Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Екі алпауыттың сауда соғысы немен аяқталмақ?

Екі алпауыттың сауда соғысы немен аяқталмақ?

Әлемдегі ең ірі экономикалық держава АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес бүгінде жаһан назарын өзіне аударып отыр. Сауда соғысы деген не? Қырғи-қабақ елдер неге алаңдаулы? «сауда соғысы» немен бітеді? Әлемнің ірі ақпарат құралдары мен сарапшылар пікірінен қорытынды жасай отырып, осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 

Сауда соғысы – екі мемлекеттің сауда шарттары арқылы тіресуі. Бұл «соғыстың» басты қаруы – кеден салығы мен импорт-экспорт квоталары. Кеден салығы арқылы қос алпауыт бір-бірінің экономикасын шығынға ұшыратады. Айталық, бір ел сауда тарифтерін көтереді, екіншісі оған тойтарыс жасайды. Сол арқылы бір-бірінің экономикасына зиян келтірді.

АҚШ неге алаңдаулы?

АҚШ сауда, экономика саласында әлемдік көшбасшы. Ал Қытай экономикасы соңғы 30 жылда тұрақты өсіп келеді. Халықарлық қаржы қорының деректері бойынша 2009 жылы Қытайдың жалпы ішкі өнімі 5,02 трлн долларға жетіп, 2014 жылдан бастап АҚШ-тың алдына шыққан. Бүгінде Қытай өнеркәсіптік өндірісі бойынша әлемдегі бірінші индустриалдық, ғарыштық және ядролық державаға айналып отыр. Ал бұл – АҚШ-қа қауіп төндіретін дүние. АҚШ-тың Қытайға қарсы баж салықтарын көтеруі – «қатердің» алдын алу ғана. Сауда соғысының басты себебі осы болуы да мүмкін.

Биылғы жылдың қаңтардан бастап Вашингтон жүздеген қытай тауарының импортына шектеу қойды. Пекин де өзінің тарифін көтерді. Осылайша, әлемдегі екі үлкен держава жаңа санкциялармен бір-біріне қауіп төндіруді жалғастырып жатыр. Бұл бағытта АҚШ президенті Трамптан келген «Соққы» айтарлықтай басым.

Қытай АҚШ-тың мысын баса алатын жағдайда ма?

Қытай АҚШ-пен арадағы сауда соғысында оңайлықпен беріспеуге мүдделі, «Соңына дейін барамыз» деп белді бекем буып отыр. Екі алпауыт арасындағы сауда-саттық дауы Вашингтонның Қытайдан келетін тауарларға салықты өсуінен соң өршіп кеткен еді.

Жуырда ғана Ақ үй Қытай тауарларына 25% импорт салығын енгізбек ниетте екенін хабарлаған соң Қытай Бүкіләлемдік сауда ұйымына АҚШ-тың үстінен шағым түсіретінін мәлімдеді. Қытай Халық Республикасының Сауда-саттық министрлігінің ресми мәлімдемесінде «Вашингтонның ешкіммен келіспей қабылдаған бұл шешімі Сауда ұйымының қағидаларына қайшы келеді» делінген. Сондықтан Қытай даулы мәселенің шешімін табу үшін және еркін сауда айналымы мен заңды мүддесін қорғау мақсатында осындай қадамға бармақ. Бұл мәлімдемеден соң АҚШ Қытай тауарларына жалпы құны 16 млрд долларды құрайтын импорт салығын салуды көздеді. Американың бұл әрекетіне Қытайдың да қарсы жауабы дайын. Салық бойынша жаңа тәртіп орнаған сәттен-ақ Америка тауарларына 25%-дық импорт салығын енгізетінін жеткізді.

Сиракуз университетінің профессоры Мэри Ловлидің пікірінше, Қытай билігі АҚШ-қа қарсы кедендік процедураларды қиындатып, жаңа ережелерді енгізе алады және Қытайда жұмыс істейтін халықаралық компаниялардың өндірістік шығындарын да көтеруі бек мүмкін. Екіншіден америкалық компаниялардың «өмірін қиындату» арқылы сол елдің бизнесін нашарлатуға ықпал етеді. Ал Қытай билігі Вашингтоннан біртіндеп алыстап, басқа елдермен сауда альянстарының желісіне беки алады.

