Қожанасыр бейнесі – түбі бір Түркі дүниесіне ортақ

Қазақта Қожанасырды кім білмейді?! Ол біздің қиыннан қиыстырып сөз тапқыш, көңілді, ешкімге зияны жоқ атамыз сияқты. Ісі кері кеткен адамды қазақ "Қожанасыр" деп те атап жатады. Шындығында Қожанасыр болған ба? Бүгінгі тақырыбымыз – Түркі халықтарының ауыз әдебиетіне ортақ кейіпкер Қожанасыр жайлы.
Хабарымыздың қонағы ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу.
-Түрік ақыны Махмут Каяның сіздің аударуыңызда «Қожанасыр жырлайды» атты кітабы қазақ тілінде, оның ішінде тұңғыш рет жыр түрінде жарық көрді. Қожанасыр тек түркі әлемі емес, ауыз әдебиеті дамыған талай елдің сүйікті кейіпкері. Сонымен Қожанасыр кім болған?
-Қожанасыр ертеден ес білгеннен біздің жақын танысымыз, досымыз сияқты. Оның хикаяларын тыңдап, біліп өстік қой. Қожанасырды халық жақсы көреді. Қожанасырды халықтың көңілінен шыққан кейіпкер деп келдік. Бала кезімде Тазша бала сияқты ойдан шығарылған кейіпкер деп ойлайтынмын. Сөйтсек, ол кісі өмірде болған кісі екен. Ғалымдар ол кісінің өмірде болғандығын, Түркияда өмір сүріп, сол жақта қайтыс болғандығын, моласының да сол жақта екендігін растап отыр. Біз білетін Қожанасырдың хикаялары, оның ауыз әдебиетіндегі бейнесі – түбі бір Түркі дүниесіне ортақ. Біраз жыл бұрын Қожанасырдың туғанына 600 жыл толуына орай дүниежүзінің көптеген елі дүбірлетіп той жасағаны мәлім. Қазақ, қырғыз, түрік, өзбек, түрікмен, татар, қарақалпақ, ұйғыр, т.б халықтары арасында оның астарлы, пәлсапаға толы әзіл-қалжыңдары кеңінен тараған. Әр елдің қожанасыртанушылары оны өз елінің қаһарманы етіп көрсеткісі келеді. Мұның өзі Қожанасырдың барша ел сүйетін қасиетін көрсетпей ме?!
-Маржан, қазақ әдебиетіндегі Қожанасырға тоқталсақ.
-Қазақ даласы да Қожанасыр есіміне ертеден таныс және оның күлдіргі хикаяларын жанында жүрген танысындай тарқатып, әсерлендіріп айтады. Содан болар, қазақ ауыз әдебиетінде ол Алдар көсе, Тазша бала сияқты әйгілі кейіпкерлермен қатар жүреді. Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде Қожанасыр хикаялары қазаққа көрші елден келгендігі, оның шаһарда тұрғандығы айтылады. Қожанасыр – бәріміздің ескі досымыз, ол қанша ғасыр өтсе де, қартаймақ емес.
-Қожанасырдың моласы туралы да көп деректер айтылады. Талас көп қой.
-Түркі халықтарының әзіл символы болған Қожанасырдың өмірі туралы көп мәлемет жоқ. Осы кітаптың авторы Махмуд Кая оның Ақшехир деген қалада туғандығын айтады. Арғы-бергі түрік заманындағы ғалымдардың айтуына жүгінер болсақ, Қожа 683-1284 жылы 76 жасында қайтыс болып, Ақшехирде жерленген. Моладағы құлпытаста Қожаның өлген күні 386 жылы деп жазылса да Қожанасырдың өзі секілді бір қалжыңбастың тарапынан 683 саны 386 болып теріс жазылып кеткен болуы бек мүмкін.
Қожанасырды жыр тілінде сөйлеткен Маржан Ершу аудармасынан үзінді келтірейік:
Қожаның сиыры
Сүт шықпайтын сиыры,
Қожаға сор болыпты.
Құтылу бұл сиырдан
Қиын екен, соны ұқты.
Мал базарға, делдалға
Сиырды сатып бер деді.
Делдалға айтар сөз бар ма,
Мал сатудың шебері.
Бұл базар болғалы,
Мұндай сиыр көрмедім.
Делдал-делдал болғалы,
Мұндай сиыр көрмедім.
Күн-түн сүт береді.
Қаймақ майы бес елі.
Сиыр өзі денелі,
Сағат сайын өседі.
Сатып алсаң, байлық бұл,
Қазынаң да болады.
Әсте мұндай сиырдың
Пұлы болар жоғары.
Қожекең сонда егілді,
Көзінен жасы төгілді.
-Мұндай асыл сиырды
Сату қандай қиын-ды.
Білмей жүрсем бағасын,
Делдал айтты, қарашы.
Не айтсаң да көнбеймін,
Сиырымды сатуға бермеймін.
Қожанасыр түркі халықтары сатирасының сардары. Оның зілсіз әзілдері, қысқа әңгімелері өмірдің ақиқаттын айқындайтын, ғасырдан-ғасырға жететін асыл мұра. Ұлыларымызды ұлықтап жүретін ұрпақтар аман болсын! «Түркі әлемін» тыңдап түбімізді ұмытпайық ағайын!
Сұхбаттың толық нұсқасын хабар мұрағатынан тыңдай аласыздар.
Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан