана қоймайды, олар одан ләззат алады. Бәрін де көр, біл, есті, бірақ үндеме. Күнің дау-шарсыз өтсе, ұйқың тәтті болады. Ұзақ та қуанышты өмір сүру -бейбітшіліктің жемісі. Өзіне қатысты емеске мұрнын тықпайтын жан көп рахат көреді. Болмашыдан мәселе шығару - мағынасыздық. Сол сияқты, өзің үшін маңыздыға саусағыңды қимылдатпай, өзіңе елеусізге жан-тәніңмен қайғыру да ақымақтық.

193. ӨЗГЕНІҢ МҮДДЕСІН ЖАМЫЛЫП, ӨЗ ДЕГЕНІНЕ ҰМТЫЛАТЫНДАРДАН САҚТАНУ. Қулыққа көрегендікті қарсы қой. Олардан екі есе ақылды бол. Біреулер өз пайдасын өзгенің мүддесі сияқты көрсетеді; мұндай арам ниетті тани алмасаң, әр кез өз қолыңды күйдіріп, оттан басқаларға игілік әперіп отырасың.

194. ӨЗІҢ ТУРАЛЫ, ӨЗІҢНІҢ КҮШІҢ ЖӨНІНДЕ ТУРА ПІКІРДЕ БОЛУ. Әсіресе жастық шақта. Барлық адамдар өзі туралы жоғары пікірде болады, кісі неғұрлым ұсақ болса, өзін соғұрлым жоғары қояды: ғажайып бақыт туралы армандай отырып, өздерін табиғаттың кереметі көреді. Үміт көп дәметтіреді, өмір ешқайсысын орындамайды, сөйтіп менменшіл қиялдың шын өмірді түсінуі ауыр азапқа айналады. Мұндай адасуларда парасатың өзіңе серік болсын, жақсыны көксегеннің айыбы жоқ, бірақ тағдырды салқынқандылықпен қарсы алу үшін жамандыққа дайын бол. Шебер мерген көздей отырып сәл жоғары атады, бірақ тым жоғары да кетіп қалмайды. Іске кіріскен кезде өзің туралы пікірге мұндай түзету енгізу өте қажет, өзін дәріптеушілік тәжірибенің жоқтығынан абайламаушылыққа бейім келеді. Ақымақтықтың барлық түріне қарсы парасатты ақылдан артық шипалы дәрі жоқ. Әркім өз әрекетінің ауқымын анықтауы тиіс, сонда ол өзі туралы пікірді шындықпен үйлестіреді.

195. БАСҚАЛАРДЫ БАҒАЛАУ. Бір нәрсеге үйрете алмайтын адам жоқ, сол сияқты басқа шебер асып түспейтін шебер кездеспейді. Әркімнен пайдалы нәрсеге үйрену - өте маңызды дағды. Ақылды бәрін бағалайды, өйткені әркімнен жақсы нәрсе байқай біледі және жақсыны жасаудың қандай қиын екенін түсінеді. Ақылсыз ешкімді бағаламайды, өйткені жақсыны көрмейді және тек нашарды байқайды.

196. ӨЗ ЖҰЛДЫЗЫН БІЛУ. Үлестен құр қалған бишараның да өз жұлдызы бар, оның бақытсыздық күйге түсуінің себебі оны білмейтіндігінен. Біреулерге - неге екені белгісіз - монархтар мен әміршілердің жанынан орын бұйырды, тағдырдың өзі оларға қайырымдылық жасады, ал енді оларға тек ыждағаттылық көрсетсе жетіп жатыр. Кейбіреу даналардың ықыласын аударады; біреуді бір ұлт басқаға қарағанда көбірек мойындайды, біреу бір қалада өзге қаламен салыстырғанда көбірек құрметке бөленеді. Кейде адамның бір істе басқа жұмысқа қарағанда көбірек жолы болады. Талайымыз тағдыр қолында; әркім өз жұлдызы мен болмысын білсін, осыған оның өзін құртатыны не атын шығаратыны байланысты. Жұлдызыңа сен және оған көмектес; өзіңнің Темірқазығыңнан ауытқып, көрші Кіші Аю жұлдызына кетіп қалудан сақтан.

197. АҚЫМАҚТАРМЕН БАЙЛАНЫСПАУ. Ақымақтарды тани білмейтін де ақымақ, ал оларды танығанмен жанынан кетпейтін одан да өткен ақымақ. Олар үстірт араласуда қауіпті болса, жақын қарым-қатынаста тіпті құртады. Әуелі оларды өздерінің қаупі мен маңайындағылардың қамқорлығы тежейді, бірақ соңынан не ақымақтық істейді, не аңдамай сөйлеп қояды. Өзі құрметке ие болмаған, оны басқаға жасай қоймас. Ақылсыздың ақымақтықтан да жолы болмайды - екеуі де жұққыш келетіні есте болсын. Бір нәрсе ғана оларда нашар емес: ақылдылар олар үшін пайдасыз болса да, олардың өздері ақылдыларға бірқатар пайда әкеледі - не өмірді тануға көмектеседі, не ғибраттық сабақ болады.

198. ОРЫН АУЫСТЫРУДАН ҚОРЫҚПАУ. Бірдеңеге, әсіресе жоғарғыға қол жеткізгісі келгендердің жат елге кеткені жақсы деп есептейтін халықтар бар. Отан-ана кейде тіпті көрнекті адамдарға да өгей болады: онда бала кезінен таныс жанды күндеу жиі кездеседі; жерлестері оның жеткен жетістіктерінен гөрі кемшіліктерін қазбалағыш болады. Түйреуіштің де Ескіден Жаңа Дүниеге өтіп бағасы артты; осында ауысқан шыны да алмастан артық бағаланды. Өзгенікі құрметті: себебі не алыстан келеді, не дайын, өңделген күйде болады. Өзінің меңіреу түкпірінде жек көрінішті болған адамдардың жат елде жерлестерінің де, жат жерліктердің де құрметіне ілінгенін көргенбіз, алғашқылар алыста жүргендіктен, соңғылар жат жерлік болғандықтан сыйлайды. Қасиетті тұғырдағы ағаш мүсінді оны бұрынырақ орманда бөрене күйінде көрген қастерлемейді.

199. ӨЗІНЕ АРСЫЗДЫҚПЕН ЕМЕС; ПАРАСАТПЕН ЖОЛ САЛУ. Құрметке бөленудің дұрыс жолы - еңбек сіңіру, ал алғырлық айбынмен ұштасқан кезде бұл табысқа апарар ең төте жол. Адал болу ғана жеткіліксіз, бірақ жабысқақ болу ұят, онда сіңірген еңбегіңе кір келеді, ізгі атыңа дақ түседі. Оған істеген еңбек пен көзге түсу дағдысын қатар ұштастыру арқылы жетуге болады.

200. ӘРҚАШАН БІРНӘРСЕНІ ТІЛЕУ - бақытқа тойып, бақытсыз болмау үшін керек. Дене тыныс алады, көңіл аңсайды. Аңсағанның бәрі қолымызда болса, нағыз іш пысу сонда басталады: ақылдың өзіне, әуесқойлық тудыратын, оған белгісіз жайды сақтап қою керек. Үміт шабыт береді, зерігіп, жалығу - құртады. Тіпті марапаттай отырып, толық қанағаттандырма; қалайтын түк қалмаса, жамандық күте бер: бұл сорлы бақыттылық. Тілек біткен жерде қауіптену басталады.

201. АҚЫМАҚ КӨРІНЕТІНДЕРДІҢ БӘРІ ЖӘНЕ АҚЫМАҚ БОЛЫП КӨРІНБЕЙТІНДЕРДІҢ ЖАРТЫСЫ АҚЫМАҚ. Дүниені ақылсыздық жаулап алды, ал егер жерде даналық түйірін кездестіргеннің өзінде, ол ғарыш даналығының жанында есалаңдық. Өзін ақылдыға, басқаларды ақымаққа жатқызатын нағыз топастың өзі. Дана болу үшін ақылды болып көріну жеткіліксіз; өзінің білмейтінін түсінген - біледі; басқалардың түсінетінін ұқпайтын - түсінбейді. Дүние ақымақтарға толы, бірақ ешкім өзін ақымақ санамайды.

202. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕР МҮЛТІКСІЗ АДАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ. Сенің сөздерің ізгілікпен, істерің абыроймен толықсын: алғашқысы кемел ақылды, соңғысы биік рухты білдіреді; екеуі де өр көңілден шығады. Сөздер - әрекеттің көлеңкесі ғана; сөздер - әйелге, істер - еркекке тән. Сен мақтағаннан сені мақтаған лайықтырақ: айту жеңіл - істеу қиын. Іс-әрекет - өмірдің мәні, ол сөздер - оның сәні; биік істер қалады, биік сөздер ұмытылады. Іс-әрекет - саналы ықыластың жемісі, біреулер - ақылды, біреулер - әрекетшіл.

203. ЗАМАНЫҢНЫҢ ИГІ ЖАҚСЫЛАРЫН БІЛУ. Олар көп те емес; бүкіл дүниеде бір феникс, бір ұлы қолбасшы, бір орақ тілді шешен, бір данышпан ғасырда бір рет туады, ал абырой-атаққа лайық монарх одан да сирек. Қарабайырлықты табу жеңіл, бағалау да қиын емес; ұлылық - сирек, өйткені ол мінсіздіктің үлгісі; ал дәреже неғұрлым жоғары болса, оған көтерілетін шың соғұрлым биік болмақ. Көп адам Цезарь мен  Александрдың “ұлы" атағын пайдаланды, бірақ әрекетсіз атақ - құр дыбыс. Сенекалар аз кездеседі, ал жұрт пікірі Апеллестың ғана атын шығарды.

204. ЖЕҢІЛ ІСТІ ҚИЫН, АЛ ҚИЫН ІСТІ ЖЕҢІЛ СИЯҚТЫ ҚОЛҒА АЛУ. Бірінші жағдайда, сенімділік алаңсыздыққа ауыспайды; екінші жағдайда сенімсіздік тартыншақтық тудырмайды. Іс бітірмеудің басты себебі - оны күнібұрын бітті деп есептеу. Керісінше, ынта-ықылас мүмкін еместі мүмкін етеді. Ұлы бастамаларды тіпті ойластырып керегі жоқ деген Юлий Цезарьдың ережесіне сәйкес іске кіріскен жөн, әйтпесе қиындықты байқап жүрегің шайлығады.

205. ЕЛЕМЕУ ОЙЫНЫ. Көздеген мақсатқа жетудің ең жақсы тәсілі -елемеу. Бірдеңені іздесең ешқашан таппайсың, ал ол туралы ұмытқанда, өзі қолға түседі. Осы дүниедегінің бәрі мәңгілік әлемнің көлеңкесі болғандықтан, онда көлеңкенің қасиеті кездеседі - қуған адамнан қашады және қашқан адамды қуады. Ескермеу, сондай-ақ, ең айлалы кек. Есті адамдардың бірінші ережесі - өзін ешқашан қаламмен қорғамау: ол із қалдырады және қарсыласқа өрескелдігі үшін жазаның орнына батылдық даңқын әкеледі. Кейде Мүсәпірлер атын шығару үшін ұлыларға тиіседі: егер қарсыластары атақты болмағанда, көп адам белгісіздікте қалар еді. Ең жақсы кек - ұмыту, ол жауыңды оның түкке тұрғысыздық күлінде жерлейді. Есуастар тарихқа қандай жолмен болса да кіруге ұмтылады, атын шығару үшін әлемнің кереметін өртейді*. Өсек атын өшіру үшін оған назар аудармау керек: дауласа бастасаң өзіңе жаман, сенің жақсы атыңа кір келеді. Қарсыластарыңа шыдай біл; тіпті ғайбат сөздің көлеңкесі мүлтіксіздік нұрын өшірмесе де, солғын етеді.