Егер сауда соғысында Қытай алдын-ала шабуылға өтуді шешсе, онда Қытай валютасының құнсыздануы екі есеге артуы мүмкін еді. Бұл, әсіресе, тауарға жоғары импорттық баж салығы бойынша жорамал. Алайда, мұндай шешім қабылдау Қытай үшін оңай болмасы анық.

Қытай АҚШ-тың қарызын 1,17 триллион долларға жеткізді. Кейбір экономистер Дональд Трамптың агрессивті сауда саясатына жауап ретінде Пекин осы бағалы қағаздардың кейбірін алға тартуы мүмкін деп есептейді. Соңғы 20 жылда Пекин америкалық бағалы қағаздарды көбірек сатып алып, оларды сенімді ақшалай инвестиция ретінде қарастырды. Осы облигациялардың пайызы ретінде Қытай миллиардтаған доллар алды. Егер Қытай осы бағалы қағаздардың көбін сатуға шешім қабылдаса, ол әлемдік нарыққа үлкен дүмпу береді. Нәтижесінде АҚШ экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін.

Сауда соғысында қай ел жеңімпаз?

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Қытай қақтығысты одан әрі ушықтырмайды және сауда соғысынан тыс қалмайды.

Қытай үшін «Сауда соғысы» деген ұғым жаңалық болуы мүмкін, бірақ АҚШ үшін олай емес. Бұл ел әлдеқайда тәжірибелі. Мысалы, Жапонияға қарсы сауда соғысы 1980 жылы шарықтау шегіне жетті. Міне, Құрама Штаттар 40 жылдан кейін сауда соғысының «шоқпарын» қайта көтерді.

Қазіргі уақытта Қытай мен Жапониядағы ахуал бір-біріне ұқсас. Дегенмен, Құрама Штаттармен «соғыс» аяқталған соң, Жапония экономикалық өсуде 20 жылға шегініс жасады. Яғни, айтарлықтай құлдырады.

Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығындағы Қытай экономикасы бойынша сарапшы Скотт Кеннедидің айтуынша, «Қытай сауда соғысында Америка Құрама Штаттарынан әлдеқайда осал, Америка экономикасы қуатты.

АҚШ Сыртқы қатынастар қауымдастығының аға кеңесшісі Эдвард Алден бұл туралы: «Егер сауда соғысында «азырақ жарақат алушы» деген бағалау болса АҚШ-ты айтуға болар еді. Бірақ, ауқымды сауда соғысының жеңімпазы болмайды», – дейді.

Қытайдың бұрынғы экономика министрі Лу Живей: «Сауда соғысы екі тарапты да бірдей шығынға ұшыратады. Айталық, соғыста жаудың мың адамын жою үшін өзің 800 адамды құрбан еткенмен бірдей», - деп бағалаған.

Батыс елдерінің де көптеген экономистері АҚШ пен Қытай арасында сауда келіссөздерін жүргізіп, сауда мәселелеріндегі кедергілерді ортақ шешуге тырысуын үміт етіп отыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Трамптың сауда соғысына деген ынтасы Қытайды келіссөзге мәжбүрлейді. Тіпті, кейбір сарапшылар сауда соғысы ядролық қарумен бірдей деп бағалаған. Ешкім де оны пайдаланғысы келмейді, сондықтан Қытай мен АҚШ қатты қарсыласа қоймасы анық деген болжамдар бар.

Қорыта айтқанда, АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы қызып жатыр. Қытайдың АҚШ-ты әлем экономикасындағы көшбасшылық орнынан ысырып жіберетін қауқары жоқ. Тіптi алдағы 20 жылда да ол қолынан келе қоймайды. Сонымен бірге, Американың да Қытайды өзіне бағындыратын әлуеті шамалы. Қытайдың экономикалық өсімі жоғары, алдағы 5-10 жылда екі елдің экономикасы теңесуі бек мүмкін. Экономистер мен сарапшылар пікірінше, егер сауда соғысы күшейе түссе АҚШ-тың өзі де шығынға белшесінен батады.