Бразилияға кеткен қазақ балалары қайда?

Қазақстан 2009 жылы қазақ футболын дамыту үшін бразилияға бір топ бала жіберген болатын. Кеткен аяқдопшылардың бірінші легі елге 2012 жылы оралды. Футбол жанкүйерлері: «Рональдиньоның отанына барып, қазақ футболын өрге сүйрейтін спортшыларымыз қайда?», - деп жар салуда.
Қазақ радиосындағы «Армандастар» бағдарламасының қонағы – Ардагер футболшы Болат Есмағамбетов осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітті.
«Біздің жігіттер Бразилияда 5 жыл болды. Кезінде Қазақстан және Бразилия спорт министрлері өзара келісімшарт жасасқаннан кейін, қазақ жігіттерін Оңтүстік Америкаға алаулатып аттандырдық.
Жанкүйерлер арасында көп әңгіме болды. Бірі: «Олар жақсы тәжірибе жинақтап, Қазақстанда жасындай жарқылдайтын болады»,- десе, басқалары: «Шалғай алыста не үйреніп келеді?»,- деп өз пікірлерін білдіріп жатты. Бірақ, мен спортшыларымызды аттандырар кезде: «Бразилия қайда? Қазақстан қайда? Одан да сол кеткен ақшаға өзіміздің бапкерлерімізді үйретіп, өз елімізде академия ашқанымыз жөн», - деп газеттерге пікірімді білдіргенмін. Қазір, ол балалар қайда? Ұлттық құрама түгіл премьер - лигада да доп теуіп жүрген жоқ. Бірінші лигадан аса алмай жүр.
Біздің барып келген бапкерлерден академия жайлы сұрастырғанымда: «Барған академиямыз көңілден шықпай, басқа жерге көштік. Қиын болды», - деп күрсіне тіл қатты. Ал, біздің берген ақшамызға бразилиялықтар өз жерінде жаңа академиялар сатып алды. Қазақтың ақшасы осылайша құр босқа шет елге кетті», - дейді спортшы.
Спорт және дене шынықтыру комитетінің хабарлауынша, Бразилиядағы әр жас спортшының үш жылдық жаттығуы Қазақстан үшін 78 мың долларды құрады. Бразилияға барған әр топта 25-26 адам болған. Жанкүйерлер болса, барған аяқдопшылардың көбі байлардың балалары болғандықтан, олардан еш нәтиже шықпады деп ызаланып отыр.