Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Ауыл шаруашылығында инновацияны тиімді қолдану» тақырыбында бас қосу өтті

«Ауыл шаруашылығында инновацияны тиімді қолдану» тақырыбында бас қосу өтті

Ауыл шаруашылық саласын дамытудың маңызды факторына – жоғары тиімділікті инновациялық технологияларды ендіру. Оның кеңейтілген траекториясы АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да айтылған.

Егер сол құжатта көрсетілген бағыт бойынша жұмыс істесек, онда цифрлы технологиялар осыған дейін қабылданған жоспарларға серпін беріп, бұрын консервативті болып көрінетін салаға да заманауи динамика енгізеді. Міне, осы мәселе «Байсерке Агро» ғылыми-өндірістік холдингінде кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтсақ, республикалық Егінжай күніне орай «Ауыл шаруашылығында инновацияны тиімді қолдану» тақырыбында бас қосу өтті.


Жиын басында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, облыстағы ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологиялар мен ғылыми зерттемелерді енгізу нәтижелерімен таныстырды. Облыс басшысының айтуынша, Жетісу жері экономикасының негізгі тармағына – ауыл шаруашылық жатады. Аталған өңір жалпы өнім көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр, яғни, үлес салмағы 17%-ды құрайды. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков бұл салада көшбасшы болуға барлық өңір лайықты екендігін айтты. Ол үшін мемлекет тарапынан көрсетілер қолдаулар да аз емес. 


Елбасы «Төртінші өренкәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында өңделген ауылшаруашылық өнім экспортын 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту керектігін айтып еді. Міне, агроөнеркәсіп саласын индустриалды-инновациялық бағытта арттыруға айрықша мән беріліп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков те пікір білдірді.

Сонымен, алдағы 10 жылдықта елімізде 80 мың жаңа қожалық ашылып, ел игілігіне берілмек. Ол үшін аграрлық ғылым мен бизнестің арасындағы кедергілерді жою маңызды. Форумда осы мәселеге ерекше екпін берілді. Сол мақсатта ғылыми-зерттеу ұйымдары мен өндірісті байланыстыратын инновациялық кіші және орта кәсіпорындар бірлесе еңбек етуге уәделесті. Бұл жолда «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы 96 жобаны қолға алып, оның 40-тан астамын агроөнеркәсібіне арнаған. Ал осыған дейінгі нәтижелі жобаларға «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин тоқталды.


«Ауыл шаруашылығында инновацияларды тиімді пайдалану» атты республикалық форумның «Байсерке Агро» холдингінде өтуінің де себебі бар. Өйткені, бұл көпсалалы ғылыми-өндірістік кешен – республикамыздағы ауылшаруашылық секторларын дамытудың көш басында тұр. Ең алдыңғы қатарлы әлемдік технологиялар тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Бұл туралы агрохолдингтің 15 жылдан бері ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әбдімов айтты. 


«Байсерке Агро» көпсалалы кешенінің теңгерімінде 10 000 га егістік жер бар, оның 550 гектарында жерасты тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Осы бағытта Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтымен де тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, ауылшаруашылық дақылдарын бүрку техникаларымен емдеу және суару жүйесінде де инновациялық тәсілдерді қолданады. Зерттеу институтының маманы Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, ақылды технологиялар қолдану жұмыс сапасын арттырып, уақытты үнемдейді. 

Форумға қатысушылар егістікті қазіргі заманғы топырақ асты суғару жүйелерін, роботталған сүт кешенін, асыл тұқымды ет және сүт бағытындағы сиырларды, қой мен жылқының тұқымдарын, өсімдікті биологиялық жолмен қорғау жүйелерін және басқа да ауыл шаруашылығындағы инновациялық жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болды. Тәжірибе алмасу алаңына Түркістан облысы, Арыс ауданы,  Дермене елдімекенінен «Абзал» шаруа қожалығының төрағасы Ержігіт Бақдәулетов те арнайы келген.

«Байсерке Агро» холдингінде өткен семинар шеңберінде ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуда ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжатқа Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» ауыл шаруашылығы холдингінің басшысы Темірхан Досмұхамбетов пен «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев қол қойды. Ауыл шаруашылығын жаңғыртудың негізі – инновацияда екендігі жан-жақты сөз болған шара, өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеттің үйлесімді пайдалану туралы келіссөздермен аяқталды.