/*Эфестегі Артемида храмын өртеген Геростатқа жасалған ишара/.

206. ҚАРА НИЕТ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІНІ ЕСТЕ БОЛСЫН, оны тіпті ежелгі Грецияда жоғары мәдениетімен даңққа бөленген Коринфтің өзінде, атақты жанұядан да табасың. Әркім мұны тіпті өз үйінде сезінеді. Бірақ жай тобыр бар да, қара тобыр бар. Қара тобырда жай тобырдың қасиеттері кездеседі (айнаның сынығы сияқты), бірақ ол одан да қаскүнем; оның пікірлері тұрпайы, талқылауы арсыз келеді; ал надандықтың ынталы оқушысы, ақымақтықтың қамқоршысы, жаланың серігі. Оның сөздерін тыңдама, әсіресе сезімдеріне берілме. Одан босау үшін оны білу керек: өйткені кез келген надандық тобырдан келеді, ал тобыр надандардан тұрады.

207. ҰСТАМДЫ БОЛ, кез келген жағдайда кездейсоқтықтан жоғары тұр. Қызбалық екпіні парасат үшін тайғанақ жар, жығылып жүрме. Бір сәттік ашу не қуаныш салқынқандылық сағаттарына қарағанда әріге әкетеді; сәтке ерік берсең соңына қынжылып жүресің. Қаскүнемнің арам ойы ниетті байқау үшін парасатты осылай азғырады; сөйтіп көңіл кілтімен сырыңды ашып, ең құнды қазынаңды ұрлап әкетеді. Ұстамдылықпен қорған, әсіресе тұтқиылдан, кенет болатыннан сақтан. Қызбалығың ауыздығымен алыспас үшін үлкен табандылық керек; ат үстінде де парасатын жоғалтпайтынға баға жетпейді. Қауіпті білетін абайлап қозғалады. Сөз айтқан адамға жеңіл, тиген кісісіне ауыр.

208. АҚЫМАҚТАРДЫҢ СЫРҚАТЫМЕН АУЫРМАУ. Даналар көбіне көп парасаттың жетіспеуінен, ал ақымақтар, керісінше, ақылдың тасуынан азап шегеді. Ақымақ тым білгішсінуден өледі. Біреулер қайғырғаннан бақилық болады, біреулер қайғырмайтындықтан жер басып жүр. Сонымен, біреулер қайғыдан өлмейтіндіктен ақымақ, біреулер қайғыдан өлетіндіктен ақымақ. Тасыған ақылы түбіне жететін адам да - ақымақ. Демек, біреулер бұрыс түсініктен өлсе, біреулер түсінбестіктің арқасында тірі жүр. Дегенмен, көп адам ақымақтар сияқты өледі, өлген ақымақтар аз.

209. ЖАҢСАҚ ПІКІРДЕН ҚҰТЫЛУ. Бұл ерекше дұрыс ойлаушылықты қажет етеді. Жаңсақ пікірлер өте тұрақты, терең тамыр жайған; әдеттен тыс адасуларға бой алдырмаған көптеген адамдар үйреншікті адасудан қашып құтыла алмайды. Жаңсақтық, мысалы, әркім өзінің жақсы тағдырына көңілі толмаса да, өзінің қарабайыр ақылына риза. Өз тағдырына наразылар өзгенің бақытын күндейді. Бүгінгі адамдар әрқашан кешегі күнді мақтайды, бір елдің тұрғындары өзге халықтың игілігін көксейді. Өткен шақ әрдайым жарқын; не алыс болса, сол қалаулы. Бәрін мазақ ететін адам мен бәрінен қынжылатын кісінің екеуі де ақылсыз.

210. ШЫНДЫҚТЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Шындық қауіпті, бірақ абырой іздеген адам оны айтпай тұра алмайды: мұның да өз өнері бар. Сөйтіп, жанды шебер емдеушілер бұған да амал тауып, шындықты тәттірек етті, өйткені шындық біздің көзімізді ашқанда, одан ащы нәрсе болмайды. Сыпайыгершілік мұнда өз әдістерін қолданады: бір шындық біреуге ұнаса, біреуге жақпайды. Бүгінгі адамдармен сұхбатта ежелгі адамдар туралы әңгіме шерт. Зерделіге ишарат та жетеді, ал ишара қонбаса үндемеген абзал. Әміршілерді ащы дәрімен емдеуге болмайды, сондықтан оны тәттірек ету өнеріне жүгінген жөн.

211. ЖҰМАҚТАҒЫНЫҢ БӘРІ - ҚУАНЫШ, ТОЗАҚТАҒЫНЫҢ БӘРІ - АЗАП, ортадағы біздің дүниеде екеуі де кездеседі; біз екі кереғарлықтың арасында өмір сүреміз, екеуіне де қатысымыз бар. Тағдыр тұрақсыз: өмір кілең бақыттан не ылғи бақытсыздықтан тұрмайды. Біздің әлем өз бетінше түкке тұрғысыз, Аспанмен тіркесіп құны толады. Өзгергіштікке немқұрайды қараған дұрыс, дана адам ештеңеге таң қалмайды. Біздің тірлігіміз комедия сияқты басталады, оның жақсылықпен аяқталуын қадағала.

212. ӨЗ ӨНЕРІНІҢ АСҚАН ҚҰПИЯЛАРЫН САҚТАУ. Бұл ұлы ұстаздардың әдісі - белгілі бір өнерге үйрету кезінде олар артықшылығын сақтап, жетекші болып қалу үшін осы амалды пайдаланады. Шеберлікпен шебер бөлісе білу керек, сонда білім бұлағы сарқылмайды. Осы арқылы жақсы атыңды сақтап қаласың. Әрі қарай таңырқатып, одан әрі жетілгендік көрсеткің келсе, осы маңызды ережені ұмытпа. Кез келген істе, әсіресе мәнді істерде резерв өмір сүріп, жеңе білу ғылымының құрамына кіреді.

213. ЕПТІЛІКПЕН ҚАРСЫ БОЛУ. Өзің шатаспай, басқаның тамырын басып көрудің озық тәсілі - ниетті айқындау. Бұл өзгенің құштарлықтарын қамаудан босататын тамаша құрал; жасанды сенімсіздік іштегі құпияларды шығарып, жүрек құлпын ашады. Сезімдер мен ойларды ерекше нәзіктікпен сынайсың. Айтқан сөзді жорта елемеу арқылы көңіл түкпірінен ең құпия сырларды шығарасың, оларды тізгінінен жеңіл тарта отырып, тілге бағыттайсың, олар онда сенің мекер ниетің жайған торға түседі. Өз ұстамдылығың басқаны ұстамдылықтан шығарады, сөйтіп сырын сездірмей келген жүрек өз тілектерін жайып салады. Жасанды шүбәланудың көмегімен әуесқойлық қалаған нәрсесінің бәрін біледі. Тіпті білімді аңсаған оқушының мұғаліміне қарсы келуі күнә емес, сонда ол шындықты толығырақ баяндап, дәлелдейтін болады; орынды қарсы бола отырып, білімнің толықтығына қол жеткізе аласың.

214. БІР АҚЫМАҚТЫҚТЫ ЕКЕУ ЕТПЕУ. Бір ақымақтықты түзеймін деп басқаларын жасайтын кез аз емес. Бір қателікті басқа, үлкен қателікпен ақтау ақымақтықты жалғандыққа ұқсатады, өйткені жалғандық аяғына тұра алуы үшін көптеген басқа өтіріктерді қажет етеді. Алдамшы егесте кепілшіге қиын; қырсықты мойындамау қырсықтың өзінен де жаман. Адамның кемшіліктері басқа, жаңа кемшіліктерді тудырады. Ұлы данышпан да қателік жасайды, бірақ екі рет емес, бір рет және тұрақты емес, кездейсоқ жасайды.

215. ОЙЫНДА ЕКІНШІ АРАМ НИЕТІ БАРДАН САҚТАНУ. Айлакер басқаны жайбарақат ұстағанды ұнатады; қауіптенбеуге сендіре отырып, ол жеңіп шығады. Мұндай адам өзінің басты ниетін жасырып, елеусіз, екінші ниетін көрсетеді, ал іс жүзінде алғашқыны жүзеге асырып, алаңсыз жауына соққы береді. Сондықтан, біреудің ниеті сергек жүрген жерде басқаның қырағылығы қалғымасын, ал құпия ниет торуылға шегінген кезде көрегендік барлауға шықсын. Абайлаушылық зұлымдықтың қылықтарын көре біліп, оның өз мақсатының маңында торуылдап жүргенін байқасын. Мұндайдың сөзі мен ойы бөлек болады; естен жаңылдырып барып, көздеген жерге соғады. Оның өзіңнен неден басым екеніне қара, ал кейде оны жақсы түсінетініңді көрсеткен орынды.

216. ОЙДЫ АЙҚЫН БАЯНДАУ. Мәселе ойды түсінікті жеткізе білуде болып отыр. Кейбіреу ойындағы нәрсесін айта алмайды, өйткені жанның бала-шағасы - ойлар мен пікірлер -анықтық болмаған кезде сыртқа шыға алмайды. Кейбір адамдар өзіне көп сыйдырып, аздан шығаратын ыдысқа ұқсайды; керісінше, сезінгенінен гөрі көп жеткізетін кісілер бар. Ерік үшін батылдық қанша керек болса, ақылға анықтық сонша қажет, екеуі де үлкен қасиет. Түсінікті ақыл бәріне ұнамды, бұлдыр ой өзінің түсініксіздігі үшін бұрындары құрметтелетін; мүмкін, өрескелдікті болдырмас үшін аздап көмескілік те керек шығар. Бірақ тыңдаушы пікір білдірмесе, айтқан ойды жетті деу қиын.

217. ДОСТЫҚТЫҢ ДА, ЖАУЛЫҚТЫҢ ДА ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАТЫНЫНА СЕНІП ҚАЛМАУ. Бүгінгі досыңа ертеңгі жауың ретінде қара; өмірде бәрі болады, сондықтан мұны күні-бұрын ескер. Әсіресе, бұрын достықта болғандардың шабуылы қатты болады. Жауларыңа, керісінше, татулық есігін әрқашан ашық ұста, мұндай есік сыпайылық болсын, ол бәрінен сенімдірек. Кейде қайтарылған кектен соң кешігіп жеткен ойлар бізді қинайтыны бар; сонда жауыңа зиян келтіргеннің қуанышы қайғыға айналады.

218. ҚИҚАРЛЫҚПЕН ЕМЕС, ПАРАСАТПЕН ҚИМЫЛДАУ. Қасару -көргенсіздік, ол ешқашан тәуір жағына жүрмейді. Кейбіреу өмірдің бар мәнін төбелестен көреді; олар араласудың қарақшылары, кез келген істі ұрыспен алады, өйткені бейбіт дағды жоқ. Мұндай адамдар билікке қолы жетсе көп зиян тигізеді, жақтастарын қарақшыларға айналдырады; бауырласуға болатын адамды дұшпан етеді; бәрінде қулық-сұмдықты басшылыққа алады, мақсатына жауыздықпен жетеді; олардың бұзық қылықтары ашылуы мұң екен, бәрі оларға шүйіледі, сонда олардың арам ойларына тосқауыл қойылады, оларға ештеңенің сәті түспейді, әр қадам сайын жәбір-жапа шегеді, бәрі оларға қарсы. Мұндай адамдардың миы кіресілі-шығасылы, жүрегі де орнында тұрмайды. Мұндай мырзалармен қатар өмір сүргеннен, безіп кеткен артық, олардың рақымсыздығынан гөрі, жабайылардың тағылығына төзу жеңілірек.

