Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңа жылға жаңа леппен

Жаңа жылға жаңа леппен

Бүгін «Қазмедиа» орталығында «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі 2019 жылға арналған стратегиялық даму жоспарын көпшілік назарына ұсынды.

«Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мұқанметжанұлы Нұрымжанов қатысқан жиналыс барысында 4 радио: «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» және «Classic» радиоларының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері, қоғамдағы орны, мәдениет пен өркениет, ұрпақтар сабақтастығына қосқан үлесі мен бағыт-бағдары айтылды.


Қазақ радиосының директоры Серік Әбдуәлі «Қазақтың рухани тірегі», «Ұлттың үнжариясы» атанған, тарихы сонау 1921 жылдан бастау алған радионың алдағы жоспарларымен бөлісті. Осы жылы тыңдаушыларға 10 жаңа бағдарлама ұсынылатынын, оның 8-і келесі аптадан бастап эфирге шығатынын мәлімдеді. Ұлан-байтақ еліміздің 88 пайызын қамтитын Қазақ радиосының тың жобаларына тоқталсақ:

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы көпшілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңалықтарынан бастап барлық жаңашылдықтармен таныстырса, «Өнер алаңы» мен «Әдебиет әлемі» мәдени-танымдық хабарлары тыңдаушылар үшін құнды жәдігерге айналады.


Тарихи терең сыры мен жыры бар, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үніне пара-пар «Шалқар» радиосы да жаңа жылда қолға алынар жобаларымен таныстырды. Аталған радио директорының міндетін атқарушы Мұхтар Тұртайұлы өз сөзінде 5 жаңа хабардың дайындалып жатқанын, соның ішінде «Дала фольклорының антологиясы» хабары жыл басынан тыңдаушыларға жол тартқанын айтып өтті. Жастар жылында еліміздің бар аумағының өнерлі өрендерін халыққа паш ететін «Біз жанбасақ...» хабары, аға буын өкілдерінің құлақ құрышын қандырып, жастардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттыратын «Сағындырған әндер-ай!» және «Көне дәуір күмбірі» хабарларын жақын уақытта эфирден берілетінін айтты.


Сонымен қатар, 20 жылдық тарихы бар, Елордамен бірге қарыштап дамып келе жатқан Астана радиосының бұл үрдістен қалыс қалмағаны хақ. Жаңа маусымда тың жобалары мен жаңа бағдарламалары тыңдаушыларға ұсынылатын радио – Астана тұрғындарына арналған іс-шаралар тізбегін жыл бойы атқаруды да жоспарлап отыр.


Өзіндік бағыты айқын, классикалық музыка әлемін қазақ жұртына таныстырып жүрген бірден-бір радио – «Classic» радиосы біршама игі істі қолға алып, жақын арада Қарағанды, Шымкент қалаларында хабар тарататыны жайлы айтты.


Сөз соңында «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас директоры Құрманбек Жұмағали «Ғасырлық тарихы бар «Қазақ радиоларын» 86 қала, 175 аудан, 7000 елдімекен тыңдайды. Тұрғындарды қамту жағынан біз алдыңғы қатарда келеміз. Мысалы, Қазақ радиосын халықтың 88%-ы, ал Шалқарды 61%-ы тыңдай алады. Бұл көрсеткіш бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан біз өз тыңдармандарымызға шынайы ақпарат таратып, мәдени-ағартушылық бағытта сапалы бағдарламалар ұсынуды жалғастыруымыз тиіс», - деді.

Одан бөлек, контент сапасын арттыру, материалдық-техникалық инфрақұрылымды дамыту, имидждік жобалар мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру маңыздылығын қадап айтты және 9 қаңтардан бастап «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» радиолары тұрақты түрде YouTube және Facebook желісі арқылы радиохабарларды видеоформатта ұсынатынын мәлімдеді.

Құрметті радиотыңдаушы, алдағы уақытта 4 радионың жағымды жаңалықтары мен жаңа бағдарламарын тыңдай жүріңіз!