Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Сағыныштың ақыны

Сағыныштың ақыны

«Сәуле-ғұмыр» хабары жақұт жырларымен оқырман жүрегінен өшпес орын алған поэзия пырағы Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналды.

Ақынның жырлары республикалық баспасөз беттерінде 1957 жылдан бастап жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды.

Жыр жинақтары:

* «Арман сапары» (1963)

* «Өмірге саяхат» (1965)

* «Құмдағы мұнаралар» (1968)

* «Мен саған ғашық едім» (1970)

* «Аманат» (1975)

* «Бір тойым бар» (1981)

* «Бақшаға саяхат» суреткітапшасы (1985)

Хабарда Төлеген Айбергеновтің таңдаулы жырлары мен ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.


Ана

Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,

Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға, 

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

***

О, адамдар, біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.

Сендер менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген.

Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,

Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.

Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп,

Рақатын ойлау үшін бір бастың.

Гүлстанға айналдырған тақырды,

Болат қолдар, алғыр милар ақылды,

Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді

Алар демім қалғанынша ақырғы.

Менің үшін бірдей тілің, жынысың,

Көбің ана, көбің аға-інісің.

Достық өскен, ерлік өскен ортаңа

Енген сайын кеңи түсер тынысым.

Не кездессе өздеріңмен көрмекпін

Қарапайым адамдары еңбектің!

Барлығын да бағыштар ем сендерге

Махаббатын маған берсе жер-көктің.

Қолыңнан қала тұрса тас қаланьіп,

Құдіретіңе табынса аспан алып.

Сен жасаған бақытты көріп тұрып,

Сені сүймеу не деген масқаралық.

Алдымнан көрген емес жол кесіліп,

Келемін демеуіңмен өрге шығып.

О, адамдар, ғапу ет, шалыс бассам,

Кешіріңдер, Менікі пендешілік.

***

Жолдар, жолдар...

Жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар,

Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар,

Қаламдаймын әлі мен ұшталмаған,

Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған,

Сын тақпасын дос түгіл дұшпан маған.

Қайғың болса тартайын тақсыретін,

Ғұмыр болса көрейін пәк суретін.

Пәк сүретін ғұмырға кез болайын,

Достар түгел көретін көз болайын,

Әйтеуір мен тынымсыз қозғалайын.

Қол қусырып өмірді құр өтпейін,

Реттейін, даңқ болсам жыр ет кейін.

Қулық болса, адалдық талап етем,

Бақыт болса Отансыз, ала бөтен

Ар-ұжданның алдында талақ етем.

Жолдар, жолдар, бастаңдар мені алысқа,

Мені алысқа бастаңдар, толы ағысқа.

Өткіз мені шөлдерден, баққа орайын,

Түн отындай жүйткиін, тоқтамайын.

Пәк едім мен, әлі де пәк болайын.

Гүл егін бар кеудемде, тілегім бар,

Таудан тірек, құздардан жүрегім бар.

Алысым бар жетпеген, парызым бар.

Қарызым бар, минутпен жарысым бар,

Кел, қиындық, менімен алысыңдар!

Қонып жүйрік мақсат пен қиял - атқа,

Ойнақтатып шығайын қияға аттап,

Баста, жолдар, жанға арман ұялат та!

Теңізді әкеп сен жаққан құям отқа,

Егер мені бастасаң қиянатқа!

***

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ... бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай:

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...

Сәбилерге ағаны үлгі етемін,

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.

Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,

Ақ көңілімен қуаныш бүртігіндей,

Омырауынан бір тәуір шайқап есіп,

Ажырасқанды жүреді қайта қосып.

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша!

Бәйгі берем жығылған палуанға да,

Адалдығы сезіліп тұрар болса.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

Жанам деген жүрекке от беремін.

Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді

Бір тамаша той қылып өткеремін.

Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,

Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.

Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,

Қазанымда бір асым ет қалмауын,

Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін талай күнгі арманым еді,

Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

***

Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.


Хабар редакторы – Амангүл Ермекқызы.