Шерхан Мұртазаның «Алтын қордағы» дауысы

Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық.
Бұл Қазақ радиосындағы «Дәуір үні» хабарынан үні тыңдарманға жол тартқан Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртазаның сөзі.
Елбасы көңіл айту жеделхатында: «Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды»,-деп жазды. Расында да, Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді.
«Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл, - десек, біз қазіргі күні қазақ тілінің қасиетін толық ұғынып жүрміз бе? Бүгінде, жабайы жалғауларды жамап, тұрпайы да, сөлі қашқан сөздерді теліп ана тілдің өзегіне құрт жіберіп алдық па деп қорқамын. Даланың алуан түрлі әуезін әдемі жеткізетін сұлу да сұңғыла тілдің өзіне тән керемет құдіретін әлсіретіп барамыз. Қазақ тілі – ұлтымыздың өзіндік бейнесін анықтайтын, рухани келбетін көрсететін төлқұжаты екенін ұмытпауымыз керек. Жалпы, қазақ тілінің бұлжымайтын, берік те қатаң заңдылықтарға негізделген ішкі құрылымы бар. Бүгінгі мақсатымыз сол құрылымды жоғалтып алмау»,- деген екен Шерағаң.
Шерхан Мұртазаның даусын хабардың аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.