Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Екі жыл күткен медаль

Екі жыл күткен медаль

Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Денис Улановқа 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ауыр атлетиканың үздіктері жиналған дүбірлі додада қазақстандық зілтемірші алдыңғы қатардан көріне білді. Қазақстандық зілтеміршіге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның өзі қола жүлдені табыстады. Дениске Олимпиада жүлдесі екі жылдан кейін бұйырып отыр. 

Риодағы Олимпиада ойындарында Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреген еді. Қоссайыс қорытындысы бойынша біздің спортшы 390 келіні еңсерді. Румыниялық Габриель Синкарян да дәл осы нәтижені тіркеген. Алайда, салмағының жеңілдігіне байланысты қола жүлде Синкарянның қоржынында кеткен. 

Кейін Синкарянның Олимпиада ойындарында тапсырған допинг сынамасы теріс нәтиже бергені анықталды. Румын атлеті спорттан шеттетіліп, оның Олимпиададағы көрсеткіші жоққа шықты. Осылайша, қола медаль ресми түрде Денис Улановқа табысталды. 

«Бұл жүлдені тұтастай екі жыл күттім. Әрине, Олимпиада тұғырында тұрғандай сезім болған жоқ. Десе де, бұл сәтті де жақсы орайластырып, еліміздің туын көкке көтерді. Мұның бәрі жақсы әсер қалдырды.Қола медаль алғаныма енді сене бастадым. Барлық тексеру аяқталып, жүлдеге қол жетті. Ұйымдастырушылар медальді қай кезде алғым келетінін сұрап хат жазған. Бірден әлем чемпионатында табыстағанын қаладым. Еліміздегі спортты дамытуға қосқан үлесі үшін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Спортшыларға үлкен мүмкіндік сыйлаған ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен біздің федерациямыздың басшысы Жанат Түсіпбековке де алғысым зор. Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес»,-дейді Уланов.  


Ашхабадтағы әлемдік сында Уланов 89 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, В тобында өнер көрсетті. Жарақатына қарамастан 352 келіні көтерген жерлесіміз жалпы есепте 14-орынға тұрақтады.  

Ол 2020 жылғы Олимпиада ойындарының фавориттері қатарында.