Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Амангелді Мұқан: Фестивальдік форматқа жатпайтын қойылымдар да бәйге алып жүр

Амангелді Мұқан: Фестивальдік форматқа жатпайтын қойылымдар да бәйге алып жүр

«Өнерді сүймеген елдің, өнегесі өрге баспайды» дейді халқымыз. Қазақ өнері оның ішінде театр, кино, опера салалары жыл сайын қанат жайып, әлемдік үлкен сахналарға қадам басуда. «Өнер алаңы» хабары сахна сыртында жүріп, еселі қызмет етіп жүрген майталмандардың еңбегін назардан тыс қалдырмайды. Хабар қонағы - М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі Амангелді Мұқан. 

- Елордамызда әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклі қазақ тілінде орындалды. Оны Сіз бен біз бірге тамашаладық. Алған әсеріміз өте мол. Бұл француз-канадалық айтулы мюзиклдің аударылған оныншы тілі қазақ тілі боп отыр. Бұл қазақ мәдениеті үшін үлкен мәртебе. Әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған «Notre Dame de Paris» мюзиклі - Гиннестің рекордтар кітабына енген озық туынды. Театртанушы ретінде Сіз қалай қабылдадыңыз?

- Әлемдік деңгейдегі жиырма жылдық тарихы бар бұл қойылым қазақ көреремені үшін жаңа қойылым деп есептеймін. Әрине, Лондонда, Парижде, одан да үлкен қалаларда сан жылдардан бері жүріп келсе де, бұл қойылымды қазақ тілінде көру біз үшін үлкен жаңалық деп айтуға болады. Көрермен қызығатындай етіп жасалған мықты қойылым деп топшыладым. Шығармашылық топтың мюзикл авторларымен тікелей жұмыс жасауы, театр әртістері үшін кәсібилігін шыңдап, өсуіне зор ықпалын тигізді. Авторлар қойылымның ең бастапқы қалпын сақтап, 20 жылдан бері еш шашау шығармай қайталанғанын қалайды. Қойылымның құпиясы мен танымал болуы да сондықтан. Автордың идеясын сақтай отырып, құқығын аяқасты етпеген. Бұл өте маңызды нәрсе. Қанша қаражат кеткенінен хабарсызбын. Десе де әлемге әйгілі топпен жұмыс жасауы біздің театр ұжымы үшін зор мәртебе. Бұл әртістеріміз, режиссер мен көрермендеріміз үшін үлкен олжа. Себебі, олар әлемдік деңгейдегі үлкен режиссураны көрді. Мюзикл деген шоу жанр. Оны музыкалық сауатың бар ма, жоқ па барлық көрерменге түсіне берді. Мысалы, операға арнайы дайындықпен келу керек деген түсінік болса, бұл жерге оның қажеті шамалы десек те болады. Жастарымыз қалай сүйсініп тамашалады. Бұл жерде жастарға қажетті ырғақ, жігер, қайрат бәрі де бар. Көрермен шаршамайды.

- Осы қойылымнан кейін біздің режиссерларымыз ойланып, шабыттанып, ұлттық мюзиклдар жазып қоятын шығар?! 

- Мен де солай ойлаймын. Осындай жақсы дүниелер кейін жалғасын табуы бек мүмкін. Мұнда асып бара жатқан драматургия бар деп айта алмаймын. Бұл шығарма 20 жылдан бері әр түрлі формада сахналанып келеді. Ал, осы нұсқа мықты композитор мен ақынның тандемінен туған, үндестік таба білген қойылым. Әрбір музыкалық бөлікте драматизм бар. Әрбір кейіпкердің көңіл-күйін білдіретін, әр түрлі мінезді әуені, интонациясы бар. Мысалы, «Ромео мен Джульеттадан» біздің «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» еш кем емес. Егер өзіміздің композиторлар осындай қойылымның формасын, композициялық тілін тауып, жастарды елітетін әуен жазып, драматургиясын қиыстырса, неге шығармасқа?! Бұл қойылымды автордың өзі «концерт» деп атайды. Себебі, қойылым 50 шақты әннен тұрады. Бізде де таланттар бар. Біз ешкімнен кем емеспіз. Осындай дүниелер таланттарымызға қозғау, шабыт береді деп сенемін. 

- Біздің әртістеріміздің де ән айту шеберлігі, шетелдік мамандардың ойынан шығуы бір үлкен жетістік болды деп ойлаймын. Сонымен қатар, дене қозғалысы, хореография көрермендердің бір сәт жайбарақаттыққа жібермей, уысында ұстап отыруы үлкен бір шеберлікті көрсетті. 