219. ҚУ АДАМ РЕТІНДЕ БЕЛГІЛІ БОЛМАУ. Қулықсыз өмір сүре алмасаң да, одан тартын. Одан да абайлағыш атың болсын. Адалдықты бәрі ұнатады, бірақ ол әркімге сырт қарағанға керек. Сырттай ақ көңіл бол, бірақ аңқау болма, қырағы бол, бірақ қу болма. Сенен екіжүзді ретінде қауіптенгеннен, сені парасатты адам ретінде қадірлеген жақсы. Адалдарды жақсы көргенмен, оларды алдайды. Ұлы қулық - қулығыңды байқатпау, өйткені оны өтірікке теңейді. Алтын ғасырда әділдік басым болса, біздің заманымызда жәдігөйлік салтанат құруда. Парасаттылық аты құрметті әрі оған сенім білдіреді, жалпостық ат күмәнді және одан қауіптенеді.

220. АРЫСТАННЫҢ ТЕРІСІН КИЕ АЛМАСАҢ, ТҮЛКІНІҢ ТЕРІСІН ЖАМЫЛ. Уақытында жол беру жеңіске жеткізеді. Мақсатына жеткен адамды кінәламайды. Күшің жетпесе, ақылмен қимылда. Ептілік күшке қарағанда көп нәрсе бітіреді, көбіне ақылдылар күштілерді жеңеді. Ал мүлде жете алмайтын болсаң, елемеуге тырыс.

221. ҰРЫСҚАҚ БОЛМА - өзіңді де масқара етпейсің, өзгені де ашуландырмайсың. Сыпайылық күзетінің өзінің кедергі тастары бар, басқаға тигізген зиянды өзің де көресің және бұл ақымақтық ретінде бағаланады. Тасқа сүрініп кету жеңіл, бірақ соңынан ауырсынасың. Сыпайыгершілік күзетшілерінің күні ұрыс-керіссіз өтпейді, олардың мінезі қазымыр келеді, бар нәрсеге кесе көлденең тұрады; тәрізі, есі ауғандықтан да үнемі жақтырмайтын болар. Әсіресе, парасатты, өздері түк бітірмей, бәрін жазғырып отыратындар күштірек қорлайды - есуастықтың кең-байтақ патшалығында арсыздықтың неше түрі кездеседі.

222. ҰСТАМДЫ СӨЙЛЕУ - ПАРАСАТ БЕЛГІСІ. Тіл жабайы аң сияқты: тордан шығып кетсе, қайта қамау қиын. Ал одан жанның дем алысы байқалады, даналар тіл арқылы оның денсаулығын анықтайды, көреген - жүрек соғысын сезеді, Міне, қырсық - үндемегені абзалдар, керісінше, бәрінен көп сөйлейді. Ақылды жан өзіне ие бола отырып, ұрыс-жанжалдан да, реніш-қападан да бойын аулақ ұстайды: ол Янустай байсалды*, Аргустай қырағы. Одан да Манның адамдардың кеудесінде терезе жоқ деп назаланғанынан, алақандарында көз жоқ деп қайғырғаны дұрыс еді.**

/*Ежелгі Римнің кіру-шығу құдайы Янус біреуі алға, біреуі артқа қарап тұрған екі беті бар етіп бейнеленген, сондықтан ол байсалдылықтың үлгісі ретінде алынған/.

/**Мифтік аңыз бойынша, Құдай Вулкан адамды жасап, оны талқыға салған. Сонда күлкі құдайы Ман адамда ең қажетті - оның қандай зымияндық жасайтынын көріп отыруға болатын кеудесінде терезесі жоқ екенін байқайды; ал Грасианның ойынша, қырағылықта алақандағы көз маңыздырақ/.

223. ТЫМ КӨЗГЕ ТҮСПЕУ. Қылымсудан ба әлде түсінбестіктен бе, кейбіреу дарақылыққа жететін оғаштықтарымен ерекшеленеді, бұл көзге түсу емес, әдепсіздік. Өзінің ұсқынсыз әлпетімен аты шыққан кейбіреу сияқты, бұлар мінезінің делқұлылығымен белгілі болады. Осылай көзге түсу масқаралыққа ұшыратады, ерсі дарақылық біреудің күлкісін келтірсе, біреудің ашуына тиеді.

224. ӨМІР НӘРСЕНІ ТЕРІС ЖАҒЫМЕН ҰСЫНСА, СЕН ОҢ ЖАҒЫМЕН АЛ: бар нәрсенің оң және теріс жақтары болады. Қылышты жүзінен ұстасаң - жарақаттайды, сабынан алсаң қорғайды. Реніш туғызатын нәрсені анықтап қарасаң, оның қуантатынын да байқайсың. Әр істің өз тиімділігі мен тиімсіздігі бар; өмір сүру өнері пайдалы жақты таба білуден тұрады. Әр тұрғыдан қараған зат әртүрлі көрінеді - бәріне қуанышты тұрғыдан қара. Бірақ қуанышта да, қайғыда да тізгінді қолдан шығарма. Мұндай дағдысы жоқ адам не бәріне мәз болады, не бәріне мұңаяды. Бұл игі өмірдің дана ережесі - әрбір істе, кез келген уақытта тағдыр тұрақсыздығынан сенімді қорғайды.

225. ӨЗІНІҢ НЕГІЗГІ КЕМШІЛІГІН БІЛУ. Басты қасиетіне кереғар кемшілігі болмайтын адам жоқ және осыған бейімділік себеп болатын болса, бұл кемшілік тирандық билікке ие болады. Өзіңді қырағылыққа шақыра отырып, оған соғыс аш және оны әшкерелеу сенің алғашқы қадамың болсын, өйткені оны танып қана жеңіске жетесің; әсіресе өзің де ол туралы маңайындағылардың пікірін ұстансаң теріс болмайды. Өзіңе билік ету - өзіңмен күресу. Басты кемшілігіңді жеңе алсаң, басқаларынан арылу қиын болмайды.

226. МІНДЕТТЕУ. Көпшіліктің сөздері мен істерін олардың болмысы емес, олармен қатынасу туғызады. Ақымақтыққа әркім-ақ сендіре алады, өйткені оған оңай сенеді. Өзіміздегі бардың ең жақсысы басқалардың пікіріне байланысты. Біреулер шындықтың өз жағында екенін қанағат тұтады, бірақ бұл аздық етеді, шындыққа мүмкіндігінше көмектесу керек. Біреуді міндеттеу онша қиын емес, есесіне көп пайда әкелуі мүмкін: сөздерге істер сатып алынады. Біздің дүние сияқты үлкен үйде мүлде керексіз, түкке тұрғысыз бұйым болмайды. Әркім өзі әуес нәрсе туралы айтады.

227. АЛҒАШҚЫ ӘСЕРГЕ БЕРІЛМЕУ. Біреулер алғашқы әсермен заңды некеге тұрады, кейінгілер олар үшін - ашыналар; сол сияқты, жалғандық әрдайым алдымен келеді, сөйтіп, соңынан жететін шындыққа орын қалмайды. Сезімді алғашқы әсермен, ақылды - алғашқы хабармен толтырма; бұл - тайыздықтың белгісі. Өзіне бірінші құйылған сұйықтың иісін сіңіріп алатын ыдысқа ұқсас адамдар бар. Бұл әлсіздікті басқалар біліп қойса, іс насырға шаппақ, зұлымдыққа да осы керек: ол сенің сенгіштігіңді өз түсіне бояуға асығады. Пікірді қайта таразылауға әрқашан орын қалсын, Александр да бір құлағын екінші жаққа ашық ұстаған*. Алғашқы әсерге берілуден соқыр тәуекелге дейін - бір-ақ қадам.

/*146-шы мысалды қараңыз/.

228. ӨСЕК-АЯҢҒА САЛЫНБАУ. Ғайбаттау жақсы атақ әпермейді. Біреуді біраз жерге жеткізіп тастау қиын емес, бірақ соңы жақсы болмайды. Сенен өш ала бастайды, сен туралы да жаман сөздер тарайды; сен жалғызсың, жауларың көп - олар сені тезірек жеңеді. Адамдардан ақымақтық көрсең қуанба әрі талқылама. Өсекші ешкімге ұнаған емес, рас, кейде маңызды кісілер оны бауырға тартады, бірақ бұл оның ақылын құрметтегеннен емес, оның келемеждеуін тыңдап, рахаттану үшін жасалады. Не айтсаң, соны естисің.

229. ӨЗ ӨМІРІН АҚЫЛМЕН ҰЙЫМДАСТЫРУ пайда мен рахатты қатар ұштастыру үшін керек. Демалыссыз өмір қонақ үйсіз ұзақ саяхат сияқты ауыр тиеді; танымды алуан түрлі ету оны қызықты етеді. Ізгі өмір жолындағы алғашқы дамылдауды өлілермен тілдесуге арна: біз білім мен өзімізді тану үшін туыламыз, ал кітаптар адал қызмет ете отырып, адамды адам етеді. Екінші дамылдауды тірілермен өткіз: дүниедегі бар жақсыны көр, байқа. Бар жақсы тек бір елде болмайды: біздің ортақ әкеміз жасауды түрлі жерлерге бөліп берген, сөйтіп жарымес бойжеткен бәрінен бай болып шығуы мүмкін. Үшінші тыныс алуды толығымен өзіңе арна; жоғары рахат - ойланып, пайымдауда.

230. УАҚЫТЫНДА КӨЗІ АШЫЛУ. Көріп тұрғанның бәрінің көзі ашық емес, сол сияқты, қарағанның бәрі көріп тұрмайды. Кеш мән берудің пайдасы шамалы, өкініш қана қалады. Кейбіреулер үйлері тоналып, істері құлдыраған кезде ғана көре бастайды. Ықыласы болмаса ақыл айту да қиын: ақылы болмаса ынта тудыру одан да қиынырақ. Мұндай адамдар маңайындағылардың қиындығы ойыншық сияқты, оларды соқырды алып жүргендей ертіп жүреді; олар кереңдіктен естігісі келмейтіндіктен көздері де ашылмайды. Оның жанынан сол сәтте осы кереңдік пен соқырлықты қолдайтын сұм табыла кетеді, бұл оған пайдалы. Соқыр қожайыны бар аттың күні құрысын.

231. ЕШҚАШАН БІТПЕГЕН ІСТІ КӨРСЕТПЕ - біткен соң тамашаласын. Істің басталуы үйлесімсіз болады, сөйтіп оның келіссіз түрі ойда қалып қояды; оның үлгісі кейін аяқталған істен ләззат алуға кедергі жасайды. Тұтас бұйымнан рахаттану оның бөліктері туралы пікірді қиындатса да, ол өз бетінше талғамды көтереді. Нәрсе өз көркіне енбес бұрын, сиықсыз күйде болады. Дәмді тағамның қалай дайындалатынын көру тәбетті тарттырмайды, қайта жүректі айнытады. Тамаша шебер өз шығармаларын шикі кезінде көрсетпегені дұрыс: табиғат та өз туындыларын кемеліне жеткізіп барып жарыққа шығарады.

