Қаракөз Сүлейменова: Әжем басынан өткен оқиғаларды жиі айтатын
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, тележүргізуші Қаракөз Сүлейменова Қазақ радиосындағы «Әжемнің әңгімесі» хабарының қонағы болды.
Қаракөз Сүлейменова қазақтың ақиық ақыны Асқар Сүлейменов пен жазушы Алтыншаш Жағанованың ұрпағы. Ол белгілі тұлғаларын дүниеге әкеліп, тәрбие берген қос ананың ұлағатты әңгімесін тыңдап өсті. Бала күнінде жыр-дастандарды, қиссаларды әжелеріне оқып беретін. Тілі жатық әрі шешен болып өсуіне әжелерінің тәрбиесі ықпал еткен көрінеді.
«Біз Алматыда Ілияс Жансүгіровтың үйінде тұрдық. Әжем Пайғамбарлар туралы, Мекке, қажылық жайында және басынан өткен оқиғалары туралы жиі айтатын»,- дейді Қаракөз Сүлейменова балалық шағын еске ала отырып.
Әжесінің кезекті бір әңгімесі Шыңғыс Айтматовтың «Ана жер ана» туындысына арқау болған.
Қаракөз Сүлейменованың екі әжесі де 90-нан асып дүниеден озды.
Әңгіменің толық нұсқасын хабар мұрағатынан тыңдауға болады.
Хабардың редакторы - Альмира Елімсары.
«Әжемнің әңгімесі» хабары әр аптаның сенбі күні сағат 14.30-да Қазақ радиосының эфирінен шығады.