Домбыра күні қалай өтті?

Домбыра күні – рухани
жаңғыру бағытындағы тамаша бастамалардың бірі. Елбасының жарлығымен 1 шілде Домбыра
күні болып бекітілді.
Домбыра – қазақ елінің ғасырлар бойғы айнымас серігі, асқақ
рухының айнасы. Домбыраны ұлықтау – ұлт болмысын ұлықтау!
Елбасы бекіткен жарғы бойынша Домбыра күні ұлттық
мәдениет пен бірегейлікті сақтау және оны қайта жаңғырту идеясының төңірегінде
бекітілді.Домбыра күні жыл сайын 1 шілдеде атап өтіледі.
Домбыра күніне орай Астана қаласында "Қазақ
елі" монументінің алдында 2000 домбырашыдан тұратын оркестр күй тартты.
Шараға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қатысты.
Сонымен қатар, ұлттық аспабын насихаттау мақсатында Астанада
1 шілдеде дүниеге келген сәбилерге қазақтың домбырасы сыйланды.
«№1 Перинаталды орталықта бүгін сағат 00:15-те дүниеге
келген ұл балаға казақтың ұлттық аспабы тарту етілді. Сонымен қатар, №2
Перинаталды орталықта сағат 00:20-да туған қыз балаға да алғашқы домбырасы
тарту етілді. Қалалық №3 Перинаталды орталықта да жаңа туған екі сәбидің
аналарына ұлтымыздың қасиетті аспабы сыйға берілді», - деп хабарлайды қалалық
денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы.
Шілденің алғашқы күні дүниеге келген сәбилерге тек астаналық
перзентханаларда ғана емес, өзге аймақтарда да домбыра сыйланды. 1 шілдеде әкім
Ермак Сәлімов перзентханаға арнайы барып, Семей қаласының дүниеге алғашқы болып
келген сәбиге өз қолымен домбыра тарту етті.
Сондай-ақ, Домбыра күніне қатысты ауқымды іс-шаралар
Ақмола облысында жалғасын тапты. Бурабайдағы «Абылай хан» алаңында «Домбыра –
асыл мұра» мерекелік концерті өтсе, Көкшетау қалалық саябағында «Домбыра Fest» атты
жастарға арналған музыкалды бағдарлама көрсетілді. Жүзге жуық домбырашылардың
қатысуымен облыс орталығында "Ұлттық домбыра күні" атты республикалық
акция өтті.
Сонымен қатар, Домбыра күніне орай Семейдің Ертіс
жағалауында жергілікті өнер ұжымдары қазақтың күйін күмбірлетті. Домбыра күні
қала жұртшылығына ерекше серпіліс сыйлады. Ақын Қадырдың: «Нағыз қазақ –қазақ
емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы да бекер болмаса керек.