232. АЗДАП ІСКЕР ДЕ БОЛУ. Тек ойлану ғана жеткіліксіз, әрекет етуге тура келеді. Өте оқымыстыларды алдау жеңіл - олар әдеттен тыс нәрселерді білсе де, өмірдегі ең үйреншікті, қажеттіні білмейді. Мәнді нәрселерді пайымдау оларға күнделіктіге уақыт қалдырмайды да, былайғылар жаңғақша шағатынды онша біле бермейді, бұл үстірт тобырдың таңдануын туғызады не тіпті оларға надандық болып көрінеді. Сондықтан оқымысты адам өзін алдамайтындай, мазақ етпейтіндей шамада іскер болғаны жөн; өмірдегі мәнді нәрсе болмағанмен, құнттылық та өте қажет. Өміршең емес білімнен не пайда? Біздің кезімізде өмірді білу - нағыз білімнің өзі.

233. ҰНАМДЫ КӨРІНЕМІН ДЕП ЖАҢСАҚ БАСПА -сүйсінушіліктің орнына реніш туғызасың. Біреулер баурап аламын деп, адамның жынына тиеді, өйткені адамгершілікті білмейді. Біреуге жағатын біреуге жақпайды сөйтіп, қызмет еткісі келгендер қынжылу туғызады. Наразылық туғызған соң алғыс та, сияпат та күтпе, өйткені қажет жолдан тайқыдың. Мақтаймын деп, даттап қою арқылы сазайын алатындар да бар. Біреу шешендігімен таңырқатпақ болып, тыңдаған жұртты өзінің мылжыңдығымен титықтатыпты.

234. ӨЗГЕНІҢ АБЫРОЙЫ СЕНІҢ АТАҒЫҢНЫҢ КЕПІЛІ БОЛСЫН. Пайда айқын жаққа өзің ғана бар, бұлдыр болса - серіктеріңді ерт. Абыройдың ісінде одақтастарың болсын, сонда әркім өзінің жақсы аты үшін өзгенің абыройын сақтайды. Мүмкін болса, тәуекел етпе, ал мәжбүр болсаң, сақтықтың орнына ішкі есеп келсін. Бүгінгі қатысушы ертең тайқып кетпес үшін, іс өзара маңызды және тәуекел ортақ болсын.

235. ӨТІНЕ БІЛУ: біреулерге бұдан жеңілі, біреулерге одан ауыры жоқ. Бас тартуды білмейтін адамдар кездеседі - мұндайларға амалдап та қажеті жоқ. Сондай-ақ кез келген уақытта бірінші сөзі жоқтан басталатын адамдар болады - мұндайларға машық, ысылғандық керек. Ал бәріне бірдей жарайтын амал - дер кезінде келу - адам көңілі көктем, жаны жаз кезде оңай көнеді. Егер сенің көзіңше біреуге бас шайқаса, өтінішпен келуге асықпа - екінші рет “жоқ" деу жеңіл. Көңілсіз уақыт та сәттілікке кепілдік бермейді. Күнібұрын қарыздар етіп қою жақсы, жақсылыққа жақсылық қайтармау ұждансыздық болар еді.

236. СОҢЫНАН МАРАПАТ СИЯҚТЫ КӨРІНЕТІНДІ ҚЫЗМЕТ РЕТІНДЕ КҮНІБҰРЫН КӨРСЕТУ. Шебер саясатшылардың әдісі. Сіңірген еңбекке дейін қайырымдылық жасау ризашылықты білдіреді. Мұндай алдын ала жасалатын жақсылықтың екі артықшылығы бар -марапаттаушының шапшаңдығы алушыны міндеттейді. Көрсетілген қызметтен кейін берілген сый - борышты қайтару болса, оған дейінгі -қарыздар етеді. Борыштың ауысуының нәзік тәсілі - жоғарыда тұрғанның марапаттау міндеттемесі ризашылығын білдіруі тиіс төмендегіге көшеді. Мұндай араласу борышты білетін адамдарға ғана жарайды, ал оңбағандар үшін күнібұрын төлеу тебінгіден гөрі тізгін болады.

237. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛУГЕ ТЫРЫСПАУ. Талай сырлас, сенімді адамдар осыны ескермегендіктен құрыды. Егер әмірші саған өз құпиясын ашса, бұған масаттанба, сақтан. Олардың көбі кейін өз жауыздықтарын білетін адамды жек көреді. Біреудің, әсіресе қасында билігі бардың өзіңе тым тәуелді болуынан қорық. Араларыңды олардың саған көрсеткен игі ниеті емес, сенің оларға жасаған қызметің жалғастырып тұрсын. Әсіресе достық ашық ауыздылық қауіпті: өзгеге құпияңды айтқан соң, оның құлына айналасың. Мырза үшін бұл заңдылықтан тыс нәрсе және ұзаққа созылмайды. Ол жоғалтқан еркіндігін қайтаруды көксейді, ол үшін бәрін, оның ішінде әділдікті де таптауға дайын. Сонымен, құпияларды тыңдама және өзің де айтпа.

238. ӨЗІНЕ НЕ ЖЕТПЕЙТІНІН БІЛУ. Көп адам қайсыбір қасиеттері болмағанда, қазіргі жағдайынан биік тұрар еді. Біреулер елеусіз кемшілігінен арылып, көп нәрсеге қол жеткізер еді. Біреуге байыптылық жетпегендіктен жақсы қабілеттері солғын тартады; біреу қатынасып-араласуда жұмсақтық танытпайды, бұл бала-шаға бірден байқайтын кемшілік. Анаған батылдық, мынаған ұстамдылық керек. Өзін тани білген адамға осы барлық кемшіліктерден арылу қиынға түспейді - ынта-ықылас әдетті екінші болмысқа айналдырады.

239. ТЫМ АҚЫЛДЫ БОЛМА - одан да парасатты болған жақсы. Қажеттіден көп білсең, нәзік талғаммен көзге түсесің, ал нәзіктік алдымен үзіледі, көпшілік мақұлдаған сенімдірек. Көп білетін адам болған жақсы, бірақ тақуа болудың қажеті жоқ. Көп ой жүгіртсең дау-шарға тезірек ілінесің. Қажеттіден артық ойлап жатпайтын іскерлік дұрыс ойлаушылықтан пайдалырақ.

240. ОЙЫНҒА ТҮСІНБЕУШІЛІК ЕНГІЗУ. Білетін адамның өзі кейде осы әдіске басады: бар даналығын көрсету надандық көрінетін жағдайлар болады. Надан болып керегі жоқ, бірақ надан болып көріну кейде жаман емес. Ақымақпен данышпан, есуаспен парасатты болудың мүлде қажеті жоқ; әркіммен оның тілінде сөйлес. Ақымақтық істеп қоятын емес, одан құтылғысы келмейтін ақымақ. Нағыз ақымақтық - табиғи, бірақ жасандысы да бар - қулық не істетпейді! Ықыласқа ие болудың дұрыс тәсілі - ең ақымақ жануардың терісін жамылу.

241. МАЗАҚ ЕТКЕНГЕ ШЫДА, БІРАҚ ӨЗІҢ КЕЛЕКЕ ЕТПЕ. Алғашқысы - сыпайылық, соңғысы - сотқарлық. Бәрі күліп жатқанда ашулану - есек мінездің белгісі. Орынды әзіл ұнамды, ал кімнің қандай қалжыңға шыдауы оның төзе білу қабілетіне байланысты. Кім тілмен шағып алғаннан ыршып түссе, тағы шағып алуға сылтау береді. Ең дұрысы - мән бермеу. Өте маңызды істер әзілден туындауы жиі кездеседі, әзіл елеулі дағды мен парасатты қажет етеді. Әзілің жарасса атаңмен ойна деген, бірақ әзілмен қағытқың келген адамның шыдам шегін де білген жөн.

242. МАҚСАТҚА ТАБАНДЫЛЫҚПЕН ЖЫЛЖУ. Кейбіреу бар күшін істің басталуына жібереді де ештеңені аяғына дейін жеткізбейді; бастауын бастайды, бірақ жалғастырмайды; олардың мінезінде тұрақтылық аз. Олар қошемет көрмейді, өйткені жарты жолдан қайтады. Испандықтардың кемшілігі - шыдамсыз, бельгиялықтардың артықшылығы - шыдамды. Бельгиялықтар істі аяғына дейін жеткізеді, испандықтар істі соңына қарай бүлдіреді, олар жеңіп шыққанша тырысып бағады, бірақ қол жеткен жеңісін пайдалана алмайды, істей алатындарын, бірақ қаламайтындарын көрсетеді. Бұл қабілетсіздік не ұшқарылық болсын - бәрібір кемшілік. Іс жақсы болса, неге бітірмеске? Нашар екен бастап несі бар? Ақылды жан бар күшін құсты жерден көтеруге емес, оны атып құлатуға жұмсайды.

243. ТЕК КӨГЕРШІН БОЛМАУ. Інжілде айтылғандай - көгершіннің момындығы жыланның айлакерлігімен ұштассын! Адал адамды алдау жеңіл: өзі өтірік айтпайтын кісі бәріне иланады, өзі алдамайтын адам басқаларға сенеді. Ақымақтықтан ғана емес, адалдықтан да алданып қалуға болады. Адамдардың екі түрі алдағанды біле алады: бір кезде алданып сабақ алғандар мен табиғатынан айлакер қулар. Қулық қаскүнемдікті тануға қанша епті болса, көрегендігің шүбәлануға сонша қырағы болсын. Өз жақыныңды екіжүзділікке итеретіндей дәрежеде ақ көңіл болудың қажеті жоқ. Өзіңде көгершін мен жыланның қасиеттерін ұштастырып, құбыжық емес, ғажайып бол.

244. РИЗАШЫЛЫҚҚА МІНДЕТТЕУ ӨНЕРІ. Кейбіреу жақсылықты қабылдай отырып, оны жасағандай болады; ізгілікті сен емес, ол істегендей күйде қаласың. Өзінің өтінішімен өзгеге абырой әперетін, өз пайдасын жарылқаушысының құрметіне айналдыратын асқан шебер адамдар бар. Істі сұңғылалықпен шыр көбелек айналдыратыны сонша, қайырымдылықты олар емес, сен көргендей боласың. Осындай ерекше саясатпен олар міндеттемелердің ретін өзгертеді - кім кімді жарылқап жатқанын білмейсің. Әлдеқайда елеулі нәрсенің құнын сөзбен төлейді; олардың рахатын өзіңе абырой көресің; сыпайылылықты кепілдік ретінде береді және олар саған риза болу керек жерде, сен оларға қарыздар болып шығасың. Міне қандай саясат! Бұл үлкен өнер, біақ сұңғыла адам алдауды танып, айырбасқа жүгінеді: құрметтеуді қадірлеумен қайтарады. Сонда әркім өз қалпында қалады.

245. КЕЙДЕ БАРЛЫҒЫ СИЯҚТЫ ЕМЕС, ӨЗІҢШЕ ОЙ ТҮЙ: бұл ақылды көрсетеді. Өзіңе ешқашан қарсы болмайтынды бағалама, бұл оның саған деген сүйіспеншілігін емес, оның өзіне ғашықтығын білдіреді; өзіңді алдауға жол берме. Басқалардың сен туралы күңкілдеуін жақсылыққа жоры. Өзің істегеннің бәрі өзгелерге ұнайтын болса, қапалан - істеріңнің нашар екенінің белгісі. Мүлтіксіз кемелдікті таңдаулылар ғана түсінеді.

