Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңа жылда жаңа қадамдар

Жаңа жылда жаңа қадамдар

«Уақытты өлтіру үшін көздеудің де қажеті жоқ» дейді екен. Әне-міне дегенше тағы бір жыл тарих қойнауына сүңгіді. Атқан таңын арайға балаған қазақ елі өткен күнге өкпе артпаған. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жақсылық пен жақсы үміттің барлығын алдан күткен. Іргемізден енген жаңа жыл жанға шуақ сыйлайтын жарқын шақтардың жаршысы болғай. Сонымен, 2019 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?  

Ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мыңға дейін өседі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ең төменгі жалақының мөлшерін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл арқылы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен 1,3 миллион қазақстандықтың кірісі өседі. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі.

Мемлекеттік қызметтің 80 пайызы электронды форматта көрсетіледі. Президент 2018 жылдың 5 қазанында жариялаған Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, 2020 жылы 90 пайызын электронды форматқа көшіруді тапсырды. Қазір республикалық мемлкеттік қызметтер реестрінде 741 қызмет болса, оның 598-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Ал электрондық үкімет порталында 454 қызметке қол жеткізуге болады. Биыл халықтың уақытын үнемдеп, «бір терезе» қағидаты, электронды қызметтер бағытын тиімді дамыту үшін цифрлық қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20%-ға көбейеді. Осыған орай бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінеді. Барлық емхана мен ауруханада медициналық құжаттар цифрлық нұсқада жүргізілетін болады. Бұл өзгеріс 2020 жылға қарай Қазақстан тұрғындарының электронды денсаулық паспортын жасауға, ұзақ-сонар кезектерді жоюға септігін тигізеді.

Жаңа жылдың 1 қыркүйегінен бастап 90 мың мұғалімнің жалақысы артады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңесте айтты. Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 205 мыңнан астам мұғалімнің еңбекақысы 30 пайызға өскен еді.

Мемлекетке 340 миллиард теңге қарызы бар 90 мың кәсіпкерге салық амнистиясы жүргізіледі. Былтырғы жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда мемлекет бизнесменнің бүкіл өсімақы мен айыппұлын жоюға міндеттелді. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, ведомство 130 миллиард теңгені шығындауды жоспарлап отыр: 123 миллиард теңге – өсімақы, 7,3 миллиард теңге – айыппұл.

Әйелдердің зейнет жасы 59 жасқа дейін ұлғайды. Бірнеше жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғаяды. Сонымен, 2018 жылы 1 қаңтарда зейнет жасын арттырудың бірінші кезеңі болды – 58,5 жас. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарында екінші кезеңі жүзеге асты – 59 жас. Осылайша, 2027 жылы қазақстандық әйелдер зейнетке 63 жасында шығатын болады.

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі — 16 037 теңге. Бұл көрсеткіш 2018 жылы – 15 274 теңге, ал 2017 жылы – 12 802 теңгені құраған.

Ең төменгі зейнетақы көлемі 36 108 теңге болады. Ал 2018 жылы ең төменгі зейнетақы көлемі – 33 745 теңге, 2017 жылы – 28 148 теңге болған.

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласы үшін жаңа тарифтік әдіснама енгізіледі, сөйтіп, электр жарығы мен тауарлық газ тарифтері төмендейді. Осыған сәйкес, қазақстандықтар электр құнын 25 пайызға төмендетілген тарифпен төлейтін болады. Бұдан бөлек, жылу, су, кәріз, мобильдік байланыс пен интернет тарифтері де арзандайды.

Жаңа жылда 16 жасқа дейінгі балалардың шетелге шыққанда жеке төлқұжаты болуы міндеттеледі. Әлемдік төлқұжат-визалық бақылау қауымдастығы талаптарының күшейтілуіне байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Себебі – терроризм мен экстремизм қаупінің артуы.

Техникалық төлқұжаттың жаңа үлгісі енгізіледі. Ол кредиттік карта көлемімен бірдей, чипі бар, жүргізуші куәлігі мен жеке куәлікке ұқсайды. Бірақ, ескі техникалық паспортты тез арада ауыстырудың қажеті жоқ, себебі жаңа жылға дейін берілген құжаттар көлікті қайта тіркегенше күшін жоймайды.

Қазақстанда жаңа жылдан бастап автокөлік иелері үшін онлайн сақтандыру енгізіледі. Сақтандыру құжатын өзіңмен алып жүру міндетті емес. Жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт) болса жеткілікті. Сақтандыру полисі жоқ жүргізушілерге айыппұл салынбайды. Дәстүрлі сақтандыруды электронды форматқа көшіру де техникалық паспорт сияқты біртіндеп жүргізіледі.

Еңбек кітапшалары электронды болады. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар біртіндеп электронды еңбек кітапшасын қолдана бастайды.

Сурет kaztag.kz сайтынан алынды.