Көңіл саздары

Қазақ радиосы «Сәуле-ғұмыр» хабарының кезекті шығарылымында жүрегі жырға ғашық боп өткен қазақтың ақын қызы Қанипа Бұғыбаеваның өлеңдері оқылды. Сондай-ақ, хабардың аудио нұсқасынан «Алтын қорда» сақталған ақынның өзі оқыған жыр жолдарын да тыңдай аласыз.
Қанипа Бұғыбаева 1942 жылы 19 наурызда Алматы облысы, Жансүгіров ауданы, Ақсу өзенінің бойындағы Ақын Сара (бұрынғы Көкжайдақ) ауылында өмірге келген. Алғашқы өлеңдері 1959 жылдан «Жетісу», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналында жариялана бастады.
Еңбек жолын 1960 жылы өзінің туған ауылы – сол кездегі «Қосағаш» совхозы мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастап, ауылдық радио хабарын тарату торабында, Райымбек ауданының халық театрында, Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарды. Аудандық «Екпінді еңбек» газетінде тілші, кейінгі жылдары зейнеткерлікке шыққанша Жамбыл аудандық орталық балалар кітапханасында кітапханашы болды.
Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған және Түркі поэзиясы мүшәйраларының жеңімпазы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған (1962). Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Шығармалары: Тұңғыш кітап (1963); Екінші дәптер (1965); Қара торғай. (1970); Ару ана (1973); Ана жыры (1974); Жыр және жүрек (1977); Қыз дәурен (1979); Менің дауысым (1984); Гүлдер көзін ашқанда (1985); Домбыра дәурен (1986); Қоңыр жел (1988); Шұғылалы шақ (1990); Қоштасқым келмейді (1995); Құс жолы (2001);
Түнгі ай
Түн қабағы ұқсайды ашулы ерге,
Ару дүние дірілдер,
Баяу ағып.
Жасыл аспан ұйыған жасыл көлге,
Емізеді уыз нұр ай ағарып!..
Қара қошқыл шапшыған долы қандай,
Толқын қуар толқынды шымшып әні.
Еркін жүзіп ару ай шомылғандай,
Бұлт қойнына бір батып, бір шығады!..
Сұлулыққа маңайын елжіретіп,
Сезімдерге сиқырлы жазып жырын.
Түнгі ай, шәй шәлісін желбіретіп,
Бұлтқа сеуіп барады Нәзік нұрын!..
Жастықтың артқа тастап дүрбелеңін,
Шығады уақытпен бірге демім.
Адаммын қуанатын,
Күрсінетін,
Сырым болып барады жыр дегенің!..
Соқпақсыз жүріп, кейде сүрінгенін,
Сезімнің сондағы әлсіз дірілдерін.
Армансыз ашық жұртқа айтып бере,
Өлеңім, табиғатым, сырым менің...
Ертемен куә болып сұңғыла күн,
Құлатса төмен қарай нұр бұлағын.
Жыршысы, кең даланың бозторғайы,
Салмайды сарайдағы бұлбұл әнін...
Тілдесіп батқан күнмен, ұқсам айды,
Бір түнде бояп берер шық самайды.
Өзгеге сыртым қалай ұқсамаса,
Өзгеге ішім солай ұқсамайды!..
Ұқтырып кейде осылай уақыт күшін,
Тұрады көңлім де бір қатып мүсін.
Сол үшін, бұлбұл болмай, өз даусыңмен
Ән салып бергеніңе бақыттысың!..
Сабыр сәл!..
Көлеңкесіз нұрлы жүрек,
Ойнамай, әсерленіп гүлді жыр ет.
Құйындай тыныш ойды үйріп соғып,
Сарылып, сағынасың кімді жүдеп!..
Сабыр, сәл, көлеңкесіз нұрлы жүрек.
Сыр
Қырдағы шоқ қызғалдақтай қыз едік,
Қанат жайып біз де бойды түзедік.
Көзімізде көктемдей бір күлкі ойнап,
Қабақтарға көрмеп еді-ау күз еніп.
Біздер жүрген сонау жалды сай-адыр,
Тербетеді бір ырғақпен ояу жыр.
Ортақ болып сырымызға ұзатқан,
Ай жеңеше орнымызда ояу жүр.