246. МЕЗГІЛІНЕН БҰРЫН АҚТАЛМАУ. Уақыты келгеннің өзінде, тым ақталу - қылмысты мойындау. Күнібұрын кешірім сұрау - өзіңді айыптау. Сау кезінде өзіңнен қан шығарсаң дерттен де, жауыңнан да кенде болмайсың. Өзіңнің әділдігіңді алдын ала дәлелдей отырып, қалғыған күдікті оятасың. Есті адам күдік туғызатындай түр көрсетпейді; ол оны өзінің мүлтіксіз қимылдарымен жоюға тырысады.

247. СӘЛ КӨБІРЕК БІЛУ, СӘЛ АЗЫРАҚ ӨМІР СҮРУ. Кейбіреу керісінше ойлайды, олар үшін құр сандалыс еңбектен артық. Бізге уақыттан басқа ештеңе тиесілі емес: кеңістігі жоқтың өзі уақытта өмір сүреді. Алтын уақытын бекершілік істерге құратын адам бақытсыз; сол сияқты, жоғары істермен шамадан тыс қамтылған да сәтсіздікке ұшырайды. Өзіңді ауыр еңбекпен де, өзгені күндеумен де қинама, өміріңді босқа бүлдіріп, рухыңды құртасың. Біреулер бұл ережені білімге де қолданады, бірақ кім ізденбесе, сол өмір сүрмейді.

248. СОҢҒЫ ӘСЕРГЕ БЕРІЛМЕУ. Соңғы әсердің адамдары болады. Мұндай адамдардың тілектері мен пікірлері балауыз сияқты: соңғысы алдындағысын ығыстырып отырады. Оларда ешқашан тұрақтылық болмайды: алғашқы кездескен өз түсіне бояйды. Өмір бойы бала болып өтетін олар сырластыққа жарамайды. Пікірлері мен құштарлықтарын өзгерте отырып, олар әрқашан қобалжуда болады, еркі мен ақылы бір анда, бір мында ауытқып отырады.

249. ӨМІРДІ АЯҚТАУ КЕРЕК НӘРСЕМЕН ӨМІРДІ БАСТАМАУ. Біреу шаруаны соңына қалдырып, жолдың басында демалуға жайғасады. Жоқ, алдымен шаруаңды бітір, ал уақыт қалса жанама іспен айналыс. Кейбіреу шайқасқа дейін жеңіске жеткісі келеді. Құрметті және пайдалы білімді өмірінің соңына қалдырып, оқуды онша маңызды еместен бастайтын да адамдар бар. Ақтық демі жақындағанда дүние жинауға кірісетін кісілер кездеседі. Оқудағы сияқты, өмірде де әдіс маңызды.

250. ҚАШАН КЕРІСІНШЕ ТҮСІНУ КЕРЕК? Сұхбаттасың қулыққа көшкенде. Кейбіреумен әңгімелескенде бәрін керісінше түсін: олардың “иәсі" - жоқ, “жоғы" - “иә". Жамандағаны, демек, бағалағаны; шынында, сатып алушы алар затын арзандатады. Олардың мақтауына да сенбе - жақсыларды мақтамас үшін, жамандарды мадақтайды. Бірақ, жаман адамды білмейтінге жақсы адам да жоқ.

251. ҚҰДАЙ ЖОЛЫ ЖОҚТАЙ ЕТІП, АДАМДАР ПАЙДАЛАНАТЫН БАРЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАН, СОНДАЙ-АҚ ҚҰДАЙ ҚОЛДАҒАН БАРЛЫҚ ТӘСІЛДЕРДІ, АДАМДАР ПАЙДАЛАНАТЫН ТӘСІЛДЕР ЖОҚ СЕКІЛДІ ҚОЛДАН. Иезуит орденінің негізін қалаушы Игнатий Лайалоның(1491-1556) ережесі, айтпаса да түсінікті.

252. ТЕК ӨЗІНЕ ЖӘНЕ ТЕК БАСҚАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕУ: екеуі де зорлық. Тек өзі үшін өмір сүргісі келген адам соңынан бәрін тек өзіне жинағысы келеді. Мұндай арзан адам оңайлықпен жол бермейді, болмашы жайлылықтан өз еркімен кетпейді; ол өзгеге қызмет етпейді, тек өз тағдырына үміттенеді, ал бұл тірек сәтсіз болып шығады. Кей уақытта басқалардың ықыласын аудару үшін, өзің де оларға ыждағаттық көрсеткен пайдалы, ал қызметің қоғамдық болса, жұрттың құлы бол немесе ауыртпалықтан қашсаң шеннен де бас тарт. Сонда-ақ өзін басқаларға толығымен арнайтын адамдар бар, бұл да ақымақтықтың бір түрі: мұндайлардың бар уақыты өзгелерге тиесілі; оларды “ортақ дос" деп атайды; сөйтіп, бұлар бәріне іскерлік кеңес бергенмен, өзіне ештеңе арнамайды. Есті адам өзін басқалардың ол үшін емес, өзі үшін, одан не ол арқылы түсетін пайдаға бола іздейтінін біледі.

253. ӨЗІН ӨЗГЕНІҢ ТҮСІНІГІНЕ ДЕЙІН ТӨМЕНДЕТПЕУ. Түсінікті нәрсені көпшілік бағаламайды, түсініксізді құрметтейді. Қымбат тұратын қадірлі: мұндайды түсінбесе де мақтайды. Сұхбаттасыңның пікірінде ұту үшін қажеттіден гөрі көбірек парасат пен оқымыстылық көрсет, бірақ оның шамасын біл. Ақылдылармен парасатты бол, ал көпшілікке келгенде бағаңды көтер: оларға өзің туралы қорытынды шығартып үлгертпестен, олардың ақылын өзіңді түсіну үшін күш салатындай ет. Сонда жиі мақтау естисің, ал, сұрап көр, неге мақтайтындарын түсіндіре алмайды; түсініксіздікті құпия ретінде көкке көтереді, өйткені айналасының бәрі мақтап жатқанын естиді.

254. ҚЫРСЫҚҚА ЖАЙБАРАҚАТ ҚАРАМА - ол бір өзі келмейді: қырсық та қуаныш сияқты тізіліп жүреді. Бақыт пен бақытсыздық өздерінің туысы бар жаққа ұмтылады - жолы болмайтыннан бәрі қашады, ал жолы болғышқа бәрі үйірсек; тіпті көгершіндер де шіркеудің ең ақ мұнарасына қонады. Сормаңдайды бәрі сатып кетеді: ақылы да, жұбанышы да, тіпті өзі де. Ұйқыдағы қырсықты оятпа. Сүрініп кету түк емес, ал домалап жөнелгенде қайда барып тоқтайтыныңды бір Құдай білсін; жақсылықтың мүлтіксіз болмайтыны сияқты, жамандық да біржола таусылып қалмайды. Қырсық көктен түссе - шыдамдылық, тұрмыста болса - түсінушілік керек.

255. ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ДА АҚЫЛМЕН ІСТЕУ КЕРЕК - аз-аздан және жиі. Міндеттеме мүмкіндіктен аспасын; көп беру бергенге емес, сатқанға ұқсайды. Ризашылық бітпесін, шама-шегің көрініп қалса, достыққа да кірбің түседі. Кейде досыңды жоғалту үшін, оған көп жақсылық істеу жетіп жатады: борышын қайтара алмағандықтан ол қашқақтайды - сөйтіп, қарыздар жауыңа айналады. Идол өзін жонған шеберді, қарыздар - қарыз берушіні көргісі келмейді. Берудің де өз өнері бар, сонда өзіңе де қымбатқа түспейді, алушы да риза.

256. НАДАНДАРҒА, ҚЫҢЫРЛАРҒА, ДАҢҒОЙЛАРҒА ЖАЛПЫ СОЛ СИЯҚТЫЛАРҒА ҚАРСЫ ӘРҚАШАН САҚ ЖҮРУ. Жарық дүниеде олар көп кездеседі, парасаттың мәнісі олармен кездеспеуден тұрады. Құдайдың әр күнінде өз ақылыңның айнасы алдында батылдық сауытын ки, тек сонда ғана ақымақтық шабуылын тойтарасың. Абай бол, өзіңнің ізгі атыңды тобырдың өсек-аяңына айналдырма, парасатпен қаруланған кісі арсыз надандықтың құрбаны болмайды. Адамдық теңізінде жүзу оңай емес, ол ұятсыздықтың су асты тастарына толы; ең сенімдісі - Улисстің айласына салып, жалтару; шебер бұлтару өте көмектеседі. Ал ең бастысы, сыпайылық шығанағына бұру - бұл қиындықтан шығудың төте жолы.

257. ДОСТЫҚТЫ ҚОЛ ҮЗУГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗБЕ - одан әрқашан ізгі атың зардап шегеді. Кез келген кісі жау бола алады, ал дос бола алатын адам сирек. Тек кейбіреу ғана жақсылық істейді, ал екінің бірі жамандыққа бейім. Юпитердің аясындағы өз ұясында отырған бүркіт те қоңызбен ерегісіп*, пайда таппады. Жағдайды бағып жүрген жасырын жауларың реті келгенде ашық жауласу отын тұтатудан қашпайды. Бұрынғы достар - ең қауіпті жауларың: олар сенің әлсіз тұстарыңды біледі, жанды жеріңнен соғады. Ал көрушілер мұны талқылайды: әркім өзінің сезгеніне қарай ой түйеді - бірақ сайып келгенде бәрі сені жазғырады. Біреулер абайламаушылықтан, біреулер ұстамсыздықтан, бәрі - ессіздіктен көреді. Қол үзу шарасыз болса амал жоқ, бірақ кейін жек көріп жүргеннен, о баста жақын тұтудан тартын. Бұл жерде лайықты ретирада туралы ойлау орынды.

/*Қоңыздың өтінішіне құлақ аспаған бүркіт ұстаған қоянын жеп қояды да, қоңыз одан өшін ала бастайды: бүркіттің ұясында жұмыртқа пайда болған әр кезде қоңыз оны ұядан домалатып, жарып отырады. Бүркіт Зевске жалынады да Зевс оған қойнына жұмыртқа салуға рұқсат береді. Сонда қоңыз жоғарырақ ұшып барып, Зевстың қойнына домалақ қиды тастап жібереді. Қиды қағып жіберуге асыққан Зевс жұмыртқаларды түсіріп алады да, олар жарылып қалады. (Эзоп, Мысалдар, 3).

258. ҚЫРСЫҚТЫ БӨЛІСЕТІН АДАМ ТАБУ. Бұлдыр істерде жалғыз болма, әйтпесе бар наразылық сенің бір өзіңе жауады. Біреулер бар билікті басып алдым деп ойлайды, жоқ, ол бар сөгісті өзіне жинайды. Сондықтан не сені ақтайтын, не қырсықты бөлісетін адамың болу керек. Екеуді қырсық шалу қиын. Ақылды дәрігер емдеуде қателік жіберген соң, әріптесін шақырып, кеңесші ретінде өзіне табытты әкелуге көмектесуін өтінуді ұмытпайды. Ауыртпалық пен сөгісті бөлісу жаман болмайды, ал жалғыздықта сәтсіздік ауыртпалығы қорғасындай зіл, төзгісіз болады.

