Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тұмар сыры тереңде

Тұмар сыры тереңде

Тұмар - зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды деп сенген қазақтың ежелден келе жатқан бұйымы. Тұмар сөзінің этимологиясы көне түркі тума және йер тіркесінен "туған жер" мағынасын береді. Яғни, көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын салып жүрген. Ислам дінінің әсерімен, тұмарға туған жердің топырағын салу ығыстырылап, орнына Құран аяттары жазылған қағаз салу белең алған. Тұмарды әдетте діни ғұламаларға жаздырып алып, былғарымен қаптап, бойға тағып жүреді.

Тұмар – мойынға слатын зергерлік әшекейі бұйымның бір түрі ретінде де белгілі. Тұмар түрлері әшекейлер сияқты сонау палеолит дәуірінен пайда болған. Ол кездегі адамдар аңдардың тістерінен, сүйектерінен сақина, моншақтар жасаған. Бұл заттар иесіне аңның ептілігі мен айласын береді. Өрнектері де сол наным-сенімге байланысты болған. 

Сақтар заманында моншақ тастар, жылаңбас, ұлу қабыршақтары тұмар ретінде тағылғын, өйткені археологиялық қазба жұмысын жүргізген кезде олардың табылатындығы көңіл аудартады. Қолөнері дами келе қасиетті саналатын құстардың, жан-жануарлардың бейнесін тұмар ретінде ағаштан, сүйектен, металдардан жасап таққан. Отырар қаласының орнын қазу кезінде табылған бой тұмарларға зер салсақ, олар серке, аққу, қаз тәрізді, жылан басының бейнесі бар бойтұмарлар. Сол сияқты қасқырдың азу тісін, киіктің бақайшағын, қойдың асығын, құс сүйектерін де тұмар етіп таққан.

Қазақтар тұмарды көбінесе ұшбұрыш, төртбұрыш етіп жасаған (күміспен күптеліп, алтын жалатылып, асыл тастар тізген металл қорапшамен қаптаған). Ішіне молданың қағазға жазған дұғасы, ұлутас, үкі қауырсынын салған. 

Тұмарды тек әшекей ретінде ғана емес, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, көз тиюден сақтайды деген түсінік бойынша таққан. Оларды түсті метлдардан, немесе терілерден ұшбырыштап немесе қиықшалап жасап, сыртын өрнектеп, асыл тастардан көз салып әшекелейлеген. Оны көбінесе адамға, әсіресе жас балаға көздің сұғынан, тілдің уынан сақтайды деп таққан. Осындай тұмарлар адам бойына қуат беріп, көңіліне сенім тудырған. Тұмар рөлін атқарған әдемі алқалар да болған.

Халқымыз малдың да көп ауруы көз тиюден болады деп есептеген. Көз тимеу үшін жаңа туған ботаға, жүйрік атқа, сүтті көп беретін сиырға түрлі тұмар тағу әдеті күні бүгінге дейін сақталып келеді.

Тілімізде тұмар түрлеріне байланысты қалыптасқан мынадай атаулар бар:

• Жастық тұмар – төртбұрышты түсті металдан жасалған көркемдік бұйым.

• Қиық тұмар – сәндікке мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар.

• Лағыл тұмар – лағыл таспен безендірілген тұмар.

• Сіркелкі қолтық тұмар – бетіне сіркеліп өрнек салынған тұмар.

• Алтын тұмар – күміс бетіне алтын жалатқан, алтынмен әшекейленген тұмар.

Мойынға тағып жүретін бір түрін тұмарша деп те атаған. Оны шебер зергерлер күмістен не бұрыштап, не жұмыр түтікше тәрізді жасайды және мойынға іліп жүретін әсем бау таққан. Бұлардың іші қуыс болады, онда дұға сақтаған. Тұмаршалардың «қасиетіне» табынған жұрт оны күмістен жасатып, сыртына неше түрлі зер жүргізіп, алтынмен аптаған.