Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 млн адамды құрайды

Жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 млн адамды құрайды

«Халықаралық еңбек ұйымы» ұсынған ақпаратқа сәйкес, соңғы 20 жылда әлемде жастар саны 139 млн адамға артқан. Бұл туралы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың баяндамасында кеңінен айтылды. 

Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасының жобасымен таныстырған министр, біздің елде жұмыссыз жастардың саны жыл сайын кеміп келетінін тілге тиек етті. Оған мысал, 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6%-ды құраса, биылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздық деңгейі 7,7%-ға дейін төмендеді. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеу көрсеткішін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те растап, 2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2%-дан 2017 жылы 3,8%-ға дейін кемігенін жеткізді.

Оның айтуынша, осындай нәтижеге қол жеткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! (Серпін)» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар мұрындық болып отыр. Мысалы, 2014 жылдан бастап іске асырылып келетін «Серпін» жобасы аясында 9 облыстағы 26 жоғары оқу орындарында 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алуда. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және де көп балалы отбасылардан шыққан балалар аталған жоба арқылы өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр.

Бұған қоса, өткен жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54%-ға дейін көбейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова өз баяндамасында 2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды құрайтынын жеткізді.

Бұл дегеніміз бүгінгі күні 82,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеліп отыр. Ал, жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны 2,1 млн адам. Оның ішінде 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер болса, 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Еліміздегі жастардың 36%-ы жоғары білім, 39%-ы арнайы орта білім алған. Ал, қалған 25% негізгі білім алған жастарға тиесілі болып отыр. Бүгінгі күнгі көрсеткіш бойынша елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады.