Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қытай сапары: үміт пен сенім

Қытай сапары: үміт пен сенім

Қазақстан мен Қытай ежелден қоңсы жатқан ел. Алаш жұрты өз дербестігін жария етісімен көршілік достыққа ұласты, тараптар стратегиялық сенімді әріптеске айналды. Соның арқасында екі елдің де экономикасы ілгері басты, шекарасы бекіді. Түрлі тарихи факторлар салдарынан бөлініп қалған қандастар қайта қауышты,  барыс-келісі жиілеп, әлемдік заңнамалар аясында көші-қон саясаты жолға қойылды. Қытай қазақтары екі елдің достығын жалғаған алтын көпірге айналды.


Өкініштісі, соңғы бір-екі жылдың көлемінде “Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар саяси қысымға ұшырап жатыр” деген ақпарат Қазақстанда қоғамдық резонанс тудырып, көпшіліктің көңіліне қаяу түсірді. Атап айтқанда, бұл арғы беттегі туыс-туғанмен барыс-келістің үзілуі, екіге бөлінген отбасылар мәселесі, Қытайда паспорттары жергілікті органдар тарапынан алынып, Қазақстандағы бала-шағасына немесе ата-анасына жете алмай қалғандар мен саяси үйрену орталығына түскендер тағдыры...


«Елдестірмек елшіден»

 

Мұндай жағдайда халықтың арыз-арманын мемлекет басшыларына жеткізетін, елдің саяси жағдайы мен тұрақтылығы туралы ақпарат беретін, көптен бері жалғасып келе жатқан достықтың алтын арқауын одан әрі бекемдей түсетін тарап – елшілер екені белгілі. Осы бағытта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті экс елшісі Чжан Ханьхуэй, сондай-ақ, елші Гу Миң бұл миссияны орындауда бірталай еңбек етті. Қытайдағы этникалық қазақтар мен Қазақстанға оралған қазақтарға қатысты қоғамдық пікір алмасып, ұсыныс-арыздарын тыңдау үшін Қытай елшілігінде бірнеше рет кездесу өткізілді.  Құрамында 14 адамы бар Қытай делагациясы былтыр 30-31 мамырда Астана мен Алматыға арнайы келіп, Қытайдан қоныс аударған қазақтармен жүздесті.  Мыңдаған өтініш-тілектерді Шынжаңға жеткізіп, мәселені реттеуге қайта-қайта сұрау салды.

 

Бейжің сапары: үміт, сенім, күдік

 

Бейжің сапарына оралсақ, 12-19 тамыз аралығында 16 адамнан тұратын  делегация Қытай Халық Республикасына аттандық. Құрамында «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытхан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлы бастаған қоғам белсенділері мен іскер азаматтар болды. Сапар мақсаты – Қытайдағы қазақтар мәселесін талқылау, пікір алмасу, сондай-ақ, Қытайдағы саяси, экономикалық жағдайды көзбен көріп, Қазақстан-Қытай арасындағы достық, әріптестік, стратегиялық қарым-қатынастың ахуалын халыққа жеткізу. Оған ықпал еткен де Қытай Халық Республикасының Сыртқы Істер министрлігі мен Қазақстан Республикасындағы ҚХР-дің Бас елшілігі.



Қытай сапарындағы алғашқы аялдама – Бейжің  қаласында болды.  Бұл күн ресми кездесулерге арналды. Делегация өкілдерін алғаш қабылдаған Бірліксап министрлігі еді. Қазақтардың сенім, тілегін арқалап барған делегация басшысы, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек, екі ел басшыларының мемлекеттік сапарлары мен «Бір жол, бір белдеу» бағдарламасының маңызына тоқтала келе, Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесінің осы достыққа сызат түсірмеуі керектігіне баса назар аударды. Омарәлі Әділбек 80  жастағы бір қарттың жағдайын мысалға келтіре отырып, Қытайда жалғыз қалған кейуананың паспорты жергілікті органдар тарапынан алынып қойып, Қазақстандағы отбасына жете алмай отырғанын, бүгінде денсаулығы сыр беріп, жүре алмай қалғанын  айтты. Мұндай мысалдар өте көп. Бір отбасының екіге бөлініп қалуы – халықаралық құқықтық мәселе. Қазақ тарапы осыны алға тартты.