259. ДҰШПАНДЫҚТЫ ТІЛЕКТЕСТІККЕ АЙНАЛДЫРУ АРҚЫЛЫ АУЫЗДЫҚТАУ. Жәбір-жапа үшін өш алғаннан, мүмкіндігінше сырласың ету, өз атыңды нысанаға алғанды оның қалқанына айналдыру асқан шеберлік. Міндеттеу де өте пайдалы: борыштар ете отырып, қаралауға уақыт қалдырмайсың. Болуы мүмкін қайғыны қуанышқа айналдыру өмір сүре білетіндікті көрсетеді. Қаскүнемдікті достыққа айналдыр.

260. ТОЛЫҚ БЕРІЛГЕНДІКТІ ӨЗІҢ ДЕ КӨРСЕТПЕ, ӨЗГЕДЕН ДЕ КҮТПЕ. Мұнда туыстыққа да, достыққа да, тіпті даусыз борышқа да қарама: басқаға өз сенімімен сезімін сыйлаудың айырмасы үлкен. Ең тығыз жақындық қана бұған жатпайды. Дос та өз құпиясын жасырады, тіпті балаң да бәрін айтпайды, біреуге айтпағанды басқаға айтамыз және керісінше; біреуге жол береміз, өзгеден бас тартамыз.

261. ЖӨНСІЗДІКТЕ ҚЫҢЫРЛАНБАУ. Кейде қателік жіберген адам одан міндеттеме жасайды; қателіктен бастаса да тұрақтылық көрсеткісі келіп, сол бағыттан таймайды. Өз ақылының алдында қателігін айыптайды, ал жұрттың көзінше - ақтайды және ақылға қонбайтын істерінің басында олар парықсыздар аталса, қыңырлығын жалғастыра отырып, ақымақ атына лайық болады. Ойланбай берген уәде, қате шешім сияқты, міндеттеме алмайды. Кейбіреу түсінбеушіліктен бастап, соңынан надандықпен қырсығады; тәрізі, олар жүйелі түрде ақымақтыққа көшкісі келетін сияқты.

262. ҰМЫТУ - БҰЛ ӨНЕРДЕН ГӨРІ, РАХАТҚА ЖАҚЫН. Ең алдымен ұмытылуы тиіс нәрсені көбірек еске түсіресің. Біздің жадымыз әрі қауіпті - керек кезде еске түспейді, әрі ақылсыз - қажеті жоқ жерде еске келеді; ренжітетін нәрседе ауыздықтауды білмейді, ал қуантатын сәтте тырыспайды. Қырсықты жазатын ең жақсы дәрі - оны ұмыту, бірақ бұл дәріге көбіне мән бермейміз. Жадыны өзімізге пайдалы болатындай етіп үйрету қажет, өйткені бізді жұмаққа жеткізіп, тозаққа түсіруге оның бір өзі жеткілікті. Әрине, өзіне ризаларды қоспағанда - бұлар ішкі дүниесінің қарабайырлығынан өзінің ақымақ шаттығында масайрауда болады.

263. ҰНАМДЫ НӘРСЕЛЕРДІ ӨЗ МЕНШІГІ ЕТУГЕ ҰМТЫЛМАУ. Басқалардың игілігінде олар көбірек қуаныш әкеледі. Құнды зат алғашқы күні өз иесі үшін, қалған уақытта - басқаларға жақсы. Өзгенікінен екі есе ләззат аласың - жаңа нәрседен рахаттанасың әрі оны жоғалтудан қауіптенбейсің. Қолда жоқтың қадірі артады: өзгенің суы бал татиды. Бұйымды өзің иеленуден рахат азырақ, реніш көбірек. Оларды тек басқалар үшін сақтайсың және алғыстан гөрі жауларды көбейтесің.

264. АЛАҢСЫЗ КҮНДЕРІҢ БОЛМАСЫН. Тағдыр бізбен ойнағанды ұнатады - біздің болжамымызды теріске шығарып, аңдаусызда үстімізден түседі. Дарынға, ақылға, қайратқа, тіпті көрікке - бәріне абай болған жақсы: соқыр жайбарақаттықтың күні олардың құлдырау сәті болады. Бірақ керек кезінде сақтық жасамаймыз: асығыстық бәрін бүлдіреді. Кейде бұл өзінше стратегия - қаперсіз кезде бас салып, өзіңді сын тезінен өткізу үшін сенің алаңсыздығыңды күшейтеді. Салтанат күндері қаншалықты қауіпті екені белгілі, бірақ зұлымдық ол уақытта келмейді; есесіне біздің абыройымызды сынау үшін күтпеген кезді таңдап алады.

265. ӨЗ ҚАРАУЫҢДАҒЫЛАРҒА МІНДЕТ ҚОЮ. Дер кезінде ұсынылған қиын міндет көп адамды кісі етті, жүзуді үйрену үшін батып та көру керек. Осылай көпшілік өзінің қасиеттерін, тіпті ғалымдығын байқайды; жағдайдың реті келмегенде бұл артықшылықтар өз жасықтығында мүлгіп жатар еді. Қиын іс атыңа сын: қайырымды адам өз абыройына қауіп төнгенін байқаса, бір өзі мың кісі үшін қимылдайды. Католик ханшасы Изабелла* міндет қою өнерін жете меңгерді, осы үшін оған Ұлы Капитан** мен басқалар өз даңқы үшін қарыздар: осы тәсілмен ол ұлы адамдарды тудырды.

/*Изабелла Кастильская (1474-1504) және оның күйеуі Фердинанд V Арагонский (1476-1516) католиктік жұп атағын испан жерін маврлардан босату жолындағы сәтті күресі үшін алған/.

/**Ұлы Капитан - Гонсало Фернандес де Кордова, оның қолбасшылық дарыны католиктік жұптың билік құрған жылдары көрінді/.

266. ТЫМ АҚ КӨҢІЛДІКТЕН ЖАМАН АТАНБАУ. Ешқашан ашуланбайтын адамда жүрек болмайды, сезімсіз адам кісі бола алмайды. Бұл көбіне салмақтылықтан емес, сезе білмеуден болады. Орынымен ашулану - ол да қасиет. Қарақшы екенін таныған құстар оған батыл қонады. Тәттіні қышқылмен араластыру - жақсы талғам: балалар мен ақымақтар ғана кілең тәттіні жақсы көреді. Сезімсіз ақ көңілдікпен өзін жоғалтып алу - ұлы қырсық.

267. ЖІБЕК СӨЗДЕР, СЫПАЙЫ МІНЕЗ. Жебелер денені, ауыр сөздер - жанды қинайды. Хош иісті пастамен шайсаң, аузың да аңқып тұрады. Тұрмыс нарығындағы ұлы өнердің бірі - ауа сату. Көп жағдайда сөзбен алады, ол мүмкін еместі жасайды; жоғарғы салаларда ауаны саудалайды және дуалы ауыздардың бір лебізі едәуір дем береді. Лебізің бал татып тұрсын, тіпті жауларыңа да сөзіңді тәттірек ет. Әдепті болудың дұрыс тәсілі - әрқашан сабырлы болу.

268. АҚЫЛСЫЗ АДАМ ІСТІҢ СОҢЫНДА ЖАСАЙТЫНДЫ, ПАРАСАТТЫ АДАМ БАСЫНДА ЖАСАЙДЫ. Екеуі де бір іс, айырма тек оның уақытында: біреу дер кезінде, біреу мезгілсіз қимылдайды. Миы о баста керісінше істейтін әрі қарай да сол жүрісінен танбайды: басын аяғына қояды, оңы - сол, солы - оң, мінезінің бәрі - солақай. Ақыр соңында ақымақ өз еркімен жасауға болатынды лажсыздан істейді, ал ақылды кейін жасалатынды ерте жасау керек екенін бірден көреді және мұны ықыласпен істейді.

269. ЖАҢА ЕКЕНІҢДІ ПАЙДАЛАН; жаңа кезіңде сені бағалайды. Жаңа ұнамды, ол өмірді түрлендіреді, рахатты жаңартады - жаңа қарабайырлықты үйреншікті атақтыдан артық бағалайды. Мүлтіксіз кемел де ескіріп тозады; жаңа ретіндегі сенің атағың көпке созылмайтыны есте болсын - үшінші күні әдеттегі боласың. Сондықтан өз жағдайыңды пайдаланып қал; әуестік өтеді, қызбалық басылады, ал жаңаның қызығы мезі етушілік сезіммен ауысады. Әр нәрсенің өз уақыты болады, бәрі өткінші.

270. БӘРІНЕ ҰНАЙТЫНДЫ БІР ӨЗІҢ ЖАМАНДАМАУ. Бәріне жаққан нәрсенің қайсыбір тартымды жері болады, оны ешкім дәл түсіндіре алмаса да, бәрі одан ләззат алады. Әдеттен тыс пікір ұнамсыз, ал қате болып шықса мазаққа ұшырайсың; ол нәрседен гөрі сенің қарабайыр ақылыңды масқара етеді; өзіңнің нашар талғамыңмен жалғыз қаласың. Жақсы нәрсе таппасаң, өз дәрменсіздігіңді жасыр, беталды айыптама, нашар талғам әдетте білмеушіліктен болады. Көпшілік айтқан нәрсе не бар, не болуы тиіс.

271. МАРДЫМСЫЗ БІЛСЕҢ, БЕЛГІЛІ ПІКІРДІ ҰСТАН. Ақылды атанбасаң да, тиянақты адам саналасың. Білетінге өжеттеніп, ойына келгенін істеп көруге болады, ал аз біліммен тәуекелге бару жардан секіргенмен бірдей. Оң жақты ұстан, көпшілік салған таптаурын жол сені адастырмайды. Жалпы, бар жағдайда әдеттен тысқа қарағанда үйреншіктіні ұстанған абзал.

272. СЫПАЙЫГЕРШІЛІКПЕН ЖАУАП БЕРЕТІНГЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ оны одан сайын борышты етеді. Сұраушы қанша сұрамасын, кең пейілді жарылқаушы тауып береді. Әдептілік беріп қана қоймай, міндеттейді, ал сыпайылық одан да үлкен міндеттемемен жауап береді. Адал адам үшін оған тегін бергеннен артық қымбат жоқ: екі есе бағасына екі рет берген сияқты болады. Рас, оңбағанға сыпайылық құр сандырақ, әдептілік тілі ол үшін түсініксіз.

273. ӨЗІҢМЕН ІСТЕСТЕРДІҢ НИЕТІН ТҮСІНУ ҮШІН, ОЛАРДЫҢ МІНЕЗІН БІЛУ. Себепті білсең, салдарын түсінесің. Уайымшылдық әрқашан бақытсыздық, ал ғайбаттаушылдық жауыздық; оларға тек жамандық елестейді; жақсылықты қазір қабылдай алмайтын олар болашақта да жамандықты мадақтайды. Қызба адам нәрселердің шын мәнін бұрмалайтын тілде сөйлейді: онда ақыл емес, қызулық басым. Әркім де осы сияқты: әуестікке не көңіл күйге қарай шындықтың аулынан алыс жүреді. Бет әлпеттің өзгерісін тануды, сыртқы белгілері бойынша ішкі дүниесін оқи білуді үйрен. Үнемі күлегештік - ақымақтықтан, ешқашан күлмеушілік - ашудан болатынын айыра біл. Ұшқарылықтан, арсыздықтан қаш. Ұсқынсыздан жақсылық күтпе, мұндайларды табиғаттың өзі ренжітті, ол оларды құрметтемегені сияқты, олар да оны қадірлемейді. Ал, сұлулар неғұрлым көрікті болса, соғұрлым ақымақ келеді.

