Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Қар барысы» ұшағы алғашқы рейсін Астана - Алматы бағытында орындайды

Ұшақ әуеге бүгін сағат 14:15 көтеріледі. Рейс нөмірі 8520. Борттағы барлық жолаушыларға осы лайнер макеті сыйлыққа беріледі.  

«Air Astana» әуекомпаниясы ұшақтар санын арттырды. Осы айда әуе паркіне бразилиялық Embraer E-Jet E2 жаңартылған ұшағы алынды. Оның ерекшелігі – ұшақтың тұмсығында қар барысының суреті бейнеленген. Embraer E-Jet E2 әуе кемесінің E175-E2, E190-E2, E195-E2 сынды 3 лайнері бар. Жаңадан алынған E-Jet E2 ұшағында 108 орын бар. Орташа қашықтыққа ұшатын бұл ұшақты бразилиялық «Embraer» компаниясы жаңартып, жетілдіріп шығарған. Ұшақтың қанаты ұзартылған әрі аэродинамикасы жетілдірілген, борт жабдықтары жаңартылған. Болашақта «Air Astana» бразилиялықтардан дәл осындай 5 ұшақ сатып алады. 

«Air Astana» осы ұшақ үлгісін ТМД бойынша алғаш пайдаланған ел. Жаңа әуекемелер 2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан ұшақтарды кезең-кезеңімен ауыстырмақ. Embraer Е190-E2 Қазақстан ішінде, Ресейге, Орталық Азияға, Кавказға және Қытайға қатынайды.  

«Air Astana» АҚ президенті Питер Фостер жиында бұл ұшақты жолаушылар үшін тиімді әрі ыңғайлы екендігін жеткізді. Біз «Embraer» реактивті әуе кемелерінің артықшылықтарын білеміз. Жаңа ұшақтар үнемді әрі қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Жаңа ұшақтың жолаушыларымыз үшін жайлы болатынына сенімдіміз»,- деді Питер Фостер.  

Бүгінде Қазақстан Республикасының әуе тасымалының ішкі нарығында «Air Astana», «SCAT», «Bek Air», «Qazaq Air», «Жезказган-Эйр», «Жетісу», «Южное небо» сияқты 7 қазақстандық әуе компания жұмыс істейді. 

Ішкі нарықтағы халық ең көп ұшатын әуе бағыты Алматы - Астана - Алматы. Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компания («Air Astana», «SCAT», «Bek Air», «Qazaq Air») аптасына 274 рейс орындайды. Орташа есеппен Астанадан Алматыға және кері бағытта ұшуға болатын күнделікті 19 рейс бар. 

Халық көп ұшатын екінші рейс Алматы - Шымкент - Алматы бағытында. Бұл маршрут бойынша екі бағытқа 4 әуе компания («Air Astana», «SCAT», «Bek Air», «Qazaq Air») аптасына жиілігі 62 рейс орындайды.   

Үшінші орында Астана – Шымкент – Астана маршруты. Бұл бағытта 3 әуе компания «Air Astana», «SCAT», «Bek Air») аптасына жиілігі 60 рейс орындайды.   

P.S. 

Қазақ халқы ежелден барыстың тектілігін, батылдығын, айлалылығын ерекше бағалаған. Дәстүрлі жыл санауымыздың үшінші жылы – Барыс. Барыс Алматы, Астана қалаларының төлтаңбаларында бейнеленген. Соңғы тараған ақпарат бойынша Іле-Алатауы ұлттық табиғи саябағын 130 барыс мекен етеді.

Ақпарат беруші «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі Жаңалықтар қызметінің журналисі Ләззат Ноғайбай.