Екінші болып сөз алған, Шынжаң өлкесі Тарбағатай аймағында  бұрын лауазымды қызмет атқарған кәсіпкер Думан Хамитұлы Қытайдың «Су ішерде, құдық қазушыны ұмытпа» деген ескі мақалын еске салып, бүгінде Шынжаңдағы қазақтардың құқықтық мәселесін айқын мысалдармен жалғады. Қазақ халқының дәстүрге, салтқа үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айта келе, Қытайда қайтыс болған анасының жерлеуіне де қатыса алмаған жас жігіттің қасіретін жеткізді. Келтірілген мысалдардың негізсіз еместігін және айтылған мәселелер тезірек шешімін таппаса, екі ел достығына айтарлықтай сызат түседі деп, алаңдаушылығын жеткізді.  

Белгілі саясаткер Расул Жұмалы Қазақстан-Қытай арасындағы сауда, экономика және басқа да салада орнаған байланысты айта келе, Қазақ елінің Қытайдағы қандастар мәселесіне алаңдаушылығын білдірді. Ол құжат мәселесіндегі қарама-қайшылықтар түсініспеушілік тудырып отырғанын, кейбір ақпарат елдің үрейін арттырғанын айтты. Сондай-ақ, осы мәселелерге қатысты Қытай тарапынан арнайы делегацияның Қазақстанмен ақпарат алмасып, елмен жүздесіп, мәселенің анығын жария ету керектігін, Қытайда Қазақстан телеарналары, Қазақстанда Шынжаң телеарналары хабар таратса, ақпаратық ашықтық болса, түсініспеушілік болмайтынын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған ҚХР Бірліксап вице министрі Тэн Тянь Шиң «Екі елдің бейбітшілік аясында дамуына деген ниеттеріңізді, осыған қосқан үлестеріңізді бағалаймын»,- дей келе, Шынжаңдағы мәселелердің кейбір аймақтағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан әсіре сілтеушілігінен болуы мүмкін екенін айтты. Бұл бағытта Шынжаң тарапымен әлі де арнайы кездесулер өткізіліп, мәселенің анық-қанығын тексеретінін айта келе, «Егер сіздер айтқан мәселелер заңды әрі негізді, дәлелді болса, шешімін табатыны анық»,- деді. Сондай-ақ, Қытайдың Еуропаға шығар қақпасы саналатын Шынжаңның бейбітшілік аясында қарқынды дамуы және жергілікті халықтың тыныштығы үшін ерекше тәртіп орнатылғанын айтты. Сонымен қатар,  егер бұған дейін экстремистік топтар лаңкестік жасамағанда, Шынжаңда бүгінгідей қатал тәртіп те болмайтын еді деді.   

Жиында өзге де белсенді азаматтар өз пікірін ортаға салып,  Қытай қазақтарына қатысты 6 түрлі мәселе көтерді, олар:

1. Зейнеткерлер мәселесі (Қытайда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан соң Қазақстанға қоныс аударған азаматтар зейнетақысының аяқасты тоқтатылуы);

2. Студенттер мәселесі (Ата-аналары Қытайда тұратын, өздері Қазақстан Республикасында білім алып жатқан жастардың демалыс уақытында Қытайға қайта алмай, Шынжаңға оралған жүздеген студенттің паспорты алынып, кейбіреуі «Үйрену лагерлеріне» түскені туралы);

3. Бір отбасының еріксіз екіге айырылу жағдайы (Ата-анасы Қытайға барып, Қазақстанға қайта алмай, бала-шағаларының қамқорлықсыз қалуы немесе әке-шешесі Қытайда қалып, Қазақстандағы балаларының Қытайға жете алмай жүргені);

4. Қазақстан азаматтығын алған бұрынғы Қытай азаматтарының тіркеуден шығу мәселесінің шешілмеуі (Кейбір азаматтардың тіркеуден шығуы туралы өтініштері қанағаттандырылмай немесе тіркеуден шығуға барғандардың «Үйрену лагерлеріне» қамалуы немесе паспортын тартып алу жағдайлары туралы);

5. Қазақстан азаматтығын қабылдағандардың шекара қызметі тарапынан жөн-жосықсыз сұраққа алынып, ар-намыстарының тапталуы туралы.