- Иә. Әртістер өте үлкен жұмыс жасады. Бірақ композиция, декорация, хореография, жарық, дыбыстың бәрі 20 жыл бұрын жасалған дүниелер. Ештеңе өзгерген жоқ. «Өзгертпейміз де!» - дейді олар. Маэстроға бірнеше рет сұрақ қойдым. Лондонда басқаша, Америкаға барғанда басқа редакция болды емес пе дегенімде, «олар- сәтсіз өткен қойылымдар. Біз жылдар бойы автордың негізгі идеясын ұстанып келе жатырмыз» ,- деді. Мұнда авторлық дәлдік сақталуы керек, себебі, негізгі идея сонда жатыр. Осы спектакль үшін арнайы келдім. Мысалы, Алматыдан көргенде мұндай әсер алмас едім. Себебі, декорация, жарық, дыбыс жағынан бәрібір өзгеріс болатынын сездім. Бізде гастрольге шыққанда тонна-тонна декорацияны бірге алып шықпайды. Сонда мен бүкіл картинаны толық көре алмайтын едім. Оған өзім авторларды көріп, көзім жетіп отыр. Профессионализм- барлық жерде басты рөлді ойнайды. Бұл интеллектуалды жұмыстың нәтижесі. Біздің олардан үйренетін нәрсеміз көп.

- Сыншы ретінде фестивальдерге үнемі қатысасыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, республикамыздың, әсіресе облыстық театрлардың деңгейі қай дәрежеде?  

- Қазіргі кезде біз театрлардың деңгейін фестивальдар арқылы бағалайтын күнге жеттік. Бұрын бір театрдың көркемдік деңгейін анықтау үшін, бірнеше спектакльдерін көріп, байқайтынбыз. Бұл күнде республикамызда фестивальдің саны өте көп. Сол байқаудан алған жүлделер санымен театрдың деңгейін анықтайтын болдық. Ал фестивальден үйрену, үздік деген қойылымын апару, өзін көрсету – мұның бәрі дұрыс. Бірақ, фестивальдік қозғалыс қаншалықты болып жатыр? Бұл туралы ойланатын жағдайлар бар. «Үздік әртіс», «Үздік режиссер», «Үздік спектакль» деп фестивальге келген 7-8 театр жүлдені теңдей бөліп алып кетеді, алмайтыны жоқ. Әйтеуір ұйымдастырушылар бәріне жүлдені үлестіріп береді. 

- Сонда қалай? Кімнің үздік екенін анықтай алмай қаласыздар ма? 

- Фестиваль болған соң «Ең үздік қойылым» деген бір жаңалық әкелсе, әртістер ойыны ерекше әрі драматургиясы жақсы болса, бір жаңа үн болса дейсің. Жоқ, ондай емес. Әйтеуір тапырақтап бәйгеге қосыла салу. Ол жерден жүлде ала ма, қатты сынала ма, оған қарамай не болса да алдарында сол фестивальге қатысу деген мақсат қана тұрады. Бұл деген үлкен проблема. Сонда қалай? Мұндай қойылымдарға жүлде беруге бола ма? Фестивальдік формат емес қой деген пікір айтқан кездерім болды. Фестивальдік формат емес, театрдың кассасын толтыруға арналған қойылымдарды алып келетіні қынжылтады.

- Қазақстанда 60-қа жуық театрлар бар. Жыл сайын облыстық театрларда көркемдік жетекшісі не болмаса театрдың режиссерлары өздері пьеса жазып, ортанқол дүниелерді қоя беретінін жиі байқаймын. Кәсіби драматургтеріміз қайда? Қыруар қаражат бөлгенде, неге дұрыс қойылымдар қоймайды? 

- Дұрыс айтасыз. Республикалық театрлардың ұстанған бағыты, өз миссиясы болуы керек. Мақсаты не? Халыққа қажетті нәрсе көрсету ме, әлде үкіметтің бөлген қаржысын жарату ма? Әлде заманның көшінен қалмай, қоғамда болып жатқан жағдайларға ой қосып, өзекті мәселелерді көтеру ме? Репертуарлық театрдың саясаты кеңестік дәуірден осылай қалыптасқан ғой. Театрдың қоғамға айтары болса, ол заманауи тірі театр. Театр екенбіз деп қолға түскен дүниелердің бәрін сахнаға шығара берсек, онда театрдың нақты ұстанымының жоқтығы. Мәдениет министрлігіне қарайтын 9-10 театр ғана. Қалған театрларыдың барлығы жергілікті әкімшілікке қарайды.Олар не айтады, соны қояды. Біз кейде жағдайымыз жақсы деп мақтанамыз. Ал кей облыстарда үш театр бір ғимаратта отырған жағдайлары бар. Театр ғимараты облыстағы сахнасы жағынан, техникалық жағынан дұрыс болған соң, барлық мерекелік іс-шараларды сонда өткізуге ниетті. Айналып келгенде репертуар құлдырап жатыр. Көрермен театр тұрақты жұмыс істеген кезде ғана үйренеді, тәрбиеленеді. Театр әрбір көрермені үшін күресу керек. Сонда аптасына ол театрлар кезектесіп, бір-екіден қойылым қойды делік және арасында әкімшіліктің іс-шаралары бар. Сонда олардың жұмысында еш береке болмайды.  

