Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ат тергеу – келін әдебі

Ат тергеу – келін әдебі

Қазақ ғұрпында жасы кіші адамдардың өзінен үлкен кісілердің атын атауы өте əбестік саналады. Əсіресе, жаңа түскен келіндердің үлкен адамдар мен ата-ене, қайнаға, қайын бике, қайын сіңлі, қайын іні жəне абысындарының атын атауын тəрбиесіздік, көргенсіздік, тексіздік деп есептейтіндіктен, олар ат тергеп, қайын жұртының үлкен-кішілеріне түгел ат қойып алуы шарт.

Жас келіндердің ат тергеп, ат қоюы – олардың үлкендерге деген кісілік құрметін əйгілесе, тағы бір жағынан, олардың тапқырлығын, зеректігін, зерделілігін байқататын үлкен сын болғандықтан, келіннің ат қоюына қарап, ауыл адамдары оның ақыл-ой, білім деңгейі мен зейін-зердесін бағамдайды. Сол себепті, жас келін өзі атын тергейтін адамдарының жасына, білім деңгейіне, беделіне, ерекшеліктеріне, мінез-құлқына, түр-тұрпатына қарай ат қояды. Мысалы, ата-енелері ауыл ақсақалы, ақылшысы болса, онда «би ата», «молда ата», «үлкен апа», «емші апа», «ісмер əже», «би əже» деп ат қояды.

Ал, қайнаға, қайын бикелерінің мінез-құлқына, кескін-келбетіне, кəсібіне қарай, «мырза аға», «молда аға», «саятшы аға», «ұста аға», «үлкен жеңеше», «ақ жеңеше» деп ат қойса, қайын іні, қайын сіңлілеріне: «мырза жігіт», «ерке төре», «тентегім», «шырайлым», «еркем» деген сияқты жарасымдыда жағымды аттар қояды. Тəрбиелі, ибалы келіндер өз күйеуін де құрметтеп, атын атамай, «сіз» деп сөйлеп, біреу күйеуінің атын сұраса, баласының атын айтып «пəленнің əкесі» деп отырады. Тіпті, өзі келін болып түскен руы мен ауылының да атын атамай, «үлкен ауыл», «би атамның ауылы»,«үлкен үй» деген сияқты жанама аттармен атаған. 

Ат тергеп, ат қоюға келгенде қазақ келіндерінің тапқырлығы мен шешендігі сонша, оларды қанша жаңылдырамын десең де жаңылмайды, қанша сүріндіремін десең де сүрінбейді. Мысалы, ағайынды Қойлыбай ,Бөрібай, Қайрақбай, Қамысбай, Өзенбай, Пышақбай деген алты кісінің келіні суатқа су алғалы барғанда, өзеннің арғы жағындағы қамыс ішінде қойларына қасқыр шапқанын көріп қалып, Сұлубай деген қойшы балаға айқайлап:

– Əй, Сұлубай! Сарқыраманың арғы жағындағы сылдырамада ұлыма маңырамаға шауып жатыр. Шамасы, бірнеше маңыраманы жайратып салды. Сен дереу жаныма мен білемені алып тез бар! – деп, алты атасының бірде-бірінің атына соқпай, қойшы балаға өз ойын қасқағым да толық жеткізеді.

Жас келіндердің үлкен кісілер мен құрметті адамдардың атын тергеп, оларға ат қоюы басқалардың келінге деген туыстық, жақындық, жанашырлық сүйіспеншілігін арттырып, келіннің қоғамдық қарым-қатынасын жақсартып, өрісін кеңейтеді. Келінді əдепті, ибалы, арлы, адал болуға баулып, адамгершілікке, ізгілікке, кеңпейілді, кешірімділікке, үлгілі, өнегелі болуға дағдыландырады, əрі ақыл-ойын кеңейтіп, зейін-зердесін арттырып, тапқырлыққа, сергектікке, сезімталдыққа жететейді.



Ақпарат Айып Нүсіпоқасұлының "Тал бесіктен жер бесікке дейін" кітабынан алынды.

Сурет islam.kz сайтынан алынды.