6. ШҰАР-дағы кейбір мекемелер этникалық қазақтардың Қазақстандағы туысқандарына шақыру қағазын жіберуге немесе туыстық қатынастарын растауға рұқсатнамасын бермеуі туралы. Екі ел арасында сауда-саттық жасап жүрген азаматтардың еркін жүріп-тұруы.

Екінші кездесу 13 тамызда Бейжің уақыты бойынша сағат 17:00-де ҚХР Сыртқы Істері министрлігінде өтті. Делегацияны қабылдаған Қытай Сыртқы істер вице-министрі, ҚХР-дың Қазақстандағы экс төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хэньхуэй мен департамент басшылары болды.  Жиында сөз бастаған вице министр Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық, ауыл шаруашылық саласындағы ынтымақтастық деңгейі, Қазақстанның ет, сүт, астық өнімдері экспортының артуы, мұнай-газ, оқу-білім саласындағы тығыз қарым-қатынастарына тоқталды. Осыларды негізге ала келе, Қытайдағы қазақтар мәселесінің шешімін таппайтындай жағдай еместігін, бастысы, екі елдің осы мәселеге деген көзқарасының маңыздылығын, достық аясында біраз мәселенің оң шешімі болатынын, екі тараптың да осыған мүдделі екенін және  осы бағытта Шынжаңнан Қазақстанға арнайы комиссия барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Ал, делегация мүшелеріне «Осы жолғы сапарларыңызда Шынжаңда қордаланған мәселелерге көзқарас, пікірлеріңізді дәлелді, заңды негізде ашық жеткізіңіздер. Осы сапардың сіздер үшін сәтті, жемісті болуын тілеймін»,- деді. Сондай-ақ, Чжан Хэньхуэй: «Қазір негізсіз ақпараттар да жоқ емес, батыстық кейбір күш бұл жағдайды пайдаланып, Қазақстан-Қытай достығына іріткі салғысы келеді. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Біздің басты мақсатымыз – екі елдің достығы, ажырамас әріптестігі үшін жұмыс атқару»,- деп түйіндеді.

Ақын, қоғам белсендісі Жанарбек Әшімжан да Қытайдан Қазақстандағы оқуына жете алмай жүрген студенттер, шарасыздан екіге бөлінген отбасылар мәселесін айта келе, қазіргі таңда Шынжаңға еркін қатынаудың расымен қиындағанын, бұрын құрақ ұша қарсы алатын туыстарының соңғы кезде үрейленіп, қонаққа келген жақынынан қашқақтап жүргенін айтып,  бұл мәселелелерге жергілікті биліктің атүсті қарамауын өтінді.

«Отандас-Ел» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытхан жастық шағын сарп еткен, еңбегін сіңіріп, Шынжаңның, жалпы  Қытайдың дамуына үлесін қосқан бүгінгі зейнеткерлер зейнетақысының тоқтатылуы дұрыс еместігін, бұл туралы Қытай мемлекеттік заңында да анық жазылғанын, білім алу мәселелерінде шетелде оқып жатқан басқа да Қытай студенттері сияқты қазақ балаларының да Қазақстанда еш кедергісіз білімін жалғастыруға құқылы екенін айтты. Қытай заңы да, халықаралық заңдар да бір отбасының екіге бөлінуін қолдамайтынын тілге тиек етті.

Одан кейін сөз алған «Кһан» корпорациясының президенті, Бейжіңдегі Қытай орталық радиостанциясының бұрынғы тілшісі Азат Кәрімұлы,  қоғам белсендісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының хатшысы Рахым Айыпұлы, белгілі кәсіпкер Айгүл Түркия, Думан Аман, Мәрбән Нұрахмет те көптеген дәйек келтіре отырып, Қытай қазақтарының мәселесін егжей-тегжейлі, өте батыл жеткізді. Жиын соңында қоғамдық ұйым мүшелері көптеген жазбаша арыз бен ресми хатты Сыртқы істер вице министрі Чжан Ханьхуэйге тапсырды.

