Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мирас Асан: «Қазір көзбен оқылатын поэзия керек»

Мирас Асан: «Қазір көзбен оқылатын поэзия керек»

«Егемен Қазақстан» газеті білім және әлеумет бөлімінің меңгерушісі, ақын Мирас Асан Шалқар радиосындағы «Таңжырақ» бағдарламасына келіп, сұхбат берді.  

Кітаптың атауын қалай таңдадыңыз?

Кітаптың атауын таңдауда біраз ойландым. Хакім Абай «Күйесің, жүрек, күйесің» десе, мен «Сүйесің, жүрек, сүйесің» деп алдым. Бұл шешімім арқылы Абайға сүйенгім келді, оған құрмет көрсеткім келді. Себебі, біздің темірқазығымыз ол – Абай. Мәселен, Абайдың сөзін негізге ала отырып жарық көрген Тұрсын Жұртбайдың «Сүйесің, жүрек, күйесің», Мұзафар Әлімбаевтың «Айттым сәлем», Ғабиден Құлахметовтың «Көзімнің қарасы» атты кітаптары бар.

Кітаптың тұсаукесері туралы айтсаңыз?

Кітаптың тұсаукесері Алматыда өтті. Ол жазушы Арман Әлмәнбеттің «Мұқаба» баспасында дайындалып, қапталып-түптеліп шықты. Алдағы уақытта Астана мен Қарағандыда да кітаптың таныстырылымын өткізу жоспары бар.

Соңғы раушан», «Бекзат» деген кітаптарыңыз жарық көрді. Бұл кітап несімен ерекше?

«Соңғы раушан» кітабы шыққан кезде бір ақын ағамыз: «Кез келген ақынның бірінші кітабында еліктеу, солықтау, ет пен терінің арасындағы желігі болады, оң-солын таниды, бағыт-бағдарын айқындайды. Сондықтан да, әрбір ақынның екінші кітабы ол бірінші кітабы болып есептеледі» деп айтып еді. Сол себепті мен бұл кітапты екінші кітап деп есептеймін.

Кітапты 1000 тиражбен заманауи үлгіде, бәсекеге қабілетті етіп шығардық. «Мұқаба» баспасымен ақылдаса отырып, кітапты баспаға дайындау жұмыстарын есептей келе, сондай-ақ, өз қаражатыма шыққанын ескеріп кітаптың сатылымға шыққанын қаладым. Кітап жақын арада «Меломан» және «Қазына» кітап дүкендерінде сатылымға шығады. Бізде кітапты тегін бере салу үрдісі қалыптасқан, ал, тегін дүниенің қадірі кем болады. Бұл өлеңді сату емес, бұл еңбекті бағалау.

Мирас, осыдан 4 жылын бұрынғы сұхбатыңызда: «Қазір бізге көзбен оқылатын поэзия керек, себебі, құлақпен естігенге бәрі жақсы» деген екенсіз. Әлі де сол пікірдесіз бе?

Иә, әлі де сол пікірдемін. Бізге интелектуалды поэзия керек. Бүгінгі ақындар ақырындап соған келе жатыр деп айтуға болады және олардың ішінде өзім де бармын. Өлеңді құры судыратып оқып, оның тереңін түйсіне алмасақ, шыңына шықпасақ, көзбен оқылатын поэзияға жетуіміз қиын болмақ. Теңіздің де астында әртүрлі ағыстар бар, сол секілді поэзияның да бірнеше қабатына бойлай алуымыз керек.

Өлеңнің мән-мағынасына үңілмей, ұйқасы түзу болса болды соны поэзия қатарына қоса беретін дәрежеге жеткендейміз бе, қалай?

Бір қарағанда төрт құбылысы тең, буын-ырғағы дұрыс келген, ешқандай мін таппайтын туындылардың барлығын өлең деп айтуға болмас. Поэзия дегеніміз – кез келген адам түсіне бермейтін, айналамызда болып жатқан тылсым құбылыстарды өлеңге айналдыру. Өлең – сыртқы формасы емес ішкі мазмұны жағынан терең болуы керек. Біз сыртқы форманы жасап болдық, қазір әртүрлі қалыпқа салып жаза беруге болады, алайда, оның барлығы өлең емес. Жалпы ақынның өзі дұрыс болса, оның сөзі де дұрыс болады деп ойлаймын.

Жарыңыз Жадыра Байбұланова да ақын. Екеуіңізге шабыт бір уақытта келген жағдайда не істейсіздер? Осындай жағдайлар бола ма?

Мұндай жағдай болса да біз оны аңғармаған шығармыз. Ақын іштегі шер-шерменін, шаттығын ақ қағазға төгіп, өлең жазған сәтте ғана ақын, басқа уақытта ол өзгелер секілді күнделікті тұрмыс-тіршіліктің қамымен жүретін жан. Ал жалпы өлең деген өмір бойы ішіңде жазылып жүреді. Негізі өлең маған келеді деу қате пікір, себебі, біз өлеңге өзіміз бару керекпіз. Поэзияның жолында шын ықылас-пейіліңмен еңбек етіп, арнайы уақыт бөліп тер төкпесең өлең саған келмейді, өлең өз биігінде тұра береді.

Әр ақынның шығармашылығына бет-бұрыс алып келетін айрықша өлеңі болады. Ал Мирас Асан деген есімді айшықтай түскен өлең «Соңғы раушан» болды ғой?

Иә, «Соңғы раушан» менің брэндім болды. Мені поэзия әлемімен таныстырған да осы туынды. Бірінші кітабімнің атын «Соңғы раушан» деп қойғанымда «сіздің киесі деген бар ғой, қорықпайсың ба» деген пікір айтқандар да болды. Алайда, ол ойымнан қайтпадым. Мені шығарған осы өлең болғандықтан, мен де оған қиянат жасамайын деп шештім. Мұң, нәзіктік сынды сезімдер әдемі үйлесім тапқан ол өлең менің екінші есімім секілді.

Ақындар әлі қозғамаған тақырыптар бар ма?

Ондай тақырыптар бар. Мәселен, мұхиттай үлкен Алаш тақырыбы. Біз бұл тақырыптың тек жағасын шолып жүрміз. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхан жайлы көркем шығарма жоқ, Ахмет Байтұрсынұлы туралы да жазылған туынды жоқ. Менің Әлихан Бөкейхан жайлы көркем шығарма жазсам деген өмірлік мұратым бар. Осы бағытта іштей дайындалып, ізденіп жүрмін, тіпті, жөн-жобасын да жазып қойдым.