Шешендік өнер және тіл мәдениеті

Қазақ ауыз әдебиетінде өзіндік ерекшелігі бар жанрдың бірі шешендік өнер. «Көңіл көзі» хабарында шешендік өнерді үйренудің маңыздылығы туралы айтылды. Хабарға осы саланы зерттеп, жетесіне жеткізіп айтып жүрген белгілі ғалым, профессор Серік Негімов қатысты.
Жазушылардың, лекторлардың үгітшілердің шеберліктерін, жалпы тіл мәдениетін жетілдіру үшін ежелгі шешендік сөздерді оқып үйренудің мәні зор. Өйткені халық даналығы: нақыл, мақал, мәтел сияқты ойды кеңейтіп, тілді байытатын шешендік сөз нұсқалары көп. Шешендік сөздер ағып тұрған поэзия, тұнып тұрған философия. Ақ өлеңмен өрілген сөз тұнығы: сырлы теңеу, астарлы сын, жинақы ой, жұмбақты меңзеу, қисынды толғам, тылсымды талай. Бәрі тіл құдіретінің, пікір түйінділігінің, таңғажайып ой толғағының әмбебап туындысы. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негімов осылай дейді.
Шешен дегеніміз мол біліммен, айшықты әсем, өткір тілмен оқырмандарына ерекше әсер ететін, бір нәрсе туралы жүрекке берік сенім ұялатып, алға ұмтылдыратын, сөзге тапқыр, ойы ұшқыр, білімді адам. Бұл жерде кез келген адам шешен бола ала ма? - деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде екіұдай пікір бар. Біреулер ақындық өнер сияқты шешендік талант та адамға туа бітетін қасиет деп қараса, екіншілері Шешен болу үшін көп оқып, көп ізденіп, жаттығу керек. Ол да әртістік өнер сияқты оқу- тоқу, тәлім - тәрбие арқылы бойда қалыптасатын қасиет. Ғалым Серік Негімовтің айтуынаша, шешендік өнерді адам өз болмысына сіңіре білу керек. Нақты ісіңде көрсету қажет.
Ал жастарды шешен сөйлеу мәдениетіне баулу ici – өз алдына мән-мағынасы зор мәселе.
Толық ақпарат хабардың аудионұсқасында.
Хабардың авторы Альмира Елімсары