274. ТАРТЫМДЫ БОЛУ - СЫПАЙЫЛЫҚ СИҚЫРЫ. Сенің әдептілігің пайдадан гөрі сезімнің немесе екеуінің де еліктіргіші болсын. Кейде ұнамсыздықты қолданбаса, тек жақсы қасиеттерің жеткіліксіз болады - сол ғана сені сүйікті етеді, ол - әміршілердің ең қуатты қаруы. Бәрінің сүйкімдісі болу - сәттілік, бірақ мұнда өзіңе өнермен де көмектесуге болады; табиғат сыйлаған ұлы қасиеттерге жасанды қасиеттер де жеңіл сіңісіп кетеді. Осылай берілгендік тудырасың, сөйтіп, бәрінің ықыласына бөленесің.

275. ӘДЕПСІЗДІККЕ ДЕЙІН ЕМЕС, ӘДЕТТЕГІГЕ ДЕЙІН ТӨМЕН ТҮСУ. Өзіңді тәкаппар ұстама, төңірегіңе бәлсіне қарама, бұл сыпайылыққа қайшы. Бәрінің ықыласын аудару үшін, бәлсінуді азайтқан жөн. Кейде қарапайым, бірақ көргенділіктің ауқымында жүріп-тұрған дұрыс, өйткені бәріне естіртіп ақымақ аталғанды жасырын болса да парасатты ретінде құрметтемейді. Өмір бойы тірнектеп жинаған беделіңді ақымақтықпен өткізген бір күнде жоғалтуға болады. Сондай-ақ өзіңді аспаннан түскендей көрме: шамданған мінез көрсету - өзгелерді құрметтемеу; еркелікке ерік берме, оларды ерке жынысқа қалдыр; тіпті, рух еркелігінің өзі күлкіге лайық. Ер адам үшін ең лайықтысы еркек болу; әйелдің еркекке еліктеуіне болады, бірақ керісінше емес.

276. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕРДІҢ КӨМЕГІНЕН ӨЗ МІНЕЗІН ЖАҢАРТУ. Әр жеті жыл сайын мінез өзгереді дейді, олай болса өзгеріс талғамның жақсарып, нәзіктенуінен көрінсін. Алғашқы жеті жылда бізге ақыл кіреді, әрі қарай да әр мерзімде жаңа кемелдік ене берсін. Бұл өзгерістерге өзің де жәрдем бер, алдағы өзгерістерден жақсылық күт. Көп адам өз мінезін жағдай өзгергенде немесе қызметі ауысқанда өзгертеді, ал мінезде бұл көзге ұрып тұрған кезде ғана белгілі болады. Адам жиырма жасында - тауыс, отызда - арыстан, қырықта - түйе, елуде - жылан, алпыста - ит, жетпісте - маймыл, сексенде - ешкім де емес.

277. ӨЗІН КӨРСЕТЕ БІЛЕТІН АДАМ. Осыдан қасиеттердің жарқылы көрінеді. Әр қасиеттің өз уақыты бар: істің ретін пайдаланып қал, әр кез салтанат күні болмайды. Елеусіз қасиеті де жарқырай көрінетін, ал басты қасиеті таңдай қақтыратын адамдар болады. Өзін көрсете білу өнері көрнекті қасиеттермен ұштасқан кезде адам керемет болып көрінеді. Жылтырағанды жақсы көретін халықтар бар; испандықтар осы тұрғыда басқалардан асып түседі. Барлық жаратылған нәрсеге жарқырауы үшін жарық сыйлаған. Өзін көрсете білу дағдысы көп нәрсенің орнын толтырады, өтейді, бәріне екінші болмыс береді, бұл әсіресе, қабілеттеріңді көрсетуге мүмкіндік жасағанда көрінеді. Мүлтіксіз жетілгендікті бере отырып, Тәңірі бой көрсету дағдысын да көздеді - бірі бірінсіз көңілсіз болар еді. Ал өзін көрсете білудің өнері бар: тіпті ең тамаша да жағдайға байланысты және ол бірден байқалмайды; оны дер кезінде көрсетпеген қапы қалады. Бірақ жасандылық, бояма мұнда жүрмейді, өйткені ол даңғойлықты білдіреді, ал даңғойлық - жек көру туғызады. Бой көрсете отырып қарабайырлыққа ұрынбас үшін шаманы біл және бұл істе шектен шығушылық айыпталатынын ұмытпа. Кейде бұл өнер үнсіз шешендіктен, қайсыбір ерекшелікті аңдамай көрсету дағдысынан тұрады; парасатты ұстамдылық - мақтаудың неғұрлым ұнамды түрі; өзіңдегі қабілетті жасыра отырып, әуесқойлық тудырасың. Оның бәрін бірден көрсетпеу, аз-аздан біртіндеп ашу өте маңызды. Және бір қабілетің екінші, одан да үлкен қабілетіңнің кепілі болсын, мақтау одан кейінгілерге үміт туғызады.

278. ТЫМ КӨЗГЕ ТҮСПЕУ. Көзге түссең болғаны, қасиеттерің кемшілікке айналады. Себебі, ерекше нәрсені әдетте айыптайды; жалғыз жалғызсырайды, тіпті ерекше әдемілік те жақсы ат әпермейді: көз тарта отырып, еңсені төмен тартады. Ал оғаштықтар мен ерсіліктердің кінәланатыны болса да белгілі. Бірақ кейбіреу кемшілігімен болса да атын шығарып қалғысы келеді. Тіпті көп білушілік те кейде мылжың ақымақтыққа дейін құлдырап кетеді.

279. ҚАРСЫ БОЛҒАНҒА ӘРҚАШАН ҚАРСЫ КЕЛУГЕ ӘДЕТТЕНБЕУ. Қайшы келу не надандықтан, не қулықтан болғанын айыра білу керек, кейде бұл қыңырлық, кейде - мекерлік. Сонымен, өзің алғашқыға ұрынбаудан және соңғының құрбаны болудан сақтан. Әсіресе тыңшылардан абай бол: олардың баурап алатын қасиетіне өз ұстамдылығыңды қарсы қой.

280. АБЫРОЙДЫҢ АДАМЫ. Ізгі мінездің күні өтті, міндеттемелер ескерілмейді, алғысты сирек кездестіресің; қызмет неғұрлым ынтамен жасалса, көтермеленуі соғұрлым төмен - осы жаңа дәстүр қазір кең тарап кетті. Жамандыққа бейім тұтас халықтар бар: біреуден опасыздық, екіншіден - тұрақсыздық, үшіншіден - алдамшылық күтесің. Басқалардың екіжүзділігі бізге еліктеу үшін емес, сақтық үшін қызмет етсін; ұнамсыз қылықтарды көре отырып, әділдіктің өзі азғындауы мүмкін. Бірақ абыройдың адамы басқаларға қарай отырып, өзінің кім екенін ешқашан ұмытпайды.

281. АҚЫЛДЫЛАРДЫҢ МАҚҰЛДАУЫ. Көрнекті адамның салқын ғана “иә" деуі тобырдың мақтауынан ұнамды - ескінің сарқыны онша  қуантпайды. Ақылдылар істі түсіне отырып пікір айтады, тек олардың мақтауы ғана ерекше қуанышқа бөлейді. Македон патшасы ақылды Антигон Зенонды өз даңқының театры деп атаған, Платон үшін оның бүкіл мектебін Аристотельдің бір өзі ауыстыра алған. Ал кейбіреуге қарны тойса болғаны. Тіпті әміршілердің өздері жаза білетін адамдарды қажет етеді және олардың қаламынан кейіпсіздің суретші қылқаламынан қорыққанынан бетер қауіптенеді.

282. ҚАТЫСПАЙ ҚАЛУ кейде пайдалы - бұл қадіріңді арттырады, бағаңды көтереді. Қатысу даңқыңды азайтады, болмау - арттырады; жоқ кезінде арыстандай ардақталған жан, кездескенде көше мысығындай қадірсіз болады. Қасиеттер жақыннан солғын тартады, маңайдағылар рухтың өзегін емес, сыртқы қабығын ғана көреді. Қиял көруден жылдам және әдетте есту арқылы кіретін таңғажайып көз арқылы сыртқа шығады. Атағы дүркіреп тұрғанда кете білген, онысын сақтап қалады. Тіпті феникс те жарқырай түсу үшін күлге айналады: тілекті қоздыра отырып, қадірлеуді күшейтеді.

283. ЕСТІ ОЙЛАП ТАПҚЫШ. Аздаған ессіздіктен ақыл қысқа болып қалмайды. Ойлап тапқыштық -дарындылардың, іріктеу -парасаттылардың еншісі. Ойлап тапқыштық та қасиет, тіпті сирек кездеседі, сәтті іріктеп алу көп адамның қолынан келеді, ал сәтті ойлап табу - таңдаулыларға ғана бұйырады; олар дарындылық бойынша да, уақыт жағынан да бірінші. Жаңа бәріне сүйкімді; ал сәтті болса, екі есе ұнамды. Пікірде жаңалық қауіпті, өйткені сонылыққа апарады, ал бұл талант жасампаздығында мақтауға тұрарлық нәрсе. Дегенмен, екі жағдайда да сәтті болып шықса, оны үлкен даңқ күтеді.

284. БЕЙМАЗА БОЛМА, әйтпесе масқаралықтан арылмайсың. Сені қадірлесін десең, өзіңді құрметте. Өзіңді көрсету үшін ысырапшылдықтан гөрі сараңдық артық: өзіңді қалайтын, сені қуана қарсы алатын жерге бар; шақырмайынша келме және өтінгеннен бұрын кет. Тек өзін ойлайтын сәтсіздік кезде бар сөгісті өзі арқалайды, ал табысқа қол жеткенде алғыс естімейді. Жабысқақ адам - жазғырып-сөгудің тұрақты нысанасы; ол қалай ұятсыздықпен қыстырылса, оны да солай қысылмай айдап шығады.

285. ӨЗГЕНІҢ БАҚЫТСЫЗДЫҒЫН ӨЗІҢЕ БОЙЛАТПАУ. Батпаққа батып жатқанды көргенде ең әуелі - қырсықта бірге болу үшін сені де сонда тартатынын ұмытпа. Мұндайлар бақытсыздықты бөлісетін адам іздейді - табыстан табысқа жетіп жүрген кезде арқасын көрсеткен олар енді қолдарын созады. Оны да құтқарып, өзің де суға кетпес үшін батып бара жатқан адаммен ерекше сақ бол.

286. ӨЗІҢДІ МІНДЕТТЕМЕЛЕРМЕН ШЫРМАМА - бәрінің құлы боласың. Біреулер басқаларға қарағанда бақыттырақ болып туылды, бұларға жақсылық жасау, өзгелерге - оны қабылдау жазылған. Еркіндік бәрінен қымбат және оны жоғалтып алу да ең жеңілі. Өзің біреуге тәуелді болғаннан, саған басқалардың ісі түскені жақсы. Биліктің бір ғана артықшылығы бар - ол көп адамға жақсылық жасауға мүмкіндік береді. Бастысы, өзіңді мәжбүр еткенді қайырымдылыққа санама, көп жағдайда бұл сені шырмау үшін зұлымдық құрған міндеттеме болып шығады.