Кез жоқ еді-ау, таласқа бір қызбаған,
Жүрек бар ғой, сондықтан да қыз да адам.
Қырын қарап көрсе де боп көрмеген,
Кей жігіттер қарамаса, біз де оған...
Қызығы мол берсек сол бір күнге есеп,
Жыламасақ, осы кезде күлмес ек.
Үміт артып жол үстінде қиынға,
Солқылдаушы ек, қол ұстасып жүрмесек.
Қыз күндерім, аңғырт өткен, о, қайран,
Сапыратын жалын жаным от-ойран.
Болашаққа жол сызушы ек көңілмен,
Аулақ қалып, күңгірт сезім, жат ойдан.
Біз бір едік, жүзуші едік бір көлде,
Біз деген бір сөзімізде тұр көмбе.
Қызық көріп басымызға орамал –
Тартушы едік, десе де әжем, бүркенбе!
Жастық шағым, бүр ашпаған ой, көкмем,
Кеудемізге төңкерілген ай көктен.
Мен білмеймін, сырт көздерге ертелеу,
Қайсымыз боп көріндік бойжеткен.
Қыз күнімше кейде кетер жүргім кеп,
Көкірегімде ұшпа құс күй күмбірлеп.
Өмір заңы қатал екен, қыздар-ай,
Бір-бір елге кете бердік, бір-бірлеп...
Жылдар-жылдар бетке әжімін сызады,
Жылдарға адам сол үшін де ызалы.
Көңілдерің қандай, қазір достарым,
Менің көңілім үркек елік, қыз әлі...
Қайғырмаймын, қабағымды күз етіп,
Қателігін қызба кездің түзетіп.
Біз отырмыз ана болып сақшыдай,
Бір-бір үйдің шаңырағын күзетіп!..
Көңіл саздары
Көңіл бір жел толассыз үрлеп ескен,
Сезімім жалғыз бұта шайқалатын.
Жүрек жер ғой, көтерер үндеместен,
Жүрек болып жан шіркін жай табатын.
Құмарлық, нәпсі егіз сезімді ұрған,
Көңіл жеңге, алданғыш арадағы.
Жеңсе ерікті, болар ем өзім құрбан,
Ар бетіне жағылған қара дағы.
Сұлу күлкі сүйкімді-ақ күміс үнді,
Сұлудан бір сұлу бар сиқырлаған.
Маған сәт салып көзін гүл ұсынды,
Гүлдер, гүлдер жанардан ұйқы ұрлаған.
Гүлдер сұлу иіскеп сұқтанамын,
Өмірді гүл деп неге түсінбеймін.
Өмірден өмір болып жүкті аламын,
Мен жалған сұлулыққа кішірмеймін.
Көңіл, сезім құмарлық ар заңынан,
Аспайды, сыртқа шықтап сыр ұрлайды.
Шығар ем, жүрегімнің ар жағында,
Ақыл, сабыр қой-қойлап сыбырлайды.
Бір күнім өтсе, бір жасым,
Кемігендей екен-ау.
Өмірім имей тұр басын,
Бас ию де бекер-ау.
Күндерім өтпек әрі үдей,
Жауабын жинап алады ай.
Өткен күнгі кәрідей,
Келер күнге баладай...
Жел еседі
Сайын белді сапырып жел еседі,
Өршеленіп, өрекпіп егеседі.
Аспаннан айдап келген қара бұлттай,
Шақырып бермейді екен неге сені?..
Бір шағыл бір шағылды жатыр ықтап,
Мұндайда жарытпайды ақын ұйықтап.
Жас баладай кейде бір жылап күлген,
Тереземді сабайды сақылықтап!..
Су-су етіп ысқырып, өңірге еніп,
Сумаңдайды, тайраңдап, көңілденіп.
Өзегімде ескендей өзгеше жел
Өтіп бара жатқан бір өмір болып!..
Құм ағады, толқындай сапырылып,
Жел тынатын емес-ау ақыл ұғып.
Көкірегімді тырналап аш бөрідей,
Өзегімде өзге жел жатыр ұлып...
Сайын белді сапырып жел еседі,
Жел еседі, секілді ел өсегі.
Шақырып келген бұлттай әлдеқайдан,
Шақырып бермейді екен неге сені?!...