Мұрыннан аққан су құлақтан да ақса не істеу керек?

Қазақ атам «Құлақ естігенді – көз көреді» дейді. Бірақ, көз көргенді құлақ естімесе, оның адамға қалай әсері ететіні айтпаса да түсінікті. Құлақ, мұрын, тамақ бір-бірімен байланыста болғандықтан бірі ауырып бастаса, міндетті түрде екіншісіне әсер етеді.
Қазақ радиосындағы «Бірінші байлық» хабарына хабарласқан тыңдарман келген қонаққа: «2 жасқа келген баламның мұрнынан аққан сұйықтық құлағынан да ағады, Не істесем болады?»,- деп сауал жолдады.
Хабар қонақтары – Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасының бет-жақ хирургі Нұржан Ақтасов пен балалардың отоларинголог дәрігері Фархат Бүркітбаев тыңдарманның сауалына өз жауаптарын айтты.
«Құлақ, мұрын, тамақ ауруларына келетін болсақ, мұнда балалар мен ересектер арасында белгілі бір ерекшелік бар. Кішкентай балалардың анатомиясында құлақ, мұрын, тамақ өте тығыз байланысты. Себебі мұрын мен құлақты байланыстырып тұратын есту түтікшесі болады. Ол кішкентай балаларда қысқа және кең болып келеді. Сондықтан балаға инфекция тиіп, мұрнынан су ақса, ол құлаққа да өтіп кетуі мүмкін. Ал, үлкендерде бұл аралық жетілген. Сол себепті баланың құлағынан су ағатын болса, бірінші мұрынды емдеу керек. Егер, мұрын таза болса, құлақ та таза болады», - дейді мамандар.
Хабардың аудионұсқасынан толық сұхбатты тыңдай аласыз.