Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ноғай халқының музыкалық өнері

Ноғай халқының музыкалық өнері

Түркі дүниесіне «Асау» деген атпен танымал әнші, композитор Арсланбек Султанбеков «Түркі әлемі» хабарында қонақта болды.

-Қазақ, ноғай халықтарының көптеген аңыз әңгімесі, ертегі мен қисса-дастаны, эпостық және тұрмыс-салт жырлары өзара үндесіп тұрады. Ноғайлы атанған дәуірден қалған екі халықтың ортақ рухани мүлкі, көне мұрасы саналатын эпостық-жырлар мен қисса-дастандар осының айғағы. 1983 жылы құмық ақыны Магомед Османов қазақ пен ноғайға ортақ Асан қайғы, Сыпыра жырау, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Қазтуған сияқты ноғайлы дәуірі ақындарының жырларын хатқа түсірген. Ноғай халқы жөнінде зерттеулер жасаған Сакинат Шихомедқызы Ғаджиеваның айтуынша, өткен уақыттарда көшпелі ноғайларда би көп болмаған. Оның есесіне домбыраға қосылып ән-жыр орындау, айтыс өнері кең тараған. Кейін келе ноғайлардың тұрмыс-салтында, ұлттық өнерінде көршілері құмық, қарашай, чечен, черкес, абазин халықтарының әсері сезіле бастады. Соңғы кездері ноғайлар ұлттық өнерді насихаттауды жолға қойып отыр.

Бүгінгі хабарымыз тарихта Ноғай Ордасы деген атпен қалған халықтың музыкасына арналады. Хабарымыздың қонағы – танымал ноғай елінің әнші, композиторы, Қарашай-Черкестің халық әртісі Арсланбек Сұлтанбеков. Оның тыңдармандары оны «Асау» деген атпен таниды.

Асаудың ғажайып шығармашылығы ноғай халқының мақтанышына айналып, махаббатына бөленіп жүр. Оның «Қарт Кешу», «Неге екен», «Қазтуғанның термесі», «Домбыра» атты әндері ноғайлардың музыка өнерінің асыл қазынасына айналған. Оның Жамболат Түрікменовтың сөзіне жазылған «Ноғай елі» әні ноғай халықтарының әнұранына айналды десек те болады.

-Кезінде қазақпен тең тұрған ноғай ұлтының бұл күндегі жай-күйі қандай? Санақ бойынша қанша?

-Ресейде паспортында ноғай болып жазылғандар санақ бойынша 103 000 болдық. Біз 5 Республикада өмір сүреміз. Шешенстанда 3-4 ауыл, Дағыстанда 25 ауыл, Ставрополь өлкесінде, Қарашай-Черкес Республикасында және Астрахань облысында тұратындарды Астрахань ноғайлары дейміз. Бұл жерлердің барлығында да тұрғылықты халық болып есептелеміз. Біз руың кім? Тамғаң кім? Асылың кім деп сұраймыз. Найман, қоңырат, қыпшақ, қазақта болған рулардың барлығы бізде бар. Мысалы, мен қыпшақпын. Ноғай мен қазақтың айырмашылығы болса, ноғайлар баяғыдан ордаға бөлінеді. Мен Түркияда, Германияда, Голландияда болып тұрамын. Сол жақтағы ноғайлар қай ордаға кіресіз деп сұрайды. Мысалы, біз Ноғай ханнан тараймыз. Жем бойлықпыз. Одан тағы бөлінеміз.

-Рулық сана әлі де сақталған ба? Үйлену турасында, қыз алысу сияқты...

-Иә, сақталған. Ата-бабамыздың ақылды болған ғой. Тарихын тасқа қашап «таңба» қалдырған. Ноғайлар бір-бірін іздеп жүргенде ата-бабаларымыздан қалған рулар арқылы, таңбалы тастар арқылы тапты. Ноғай тарихының біразы анықталды. Қырым хандығына біраз ноғай сіңіп кетті. Олар өздерін «Қырым татарымыз» дейді. Түркияда 5 миллионға жуық Қырым татарлары бар. Олар өздерінің қанында таза 80 пайыз ноғай бар дейді.

-«Ер төстік», «Жиренше шешен», «Алдар көсе», «Алпамыс батыр», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Орақ-Мамай», «Қырымның қырық батыры» дастандары қазақпен өзара үндесіп тұрды. Қазір ше? Асан қайғы, Сыпыра жырау, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Қазтуған жыраулардың насихаты қалай болып жатыр?

-Ол бір арман. Түркі халықтары мың жасаған халықпыз ғой. Кейінгі балалар тарихты білмейді. Осыдан 500 жыл бұрынғы ноғайларды қайдан білсін? Сол насихаттың аздығы ғой. Еш ноғай біз геноцидке ұшырадық деп жыламайды. Себебі, ноғайлар бір-бірімізді жығып берген халықпыз. Бізде хандар мен мырзалардың арасында өзара соғыстар көп болды. Мырзалар деген Едіге батырдың ұрпақтары. Кіші ноғай ордасы кезінде төре жоқ, бәрі мырзалар болатын. Олар да қыздарын кім-көрінгенге бермейді. Соғыс болса артынан бақылап тұрмайды, майданның алдыңғы шебінде жүреді. Мырзалар жүрген жерде тәртіп болады. Жүсіп мырза мен Исмайл мырза екеуі ағайынды. Бір-бірімен соғысты. Біреуі Русямен бірге болайық десе, бірі Азиямен бірге болайық деді. Ноғай Ордасын құрған Едіге бидің бесінші ұрпағы, «мырзалардың мырзасы, «сұлтандардың сұлтаны» атанған Жүсіп мырзаның қызы атақты Сүйінбике ханшайым.

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан .

Толығырақ аудионұсқадан тыңдай аласыздар.