Шынжаңда айтылған шындық

Тамыздың 17-сі күні делегация мүшелері мінген ұшақ Шынжаңның «Үрімші» әуежайына қонды. Бойымызды сенім мен күдік әрі үміт қатар билеп, ерекше толқыдық. Оны байқаған Қытай елшілігінің бөлім басшысы Гу Миң: «Бойларыңызда бір қобалжудың барын анық сеземін. Сіздер үшін, әрине, оңай емес, қаншама кісінің үмітін арқалап келдіңіздер. Бәріңіз Қытайдағы қазақтардың мәселесіне алаңдаулысыздар. Осындағы кісілердің көбі жыл бойы Елшіліктің табанын тоздырып, елдің тілек, өтінішін жеткізіп жүр. Бәріміз де жақсылықтан үміттіміз, Шынжаң үкіметі де сіздерді тыңдап, пікір алмасуға ниетті. Нәтижелі жұмыстар да бар. Егер сіздер ашық айта алмайтын жағдайлар болса, сіздер үшін мен  айтуға тырысамын. Мен де бар күш-жігерімді осы іске салып жүрмін. Екі елдің достығы үшін шешілмейтін мәселе жоқ деп санаймын. Уайымдамаңыздар, бәрі жақсы болады»,- деді.

Шынжаң үкіметімен алғашқы ресми отырыс 17 тамыз күні сағат 17:00-де басталды. Жиынға ҚХР ШҰАР тәртіп тексеру департаменті, Сыртқы істер департаменті және басқа да арнаулы орган басшылары қатысты. Басшылар саяси, экономикалық жағдайларға шолу жасай келе, Шынжаң мен Қазақстан арасындағы экономикалық, инфрақұрылым, мәдени, білім-ғылым саласындағы ықпалдастық пен экономикалық көрсеткіштерге де тоқталды.  Сондай-ақ, жақында Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі мен Қазақстандағы ҚХР Елшілігінің қызмет делегациясы келіп, біраз мәселенің талқыланғанын әрі осы кездесулердің де нәтижелі болғанын жеткізді.

ҚХР ШҰАР Үкіметінің басшылары делегацияны 19:30-да қабылдады. Онда Қазақстан өкілдері Бейжіңде айтылған мәселені қайталап, жеке-жеке сөз алып, қазақтарға жасалған қысымның расымен бар екенін, оның негізсіз еместігін, заң бұзып, қылмыс жасамаған қазақтардың еркіндігі мен құқығы тапталмауы керектігін жеткізді. Сөздері ықпалды болуы үшін, бірнеше дәйек-дәлел келтірді. Кездесу соңында басшыларға Қазақстаннан апарған арыз бен өтініштерді тапсырды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының хатшысы Рахым Айыпұлы үкімет басшыларымен қонақасында да тілек, лебізге берілген уақытын зая етпей, Шынжаң үкіметіне өтінішін тағы да қайталап, қазақ халқының тек бейбітшілікті қалайтын тыныш ел екенін айтты. Қытай қазақтарының Қытай мен Қазақстан достығының алтын көпірі саналатынын, былтырдан бері бұл жақпен байланыстың үзілгенін, Қазақстандағы елдің Шынжаңға келуге үрейленіп қалғанынын, барлық ұлттардың теңдігі мен бірлігін қалайтын Қытай партиясының Шынжаң мәселесінде қазақтардың құқығын аяқасты етпеуін,  құқықтық мәселеде қазақтардың қиналмауын, студенттер, зейнеткерлер және амалсыздан екіге жарылған отбасылар мәселесінің ертерек шешіліп, қалыпты жағдайға түсуін, «Үйрену лагерінде» себепсіз жатқан қандастардың ертерек босатылуын сұрады.

 Сөз соңы

Жалпы бұл сапардың тарихи да, саяси да маңызы айқын еді. Қалың елдің сенімі мен үмітін арқалап, елге қандай нәтижемен  ораламыз деген сауал үлкен   жауапкершілік жүктеді. Біреулер қытайшыл адамдарды топтастырып апара салған сапар деп те айтып жатқан көрінеді. Бірақ мұның бәрі негізсіз деп санаймын. Өйткені, осы сапарға барып келгендердің  көпшілігі Қытай қазақтарының мәселелері туындағаннан-ақ атқа қонған азаматтар. Қытайдағы әрбір кездесудің алдында да ұйымшылдық танытып, ақылдасып, мәселені жан-жақты, дәйекті жеткізу турасында пікір алмасты. Кейбірі Қытайда жапа шеккен азаматтардың аты-жөнін лезде қағазға түсіріп, арызға қосып жатты. Мені бір таңқалдырғаны, топтағы аға-әпкелердің саяси-құқықтық сауаттылығы, пікір ашықтығы, батылдығы болды. Ашық пікірлеріміз  үшін Қытайда бізді қудалап, туыстарымызға зияны тиіп кетпей ме деп қорықпай,  елдің арыз-арманын батыл жеткізді. Қытай үкіметінің кейбір басшылары пікір айтқан кісілердің қытай тілін жетік меңгергеніне таңқалып тұрғанын аңғардым. Расул Жұмалы мен Жанарбек Әшімжан ағамыздың ұлтжанды, нағыз дипломат, саяси сауатты азаматтар екеніне тағы бір көз жеткіздім.

