Көкпар аты қандай болу керек?

Көкпар – байырғы көшпенділердің заманынан келе жатқан ұлттық ойынымыз. Көкпарға қатысушы шабандоз мықты болғанымен астындағы серігі бабында болмаса ол жұп нәтиже көрсете алмасы айдан анық.
«Шалқар шаңырағындағы сұхбат» бағдарламасының қонағы - Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі спорт комитеті ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай көкпар атын қалай дайындайтынын айтып берді.
«Аударыспақтың аты көпарға, көкпардың аты теңгеге, теңгенің аты жамбы атуға келмейді. Себебі әр аттың үстіндегі шабандоздың қимылы әр түрлі. Кез келген спортшының төл аты болу керек, екіншіден жасайтын ісіне бейімделу керек. Бізге ұлттық жылқының институты қажет. Көкпардың аттарын қазіргі азаматтар өздерінше дайындайды. Біреу мініп жүріп дайындайды, біреуі жілік майын толтырып дайындайды. Ол көбінесе табиғатына байланысты. Кейбір жер шіліңгір ыстық, басқа жер қара суық дегендей. Бірақ , негізі жылқының тұрқы ғана емес, тамырындағы қанының өзі үлкен төзімді тұқымнан болғаны жақсы» - дейді жаттықтырушы.