«Әннің де естісі бар, есері бар»

Ән дегеніміз не? Ән – кең таралған музыкалық шығарма жанры,
музыка мен поэзия өнерінің ортақ туындысы. Енді оның пайдасы мен зияны туралы
сөз қозғайық.
Жұдырықтай
жүректің түкпіріне бойлап, алпыс екі тамырыңды идіріп, сан түрлі сезім
толқынысына түсіретін әуезді әуендер де жеткілікті. Ұлы Абай айтқандай «әннің
де естісі бар, есері бар», демек ән тыңдаудың да өз ерекшелігі мен артықшылығы,
пайдасы мен зияны да бар.
Музыка алдымен
адамның жүрек соғысын реттейді. Сол арқылы шерді тарқатып, көңілді жайландырады.
Дене жайбарақат күйге түседі. Сондай-ақ, бүйрек, бауыр, ас қорыту, қан
айналымына да оң әсер ететіні анықталған. Жүкті әйелдер таңертең және кешке
қарай, ұйықтар алдында баяу ырғақты, жағымды музыка тыңдаса, іштегі нәресте
сабырлы, төзімді болып туады дейді. Сонымен бірге, сәбидің есту және есте сақтау
қабілеті жақсы дамиды. Мұндай балалар мейірімді болады деседі.
Түрлі стильдегі әуендер адамның денсаулығына әртүрлі әсер етіп, эмоция сыйлайды.
Ең әуелі музыка адамның психоэмоционалды күйіне ықпалын тигізеді. Ән гармониялық
әсерге бөлейтін болса, онда жанына жаққаны. Ал, егер гармония жоқ
болса адамның денсаулығы үшін пайдасыз деген сөз. Мамандар музыканың стилі немесе ырғағы мен
әуезінен тыс, туындының қай аспапта орындалғаны да маңызды екенін айтады. Әр
музыкалық аспаптың әуені адам организміндегі белгілі бір жүйеге түрлі әсер
етеді.
Зиянды
жағына тоқталсақ, алдымен уақытты бос өткізуге себеп болады. Психологтар
музыканы үздіксіз тыңдау, оның даусын қатты шығарудың кері әсері көп екенін қаперге
салады. Статистика, жол апатының 68%-ы көлікті музыка даусын қатты шығарып
жүргізгеннен болатынын көрсетеді. Ал рок-музыка адамды қатыгез етіп, миды
шаршатады екен. Ондағы ырғақ пен «соққы» тым жоғары болса, адамның жүйкесі
жұқара бастайды.
«Ән – көңілдің ажары, күй – көңілдің базары» демекші, тыңдаған әуніңіз
жаныңызға жайлылық сыйлап, көңіліңізді көкке көтерсін!
Дерегіміз керегіңізге жарасын!
Ақпарат Қазақ радиосының «Керек дерек» хабарында айтылды.