Анығы,  Қытай үкіметі Қазақстанмен достық қарым-қатынасқа мүдделі. Қытай қазақтарының мәселелерін жеңілдетуге, түбегейлі шешуге де ниетті екендерін, жалпы қазақтарға енді тіс батыра қоймайтынын аңғардым. Бейжіңдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Қазақтар мәселесіне  жанашырлық танытып, алдына келген қазақтың өтінішін кері қайтармай, құрақ ұшып жүр. Осы жолы Бейжіңде елшілік қызметкері Әбу-Талип Аймаханов делегация мүшелерімен бастан-аяқ бірге болды. Оған Қазақстан Республикасының Қытай Халық республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышевтың арнайы тапсырма бергенін, делегация мүшелерін демеп, әр жиында бірге болуын тапсырғанын айтты. Әрі Қытайдағы қазақтар мәселесіне алаңдайтынын және сапардың сәтті болуын тіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кезде Қазақстандағы Қытай елшілігіне қатысты халық арасында біршама түсінбеушілік пайда болды. Бірақ, Қытай елшілігі қазақтар мәселесіне оң көзқараста деп ойлаймын. Бұл тек осы сапарда аңғарғаным емес. Жалпы бірнеше мәрте журналист ретінде пікір алмасу үшін елшілік қызметкерерімен кездескенмін. Сол кезде де елші Гу Миң пікірімді мұқият тыңдап, арыз, өтініштерді жатқа тізіп, арыздар бойынша Шынжаңға, Бейжіңге арнайы хаттар жіберілгенін, Шынжаңдағы кездесуде де барлық мәселенің егжей-тегжейлі талқыланғанын айтқан. Елшіліктің басты мақсаты да дипломатиялық тұрғыдан барлық мәселені шешіп, екі елдің достығын дамыту. Осы сапарға да мені журналист ретінде барып, анық-қанығын көріп, пікір алмасып қайтыңыз деп қосқан еді.

Ал, Шынжаңда құлаққа ұрған танадай тыныштық байқалады, қазақ пен ұйғыр түгілі,  қытайлардың өзі темір тәртіпке дағдыланған. Қарсыласып, алысып-жұлысқан адам жоқ. Қала аялдамаларына сақшы пункттері орналасқан, қарауыл қойылған. Құлжа мен Үрімші көшелерінде бұрын айғайлап, сауда жасап тұратын ұйғырлар үнсіз. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге қосылу мүмкіндігі болса онлайн репортаж жасармын деп ойлағанмын, ол ойым іске аспады. Себебі, WhatsApp,  Instagram, Facebook, YouTube ашылмай қойды.

Жалпы сапар барысында Қытайдағы қандастарымызға жасалып отырған қысымға байланысты уәж, ой, ұсыныс, дәйектерімізді Бейжіңде де,
Үрімшіде де бүкпесіз жеткіздік. Әрине, сапар толықтай өз меже-деңгейіне жетті деу артық. Өтінішімізді, келтірілген дәлелімізді  тыңдады, реттейміз, шешеміз деді.  Айта кетерлігі, сапар барысында, Құлжа, Алтай жақтан бірнеше адамның босатылғанын да естідік. «Үйрену лагерлеріне» барып ондағы жағдайды көзбен көру жайындағы талабымыз орындалмай қалды. Десе де, мәселенің шешілетініне сенім мол, жағдайдың жеңілдеп келе жатқанын сезінуге болады. Халықаралық деңгейде осындай маңызды да өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасып, Қытай тарапының ресми өкілдерімен тікелей талқылуға қоғам өкілдерінің атсалысуы да жақсылықтың нышаны.

 

Нұрсәуле Мамытхан