287. ЕШҚАШАН ҚЫЗБАЛЫҚПЕН ІС ЖАСАМА - әйтпесе бәрін керісінше істейсің. Ашуланған кезде өзіңе ие бола алмайсың, қызбалық ақылға бой бермейді. Сондықтан оны парасатың ауыстырсын: көрермендер ойыншыға қарағанда көбірек көреді, олар қызбаланбайды. Ашуға бой алдыра бастағанда парасатың қол ұшын берсін, әйтпесе қылығың насырға шабады, бір сағаттың ішінде өзің өмір бойы өкініп, жұрт жазғыратын іс жасайсың.

288. ЖАҒДАЙҒА БЕЙІМДЕЛУ. Басқаруда, пікір айтуда - бәрі орынды болуы тиіс; шамаң келгенді қала; тиісті уақыт пен кезең ешкімді күтпейді. Әрекетте кертартпалыққа салынба, ізгілік жолын ұстан, ал тілекте ешқашан астамшылық танытпа, бүгін қарағың да келмейтін судан ертең шөліңді қандыруың мүмкін. Жөнсіз талап қоятын ақымақтар бар, олар жағдайдың өзінің қолайына бейімделуін қалайды. Ал ақылды адам саналылықтың мәні жағдаймен санасуда екенін біледі.

289. АДАМНЫҢ АТЫНА ЕҢ НҰҚСАН КЕЛТІРЕТІН НӘРСЕ, бұл оның небәрі адам екенін көрсетуі; жұрт оның адамдық әлсіздігіне көзі жеткен кезде барлық құдайшылық кереметтің күні бітеді. Ұшқарылық -жақсы аттың қас дұшпаны. Парасатты адам жай адамнан озық тұратыны сияқты, ұшқары - қатардағы адамға жетпей тұрады. Бар кемшіліктердің ішіндегі ең сенімнен айыратыны жеңілтектік, өйткені ол байыптылықты болдырмайды. Ұшқалақ адам тиянақты бола алмайды, тіпті бұған есейіп, ақыл тоқтату керек болған кезде де қолы жетпейді. Бұл - алған кемшіліктердің ішіндегі ең жек көруге лайығы.

290. ҚҰРМЕТ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАПҚАН АДАМ БАҚЫТТЫ. Қадірлеу үшін, тым жақсы көрмеуі тиіс. Сүйіспеншілік жек көруден батылырақ; іші-бауыры елжіреушілік пен құрмет онша сыйыспайды. Сондықтан қатты қорқынышты да, үлкен сүйіспеншілікті де тудырып қажет жоқ. Сүйіспеншілік ағайыншылыққа апарады және ол неғұрлым көп болса, құрмет те соғұрлым аз. Жүректен гөрі, ақылдан келетін махаббатты ізде, ол лайықтырақ.

291. СЫНАП КӨРУ. Басқаның ақылын түсіну үшін жеткілікті ақыл керек, ақылдының көрегендігі мұнда жасырындықтың ұстамдылығымен сайысқа түседі. Шөптер мен тастарға қарағанда адамдардың түрлері мен қасиеттерін ұғына білген маңыздырақ. Бұл тұрмыстағы ең бір нәзік өнердің бірі; металдың қасиеті шығарған зыңылынан білінеді, адам айтқан сөзінен танылады. Адалдық сөйлеген сөзден, ең алдымен - істеген істен байқалады. Мұнда тиянақты назар аудару, қажымас бақылау, сезімталдық, парасат керек.

292. АДАМДЫҚ БОЛМЫС ДӘРЕЖЕДЕН БИІК ТҰРСЫН. Қызмет қанша жоғары болғанмен, жеке бастың қасиеті одан биік тұратынын көрсет. Рухани бай адамды әрбір жаңа іс жетілдіріп, оның басқа қасиеттерін ашып отырады. Жасық адамның ғана ісі бастан асып жатады және, ақыр соңында, оның ісі сәтсіздікке ұшырайды. Ұлы Август өзінің монархтан гөрі адам екенін мақтан еткен. Бұл үшін жанның жайсаңдығы мен өзіне сенімділік керек.

293. ЖЕТІЛУ ТУРАЛЫ. Ол сыртқы көрікте, әсіресе, мінезде жарқырай көрінеді. Материалдық таразы алтынның бағасын, ал адамгершілік безбен - кісінің құнын көрсетеді: ол бойдағы қасиетке көрік бере отырып, құрмет туғызады. Адамның сымбаты - жан қақпасы; байсалдылық - салмақты сенімділік: сөзде ақылшы, істе үлгілі. Жетілу нағыз адамға ғана тән, ол неғұрлым жетілген болса, соғұрлым биік тұлғалы; балалық шақтан шығып, ол маңыздылық пен беделге ие болады.

294. ПІКІР АЙТУДАҒЫ САЛИҚАЛЫҚ. Әркім өз пайдасына қарай пікір айтады және өз пікірінің дұрыстығына дәлелдер келтіріп бағады. Көпшіліктің пікірі бір жақты болып келеді. Екі адам келіспей қалса, әркім шындық өз жағында деп ойлайды, бірақ ақыл ешқашан екіжүзді болған емес. Ақылың жауапты мәселелерде жақсылап ойланып алсын - мүмкін өзіңе байқап қарау басқаның пікірін бағалауды түзейтін шығар. Өзіңді қарсыласыңның орнына қойып, оның дәлелдерін түсініп көр - сонда, бәлкім, оны да кінәламайтын шығарсың, өзіңді де ақтап алмассың.


295. ӘБІГЕР ЕМЕС, ІСКЕР БОЛУ. Іскерлік қасиеттен жұрдайлар, керісінше, өте іскер болып көрінеді. Түймедейді түйедей етіп, асқан бір маңыздылықпен жасайды - құтты мақтау жұтқыш хамелеон сияқты, содан да болар, жұртқа мазақ болып жүреді. Даңғой әбігершілік әрқашан ұнамсыз, әсіресе істерде күлкілі. Құрметтеу қиқымдарын теріп алатын бұл құмырсқалар ерлік даңқынан дәметеді. Жоғары қасиеттеріңді мақтан етпе; ісіңді қанағат тұт, мақтауды басқалардың еншісіне қалдыр. Іс-әрекетті тегін жаса, сатпа. Өзінің түкке тұрғысыздығын көкке көтеру үшін алтын қалам жалдағаннан өткен ақымақтық жоқ, бұл лайықтыларды қапаландырады. Батыр болып көріну емес, батыр болу керек.


296. ҰЛЫ ҚАСИЕТТЕРДІҢ АДАМЫ. Ұлы қасиеттер ұлы адамдарды тудырады: мұндай бір қасиет көптеген орташа қасиетке тең. Біреу өзіндегінің бәрі, тіпті күнделікті заттарының да үлкен болғанын қалапты*; ұлы адамның өз рухы үшін осындайды тілеуі қаншалықты лайықты болатынын түсінікті. Құдайдағының бәрі шексіз, бәрі түпсіз, ал адамның бар ісі мен сөзі орасан зор болуы мүмкін, ол үшін бар жағынан ұлы болуы тиіс.
/*Сөз Испанияның королі Филипп ІІ (1555-1598) туралы болып отыр/.


297. ӘРҚАШАН ӨЗІҢЕ ҚАРАП ТҰРҒАНДАЙ ҚЫЛЫҚ ЖАСАУ. Абайлағыш адам өзін сырттан бақылап тұрғандай қимылдайды. Ол төрт қабырғаның құлағы бар екенін, жамандық сыртқа ұмтылатынын біледі. Тіпті ол оңаша қалған кезде де өзіне бүкіл әлем көз тігіп тұрғандай қылықтар жасайды, өйткені бәрі соңынан әйгілі болатынын түсінеді: қазірдің өзінде куәлерді кейіннен болуы мүмкіндердің арасынан көреді. Барлығы өзін көруін қалаған адам* өзін басқалардың сырттан бақылай алатынынан қорыққан жоқ.
/*Римнің Халық трибуны Марк Ливий Друз айтқан тілек; оған сәулетші ішінде не болып жатқанын ешкім де білмейтін үй салып берейін деп ұсыныс жасайды. Сонда Друз: «Мен істеген нәрселердің бәрін басқалар көре алатындай үй салып бер» деп қарсылық жасапты (Патеркул, Рим тарихы; Плутарх, Мемлекеттік істермен айналысушыларға өсиет)/.


298. ҮШ ҚАСИЕТ АДАМДЫ КЕРЕМЕТ ЕТЕДІ - БҰЛАР ҰЛЫ ЖОМАРТТЫҚТЫҢ ЖОҒАРҒЫ СЫЙЛАРЫ: жемісті дарын, сұңғыла ақыл және нәзік талғам. Жақсы ойлап табу ұлы артықшылық, әбден ойластырып алу - одан да артық. Бұған жақсыны бағалай білуді қосу керек. Дарын омыртқада болмайды, әйтпесе ол өткір ойдан гөрі ыждағатқа көбірек ұқсар еді; дұрыс пікір - парасаттың жемісі. Жиырма жаста сезім, отызда - дарын, қырықта - ақыл басым болады. Сілеусіннің көзі сияқты сәуле төгіп тұратын ақылдар бар түн неғұрлым қараңғы болса, олар соғұрлым жарқырайды; әрқашан ең қолайлыны табатын бақыттылар болады мұндайларға көп нәрсені жақсы жасаудың сәті түседі: бұл жемісті еңбек етуді сыйлайтын бақытты қасиет. Ал жақсы талғам адамның бүкіл өміріне көрік береді.


299. АҢСАУЛЫ КҮЙДЕ ҚАЛДЫРУ. Кеберсіген ерін су тамызуды сұрайды. Тілек - құндылықтың өлшемі. Жақсы талғам дененің шөлін қандыруға емес, қоздыруға кеңес береді; жақсы нәрсенің аз болуы - екі есе жақсы. Екінші рет бәрі нашар сияқты көрінеді. Тойғандық, жалыққандық сүйсініп, ғанибет сезіміне бөленуге зиян келтіреді, тіпті ғасырлар таныған ұлылықты сұрықсыз етеді. Ұнамды болудың дұрыс тәсілі, аштықтан туған тәбетті дер кезінде байқап, оны тойындырмау. Оның шеңбірек атып тойынғанынан, шыдамсыз тілекпен қозғаны жақсы: азап көріп барып жеткен рахат екі есе тәтті болады.


300. ӘУЛИЕЛІК - КИЕЛІ СӨЗ. Осы арқылы бар нәрсе айтылып тұр. Ізгілік - бүкіл мүлтіксіз кемелдіктің өзегі, бар қуаныштың түйіні. Ол адамды парасатты, ілтипатты, кемеңгер, батыр, абайлағыш, әділ, бақытты, мақтауға лайықты, шынайы және әмбебап етеді. Бақыт үш нәрсе сыйлайды: әулиелік, денсаулық, даналық. Ізгілік - біздің ішкі әлеміміздің күні, оның аспаны - таза ар-ождан құдай мен адамдардың сүйіспеншілігіне бөленді. Ізгіліктен сүйкімді, кемшіліктен жиренішті ештеңе жоқ. Ізгілік қана шынайы, қалғанының бәрі жасанды. Тереңдік пен ұлылық тағдырмен емес, ізгілікпен өлшенеді. Адам тірі кезінде, оны сүйеді, өлсе - есінде сақтайды.
"Ақыл қалтаның" түбіне жеттік, немесе "Парасат сабағы" тәмәмдалды.


Орыс тіліндегі «Карманный оракул» кітабынан тәржімеленді.
XI. 1997 – III. 1998.