Одан бөлек жергілікті әкімшіліктің де қояр шарты бар. «Егер сіздер осы өлкенің бай тарихын, ұлы тұлғаларын дәріптемесеңіздер кімге жұмыс істеп жатсыздар?! Мысалы, сіздер тастан мүсін қойып, бәленбай атақты адамдарымыз бар дейсіздер. Қане, ол неге сахнадан көрсетілмейді?!» - деуі заңды. «Пьеса жазыңдар, роман, поэма жазыңдар» деп неше түрлі конкурстар ұйымдастырады. Ол да дұрыс. Барлық тарихта болған хандар, би-шешендер мен батырларды республикалық деңгейде үлкен театрлардың сахнасына алып шығу мүмкін емес. Бірақ, сол жазылған дүниелердің көркемдік деңгейі ақсап жатыр. Олар не істейді? Сол тұлға туралы деректерді жиып алып, рет-ретімен қойып, пьеса жазып шығады. Бір ғана мысал айтайын, Әкім Тарази ағаның мерейтойы өтті. Мен шығармашылығы туралы баяндама жасадым. Көптеген деректерді, мақалаларын оқып шықтым. Сол жерде Мұстафа Шоқай пьесасының жазылу тарихын баяндайды.

«Мұстафаның бүкіл өмірін, тарихтағы орнын, қайраткерлігін жаза берсем, ол телегей-теңіз дүние. Сол үшін оның кілтін табуға тырыстым. Мұстафа Шоқай Вильнетта қаласында он күн болған. Сонда немістер оны жақын жердегі өлім лагеріне апарып-әкеліп жүрген. Мен сол он күннің жетінші, сегізінші күндерінен бір-бір сағаттын ғана алдым. Сол екі күн арқылы оның барлық ғұмырын көрсеттім» дейді. Ал, бүкіл өмірін тізе берсеңіз, ол жай хронология болып шығар еді. Жоғарыдан «жаз» деп тапсырма келген соң, жанталасып есеп беру үшін жазылып, театрлар жүйесіз күй кешеді. Ал, сіз айтып отырған жағдай үнемі асығыс тапсырманың алдын-ала ойластырылмай, сүрініп-қабынып жазылып жатқасын осындай деңгейді көрсетеміз.

- Арнайы жастардың дайындықсыз бірден театр сыншысын, режиссерлықты оқыған дұрыс деп есептейсіз бе? 

- Меніңше, дұрыс емес. Бұл жерде үлкен оқу-білім қажет. Әрине, бакалаврдан да біраз нәрсе үйренесің. Бірақ, баланың өзі де жазу-сызуға икемі болуы керек. Ал оған тек жазу-сызуды меңгеру аздық етеді. Оны аналитикалық тұрғыдан талдау бар. Кез-келген шығарманы сын көзбен де қарай білуің керек. Тек сынап, қиратып тастау емес, оның жақсы жағын да жаман жағын да айыра білу де өнер. Яғни, көрермендер мен театрдың арасына алтын көпір бола білу сыншының міндеттерінің бірі. Тек «сынау» деп түсіну, ол үлкен қателік. Бұл мамандықтың қиындығы сол, олар сахнада өздерін көре алмайды. Бірақ, теориялық жағынан көп біледі. Ал, өзіңіз айтқандай актерлықты, режиссерлықты колледжден оқып келген бала болса, ол өте жақсы болар еді. Себебі, ол сахнаның дәмін татып, сахнаның артындағы барлық жайттардан хабары бар деген сөз. Дайын келеді. Төрт жыл тек мамандықпен айналысады. Мысалы, өзім консерваторияны бітіріп келіп, тапқандағы пайдам не болды? Менің курстастарым жалпы барлық сабақты оқып жатқанда мен тек мамандықпен ғана айналыстым. Қазіргі қиын мәселе балалардың мектеп бітіргенше мамандықты таңдай алмауы. Сол үшін ата-ана бар, ұстаздары бар баланың бейімін ерте жастан байқау керек. Және соған көмектесу керек.


Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан